Аруларымыз Азияны үшінші рет бағындырды

Аруларымыз Азияны үшінші рет бағындырды

Кеше шайбалы хоккейден әйелдер арасын­дағы VІІ қысқы Азия ойындары бағдар­лама­сындағы мұзайдын додасы аяқталды. Қазақ­стан қыздары Қытай құрамасын 4:1 есебімен тізерлетті, үшінші рет Азия ойында­рының чемпионы атанды.
Кейінгі 12 жылда Александр Мальцев жа­ттықтыратын қыздарымыз қиындыққа төзе білетін жанкешті команда болып қалыптасқан­дықтарын көрсетті. Ауызбірліктері де адам қызығарлықтай. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын коньки тебу біле­тін қыздарды жинап (негізінен, мәнер­леп сырғанауда бағы жанбаған жас қыз­дардың басын қосып), қолдарына хок­кей таяқшасын ұстатып, оларды шайбалы хоккейге баулып еді Александр Иванович. Сол командасы аяғына жаңа тұра бастағанда осы Жапония мен Қытай қыздарынан оңбай ұтылып жүретін. Бір кез­десуде біздің қақпаға он шақты голдан соғатын — осы қытай мен жапонның қыз­дары. Бірақ қам­шының сабындай қыс­қа уақыт ішінде Маль­цевтің командасы Қытай мен Жапонияны тықсыра бастады.
Хоккей ойнауды олардан кейін бастаса да, Азия ойындарын үшінші рет жеңіп алып отыр. Мальцев болса, басқа бапкерлер сияқты, жеңіске төте жолмен жетуді көздеп, ұлттық құрама сапына шетелден легионер іздеп, соларды тартып жүрген жоқ. Әрі қайда барса да, Олимпиада ойындары болсын, әлем чемпионаты болсын, Азия ойындары болсын, команда құрамында қазақ қыздары болғанын қа­лайды. Қаракөз қарындастарымызды осы дүбірлі дода­лардың бәріне апарып жүр. Бәлкім, қазақ қыздары мұзайдынға көп шықпайтын шығар да, бірақ олар – әрдайым команда сапында! Мальцевтің командасы біздің республикамыз сияқты көп ұлтты. Әсіресе аралас некеден туған қыздар көп. Бірақ бәрі де қазақтың намысын қор­ғайтындарын жақсы біле­тіндей. Әнұранды қалай орындайды! Бастарына орамал тағып шығып, шығыстың қыздары екендігін қалай сомдайды! Мың да бір алғыс, сізге Александр аға! Қазақ халқы сізге риза деп ойлаймыз. Бапкер біткеннің бәрі сіздей болса, арман жоқ...
Ал енді Ақ Азиада бағдарламасындағы мұзайдын додасына келейік. Шайбалы хоккейден қыздар арасындағы дода бір айналымдық жүйемен өткен. Сондықтан мұнда финалдық ойын деген болған жоқ. Алайда бірінші орынға Қазақстан, Жапония және Қытай қыздары таласатын болған­дықтан, осы үш команда арасындағы үш кездесу финалға баланған. Соның алғашқы екеуі, шынымен-ақ, тартысты өтті. Қазақ­стан – Жапония және Жапония – Қытай матчтарында жеңімпаз ойынның негізгі уақытында анықталмай, табан тірескен дүлей додаға айналды. Алғашқысында овертаймда да гол соғылмай, біздің қыздар тек буллитте жеңіске жетсе, екіншісінде Жапония арулары овертаймда гол соғып, қуанышқа кенелді. Бір қызығы, екеуінде де жеңіліп жатқан команда жеңіске жетті. Бұл аталған үш команданың деңгейлері шамалас екендігіне бұлтартпас дәлел бола алатын дәйек еді. Сондықтан үшінші матчты да асыға күттік.

   Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Үшінші қызықты матч Қазақстан және Қытай қыздары арасындағы ойын болуы керек еді. Бірақ бұл ойын жоғарыда сөз болған екі кездесудей тартысты болмады. Біздің қыздар халықаралық додаларда бірнеше жыл тәжірибе жинап, ысылған команда еді. Яғни тәжірибелері мол және техникалық шеберліктері де жоғары. Жапония арулары қарқынды жылдам­дықтарына иек артып, шапшаң қимыл­дарымен, екпінді ойын өрнектерімен көп­шілікті тәнті еткен. Ал Қытай құрамындағы қыздар 20-ның ар жақ, бер жағындағы жас ойыншылар болса да, осындай жоғары жылдамдықтағы ойын үлгісін көрсетпеді. Әсіресе Қазақстан құрамасымен болған матчта жапондар сияқты біздің қыздарды әбігерге түсіре алмады. Себебі мұндай маңызды матчта да біздің бас бапкеріміз (Александр Мальцев) айдынға тек тәжірибелі ойын­шыларымызды шығарады. Екі немесе үш бестікпен ғана ойнайды. Ал бұл бестік­тердегі қыздарымыздың бір­сыпы­расы 30-дан асып кеткен ойыншылар еді. Қытай құрамасын баптайтын финн жаттық­тырушылары осыған көңіл бөлмегендей. Әйтеуір, олар жоғары қарқынды ойын өрнегін көрсете алмады. Ал мұндай ойында біздің қыздар есе жіберсін бе? Жоқ, әрине! Негізінен, өз қақпаларына гол жіберіп алмауды ойлап, шектен тыс мұқият ойнауға тырысып жүріп-ақ, алғашқы екі кезеңде бір-бір голдан соғып, алға шықты. Тек үшінші кезеңнің аяғына қарай арқа­ларын кеңге салып, тізгіндерін біраз босатты. Бұл матчта екі голды Елена Штель­майстер соқты. Осы жерде бір қызықты жайтқа көңілдеріңізді аудармақпыз, осыдан төрт жыл бұрын Чангчуньдегі VІ қысқы Азия ойындарының соңғы матчында Жапония құрамасының қақпасына Татьяна Штельмайстер екі гол соққан еді. Сол ойында біздің қыздар жапон аруларын 2:1 есебімен жеңіп, чемпион атанған. Хоккей­шілеріміз елге оралған соң, Алматы қала­сының сол кез­дегі әкімі Иманғали Тасма­ғамбетов Татьяна Штельмайстерге «Деу Матиз» автокөлігінің кілті мен құжаттарын табыстаған. Кіші Штельмайстер сол кеткеннен мол кетті. Әйтеуір, көрінбей кетті. Бас бапкер Александр Мальцев «ол хоккейді қойды қазір» дейді. Қайта орала ма мұзайдынға, жоқ па – белгісіз. Ал сол жолы Чангчуньге бара алмаған әпкесі әлі ойнап жүр. Бірақ ол осы ойында екі гол соқса да, үздік ойыншыға берілетін жүлде оған бұйырған жоқ. Бұл кездесуде матчтың үздік ойын­шысы болып команданың сұрмергені Зарина Тухтиева танылды. Басқа басқа, бірақ Заринаның үздік аталатындай жөні бар. Жапониямен болған шектен тыс шиеленісті матчта да осы Зарина маңызды голдарды соғып, ұлттық құраманы жеңіске жетелеп еді. Соңғы ойында да маңызды голды соғып, қарсыластарымыздың сағын сындырды.
Ойын аяғында Қытай қыздары бір гол соғып, соңғы минутта қақпашысын алтыншы ойыншыға алмастырып, қарекет қылмақ болып еді, біздің қыздар тағы бір гол соғып, олардың аптығын су сепкендей басты. Есеп – 4:1. Қытай тізерледі. Қазақстан – чемпион!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста