Футбол десе, қаны қызбайтын пенде жоқ. Cананы сиқырлайтын бұл ойында бүкіл елдің, аймақтың, ауылдың намысы сынға түседі. Содан да болар, футболшылар шеберлік сынасып жатқан кезде, алаң сыртындағы екі тараптың өзара қарсы жанкүйерлерінің жиі-жиі тәртіп бұзып, сойқан салатын әдеті үйреншікті жайт. Көбінесе, қайғылы оқиғалармен аяқталатын жанкүйерлер «соғысының» саяси астары қатпар-қатпар. Өйткені әлемдік футбол спорт қана емес, үлкен саясаттың алаңы болып отыр.
Дүниені дөңгелеткен доп
Шаршы алаңдағы ала доп өзі дөңгелеп қоймайды, бүкіл дүниені дөңгелетіп әкетіп барады. Біле білсек, 2003 жылы бүкіл дүниежүзілік банк футболды жаһанданудың символы деп жариялады. Футболдағы сәттіліктер бүкіл халықтың рухын оятатыны рас. Көп елдерде футбол саяси мақсатқа жетудің және патриоттыққа тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланылып жүр.
Футболдағы жеңістер елдердің тұтынушылық индексін шырқау биіктерге көтереді. 1984 жылы демеуші-компаниялар футбол чемпионатын өткізу құқығы үшін 2 млрд доллар төлесе, 2002 жылғы чемпионатта 16 млрд доллар қаржы құйған. 2002 жылы әлемдік футбол чемпионатын өткізген Оңтүстік Корея мен Жапония осы құдіретті доптың арқасында дағдарыстан тез есін жиып алды. Футбол матчтарында президенттер нөмір бірінші жанкүйер ретінде міндетті түрде төбе көрсетеді.
Футбол бірде қату елдерді дос етеді, бірде тату елдерді дұшпан етеді. Тарихта футбол матчтарының елдерді бітістіруші рөл атқарғанын ескермеуге болмайды. Мәселен, 1914 жылы Францияда бір-бірімен соғысқан неміс пен ағылшын солдаттарын футбол ойыны (немістер ағылшындарды 3:2 есебімен жеңді) бітістірді.1966 жылы қанға бөгіп жатқан Нигерияда соғысушы тараптар Пеленің ойынын тып-тыныш тамашалады. Футболдың жауласушы тараптарды біріктірмек түгілі, қырқыстырып жіберген оқиғалары да жетіп артылады. 1969 жылы Гондурас пен Сальвадор арасында футбол ойынынан от шықты. Екі ел арасындағы 1970 жылы Мексикада өтетін чемпионатқа жолдамаға іліктіретін футбол матчының 2-ші кезеңінде гондурастық жанкүйерлер жүздеген келімсек сальвадорлықтарды өлтіріп тастады.
Елде жұмыс істеп жүрген 60-130 мың сальвадорлық иммигранттардың дүние-мүлкін тонап, елден түре қуып шықты. Арада екі апта өтпей жатып Сальвадор Гондурасқа соғыс жариялап, басып кірді. Футболдан тұтанған соғыста екі мыңдай бейбіт гондурастық азамат құрбан болды. Сол сияқты Югославиядан бөлініп шыққан сербтер мен хорват командалары, Шотландиядағы католиктік «Селтик» пен протестанттық «Рейнджерс» командалары бір-бірімен қырғи-қабақ. Англия мен Аргентина өзара футбол матчтарында дөрекі ойынға бой алдырып жүруінің себебін сарапшылар екі елдің 1982 жылы Фолькленд аралы үшін соғысқан кезінен іздейді. Италияның диктаторы Муссолини 1938 жылы өз футболшыларына «Не жеңіс, не өлім!» деген телеграмма жолдаған екен. 1998 жылғы мундиальда Иран өзінің қас жауы АҚШ құрамасын жеңген кезде парсылардың ұлттық рухы көтеріліп кетті. Саяси ерегіске түскен өзара футбол ойындарында жан алысып, жан беріскен өз ойыншыларын батыр есебінде құрметтеп, төбеге көтеріп шыға келеді. Бір-бірімен жау Грекия-Түркия, Әзірбайжан-Армения, КХДР-Оңтүстік Корея, Палестина-Израиль, АҚШ-Иран, Үндістан-Пәкістан арасында футбол ойындары тыныш өтпейді. Сондықтан Қарабақ үшін қырқысқан Әзірбайжан мен Армения футбол ойындарында жеребе бойынша бір топқа түссе де, өзара ойнамайды, өзге топқа жіберіледі.
Футбол дипломатиясы
Былтырлары ықылым тарихтан бері бір-бірімен ата жау Түркия мен Арменияны табыстырған, жақын еткен футбол болды. Түркия Президентінің екі ел арасындағы футбол матчын тамашалауға келуі тарихи оқиға еді. Түркия Арменияны Әзірбайжанның жері саналатын Таулы Қарабақты басып алғаны үшін кінәлайды. Ал Армения баяғы 1915 жылдары Түркиядағы «армян геноцидін» мойындауды қатаң талап етумен келеді. Қырғи-қабақ екі елдің арасын жақындатқан ойынды сарапшылар «футбол дипломатиясы» деп атап кетті. Сол сияқты футбол неміс жұртын біріктірген деседі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін тұңғыш рет біріккен Германия құрамасы (90 жылдарға дейін ГФР және ГДР болып екіге бөлініп келді) 1990 жылғы чемпионатта топ жарып, сол жеңіс екі бөлек коммунистік және капиталистік лагерьде өмір сүріп келген неміс ұлтының ың-шыңсыз бірігіп кетуіне көп себін тигізді.
Футболдық-саяси сөздік:
Арбитр – Конституциялық Кеңес
Форвард – саяси партия немесе блоктың жетекшісі
Хавбек – ақпараттық шабуылға төтеп беруші қорғаушы саясаткер
Қақпашы – саяси күштердің соңғы үміті
Қосалқы ойыншы – сайлауда жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ, көлеңкеде қалған саясаткер.
Трансфер – саясаткерлерді бір командадан келесі командаға үлкен сомаға «сатып алу».