Шығыстың экологиялық ахуалын шындап қолға алатын кез жетті
Өкінішке қарай, Шығыс Қазақстан облысы экологиялық ахуалының нашарлығы жөнінен еліміз бойынша «көш бастап» тұр. Полигон сынақтарының алаңына айналып, 40 жыл қырғын көрген, даласы ғана емес, баласы да уға тұншыққан, небір ауыр азап тартса да, әлі күнге лайықты жәрдем көре алмай, жоғарыға жалтақтаған Семейің – анау. Күннен-күнге ауасы тарылып, зауытымен қоса, халыққа тигізер залалы қатар артқан Өскеменің – мынау. Суы су емес, жылдан-жылға уға айналып бара жатқан есіл Ертіс, Байқоңырдан ұшқан Ресей зымырандарының протон жарықшақтарынан бейбіт күнде берекесі кеткен Күршім халқы... Өзектілігі жөнінен бірінен-бірі асып түсетін өңірдің бүгінгі таңдағы осындай өткір де өзекті мәселелерін жақында облыс орталығы Өскеменге арнайы келіп, көшпелі отырыс өткізген ел Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің төрағасы Ерлан Нығматуллин бастаған халық қалаулылары жан-жақты талқыға салды.
Кімге сенеміз: «Қазгидрометке» ме, кәсіпорын басшыларына ма?
Әрине, экономиканың дамып, өндірістің алға басқаны қай мемлекет үшін де маңызды. Алайда экономиканы еселейміз, өндірісті өрге бастырамыз деп жүріп, экологияны, елдің жағдайын естен шығарып алған жоқпыз ба? Шынын айту керек, соңғы жылдары Өскемендегі экологиялық жағдайдың қиындап бара жатқанын экологтар қауымы шырылдап жиі айтып жүр. Қала үшін бүгін ең әуелі керегі – атмосфералық ауа құрамындағы зиянды заттарды анықтайтын автоматтар құру. Көшпелі отырыста бұл мәселеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алаңдаушылық білдіріп, шаһар ауасын үнемі бақылауда ұстайтын «Қазгидромет» мекемесінің жұмысына көңілі толмайтындығын жеткізді.
– Бірінші мәселе қаланың лас ауасында болып тұр. Әрине, «Қазгидромет» жұмыс істеп жатыр. Бірақ біз оны жеткіліксіз деп есептейміз. Қалада автоматтандырылған бақылау жүйесін жетілдіру қажеттігі туып отыр, – деді ол.
Әкім ғана емес, қаланың атмосфералық ауасының құрамындағы зиянды заттарға мониторинг жүргізумен шұғылданатын «Қазгидрометтің» облыстағы филиалының зерттеу жүйесі бүгінгі заман талабына сай келмейтінін, жүргізілген мониторингтер шындыққа жанаспайтынын экологтар да жоққа шығармайды. Ұзын сөздің қысқасы, Өскеменге атмосфералық ауаның сапасын, ондағы ластаушы заттардың барлығын анықтап, бақылау жасайтын автоматты жүйе қажет. Мұндай құрылғыларды сатып алуға 200 миллион теңге көлемінде қаржы керек екен. «Қазақмыс» компаниясының өкілі осы жиын үстінде компанияның 50 миллион теңге бөлетінін мәлімдеді.
Вице-министр Тұрмағамбетовті тұралатқан сауал
Ресми деректерге жүгінсек, біздің облыста жылына 40-46 миллион тонна өнеркәсіптік қалдықтар пайда болады екен. Кеңес Одағы кезінен бері жиналған 1992 жылға дейінгі «тарихи» қалдықтармен қосқанда бүгін облыс аумағында 1,4 миллиард тонна қалдық жатқан көрінеді. Олар әсіресе Шемонаиха, Зырян, Глубокое аудандары мен Риддер, Семей, Өскемен қалаларының маңында өте көп. Бұған облыста жыл сайын жиналып отыратын 300 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтарды қосыңыз. Қысқасы, қалдық мәселесін тездетіп қолға алып, тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын салмаса болмайды.
Естеріңізде болар, осыдан бірер жыл бұрын Семейдегі бұрынғы полигон сынақтары жүргізілген аумақты шаруашылыққа пайдалануға беру жөнінде мәселе көтеріліп, түрлі пікір қайшылықтары туындаған-ды. Көшпелі отырыс кезінде де бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Бердібек Сапарбаев халық қалаулылары мен министрлік өкілдеріне Семей ядролық полигоны зардаптарын жою жөнінде кешенді бағдарлама қабылдап, сол өңірдегі халықтың жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігін қадап айтты.
Бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағынан келіп-кетер қауіп бар ма? Мал шаруашылығына, өзге де мақсаттарға пайдалануға болады деуге қаншалықты негіз бар? Нұрлан Нығматуллин қоршаған ортаны қорғау министрінің орынбасары Мәжит Тұрмағамбетовке сауалды осылай төтесінен қойды. Қызық болғанда, осы салаға тікелей жауапты саналатын вице-министр мардымды жауап айта алмады. Сірә, бұл бағыттағы жұмыстардың аздығынан есте сақтамаған болар деп түсіндік. Расында да, солай секілді. Шынын айтсақ, бүгін бұрынғы Семей полигоны аймағын оңалтуға орай атқарылып жатқан жұмыстардың көлемі өт аз. Мәселен, биыл полигон аймағының радиациялық, ядролық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның маңында жатқан жерлерге шаруашылық іс-әрекеттер жүргізуді ұйымдастыруға байланысты сынақ аумағының 850 шаршы шақырым жеріне зерттеу жүргізіліпті. 2014 жылға дейін тағы да бірнеше шаршы шақырымға зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр екен. Өкініштісі, жұмыс қарқыны тым баяу. Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің өңір халқы үшін өзекті мәселені «өзектен» теуіп, ішекше шұбатып, неге мұнша созбақтап отырғаны түсініксіз. Жергілікті халықтың радиация алу мөлшерін анықтау үшін республикалық арнайы кешенді дозиметрия орталығын құру туралы жоба да әлі жүзеге аспай отыр. Әзірге бәрі – тек ұсыныс, жоба күйінде.
Айтып-айтпай не керек, республикалық деңгейде өткен экологиялық форумда өңір экологиясына қатысты біраз мәселе сөз болды, бірнеше ұсыныс айтылды. Әрине, барлығы қамтылды деуден аулақпыз. Айтылмай қалған, айтылса да, жете мән берілмеген мәселелер де бар. Мәселен, Күршім ауданындағы жағдай. Ауданның бірнеше елді мекені бірнеше жылдан бері Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған зымырандардан шыққан протон қалдықтарының зардабын тартып келеді.
Ресей тарапынан ұшырылатын зымырандардан шығатын қалдықтар күні бұрын есептеліп қойылған аймаққа дәл түседі. Және уақытында жинап алынады. Қоршаған ортаға (жан-жануарларға, адамдарға) ешқандай залал келмейді. Екі мемлекет арасындағы келісімнің сипаты осындай. Және бұл талаптардың орындалуын ең алдымен зымыран ұшырушы тарап – Ресей жағы бақылауы тиіс. Өкінішке қарай, олардың бекіткен келісімі мен зымыран қалдықтарының белгіленген түсу аймағының тәртібі сақталып жатқан жоқ. Яғни қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. Қарапайым тілмен айтсақ, далаға атқан оқ балаға тиіп жатыр.
Зымыран сынықтарының қоршаған орта мен адамдарға қаншалықты дәрежеде зардабы тиіп жатқаны айтпаса да түсінікті. Қазақтың алқара-көк аспанына тыным бермей зымыранын зымыратып жатқан Ресей ғарыш мамандары мұны көріп-біліп отыр. Зымыран қалдықтарынан зардап шегіп отырған Қалжыр ауылының тұрғындары (барлығы 1011 адам қол қойып) өткен жылы зар-мұңын айтып, ҚР Президенті Әкімшілігіне, Қауіпсіздік кеңесіне, Мәжіліс депутаттары Н.Сабильянов пен
С.Ферхоға, бірқатар қоғамдық ұйым мен саяси партияларға, Олжас Сүлейменов пен Сара Назарбаеваның атына хат жолдапты.
Ауыл тұрғындары сарғайып, олардың жауабын, көмегін күтіп отыр. Өскеменге келген депутат мырзалар осы мәселеге де назар аударса дейміз.
Ерлан Нығматуллин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология және табиғатты пайдалану жөніндегі комитетінің төрағасы:
– Біз жаңа технологияларды енгізу арқылы өндірісін жетілдіріп, оның қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін төмендетіп жатқан қала кәсіпорындарында болдық. Осы отырыста қаралып, талқыланған облыстағы экологиялық мәселелерді өзіміздің депутаттық сұрауларымыз, ықпалымыз арқылы Үкімет алдына қойып, шешімін табуға күш саламыз.