"Шенеуніктердің әрекетінде қылмыстық құрам бар": "Кублей" зауытына қатысты жарыссөзде заңгерлер мәлімдеме жасады
"Кублей ісіне" қатысты сот ісі жалғасуда. Бүгінгі өткен сот отырысында "Кублей" зауытының заңгерлері жаңа айғақтардың бетін ашты.
Сөзбе сөз келтіре кетсек, «Кублей» ЖШС заңгері Бақытжан Базарбек «Мамандандырылған экономикалық сот шешімінен кейін Үкіметке сауалхат жолдадық. Үкімет тиісті екі профильді министрлікке хатты түсірген. Ол Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті және ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті. Бұл ведомстволардың жауаптары қолымызда. Онда Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті өндірістік аймақта тұрғын үй салуға тыйым салынған деп нақты көрсеткен. Министрліктің сотқа жолдаған қорытындысында әкімдік бас жоспарды қатаң түрде бұза отырып, ондағы талаптарды елемегені жергілікті биліктің «Циалковский» тұрғын үй кешені бас жоспарға қарамай өзінің қаулысымен бекіткен деп заңбұзушылықтарды ашық көрсетіп отыр. Яғни бұл заңбұзушылық әкімдіктің тікелей кінәсі және қолдан жасалғанын айғақтап отыр. Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сотқа жіберген жауабында «Кублей» зауытының санитарлық қорғау аймағы бар. Ол аумақ кемінде 100 м болуы тиіс және ол жерде тұрғын үйлерді салуға тыйым салынғаны жазылған. Демек, «Циалковский» тұрғын үй кешені заңсыз соғылған деп нақты көрсетіп отыр. Осы екі ведоствоның жауаптарының негізінде сот шешім шығара салуы керек. Әйтсе де олар негізсіз істі созып келеді» дейді.
Адвокаттың осы түсініктемесі ақ іске кінәлілерді нақты атап, заңбұзушылықтардың қайдан кетіп отырғанын айғақтап отыр. Ендеше сот шешімі неге екі жыл бойына сағызша созылып келеді. Құзырлы орындардан келген жауаптың негізінде сот әділ шешімін неге шығармасқа?! Өкінішке қарай, осынша заңсыздықтар болғанына қарамастан, айғақтар мен дәлелдерге сүйенбестен, құзырлы орындардың нақты жауабын да назарға алмастан сот шешімі созылып барады. Осы орайда айта кетер жайт, сот ісі 13 том болса, оның 9 томы тек «Кублей» зауыты тарапынан түскен дәлелдемелік құжаттар екен. Ендеше осынша дәлелдемелерді негізге алып, әділдіктің салтанат құруына ықпал ете алмай отырған соттардың да әрекеті көңілге күдік ұялатпай қоймайды.
"Кублейдің" тағы бір заңгері Жәнібек Башанов «Бұл жерде құжаттарды заңсыз рәсімдеуден бөлек бюджеттің қаражатын талан-таражға түсіру, жемқорлық әрекеттері де бар. 2020 жылы 28 желтоқсанда БҚО сотының шешімі шыққан. Онда Орал қаласының 3 қаулысы да заңсыз шығарылғаны айтылған. Демек сол қаулы шыққан сәтттен бастап, коммуналдық жүйелерді орнататын мекемелер жұмысын сол сәтте тоқтатуы керек. Соттың шешімін орындамаса заңның үстемдігінің мәні неде? Электр энергия, ыстық және суық су, кәріз жүйесі заңсыз тартылған әрі қосылған. Өкінішке қарай бұған жергілікті прокуратура да ләм-мим дей алмаған. Коммуналдық қызмет түрлері берілгендіктен, соны пайдаланған құрылыс компаниясы әрі қарай пәтерлерді сата бастаған. Әрекеттері заңсыз бола тұра, олар заңды белшесінен басып үнемі өз әрекеттерін жүзеге асырып отырған. Біз заңның негізіне сүйенеміз. Себебі «Кублей» зауыты бұрыннан бар және оның санитарлық аумағы анықталған әрі бекітілген. Құжаттары бар. Ал мына үйлер 2020 жылы пайда болды. Бірақ сотқа келіп байбалам салып жүрген адамдар заң бойынша пәтерлердің иесі емес. Меншік құқығы азаматтық кодексте жылжымайтын мүлік заңды тіркеуге алынған соң барып беріледі. Ал мемлекеттік тіркеуге алынуы үшін кешенге мемлекеттік акті беріледі. Құрылыс компаниясы мен тұрғындардың келісімі азаматтық кодекс шарт болып есептелмейді. Бұл сотқа екінші тараптың қолдан жасап отырған қысымы» дейді.
Расында да сот процесі барысында әкімдік пен қарсы тараптың адамдарына бірнеше рет ескерту берілді. Себебі, әкімдіктің өкілдері мен заңгерлері «Кублейдің» заңгерлері сөйлегенде кекетіп, мұқатып сот ісіне кедергі келтірумен болды. Бұл олардың заңсыздыққа бойлары үйреніп, тіпті психологиялық шабуылмен үнемі қарсы тарапқа қысым көрсетіп келе жатқанын көрсетеді. Заңсыздыққа бой үйреткендердің сот барысында да өздерін тым еркін ұстауы бұл істе де заңды белшесінен басамыз деген ойын аңғартатындай. Дегенмен дәл қазір Республика жұртшылығының назарын аудартып отырған істе әділдік орнауына үміт зор!
Заңгер Башанов «Негізі бұл соттаспай-ақ шешілетін дүние. Өйткені, Ерменованың қарамағындағы жер телімі бөліп, рәсімдеуге болатын жер. Сондықтан, сотқа келіп шу шығарып жүрген 1-ші үйдің тұрғындарына бұл мәселенің қатысы жоқ. Өйткені, олар 100 метрлік аумаққа кірмейді. Тек 2,3 және 4-ші үйге қатысты. Ал сот процессіне келіп жүргендердің басым бөлігі осы 1-ші үйдің тұрғындары. Ал Ерманова жерді бөліп, әлдеқашан ол азаматтардың үйін заңды түрде құжат беруге мүмкіндігі бар еді. Мұны тұрғындардың өзі де компанияда талап етпейтін болып тұр. Ерменова осы тұрғындарды пайдалану арқыл заңсыз салынған өзге де үйлерге құжат алғысы келеді» дейді. Өз үйлеріне қауіп төніп тұрмағанына қарамастан қара көбейтіп, шу шығарып жүрген тұрғындарды халық атынан сөйлеткізіп, зауытқа айдап салғаны да байқалуда.
Еске сала кетсек, «Кублей» ЖШС өкілдері өндіріс аумағына жақын жерден заңсыз құрылыс нысандарын салуға рұқсат берген Орал қаласының әкімдігі мен қалалық жер қатынастары басқармасын сотқа берген. Әкімдіктің өкілдері 30 жылдық тарихы бар алып зауыттың жанынан тұрғын үй тұрғызуға не себепті рұқсат бергендерін нақты түсіндіре алмай келеді. Заңсыздықтың салдарынан зауыт жабылып қалған жағдайда, өндіріс орнындағы 700 адам жұмысыз қалса, тек БҚО 3,5 мыңға жуық ірі шаруа қожалықтары өсіріп отырған малдың етін өткізуден қағылмақ. Зауыттың соңғы үш жылда бюджетке 5 миллиард 652 миллион теңге салық төлегенін ескерсек, осынша қуатты зауыттың тамырына балта шабуға, жұмысына кедергі келтіруге тырысып жатқаны қатты қынжылтады.