Қажылыққа бірнеше мәрте бару парыз ба, әлде...
Жыл санап елімізден қажылыққа барғысы келетін қауымның саны артып келеді. Мұсылманның бес парызының бірі саналатын осы бір парызды өтеу әркімге бұйыра бермейтін бақ. Сол баққа қолы жеткен 5 500 отандасымыз Қағбаны бетке алып, бес парызының бірін өтемекке аттанып кетті. 2011 жылы бұл игі сапардың дәм-тұзы 4 000 жерлесімізге бұйырған еді. Биылғы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, 1500 адамға артық екен. Қош делік! Сол 5 500 азаматтың арасында қажылыққа бір емес, әлденеше рет барған ағайындар да бар. Мұндай жайлар қоғамның кейбір мүшелеріне «Қажылыққа бірнеше мәрте бару парыз ба, әлде сән бе?» деген сауал қойғызып жүр. Біз де осы сұрақ айналасында ойымызды ширатып көріп едік.
Қажылыққа бірнеше мәрте барған бабаларымыз бар ма?
«Байдың асын байғұс қызғаныпты» дегендей болмай, өткен ғасырларда әлденеше рет қажылыққа барып, парызын өтеген бір-екі мысалды ғана тілге тиек етелік. Жыр жолбарысы Жамбыл Жабаевтың 1840 жылы дүниеге келген туған ағасы Тәйті атамыз Мекке-Мәдинеге екі рет сапарлапты-мыс. Жамбыл атамыздың қалдырған деректеріне қарағанда, алғашқы қажылық сапарда Тәйті Орта жүздің тобықты руынан Құнанбай Өскенбайұлымен және Кіші жүз әлім руының Төртқара атасынан шыққан Мырқы деген қажымен танысып, үшеуі дос болуға уағдаласады. Тәйті екінші рет шапырашты руынан Құдайберген болыс, Қисыбай болыс, Асылбек болыс, Қайқы сары, Исабек Кеуілбай, Шыбыл Сәуірбай, Дәулетбақ деген кісілермен қажыға бірге аттанады. Бұл – бір мысал. Екінші мысал, Құнанбай қажылыққа шығарда қасына бұрында Мекке-Мәдинені көрген Аққозы Өтемісұлын ертеді. Аққозы қажы үшінші мәрте қажылық сапарында көз жұмып, Меккеге жерленіпті. Бұл өткен ғасырларға тиесілі әңгіме. Енді бүгінге оралайық.
Қажылық парызын көп өтегендер жайлы
Бұрынғы заманда жол азабының қиындығынан қажылардың бірқауымы Меккеге жете алмай, жолда шейіт болатыны жөнінде мәліметтер жетерлік. Мысалы, ағылшын саяхатшысы Дженкинсон қажылыққа бару Орта Азия тұрғындары үшін ерлік болып саналатынын жаза келіп, Дешті Қыпшақтан «қассақ, діндері мұсылман» бірнеше адам жол азабына төзіп, Меккеге сапарлап бара жатқанын айтады. А.Вамберидің деректерінен қазақ қажыларының үштен бірі туған жеріне тірі келмейтінін көреміз. Ал қазір ше? Қазір бәрі өзгерді. Бір жарым-екі жыл бойы сапар шегіп, түйемен, атпен арып-ашып жолға шығу ұмытылды. Қалтаңыз қалың болса, «көк аспанның кемесі» әп-сәтте межелеген жерге жеткізіп салады. Бәлкім, бірнеше мәрте қажылыққа баруға өркениет дамуының әсері де болып жатқан шығар. Десе де, қаншалықты жол жайы оңайлады дегенімізбен, «шайтанға тас лақтыру» ғибадаты кезінде жүздеген мұсылманның жан тапсыратынын білеміз. Мысалы, 1990 жылы Меккеде қажылық парызын өтеу кезінде 1400 адам о дүниеге аттанған екен. Өткенде «Айтуға оңай» ток-шоуында осындай қиындыққа мойымайтын, сексеннің сеңгірін бағындырған Фатима Адаева атты апамыз 34 рет қажылық парызын өтегенін айтып қалды. Астанадағы белгілі бір сауда орталығының құрылтайшысы, 12 мүгедек асырап отырған Фатима Адаеваны сөзге тартпақ болып, қоңырау шалғанымызда әжеміз биыл да қажылығын өтеуге кеткенін білдік. Яғни қасиетті сапарға 35 мәрте жол тартты деген сөз. Ал экс-мүфтиіміз Рәтбек қажы Нысанбайұлы 15 рет парызын өтеп қайтқан екен. Рәтбек қажыға жеті рет үлкен, сегіз рет умра, яғни кіші қажылыққа бару бұйырыпты. «Қазақ деген қайсар ұлтты 28 елге таныттым» деп «аттандайтын» Амантай қажы қажылық сапарға 10 рет шығыпты. Айтыскер ақын Айбек Қалиев үш мәрте қажылық сапарда болған. Әрине, мұндай деректерді тізе беруге болады.
Қызық дерек!
Кейбір бейресми ақпарат көздері 140 жастағы кавказдық азаматтың қажылыққа барғанын жазады.
2011 жылы ингуш Мадинат Задаева 110 жасында қажылық парызын өтепті.
Ресейлік Алипат қажы Шамхалова қажылыққа 103 жасында барып қайтыпты.
Биыл қазақстандық қажылар арасында 106 жастағы Жақып атты ақсақал бар.
Зиялы қауым не дейді?
Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов қажылыққа кез келгенді әлденеше рет апаруға болмайтынын, «қажы көбейсе де, қасиет көбеймейтінін айтады. «Қажылыққа әр адам ішкі рухани әлемін тазалап алғаннан кейін баруы керек. Маған қажылыққа тегін апару жөнінде ұсыныс түсті. Бірақ қасиетті сапарға рухани тұрғыдан дайын болмағандықтан бас тарттым. Өйткені біз бесікте жатқаннан-ақ атеистік тәрбиені көрдік. Кейбір коммунистер сияқты бір күнде қажыға айнала салу қолымнан келмейді. Қажылыққа әлденеше рет барғыштарға айтарым, олар бесінші парызын ойдағыдай өтегісі келсе, жаяу, жалпылама жол азабын тартып көрсін» дейді. Тарих ғылымының докторы Талас Омарбеков болса, бабаларымыз қажылыққа бірнеше ай бойы жүріп, Орта Азия, Қара теңіз арқылы баратынын, қазір әп-сәтте ұшақпен жетуге болатынын айта келіп: «Қажылыққа қанша рет барам десе де, әр адамның құқы. Меніңше, қажылыққа бару Алланың алдындағы парызымыз болғандықтан да, оны жариялаудың, мақтан көрудің қажеті жоқ. Әңгіме қанша рет баруда емес, қалай баруда? Осы бір сапарға ниет еткен қаншама ата-бабаларымыздың арманы орындалмады. Дағыстандағы көтерілісті бастаған имам Шәміл Патша үкіметінен тұтқыннан босатып, қажылыққа жіберуді сұрайды. Ақыры ниеті қабыл болып, Қағбаны құшақтап тұрып қайтыс болған. Сол себепті де мұндай қасиетті парызды сәнге айналдыруға болмайды және «қажылық сәнге айналып бара жатыр» деудің өзі дұрыс емес», – дейді.
Сіз не дейсіз?
Кенже-Әлі МЫРЗАБАЙ, «Тастақ» мешітінің бас имамы:
– Дінде қажылыққа қанша рет барса да шектеу жоқ. Мал тауып, дүниесі жетіп тұрса, оған неге қажылыққа бара бересің деп айта алмаймыз. Қазір 5-10 мың АҚШ долларымен бірнеше мәрте қажылыққа барып қайтатын ауқатты адамдар жетерлік. Олардың көршілерінің ішетін тамағы жоқ болуы мүмкін. Я өзге де туыстары қажылыққа барғысы келетін шығар. Аш отырған көршінің қарнын тойдырып, киімін көк етсеңіз – ең абзалы осы. Ал екінші жағынан қарасаңыз, жиған-тергенді бала-шағаның аузынан жырып алып, біртуған ағайынына көмектеспей, қажылық атаққа бола жолға шықса, ол шариғатқа жат амал. Мысалы, жамағаттар арасында «Мен қажылыққа бес мәрте барып келгенмін. Төрде отырып, бата беруім керек» дейтін мұсылман бауырларымыз кездеседі. Оларды «қажеке» демесең, бәлеге қаласың. Меніңше, қажылыққа атақ үшін әлденеше рет баратын ағайынға одан да үлкен сауап алатын игі амалдардың бар екенін түсіндіруіміз керек.
Қанат БІРЛІКҰЛЫ
Көп мешіттен ұтарымыз бар ма?
Шариғатты ұстанған атам қазақ қаптаған мешіт-медреселердің ортасында өмір сүрмеген. Зәруліксіз мешіт салмаған. Жағалай қонған он шақты ауылға бір іргелі мешіттен келетін. Соған қарағанда, баяғының байлары да Аллаға келгенде бәсекелестік дегенді білмегендей. Олардың өзі өңіріндегі мешітке ат арытып барып, ғибадат қылуды сауапқа теңеген. Ал бүгінде жағдай басқа. Ауызсусыз, көгілдір отынсыз, жолсыз ауылдардың болуы – қалыпты жағдай да, мешітсіз ауылдың болуы сорақылықтай көрінетінді шығарды. Тіпті бір ауылда бір емес, бірнешеуі ашылып жатады.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Соңғы екі онжылдық көлемінде имандылыққа бет бұруымыз әр ауылда құрығанда, бір мешіттің болуына қол жеткізді. Халықтың шариғатқа жаппай ден қоюында тұрған келеңсіз ештеңе жоқ, керісінше бұл – оң өзгеріс. Елдіктің баяндылығы – иманнан. Дегенмен, Тәуелсіздік жылдары елді мекендерімізде мешіт құрылыстары жиілегенімен, ауылдардың әлеуметтік ахуалы сол күйінде қалып келеді. Көгілдір отын мен ұялы байланысты айтпағанда, тоқырау жылдары келмеске кеткен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне, емхана мен балабақшаға, тіпті шағын ғана дәріханаға мұқтаж болып отырған ауылдарда бірнеше мешіттің бой көтеруі ойлантады. Жуырда «Қазақстан аңыздары» атты ғылыми-танымдық автоэкспедиция кезінде мұндай үдерісті Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағынан байқадық. Тұрғындарға алғашқы медициналық жәрдем көрсететін нысаны мен дәріханасы жоқ кейбір ауылдарда екі-үш мешіттен бар. Бұларға келіп-кетіп жатқан кісі де шамалы. Алдағы онжылдықта бұл елді мекендердің маңызды әлеуметтік нысандарынан бұрын мешіттерінің тағы көбейе түсетініне күмән жоқ. Діни ғимарат салынған ауылда, сонымен бірге көркеюдің басқа да белгілері білініп тұрса, игілік қой. Бұған әкімқаралардың, шенеуніктердің әмбебап жауабы бар: мешіт құрылыстары қазынадан қаржыландырылмайды, оны халықтың өзі шешеді деген. Бұл – айтпаса да түсінікті. Бірақ еліміздегі барлық мешітке жауапты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұған қатысты талабы бар. Діни басқарма ауылдарда мешіт саламын деушілерге сол жердің әлеуметтік ахуалына мән беруді кәдімгідей талап етіп келеді екен. «Бірде-бір рет азан шақырылмайтын ауылдар бар. Мұндай елді мекендерде имандылық бар деуге аузым бармайды. Намаз оқылмайтын, азан шақырылмайтын ауылдарда имандылық болмайды, мұндай жерлерді жын-шайтан иектейді. Сол себепті мешіттердің көбейіп жатқанына қуанамыз. Бірақ біздің Бас мүфтиге кәсіпкер азаматтар келіп, мешіт салу жөнінде рұқсат сұрағанда, Бас мүфти «ол ауылда мектебіңіз, ауруханаңыз бар ма, жолдарыңыз қалай, ауызсу мәселесі қалай, құдықтарыңыз бар ма, электр жарығы мен газ бар ма» деп сұрайды. Оларға жолдарыңыз нашар, суларыңыз жоқ болып отырып, мешіт тұрғызғанша, ауылдың жағдайын жақсартыңыздар, жолдарыңыз ойдым-ойдым болып тұрмасын деп айтады. Мешітпен бірге ауылды көркейтуге емеурін білдіреді. Бірақ бес саусақ бірдей емес, көпшілігі «ауылды көркейтеміз, гүлдендіреміз, бәрін жақсартамыз» деп, уәдені беріп алып, артынан оны ұмытып кетеді. Көрдіңіз бе, осындай жағдайлар бар. Ал біз, әрине, мешіттің сол жерлерге сайлы болғанын қалаймыз», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек.
Әрине, мәселені «мешіт маңызды ма, әлеуметтік нысан маңызды ма» деп таразылау орынсыз. Тақтайдай тегіс жолы жоқ, жұмыс орындары аз ауылдардың халқын «бәрі келісіп тұрғандай мешіт тұрғызатыны несі» деп айыптауға тағы болмас. Бірақ еліміздің барлық түкпірінде де мешіт салуда жарысқазан үрдіс қалыптасқаны ақиқат. Мұны діни қызмет жетекшілерінің өзі құптамай отыр. Ауыл, облыстардағы мешіттерді сапалы, білікті маманмен қамтамасыз ету де – басты мәселе. Дәстүрлі діннен хабары жоқ біліксіз имам ауылдағы артық мешіттерді діни ағымдар ошағына айналдыруда.
Әбдімүтәліп Дәуренбеков, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы:
– Мешіт салмастан бұрын, ең алдымен, оған халықтың келіп-кету мүмкіндігі ескерілуі керек. Халық көп келе ме, аз келе ме, қанша адамды сыйғыза алады деген сияқты. Айталық, мешітті салдық, бірақ ертеңгі күні оған ешкім келмейтін болса, оны босқа қаңыратып не керек?! Сондықтан, біріншіден, халықтың көп жиналатын жері және халықтың келіп-кетуіне мүмкіндіктер жасалған жерлер таңдалуы тиіс. Екіншіден, әрине, ол мешіт жұртшылыққа үлкен рухани жәрдем бере алатын болуы керек. Бірақ біздің кейбір ауылдарымызда бір мешіттің жеткілікті болып тұрғанына қарамастан, соның қасынан тағы бір мешіт салып қоятындар бар. Бір ауылда мешіттердің санын көбейту рухани байлыққа апармайды, қайта елді әлекке салады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с.) мешіттерді қажеттіден артық сала беру немесе нысапсыз салудан қайтарған. Егер мешітке адам сыймайтын болып жатса, кеңейтуге болады. Ал екеу, үшеу етіп салуға рұқсат бермеген. Мешіттердің саны көбейген сайын адамдар арасында түсінбеушіліктер туындайды. Бір ауылда бір мешіт бар кезде, қажеттілікке қарамай, үстіне тағы мешіт салу – шариғатта рұқсат беріле беретін амал емес.
Еліміздегі мешіттердің сәулеті мен оны күтіп ұстауға қатысты да талаптар бар. Айталық, мешітті күту, оның қызметін жүргізу, керек-жарақпен жабдықтау және тағы басқасы халықтан түсетін садақаға байланысты. Ал 20-30 үйі бар ауылдарда мұндай садақа мардымсыз болады да, мешітті ұстауға да тиісінше көңіл бөлінбей жатады. «Мешітті саларда оның отын-сумен қамтылуын, коммуналдық қажеттіліктерінің өтелуін ескерген абзал» дейді діни басқарма мамандары.
Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары республика бойынша мешіттердің саны 70-ке де жетпеген екен. 20 жыл ішінде жүздеген мешіт бой көтеріп, олардың саны 2300-ден асты. Енді игі үдеріспен бірге, ауылдарда мешітті көбейтудің қисындылығына, руханилық пен әлеуметтік-экономикалық дамудың үйлесімділігіне назар аударатын кез жетті. Мешіт құрылыстарына рұқсат беретін діни қызмет басшылығы да, жергілікті әкімқаралар да имандылыққа ден қойған ауылдың діни ғимараттан басқа мұқтаждығы болмауын ескеріп жатса, құба-құп.
Алтай Тайжанов, қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы:
– Ауылдарда мешітті көп салу білместіктен туып отыр. Ел ішінде ана ілімді де жарытып білмейтін, мына ілімді де жарытып білмейтін, қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін тағы ажыратпайтын дүбәралар бар. Ертеде шағын ауылдарда мешіт-медреселер болды. Ол аса зәулім ғимарат болмауы мүмкін, бірақ, бастысы, олар балаларды намазға үйретіп, оқытып-тәрбиелейтін. Мешіт-медреселер адамның жанын сауықтырып, рухани тазалыққа баулуды ғана мақсат еткен. Халық мұндай жерлерге құрметпен қарап, тіпті айналасына мал жүргізбеген. Ал қазіргі мешіттердің бәрі бірдей мұндай функцияны атқара бермейді. Бір кісілердің байыған балалары аталарының атын шығару үшін сәулет ескерткішін қалдыруға тырысып жатады. Ол атасы баукеспе ұры ма, арақты судай сімірген маскүнем бе, қып-қызыл партократ па, басқа ма – бәрібір. Кейбір адамдар өз болмысындағы бар кінәратты жуып-шаю үшін мешіт салып, ұлағатты іс жасағандай болуы мүмкін. Қазір көпшіліктің намаз оқығыш болып кетуі де – осының бір ұшқыны. Мешіттер саябақ сияқты жастардың бір қызықтап жүретін жеріне де айналып кетті. Ауылдарда мешіттерді көбейте берудің қажеті жоқ, оның орнына шын мәніндегі рухани тәрбиеге көңіл бөлу керек.
Болатбек МҰХТАРОВ
Сауаптың сан алуан түрі бар
Жалған дүниені жалпағынан басып жүрсе де әр пенденің тәубесіне келуі мен көркем мінез қалыптастыруына мейірімі мол Алла тағала мұсылмандықтың бес парызын өтеу арқылы күнәсінен арылуға жол ашып қойған. Соның бірі – Қажылық. Өйткені Алланың елшісі (с.ғ.с.) «Қабыл болған қажылықтың сыйы – тек қана жәннат» екенін ескерткен. Алладан сауап дәметкендердің қажылық сапардан қалыс қалғысы келмейтіні де сондықтан.
Десе де, имандылық сауаты жоқ бола тұра, Мекке-Мәдинеге барып, қажылық амалын орындамай қайтатындардың бар екенін дін өкілдері де жоққа шығармайды.
Серікжан ЕНШІБАЙҰЛЫ, «Нұр ғасыр» мешітінің найб имамы:
– Кейбір бауырларымыздың қажылық сапарға барардағы діни-рухани дайындығы төмен екенін байқап жүремін. Ол жаққа барып алып, не істеп, не қою керектігін білмей тұратындар бар. Қасындағылар не істесе, соны қайталап, олар не істеу керектігін білмесе, сол рәсімді орындай алмай жататындары да кездеседі. Дұғаларды дұрыс білмегендері өз алдына, амалдарын да дұрыс орындамайды. Ол кісінің қажылығы қабыл болады деп айта алмаймын. Оны бір Алла ғана біледі. Ақшам бар деп осылай жалған қажылық атқарғанша, басқа да көптеген сауапты істер жасаған артық.
Дастан ҚҰЛБАТЫР, қала тұрғыны:
– Меніңше, қажылық атақ та, дәреже де емес. Ол – парыз, ғибадат. Менің қажылыққа баратын қаражатым да бар. Бірақ мен бұл қаржыны қайырымдылық жасауға жұмсағанды жөн көрдім. Баспана алуға еш мүмкіншілігі жоқ балалар үйінің бір тәрбиеленушісіне баспаналы болуға жәрдем жасадым. Меніңше, бұл қайрымды ісім қажылықтың не екенін түсінбей тұрып, амалын орындай алмай, саяхат жасап қайтқаннан гөрі сауаптырақ деп ойлаймын.
Иә, шынымен де, егер еліміздегі әрбір қалталы азамат Құрбан айт мерекесінде қайрымдылық ретінде бір жетімді жебеп жіберсе, балалар үйінде тәрбиеленіп, кәмелет жасқа жеткенде үй-күйсіз, қамқорлықсыз қалатын жетімдердің баспана мәселесі шешімін табар ма еді?!
Самал ҚАРАЖАН, Ақтөбе облысы
БІЛГІМ КЕЛГЕН БІР СҰРАҚ
Әлемде қанша мұсылман бар?
Жыл өткен сайын жер бетіндегі мұсылмандардың саны артып келе жатқаны жайлы жиі естиміз. Осы орайда менің білгім келгені, әлемдегі мұсылман қауымының саны қанша?
Данияр АСЫЛБЕКОВ, Қызылорда облысы
Бүгінгі таңда жұмыр жердегі жұрттың төрттен бірі Ислам дінін ұстанады. Бұл – дүниежүзіндегі дәстүрлі діндер арасында адам саны жөнінен екінші орын. Ғалымдардың зерттеуінше, қазір жер бетіндегі халықтың 23 пайызы, дәлірек айтқанда, 1,58 млрд адам мұсылман. Алғашқы орында христиандар тұр. Олардың үлесі 33 пайызға жуықтайды, саны – 2,31 млрд. Үшінші орында – индуизм іліміне нанушылар, олар 0,95 млрд шамасында.
Мұсылмандардың 18 пайызға жуығы Ислам діні алғаш келген араб елдерін мекен етеді. Ал қалған мұсылмандардың жартысына жуығы Африканың солтүстік бөлігін қоныстанған. Сондай-ақ Азияның біраз аумағында да мұсылмандар тұрады.
Аталмыш дін өкілдерінің саны жөнінен Индонезия әлем бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл мемлекетте тұратын 207 млн адам Ислам діні арқасында айрандай ұйып отыр. Сонымен қатар Пәкістанда – 154, Бангладеште 134 млн адам мұсылман болып есептеледі. Қазір адам саны 1 млрд-тан асқан Үндістан халқының да тура 10 пайызы осы дінді ұстанады. Ол шамамен 150 миллионнан асады. Дүниежүзіндегі мұсылмандардың 85 пайызға жуығы Ислам дінінің сунниттік бағытын ұстанса, 10 пайызы шииттер қатарынан.
Ал Қазақстанда халықтың 71 пайызы өзін мұсылман санайды. Оны адам санымен есептегенде 11 миллионнан асады. Біздің еліміздегі бұл дін өкілдерін қазақ, өзбек, ұйғыр, қырғыз, дүнген, түркімен, татар, башқұрт пен әзірбайжан секілді ұлттар құрап отыр.
Құрбан айт күндері қандай сауапты істер жасауға болады?
Құрбан айттың мәні тек құрбандық шалып, мешітке бас сұғу ғана ма? Бұл күндері басқа да қандай сауапты істер жасауға болады?
Айтуған ОМАРОВ, Шығыс Қазақстан облысы
Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шығыс Қазақстан облыстық мешітінің бас имамы:
– Негізінде, «Құрбан» сөзі «жақындау» дегенді білдіреді. Яғни бұл күні жүрек тазарып, Аллаға жақындай түсеміз. Ал жақындау құрбандық шалумен шектелмейді. Жақындаудың сансыз амалдары бар. Ол қоғамда әркез көрініс тауып жатуы керек, тіпті сауапты істерді күнделікті атқаруға болады. Дегенмен осы қасиетті Құрбан айт күні жүрегін қолына ұстап, сауапқа жүгірген мұсылман отбасындағы жасы келген қарт кісіге, қара шаңырақ иесіне сәлем беруден бастаса игі. Ағайын мен ағайынның жақындасуы да осында. Құрбан етін үлестірген кезде әуелі ағайындарынан бастаса жақсы. Бізде кәсіпкерлер қайырымдылықтарын көбінесе «Алла разылығы үшін» емес, өзінің атақ-абыройына арнап жатады. Мұсылман адам тек өз қара басының қамын ойламағаны жөн. Құрбан айт күні мұсылманның барлық қасиеті таразыланады. Яғни бұл күні Жаратқан Алла тағала бірінші ниет пен пейілге үңіле амалды өлшейді. Бір айтып өтерім, Құрбан айттың алдындағы бір күн, яғни Арафа күнін ескермей келеміз. Дәл осы күні әрқайсымыз зират басына барып, дүниеден өткен ата-бабаларымызды бір уақ еске алып, құран бағыштасақ абзалырақ болар еді. Осы бір тұсты алдағы уақытта естен шығармасақ, Құрбан айтымыздың мәні арта түсері анық.