Қазақстанда балалардың білім деңгейі соңғы жылдары төмендеп кеткен
Еліміздің телеарналарында әр жылдары мектеп оқушылары арасында интеллектуалдық білім сайыстары өтіп тұрады. Ал телевизия мамандары бұрынғылармен салыстырғанда қазіргі оқушылардың білім деңгейі түсіп кеткенін айтып отыр, деп хабарлайды Экспресс К.
Мысалы, 2000 жылдардың басында "Хабар" арнасындағы "ХХІ ғасыр көшбасшысы" бағдарламасы танымал болған. Ол сайыста жеңіске жеткендер арасында жоғары қызметте жүрген азаматтар жетерлік. Дәл осы арнада биыл "Дарын" атты интеллектуалдық шоу өтіп жатыр. Бағдарлама редакторлары бұрынғы жылдармен салыстырғанда балалардың білім деңгейі күрт түсіп кеткенін айтты.
Жыл өткен сайын балалардың деңгейі төмендеп барады. Бес жылда қалай болатынын кім білсін? Өйткені әлеуметтік желі мен тиктокерлердің заманы болып тұр. Сондықтан білім беруді жаңарту керек. Классикалық білім берудің дәуірі өтіп бара жатыр, — дейді Мейрамбек есімді бағдарлама редакторы.
Оның айтуынша, оқушылар, әсіресе, қазақ әдебиеті, қазақ тілі, тарих пәндерінен көп сүрінеді.
Бірақ дүние жүзі тарихы, әлем әдебиетінен көбі жақсы. Сол жағы таңғалдырды. Сосын ішкі туризмді қолға алу керек. Өйткені балалар көргенін ұмытпайды. Барлық саябақ, Бозжыраға қатысты сұрақтарға жақсы жауап беріп жатыр, — дейді редактор.