«Жиенқұлға келгенде шықпайды үнім» деп Сара қыздың зар илейтініндей, еліміздің тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге келгенде бәсі төмен. Өйткені күніне қап-қап шығатын қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт-фабрикалар санаулы-ақ. Бүгін ашылғанының өзі «тумай жатып туа шөкті». Кеше туып, ертеңінде «шетінеп» кетеді. Ал жыл сайын республикада 5 млн тонна шамасында қатты тұрмыстық қалдықтар пайда болады екен. Тек оның 5 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді. Қалғаны іске аспай, ашық аспан астында қарға-құзғындарға қорекке айналады.
Мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, қазір даламызда 22 млрд тонна тұрмыстық қалдық пен қоқыс жинақталыпты. Оның 16 млрд тоннасы техногендік, минералды қалдықтар болса, 6 млрд тоннасы – адам денсаулығына аса қауіпті химиялық қалдықтар. Мұның сыртында өнеркәсіптік қалдықтардың үлесі тіпті орасан. Оларда 25 млрд тонна қалдық тұнып тұр қазір. Швед ғалымы Нильс Бордт: «Адамзат атом бомбасынан жойылмайды, олар өз қалдығына тұншығуы мүмкін», – депті. Олай емес деп көріңізші, кәне! Осыдан кейін...
Отанымыз отқа қарап отырған жоқ. Сөйте тұра, еліміздің бірде-бір қаласында, қас қылғанда, қалдықтарды қайта өңдейтін жібі түзу зауыт я фабрика жоқ екен. Мұны құзырлы орындар да жайып салып отыр. Ашық айтпасқа амал да қалмай бара жатқан сияқты. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды құртудың шарасын таппаса, аймақтардың қоқыс айлағына айналып кету қаупі бар. «Алматының өзінде тұрмыстық қалдық 3 млн текше метр үстінде» дейді деректер. Ал өзге үлкен қалаларда жылына бір адамға шаққанда жалпы 300 келі тұрмыстық қалдық келеді, оның ішінде азық-түлік қалдықтарының жылдық мөлшері – 80-90 келі. Қалдықтар туралы әңгіме қозғасақ, бетіміз қоса қызарады осы күні. Себебі қалдық-қоқыстың төркінін тергесеңіз, тұрғындардың мәдениетсіздігі сопаң етіп шыға келеді.
Еуропалықтар бұл іске аса ыждағаттылық танытыпты. Оларда бұл іс – «жүрдім-бардым» емес, бүтіндей индустрия. Чехия астанасы Прагада қағаз бен пластикалық заттарға, шыны шишаларға арналған жеке-жеке қалдық салғыш контейнерлер қойылады. Тұрғындар оларды шатастырып алмас үшін әрқайсысы түрлі түске боялып, сыртында «қағаз үшін», «пластикалық бұйымдарға», «шыныға арналған» деген жазулары бар деседі. Тұрғындары да бұл тәртіпті бұзбайтын сияқты. Сөйтіп, бізге қарағанда мәдениеттірек секілді.
Оның үстіне, өркениетті елдерде, коммуналдық қалдықтарды залалсыздандыру мәселесіне айрықша назар аударылған. Оны өңдеу мен кәдеге жарату арқылы қалдықтардан құтылуға барын салуда. Өйткені қазіргі тұтыну қалдықтарының құрамында 40-қа жуық қауіпті зат бар (!). Мұны тәуелсіз сарапшылар айтады.
Ән болған, жыр болған Алматыны қалдықтан құтқарады деген бір зауыттың осыдан бірнеше жыл бұрын ашылғанын құлағымыз шалған еді. Әйткенмен, тіл тиіп, көз өтті ме, кім білген? Жөргегінен шықпай жатып тұншығыпты. 2010 жылдары дәл осындай зауыт Қарағандыда ашылмақ болатын. Бірақ ол да «шар» етті де, дүниенің есігін тарс жауып, кете барды. Бұл күні дәтке қуат – бұдан көп уақыт бұрын жасалған Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің «Осы бағытта келесі жылы еліміздің сегіз қаласында тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу үшін техникалық негіздеме жасалмақ. Бұған бюджеттен қолдау жасалды» деген мәлімдемесі. Соның негізінде 2020 жылға дейін 41 қалада қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу жүйесін енгізу көзделген.
Ішіп-жеп қана қоймай, оның қалдығынан қызыққа батқан елдердің басында немістер тұр. Германияның тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудегі үлесі– 48 пайыз. Бельгия, Швеция, Швейцария секілді елдер 36-38 пайызды құрайды екен. Бізде ше? Мәліметтер өзіміз шелектеп төгетін қалдықтардың 2,5, ары кетсе 5 пайызы ғана кәдеге асатынын айтады. Қалған 97,5 пайыз қалдық қоныс тепкен «құтты орнында» құрт-құмырсқаның ордасына айналады.
Жә! Белден кешіп жүрген баклашка мен полиэтилен пакетке келейік. Оның құрамында ағзамызға зиян талай пәлекет барын білеміз бе? Бұлар басқа қалдықтар секілді қарап жатып шірімейді. Осыны түйсінген өркениетті елдер пакет қолдануға тыйым салыпты. Мәселен, Италия. Полиэтилен пакетті пайдалануға үзілді-кесілді қарсылық танытыпты. Өйткені бір адам жылына 400 полиэтилен пакет тұтынады екен. Алайда оның пайдаланылу мерзімі – 10-12 минут қана. Ал бір пакеттің табиғи жағдайда жойылуы үшін кемі 400 жыл уақыт керек екен. Оны көмген күннің өзінде үш-төрт ғасыр бойы шірімейтін көрінеді. Германияда, Ирландияда, Оңтүстік Африка мемлекеттерінде оны ірі көлемде пайдаланғандарға салық міндеттеліпті. Тайваньда пластик, пакеттер сауда орындарынан мүлдем алып тасталған. Есесіне атақты дизайнерлер сауда-саттыққа арналған зиянсыз сөмкелерді ойлап тапқан. Осыған орай ағылшын ғалымдары «ірі қалалардың әрбір тұрғыны тым болмағанда бір жаңа пакетті пайдаланудан бас тартса, ауаға жайылатын зиянды заттардың көлемі жылына 1 мың тоннаға кемиді» депті.
Бұдан біраз бұрын еліміздің Қоршаған ортаны қорғау министрлігі Үкімет алдында экологияның жай-жапсарын жайып салғанын білеміз. Еліміздегі бас табиғат қорғаушысының қоршаған ортаға қандай қиянат жасап жүргенімізді мүшелеп, жіліктеп бергені мәлім. Сөйтсек, жұртты бір жұтым таза ауаға зар қылушылардың ішінде бірінші орында ілеспе газ бен өндірістік қалдықтарды шығарушы һәм еліміздің энергетикалық секторындағы құрылымдар екен. Жинақталып қалған өнеркәсіптік қалдықтардың салдарын жоғарыда айттық. Министрліктің мәлімдеуінше, Қазақстан энергетикасының 87 пайызға жуығы көмір арқылы жұмыс істейді. 2020 жылға қарай ауаға шығатын қалдықтардың ішінде көмірдің үлесі жалпы көлемнің 66 пайызын құрайды деген болжам бар.
Қойшы, сонымен, қала да, дала да «ән салып тұрған» жоқ. Қоқысқа, шиша-шөлмекке, пакетке көміліп тұр. «Денсаулық кепілі – тазалық». Үйіндінің арасында жүріп адасқан бізде қайдағы денсаулық?! Қоқыс салатын контейнерлердің өзі «арнасынан» асып-тасып жатады. Одан қалғанын көрсоқырлар бықсытып өртейді. Күлі көкке ұшады. Онда қанша індеттің ұя салғанын кім білсін?! Балконнан, терезеден қоқысты лақтыра салу немесе далаға шығармай, үй ішіне тастап кету, болмаса аулаға қалдыру секілді ұятсыздыққа мойынсынып алыппыз әбден. Етіміз өліп кеткен. Көзіміз ашылмай келеді. Әдеп, мәдениет мүлде ұмытылған.
Осыдан барып қоғамдық сұраныс туады. Ол – тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт пен фабрика. Аяқастынан Америка ашудан қашықпыз. Бүйректен сирақ шығарып отырған да жоқпыз. Бүгіннің сұранысы – бұл.
«Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыттарды көптеп ашу аса қажет. Өйткені қалдық төгетін арнаулы полигонмен қатар, ашық-шашық жатқан карьерлерге қалдықтарды айналдыра төгу әдетке айналған. Мәселен, Қарағандының өзінде бұл күні ресми түрде бір полигон болғанымен, есепке алынбағаны аз емес. Егер Қарағандыда қалдық өңдейтін зауыт салынса, қалдықтар 10 есеге азаяр еді», – дейді мамандар.
Дмитрий КАЛМЫКОВ, Қарағанды экомұражай басшысы:
– Мұндай полигондарда қалдықтар – бірнеше миллион тонна. Бұл болса қалдықтарға оттегінің және оттегіде болатын бактериялардың өтуін тоқтатады да, оттегі жойылып кетеді. Оның орнына оттегі қажет емес бактериялар пайда болады. Сөйтіп, олар метан шығарады. Бұл табиғи газ, абайламаса, жануға бейім. Сондықтан да қоқыс төгілген айлақтарда өрттер жиі туындайды. Мұнымен күрес күрделі емес, тіпті белгілі бір мөлшерде тиімді. Ұңғы бұрғылап, құбыр қойып, қарапайым ауа компрессоры арқылы газды сорып алады кей елдер. Ол жанғыш болғандықтан, генератор қойып, электр қуатын өндіріп те алып жатыр. Әлемде мұндай жүздеген жоба бар. Тек бізде емес...
Қалдық өңдеу қолымыздан келмей ме?
Последние статьи автора