Полигонда тәжірибе үшін қалдырылған қырық адамның бірі Талғат Слямбеков жайында не білеміз?

Полигонда тәжірибе үшін қалдырылған қырық адамның бірі Талғат Слямбеков жайында не білеміз?

«Невада-Семей» қозғалысының Абай ауданындағы белсенді мүшелерінің бірі болған, Ұлы Отан соғысына қатысушы Талғат Слямбеков туралы естелік жазсам деген ой көптен бері мазалап жүретін. Осы ойымды қадірменді ағамыздың ұлы Фурхат Слямбекұлына жеткіздім де, әкесі туралы жинақтап жүрген материалдарын сұратып алуыма тура келді.

Ядролық сынаққа тайсалмай қарсы шықты
Талғат Слямбеков Абай ауданында бірінші болып «Невада-Семей» қозғалысы құрылмай жатып, ядролық сынаққа қарсы шығады. Өйткені, ол ядролық апатты басынан кешірген адамдардың бірі еді.
Талғат ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетіне 1991 жылғы 22-ақпанда шыққан «Қырықтын бірі мен едім» дегем мақаласында былай деп жазады.
«1953 жылдың шілде айында аудандық кеңес атқару комитетінің есепшісі болып қызмет істейтінмін. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қапан Мұсайынов пен аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Кәрім Нұрбаевты облыс орталығына жедел шақыртып әкетті. Онда олар көп бөгелген жоқ. Өңдері өрт сөндіргендей. Ауыл-ауылға шапқыншы жіберіп, аудан белсенділерін жедел жинады. Мәскеуден бір маршал келіпті, осы маңда үлкен әскери жаттығу өтетін көрінеді. Сондықтан Абай, Абыралы аудандарының халқы үш күн ішінде жерді босату керек. Қысқа да нұсқа әңгіменің ұзын-ырғасы – осы. Іле-шала КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Т. Маленковтың жарлығымен аудандық кеңес атқару комитетінің есебіне 3 миллион сом ақша келіп түсті. Жоғарыда берілген нұсқауға орай оны жан басына 500 сомнан бөліп бердік. Содан халық аудан орталығынан 200-300 шақырым қашықтыққа бір күнде көшірілді, ел не болғанын білмей есеңгіреп қалды.
Өз басым «осында керексің» дегеннен соң, көшпей қалдым. Ол кезде жасым 28-де болатын. Қарауылда қалдырылған 10 адам екенбіз, ал Абыралы, Абай аудандары ауылдарын есептегенде 40 адам «тәжірбие жасауға қалдырылыпты». Мұны кейін білдік.
Сол күні аспан шайдай ашық еді. Ойымызда ештеңе жоқ, сыртта жүргенбіз. Бір уақытта ашық аспан астында найзағай жарқ ете қалды. Іле Қарауыл сырты, алыс көкжиек қаңқызыл күреңітіп, алып саңырауқұлақ көкке көтерілді. Қатты толқыннан деміккендей болдық. Біз табиғаттың осыған дейінгі белгісіз бір құбылысы ма дедік те қойдық. Мұның сол сәтте деңсаулыққа зиян екенін болжап, біле алмадық. Арада көп уақыт өтпей жел тұрып, төңіректі шаң басып кетті.
Содан арада екі сағат өткеннен кейін әскери адамдар тікұшақпен ұшып келді де, бізді машинаға отырғызып, Шыңғыстың ішіне алып кетті. Осы жерде олар бізді есепке алды. Барлығы қырық адам екенбіз. Ортамызда бір-ақ әйел. Ол сатушы Жәкен Әсімжанова деген адам еді, алпысыншы жылдардың ортасында қайтыс болды. Әскерилер біздің үсті-басымызды дозиметрмен тексерді де, әрқайсымызға 200 грамдық стаканға толтырып арақ берді.
Сонымен жиырма күн өткен соң, Абай ауданының халқы көшірілген жерлерінен қайтарылды.
Бірақ, бізді, яғни сол 40 адамды полигон басшылығы ұмытпапты. Арада бір жыл өткен соң әлгі 40 адамның сегізін Семейге алып барып, 4 диспансерде бір жарым ай бойы тексеруден өткізді.
Бізбен сөз арасында «осының бәрі болашақ үшін» деп қояды. Сонда ғана барып, өзіміздің сынақ аймағында тәжірбие үшін қалдырғанымызда сезіндік».
Иә, Талғат Слямбеков айтса айтқандандай, осы тәжірибеге қалған адамдардың басым көпшілігі 50 жасқа жетпей қайтыс болып кетті.
Керек дерек
Талғат Слямбеков 1925 жылы Абай ауданының Орда ауылында дүниеге келген. 1934-38 жылдары Жаңанұр мектебінде білім алды. Ұлы Отан соғысы кезінде, 1942 жылы небәрі 17 жасында әскерге алынды. Сталинградты қорғауға қатысып, 1945 жылы 2-қыркүйекте Қытайдың Гангун қаласында соғысты аяқтайды. Соғыстағы ерлігі үшін 9 медальмен, «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Соғыстан кейін 42 жыл кеңес, шаруашылық мекемелерінде белсенді қызмет атқарды.
Қарауылда бейбіт шеру өткізеді
Полигон зардабын шеккен Талғат Слямбеков «Невада-Семей» қозғалысына белсене қатысып, КСРО Министерлер кабинетінің төрағасы Н.Рыжковқа, Қорғаныс министрі Д.Язовтың атына елдегі жағдайды мәлімдеп, бірнеше хат жолдайды. Сол өтініштердің бәрі аяқсыз қалады.
1989 жылдың жаз айында ауданға «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменов келеді. Талғат Слямбеков белгілі ақын, қоғам қайраткерімен бірлесе отырып, Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында бейбіт шеру өткізеді. Бейбіт шеруді сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев та қолдайды.
Ашынған халық Қарауыл ауылынан Қарауыл тауына дейін жаяулатып, қолдарына «Полигон жабылсын!» деген плакаттарымен шеру ұйымдастырды.
Халықтың жаппай бас көтеруі КСРО басшысы М. Горбачевқа да жетеді. Абай ауданының бастамасын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ та қолдап, орталыққа хабарлайды.
Талғат Слямбековпен бірге «Невада-Семей» қозғалысының мүшелері К.Есенғарин, М.Қорғанбаев, ақын Т.Жанғалиев, Б.Жәкішов, Ж.Дәрібаев, тағы да басқа көптеген адамдар полигонды жабу жөнінде белсенді жұмыс істеді.
Халықтың қасіретін жете сезінген Елбасы Нұрсұлтан  НАЗАРБАЕВ 1991 жылдың тамыз айында Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Қуанышты хабарға ел ағасы Талғат Слямбеков балаша қуанды, оның ел алдыңдағы беделі асқақтай түсті.
Атом зардабын тартқан жапондар «Заман-ай» әнін гимн ретінде  қабылдайды екен
Талғат Слямбеков Дания мемлекеті шығарған «Невада» деректі фильміне түсірілді. Онда ол ядролық сынақтың адамзатқа келтіріп отырған зияны мен зардаптарын нақты мысалдармен айтып берген. Ол Семей ядролық полигоны жабылғаннан кейін де оның зардаптарын дүние жүзіне паш ете білді. Зардап шеккен халыққа ақшадай өтемақы алуына игі ықпал жасады. Осы бір қажырлы еңбегінің арқасында бірдің емес, көптің жоғын жоқтағаны үшін елімізге  белгілі қадірменді ақсақал атанды.
– Әкемнің шапағаты шығар, – дейді баласы Фурхат Талғатұлы, – 2009 жылғы 8 тамызда Семей қаласындағы Түйемойнақ аралында атом құрбандарының «Өлімнен де күшті» ескерткіші жанында өткен телекөпірге мен де шақырылдым. Телекөпірге Қазақстан, Ресей, Франция, АҚШ, Жапония мемлекеттері қатысты. Оның негізгі ұйымдастырушысы Жапония мемлекеті еді. Қазақстаннан 5-6 адам қатыстық, арамызда белгілі әнші Роза Рымбаева да бар. Розаны шақырту себебі, жалпы, жапондарға «Заман-ай» әні атом зардабының гимні болып есептеледі екен.
Абай ауданынан шыққан, полигонды жабу жолында күрескен Талғат Слямбеков өзі де полигон ауруына шалдығып, 1996 жылы 71 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
«Невада-Семей» қозғалысының белсендісі Т.Слямбековтің жасаған істері кейінгі ұрпаққа тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болып қалмақ.

Малғаждар Жүнісжанов, Семей облыстық тарихи-өлкетану мұражайының Қарауыл ауылындағы филиалының меңгерушісі Абай ауданы.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста