Орнитология саласы неге олқы соғып тұр?
Табиғат тылсымына терең бойлай білген адам ғажап күйге бөленеді. Оның ішінде құстар әлемі көптеген құпияға толы. Қазекем ерте кезден-ақ көкте қалықтаған тіршілік иелеріне назар аудара білді. Әлі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқан құсбегілік өнер – осы сөзіміздің айқын дәлелі. Қазақ халқы оларды қастер тұтты. Қазіргідей жөн-жосықсыз құс атуға жол берген жоқ. Қысқасы, қазақта құстар әлемінің қыр-сырына үңілу ерте кезден басталды деуге толық негіз бар. Қазіргі тілмен айтқанда, біздің халқымыз орнитология ғылымына бұрынғы кезден ден қойды деп айта аламыз. Әрине, бүгінгі күнгідей тасқа басылған дүние жоқ. Дегенмен ауызша айтылатын талай дүниелер біз үшін баға жетпес құнды деректер екені белгілі. Қазір құстардың да саны өте азайып барады. Мергендік өнерді серік еткен кейбір адамдар оларды қырып-жоюдан басқаны ойлайтын түрі жоқ…
Атаулы күннің маңызы қандай?
Халықаралық орнитология қауымдастығы 1 сәуірде жылма-жыл құстар күнін атап өтеді. 1906 жылы құстарды қорғау жөніндегі конвенцияға қол қойылып, көптеген елдер оған ерекше назар аудара бастады. Одан бері бір ғасырдан астам уақыт өтті. Дүниежүзінің ғалымдары бұл бағытта ауқымды істерді қолға алып келеді. Естуімізше, Еуропа елдерінде осы мақсатта жұмыс жасайтын арнайы орындар бар екен. Әрине, оның оңды жағы аз емес. Алдымен құстар әлемін зерттеуге көңіл бөлінеді. Қанатты тіршілік иелерінің әрбірі – өзінше бір дүние. Сырына үңілсең, өзің біле бермейтін құпияға қанығасың. Сондай-ақ ғалымдар құстардың негізсіз жойылып кетпеуіне назар аударады. Әсіресе адамдар тарапынан аяусыз қырып-жоюға жол бермеуге күш салады. Бәріміз білетін «Қызыл кітап» осындай ізгі мақсаттан туындаған. Расын айту керек, қазір мүлдем жойылып кеткен аң мен құстар да баршылық. Осы тектес жағдай тағы да басқа тіршілік иелеріне туып отыр. Мәселен, қазір Жер шарында 10-12 мыңнан астам құстың түрі бар екен. Олар 18 отрядқа жатады. Әлемдегі бірқатар ғалымдар олардың саны кезінде біршама азайып кеткенін айтады. Орнитология ғылымы дами түскен шақтан мұндай олқылықтың алдын алуға көңіл бөлінуде. Олар дүниежүзіндегі құстар әлемін қорғауда белсенді қимыл жүргізіп келеді. Біздің елімізде де бұл сала мамандары бар. Алайда олардың әрекеті қаншалықты белсенді деген сауал бар көкейде. Қазақстанның да «Қызыл кітабы» бар. Оған сан алуан аң мен құс енгізілген. Алайда оларды қорғау бағытында атқарылған жұмыстарды ауыз толтырып айта аламыз ба? Табиғат байлығын кітапқа құр тіркеп отырғанмен тірлік біте ме? Мына деректің өзі бізді ойландырады. Жылына 1 миллионнан астам құс аңшылық жасауға әуес жұрттың құрбанына айналады екен. Кейбір мамандар бұл деректің одан да жоғары екенін тілге тиек етеді. Тіпті олардың арасында арнайы қорғауға алынған құстардың бар екендігі белгілі.
Жойыла бастаған қанаттылар
Қазақ елінің көгінде қазір құстың 500-ге жуық түрі қалықтап ұшып жүр екен. Олар 18 отрядқа жатады. Бұл – біздің мақтанышымыз. Дегенмен олардың оннан бірі еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Қоршаған ортаның құн жетпес қазынасын көзіміздің қарашығындай сақтай алсақ қой, шіркін! Жоғарыдағы жайлар көптің көңіліне күмәнді ойларды алып келеді. Осылай жалғаса берсе, күні ертең кейбір құстардың тұқымы тұздай құрып кетуі ғажап емес қой. Мәселен, жергілікті жұрт үйрек, қаз, қасқалдақ және өзен-көлдің өзге де қанатты тіршілік иелерін атып алуға әуес. Бұрын өзен жағалауында көп жүретін құстар қазір сиреп барады. Бұл орайда орнитолог мамандар қандай қызмет атқарып жүр? Рас, олардың көбі еліміздің үлкен қалаларында жұмыс жасайды. Жергілікті жерлерде ондай жұмыспен айналысатын ғалымдар жоққа тән. Атап айтқанда, жоғалып кету қаупінде тұрған құстардың қатарына мәрмәр шүрегей жатады. Ол Сырдария, Еділ мен Жайықтың бойында болатын. Соңғы 25 жылда оны көрдім деген тірі пенде жоқ. Тағы бірі – алакөз сүңгуір. Бұрын Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде кездесетін. Қазір олардың нақты санын ешкім де айта алмайды. Сондай-ақ сұңқылдақ аққу да кеміп барады.
Әлемнің көптеген елдерінде бұл бағытта жұмыс жасайтын арнайы орындар бар. Алдымен Германияны алайықшы. Онда неміс орнитология қауымдастығы бар. Қашаннан да әрбір іске өркениетті түрде қарай білетін немістер осылайша өзгеге өнеге танытып отыр. Англия мен АҚШ-та құс зерттеу орталықтары өз тірлігін жүргізуде. Тіпті құсқа деген осындай оң көзқарас Үндістанда да қалыптасқан. Бұл елде орнитология қоғамы белсенді жұмыс жасауда. Ал бізде құс қорғау ісі құзырлы басқармаларға жүктелген. Алайда олардың бұл бағыттағы қауқары қандай?
КЕРЕК ДЕРЕК
• Орнитология – грек сөзі. Оrnitos – құс, Iogos – ғылым дегенді білдіреді. Бұл терминді XVI ғасырда итальян ғалымы У.Альдрованди енгізген.
• Қазақстанның құстар әлемі туралы алғашқы мәліметтер XIX ғасырдан бастап белгілі болды.
• 1960-1974 жылдар аралығында «Қазақстанның құстары» атты бес томдық еңбек жарық көрді.
Құсбегілік ұмытыла бастады ма?
Қазақтың құсбегілік өнері ерте кезден бар. Кезінде ата-бабаларымыз құс жарата білді. Қыран құстарды баптады. Қазір ше? Бұл өнер кең ауқымда насихатталып отырған жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде құсбегілер бар. Ал көптеген аймақтар ондай тіршілікті ұмыта бастаған сыңайлы. Өкінішке қарай, бірқатар облыстарда ол өнер мүлдем ұмытыла бастаған. Солардың қатарына Сыр өңірін де қосуға болады. Қалың қазақ қоныс тепкен аймақта осыдан 10-15 жылдай бұрын бір-екілі құсбегі бар еді. Қазір олардың өзі жоқ. Осылайша ұлттық дәстүріміз ұмытыла бастады.
Жалпы, қазекем құсбегілікке тек бүркітті ғана баулымаған. Сұңқар, қыран, ителгі және өзге де жыртқыш құстар кәдеге жаратылатын еді. Насихаттың жоқтығынан бүгінгі ұрпақ оны да естен шығарып алды десек те болады.
Мұхамеджан НҰРХАНОВ, құс тақырыбына қалам тартқан жазушы:
– Мен көп жылдан Сыр бойындағы аң мен құстар жайында қалам тербеп келемін. Бұрын біздің өңірде аң мен құстың түрі көп еді. Қазір олардың көбі азайып кетті. Солардың қатарына құстарды жатқыза аламыз. Қанаттылар біздің табиғаттың бір бөлшегі емес пе? Алайда оған деген қамқорлық көңіл көншіте бермейді. Сондықтан бізде де орнитология ғылымына ерекше назар аудару керек.
Қаперге
Шариғат заңы бойынша да жыртқыш құстардың, яғни тырнағы мығым, жемсауы жоқ құстардың етін жеуге тыйым салынады. Құстарға қатысты қазақы түсінік те осыған саяды. Құстардың балапандарын аулауға және жеуге болмайды.