Маңғыстау туризм орталығы болуға сұранып тұр
Маңғыстаудың әр тасы – тұнған тарих және сырға толы. Бұл мекеннің 500 мыңжылдық тарихы бар деседі. Адамзаттың кез келген ұлы істері ұлы даладан айналып өтпеді десек артық айтпаймыз. VI ғасырдың ортасында Ұлы Жібек жолы маңғаз даланы тіліп өткен. Шығыс пен Батысты байланыстырған керуен жолының бір тармағы осы жердің үстінен өтіп, Еуропаға қарай тең-тең жүк артқан саудагерлер Күйкен қорғаны, Белдеулі, Қақпақты, Тұрыш сияқты құдықтарға аялдаған екен.
Ұлы Жібек жолының бойында көптеген бекіністер, керуен-сарайлар, ежелгі қалашықтар пайда болды. Қатпар-қатпар тау-тасы, аңызақ даласын көрген адам «Маңғыстаудың ашық аспан астындағы мұражай» екеніне таңғала таңдай қағады. Айрақты, Басжыра, Бозжыра, Көкала, Көкөсем, Қошқартас, Конкреций, Ақ мая... Ал Шерқаланы ұмыт қалдыру тіпті мүмкін емес. Ол VIII-IХ ғасырларда араб шапқыншылығы кезінде шыңда жасалған бекініс қала болыпты. Бұл тау Шетпе кентінен алыс емес. Бір жағынан қарайтын болсақ, ол тау аппақ киіз үйге ұқсайды, ал екінші жағынан басын табанына салып, ұйықтап жатқан арыстанның бейнесіндей көрінеді. Сондықтан тауды Шерқала деп атаған. Бұған қоса, Маңғыстау – көне тарихи ескерткіштерге бай. Бүгінде ата-бабамыздың мәдени мұрасы, руханияты ұрпаққа аманат болып қалды. Бірі ескерткіштің сәулетті көркіне, ондағы шеберлікке тамсанса, екіншісі рух алады. Сонымен қатар кешегі патшалық Ресей мен кеңестік кезеңнің де Маңғыстау жерінде қалдырған таңбасы – бүгінгінің адамы үшін ұмытылмас тарих. Ол да бірқыдыру әңгіме болары сөзсіз. Қарт Каспийдің көкшіл суы мен шексіз құмды жағажайын, шөл даланың керемет ландшафтарының барлық түрін еліміздің басқа жерінен тіпті таппайсыз. Сондықтан Маңғыстау – Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Өлкенің туризмі дамыса, өлке экономикасына күш қосылары анық.
Саяхатқа зиярат қосылсын
Маңғыстауда киелі орын көп. Әсіресе халықтың пір тұтатыны – Бекет ата. Еліміздің батыс өңірінде Бекет атаның өзі салып кеткен төрт мешіті бар. Біреуі Құлсарыда болса, үшеуі Маңғыстау жерінде орналасқан. Өзі осында Оғланды жеріндегі мешітінде жерленген. Алыс-жақыннан, тіпті шетелден осы жерасты мешітіне келіп, тәу етіп жатады. 2010 жылы исламтанушы Валерия Порохова Бекет ата мешітіне зияраттауға келгенде, «киелі орында рухани қуат барын, мұнда тек саяхат үшін емес, адам жүрегіне иман, нұр жинап қайту үшін көп келу керегін» айтқан болатын. Америкалық зерттеуші Девин Ди Уис те: «Бекет ата туралы кітаптан оқып біліп едім, Маңғыстауға бір саяхаттап барамын деп жүргенмін. Қазір жерасты мешітін көріп, ерекше әсерленіп кетіп барамын», – деген еді.
Бұдан бөлек, маң далада Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан үпі, Шақпақ ата және т.б. тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Тізе берсең, осылай кете береді. Маңғыстау ауданында «Адай ата» кешені ашылып, туристік нысанға айналғалы қашан.
Қазіргі таңда тарихи-архитектуралық орындарға саяхатшылар көп барады екен. Мәселен, Түркияда киелі орындар халықаралық туризм орталығына айналған. Маңғыстауда да сондай туризм орталығы болуға сұранып тұрған киелі жерлер жетерлік. Зиярат адамдардың рухани шөлін басары сөзсіз, олай болса, бұл саланы да мықтап қолға алу керектігі көрінеді.