Физикадан – үш, химиядан бір алтын алдық
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қуанышты хабар жеткізді. Таиландта, Түркияда және Тайваньда өткен үш халықаралық олимпиададан қазақстандық оқушылар алтын, күміс және қола медальдармен оралды!
«Дарын» орталығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, шілденің 9-18-і аралығында Түркияның Анкара қаласында химия пәнінен өткен халықаралық олимпиадада қазақстандық команда бір алтын, бір күміс, бір қола медальды жеңіп алды. Алтын медальды Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Абылай Шахизадаев иеленіп, күміс медальды Астана қаласындағы қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушысы Мирас Бекбергенов алса, қола медаль Петропавлдағы «Лорд» дарынды балалар лицейінің 10-сынып оқушысы Владимир Должниковқа бұйырған. Ал Таиланд астанасы Бангкокта шілденің 10-18-і аралығында физикадан өткен халықаралық олимпиадада (IPhO-2011) Қазақстан құрамасының мүшелері үш алтын, бір күміс, бір қола медальды тағы жеңіп алды. Әлемнің балғын физиктері арасынан ең жоғарғы көрсеткішке ие болған Павлодар қалалық №8 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Жасұлан Барайысов және Тараз қалалық қазақ-түрік лицейінің 11-сынып оқушылары Нұржас Айдынов пен Қайсарбек Өмірзақов алтын медальмен марапатталды. Олимпиадада Қайсарбектің тапқырлығы ерекше еленіп, оған «Ең үздік теория» үшін арнайы құрмет грамотасы да берілді. Осы білім сайысында №173 физика-математика лицейінің 11-сынып оқушысы Тайман Сабырғалиев – күміс, ал О.Жәутіков атындағы Республикалық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Дархан Нұрлыбай қола медальды қанжығаға байлады. Тағы бір қуаныш – дарынды балаларымыздың Тайпейдегі жеңісі. Шілденің 11-18-і аралығында биология пәнінен өткен халықаралық олимпиадада «Дарын» орталығынан тәлім алып жүрген қазақстандық үш оқушы күміс және қола медальдарға ие болды. Олар: петропавлдық Жасұлан Шайхығали, астаналық Алтынай Нарманова мен тараздық Ернар Тұрсынбай.