Депутат министрге: Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов ауыл шаруашылығы министрлігінен мыңдаған гектар жері бар әкім-қаралардың аты-жөнін халыққа жария етуді талап етті, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Sputnik Қазақстан"-ға сілтеме жасап.
Парламент мәжілісінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне жерлердің пайдаланылуы мен қорғалуын мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Сұрақ-жауап барысында депутат Берік Дүйсенбинов ауыл шаруашылығы министріне жайылымдық жерлерге зар болып отырған елдің сәлемін жеткізді.
"Жақында елден келдік. Қай облысқа бармасаңыз, жолдың оң жағы да, сол жағы да әкімнің жері. Қайтып жатқан жер жоқ. Мал ұстап отырған, егін егіп отырған кісілер жерге зәру болып отыр. Бірақ қолы күштілер сол бұрынғы қалпында қалды. Мына жердің иелерін шығарып, тақтаға жазып қоюға кім кедергі?", - деп ашуланды мәжілісмен.
Осы орайда ол облыстарда мыңдаған гектар жер кімге тиесілі екенін жайып салды.
"Өскеменге барсаңыз, жердің бәрі Даниал Ахметовтікі, Павлодарға барсаңыз – Бақауовтікі, Астананың маңайында – Шөкеевтікі. Оны айтуға бәрі қорқып отыр. Жаңа баяндамаңызда мыңдаған гектар жер қайтарылды дегеніңіз өтірік. Халықтың бәрі наразы. Мал ұстаған адамдарға жер жетпей жатыр. Соны сіздер әдемі баяндаманың орнына нақты қашан қолға аласыздар, соны айтыңызшы. Аты-жөнін жазыңыздар, тақтаға іліп қоюға неге ұяласыздар? Бұрынғы отырған байлар солай отыр", - деп ашынды Дүйсенбинов.
Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев депутаттың сынын орынсыз деп атады.
"Әкімдердің жеріне тиіспей, оларды қорғап отыр дегенді мен қабылдай алмаймын. Себебі биыл біз 5,2 миллион гектар жерді қайтардық. Кімдердің жері ол? Сол бұрын болған әкімдердің жерлері, олигархтардың жерлері. Ендігі жылы да тағы 5 млн гектар жер қайтарамыз. Ол жұмыс жанданады", - деп жауап берді министр.
Ол министрлік заңға сәйкес жұмыс істейтінін атап өтті. Яғни кім болса да, егер ол жерді заңды түрде пайдаланып жатса, оған ешкім тиісе алмайды. Ал заңнаманы бұзып, пайдаланып жатқандардан жер қайтарылып жатыр, деп сендірді Қарашөкеев.
"Жаңа 5,2 миллион гектар жер өтірік дейсіз. Қазір интерактивті карта дайындап жатырмыз. Депутаттық мінберден ондай сөзді айтуға, меніңше, болмайды. Себебі біз 5,2 миллион гектарды картаға жүктеп, әрбір иесін көрсетуге дайынбыз. Бар жұмысты жоқ деп айтуға болмайды", - деп ренжіді министр.
Осы кезде Берік Дүйсенбинов ауыл шаруашылығы министріне өңірлерге депутаттармен бірге шығуды ұсынды.
"Бес миллион гектар ма, соны бәрін көрсетіп беріңізші. Көрейік, халықтың қайсы риза болып отырғанын. Мен сізге елдің сөзін айтып отырмын, ойдан шығарып отырған жоқпын", - деп ашуланды мәжіліс депутаты.
Ербол Қарашөкеев жақын арада қазақстандықтар Интерактивті картадан мемлекетке қайтарылған 2 миллион гектар жерді көре алатынын айтты.