Батыс Қазақстан облысында бөкендер баудай түскен, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі «Хабар 24»-ке сілтеме жасап.
Кеше кешкісін Жәнібек ауданы Ащыөзек өзенінің бойында, Казталовка-Жәнібек жолының оңтүстік бетінде 243 бас киіктің өлексесі табылды. Оның 236-ы құралай болса, 7-уі аналық екен.
Лақтардың мұрнынан қан кеткен, іштері кеппеген. Киіктер уланды ма әлде жұқпалы індетке шалдықты ма – әзірге белгісіз.
Оқиға орнына жедел жеткен ветеринарлық қызмет пен Санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының мамандары ауадан, судан, топырақтан сынама алған.
Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің зертхана қызметкерлері де оқиға орнына жетіп, жануарлардан патологиялық материал жинапты.
Түс ауа жергілікті әкімдіктің күшімен киіктердің төшкесі жиналып өртелді.