"Музей түні" жыл сайын еліміздің барлық өңірінде өткізілетін мәдени іс-шара. Осыған байланысты Алматы қаласы музейлер ауқымды мәдени ойын-сауық іс-шараларын өткізеді. Бүгінгі "Музей түні" акциясы аясында Мassaget.kz порталының тілшілері ҚР мемлекеттік орталық музейі мамандарымен тілдесті.
Бибіфатима Бақдаулетова Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайында 2005 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Экскурсиялық ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көрсету тобының жетекшісі.
Алтын залына саяхат
Бибіфатима Бақдаулетова алдымен бізді Алтын бұйымдар сақталатын залға алып барды. Сол жердегі ең қымбат жәдігерлер Жалаулы және Қарғалы көмбелерінен табылған заттар екен. Бұл жерге келген көрермендер алтын бұйымдардың түпнұсқаларын көре алады.
"1-4 залдарға билет 500 теңге, ал мына эксклюзивті залдарымыз – Алтын залына кіру құны – 1300 теңге, Антропология залына – 1000 теңге. Бірақ бұл қаржыға экскурсиялық қызмет қарастырылған. Сол арқылы келген қонақтар қазба жұмыстарынан толыққанды мәлімет алады", - дейді экскурсиялық қызмет көрсету тобының жетекшісі.
Бұл залдан б.з.д VIII-VII ғасырдағы Сақ дәуіріне жататын құнды жәдігерлерді көруге болады. Оларды 1988 жылы Алматы облысындағы Жалаулы деген елдімекеннен балалар кездейсоқ тауып алған.
"Көріп тұрған бұйымдарыңыз Сақ зергерлерінің қолынан шыққан аң стиліндегі тамаша туындылар. Ғалымдардың пікірінше, бұйымдардың барлығы патша киімінің әшекейі болуы ықтимал. Кезінде обаларды тонаған адамдар осы әшекейлерді тығып қоюы мүмкін. Оны балалар тауып алған. Жалпы 600 алтын бұйым табылған. Экспертиза кезінде олардың таза алтыннан жасалғаны анықталды. Бұлардың барлығы да киімдерді безендіру үшін қолданылған. Оның өзі патшаның дәрежесінің қаншалықты биік екенін көрсетеді. Биліктің белгісі ретінде мынадай тұмаршалар таққан. Ғылым тілінде бұл – "Пекторал" деп аталады. Ғалымдар мұны биліктің белгісі деп атайды", - дейді Бибіфатима Бақдаулетова.
Екінші көмбе "Қарғалы" деп аталады. 1939 жылы Алматы облысы Қарғалы шатқалынан табылған. Мұны тапқан екі ер адам екен. Аталмыш көмбенің тарихын Бибіфатима Бақдаулетовадан сұрадық.
"Аңызға сәйкес, "Мың ошақты" деген жерге аңға шыққан олар жаңбырдан паналап үңгірге кіргенде әйел адамның жерлеу орнын тауып алған. Сол жерден шыққан әшекей бұйымдарды музейге қойдық. Бұлар б.з.д ІІ-І ғасырда жасалған. Үйсіндер кезеңіне жатады. Үңгірден жалпы 300 алтын бұйым шыққан. Олар Үйсін-Ғұн стилінде жасалған дүниелер", - дейді ол.
Олардың ішіндегі ең кереметі "Қарғалы тәтісі" деп аталады
"Екіге бөлінген әшекейден түрлі аңдарды көре аласыздар. Жоғарғы жағында ұшып бара жатқан құстар бейнеленген. Сосын аң үстінде отырған мифологиялық диюларды көруге болады. Тәтінің беті асыл таспен безендірілген. Феруза, маржан тастары қолданылған. Табылған көмбеге байланысты түрлі пікір қалыптасқан. Ғалымдар үйсін халқын парсыларға жатқызған екен. Ал осы көмбені алғаш зерттеген Бернштам Үйсіндерді түркітілдес халықтарға жатқызып, мифологиясын солармен байланыстырған екен. Тәтіден көріп тұрғандарыңыздай, көне тайпалар ұғымында әлем үш бөліктен тұрған. Сол себепті мұндағы түрлі аңдар әлемнің үш бөлігін бейнелейді", - дейді экскурсиялық қызмет көрсету тобының жетекшісі.
"Ал мына әшекейлер б.з.б V ғасырға жатады. Мына ортадағы керемет жәдігеріміздің бірі. Ол ахеминидтердің мөрі. Мөрден басы құс денесі арыстан бейнесіндегі патшамен арпалысып тұрған мифологиялық аңды көруге болады. Жалпы қазақ даласындағы сауда жолы арқылы өткен түрлі діндер мен мәдениеттер осы жердегі халыққа әсерін тигізді. Оны біз осындай жәдігерлерден көре аламыз", - дейді ол.
Бибіфатима Бақдаулетова айтуынша, жалпы қазақ даласынан бірнеше Алтын адам табылған деген жорамал бар. Кей ғалымдар олардың саны 11 деп жатады. Оның барлығын толыққанды Алтын адам емес екен.
"Белгілі ғалым Қырым Алтынбековтың пікірінше, олардың саны үшеу. Соның бірі Шығыс Қазақстандағы Шіліктіден табылған Алтын адам. Жасы б.з.б VII-VI ғасыр. Оны 2003 жылы әл-Фараби атындағы университеттің жасақталуымен құрылған экспедициясы барысында белгілі ғалым Әбдеш Төлеубаевтің бастауымен обадан табылған. Оның биіктігі 7 метр, диаметрі 70 метр. Қазба жұмыстары кезінде обаның тоналғаны анықталды. Соған қарамастан бұл жерден 4 303 алтын бұйым шыққан. Мінеки солардың түп нұсқаларын осы жерден көре аласыздар", - дейді ол.
Антропология залына саяхат
Жалпы нәсілдерді үлкен үш топқа бөліп қараймыз. Соның ішінде араласа нәсілдер болады. Оның бірі моңғлоидтық және еуропоидтық элементтерден тұратын – Тұран нәсілі. Белгілі ғалымымыз Оразақ Смағұловтың айтуынша, оған қазақтар да жатады. Соны ғалымдар дәлелдеп шыққан екен.
Қазақ жерінде 1 млн жыл бұрын ежелгі адамдар мекендей бастаған екен.
"Еліміз даласынан тас дәуіріне жататын сүйек қаңқалары табылған жоқ. Ғалымдар жаңатас дәуіріне жататын қорымдарды тапқан. Сол жерден табылған бас сүйек бойынша мына жерде тұрған мүсіндер жасалған", - дейді ол.
Ертеден қазақ даласын түрлі тайпалар мекендеген. Солардың бірі ретінде Андронов мәдениетіне жататын ескерткіштер табылған. Қола дәуірінде мекендеген көне тайпалардың қатарында арийлер, турлар, тұрандар бар. Оны мына картадан көруге болады.
Мынау Берел қорымынан табылған ер мен әйел қорымы. 1997-98 жылдары зерттеу жүргізілген. Б.з.д VІ- ІІІ ғасырға жатады. Екеуімен бірге 13 жылқы көмілген екен.
Олардың орнынын сарматтар, ғұндар, қаңлылар және үйсіндер басты. Оның да дәлелдерін антропология залынан көруге болады.
"Кестені қарап отырсаңыздар адамдардың түр-әлпеті уақыт өте өзгеріп отырған. Алғашында қазақ даласын 100 пайыз еуропоидтық тайпалар мекендеген. Кейіннен темір дәуірі басталған кезде моңғолоидтық тайпалар бірте-бірте келе бастады. б.з.б ІІІ-ІІ ғасырларда ғұндар келді. Соның нәтижесінде моңғолоидтық нәсіл 10-20 пайызға көбейген. Одан кейін түркілер кезінде 50 пайызға артты, ал Шыңғысхан шапқыншылы кезінде 70 пайызға жетті. 4 мың жыл ішінде ақырындап осылайша қазақ халқы қалыптасқан", - дейді Бибіфатима Бақдаулетова.
Қару залына саяхат
"Басты назар соғыс жылдарындағы Қазақстанның басты арсенал болғанын көре аласыздар. Еліміз толығымен майданды керек-жарақпен қамтамасыз етіп отырды. Сол туралы сыр шертетін керемет жәдігерлер мұражайымызға қойылған", - дейді ол.
Мына жерде панфиловшылардың ерлігін көрсететін диорама орнатылған.
Төлеуғали Әбдібековтың қаруын да кездестірдік. Ол 397 жаудың көзін осы қарумен құртқан.
Бибіфатима Бақдаулетова: "Музей деген керемет әлем"
"Адам мамандық таңдауда қателеспеу керек деп айтып жатады. Мен өзімді бақытты адам деп санаймын. Себебі өзіме қызықты, тартымды мамандық таңдадым. Жас кезімде тарихқа қызықтым. Қазір тарихшы болмасам да тарихқа қатысты музейде жұмыс істеймін. Музей деген керемет әлем. Бізге келген тыңдармандар мен көрермендер еліміздің ерекше жәдігерлерін көріп ұлтының дана, дара екенін біліп кетеді. Музейге елімізден ғана алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келеді. Тіпті пандемиядан кейін АҚШ, Еуропа елдерінен, сонау Бразилия, Колумбиядан да адамдар келе бастады. Олар қазақ деген халықтың қандай тарихы барын, қандай біртуар азаматтары болғанын, қандай ерлік жасағанын біледі. Көшпелі мәдениетімізге қызығушылық танытып жатқанына қуаныштымыз".
"Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі" РМҚК директоры Рашида Харипова: "Қазір музейде 280 мыңнан астам тарихи мұралар жинақталған
Біздің музейдің тарихы 1830 жылдан бастау алады. Орынбор қаласында алғашқы жәдігерлерді жинау бойынша тапсырма берілген. Соның негізінде жәдігерлер жиналып, 1831 жылы ресми түрде ашылған. Тарихи кезеңдерге байланысты алдымен Қызылордаға, сосын Алматыға көшірілген.
Бұл ғимарат 1985 жылы арнайы музей үшін салынған. Біздің мұражайдың басқалардан ерекшелігі этнографиялық бағытта яғни қазақтың киіз үй формасында жасалған. Экспозициялардың көрерменге ыңғайлы етіп орнатылғаны, қор сақтау орындары және әкімшілік ғимараттың бөлек салынуы заман талабына сәйкес келеді.
Қазір музейде 280 мыңнан астам тарихи мұралар жинақталған. Әр жәдігердің өз тарихы бар. Былтыр мекемеге ұлттық мәртебе алу бойынша үлкен жұмыстар жасалынды. Ұлттық мәртебе алу үшін барлық жәдігерлердің 10 пайызы электронды форматқа көшірілуі керек. Бізде сол бойынша жұмыс атқарылды, олардың қазақша-орысша мәтіндері дайындалды. Музейіміздің ұлттық мәртебе алуы заңды деп ойлаймыз. Біріншіден ол мұражайдың мәртебесін көтереді. Халықаралық байланыстарды жүзеге асырғанда үлкен қолдау деп білеміз. Екіншіден, бұл музей мамандарының еңбекақысының көтерілетіндігінің белгісі.
Пандемия кезінде көп мекеме көп көрерменін жоғалтты, оның салқыны бізге де тиді. Біз музейге келетін көрермендермен әлеуметтік парақшалар арқылы байланысымызды үзбедік. Дегенменде, көрермендердің онлайннан гөрі офлайн келгені көбірек тиімді. Сондықтан музей мамандары сабақтардың түрлерін, мәдени білім беру бағытындағы жұмыстарды экскурциялық қызметтің түрлерін және мекемелермен арадағы байланысты жолға қойып, соның нәтижесінде көреремендерді қайта тарта бастадық. Қазір бір айда музейімізге 8-12 мың көреремен келеді. Оның ішінде алматылықтар ғана емес, шетелдік қонақтар да, еліміздің басқа өңірлерінен де көрермендер келіп жатыр.
Музей түнін алғаш рет орталық музей ұйымдастырған. Ол жобаның авторы осыған дейін басшылық қызмет атқарған Нұрсан Әлімбай ағамыз. Содан бері жыл сайын еліміздегі музейлер бұл бастамаға қосылып қазіргі күнде Қазақстандағы барлық музейлер өткізетін деңгейге жетті.
Айта кетейік, бүгін "Ер жігіттің бес қаруы бойында..." көрмесі арқылы ҚР Мемлекеттік орталық музейіндегі ерекше қару-жарақ коллекциясымен таныса алады. Көрмеде қазба жұмыстары барысында табылған археологиялық экспедиция материалдары: найза ұштары, сүңгі, жебелер, қола қылыштар, қанжарлар мен пышақтар, сондай-ақ қазақ ұлттық қарулары – садақ, жебе, қорамсақ, қын, қылыш, қанжар, пышақ, найза, айбалта, сойыл, шоқпар, қорғанысқа арналған жарақтар – дулыға, қалқан, шарайна, кісе белдіктер және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, Екінші дүниежүзілік соғыстары кезінде қолданған қару түрлері де көпшілік назарына ұсынылады. Басталуы 18:00.
Музей қонақтарын сақ патшайымы Томирис пен сақ жауынгері Алтын адам сән-салтанатымен күтіп алады.