Бас ауырып, балтыр сыздаса, Семейге барамыз
«2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» Семей қаласы бойынша төрт жобаны қамтыды. Одан орын алған нысанның бірі – медициналық препараттар зауыты.
Жобаның құны – 4 млрд 530 млн теңге. Бүгінде жобалау құжаттары бекітіліп, Қазақстан Даму банкінің қарауына берілген. Дәрі-дәрмек зауытын салу 2011 жылға жоспарланып отыр. Медициналық препараттар зауыты «Ромат» фармацевтикалық компаниясының Семейдегі ірі өндіріс орны болмақ.
Рүстем ӘБУХАНОВ, «Ромат» ФК ЖШС медициналық препараттар зауыты директорының орынбасары:
– 2010-2012 жылдар аралығында «Ромат» компаниясына қарасты жаңа зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Биыл тиісті құжаттар жасалды. Басталған шаруа ойдағыдай жүзеге асатын болса, 2012 жылға дейін жаңа зауыт іске қосылады. Ол фармацевтикалық өнім көлемін 10 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазірде «Ромат» зауытында 220 адам жұмыс істейді, ал жаңа өндіріс арқылы жұмыс орындарының саны 250-ге көбейеді. 1970 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Ромат» бүгінгі күні 100-ден аса препарат түрін шығарып отыр. Индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарлама дәрі-дәрмек түрін 350-ге жеткізуге мүмкіндік бермек. Қазірде жылына 5 млн өнім жасалса, жаңа өндіріс қуаты бұл көрсеткішті 50 миллионға жеткізуге жағдай тудырады. Демек, жыл ішінде 6,5 млрд теңгенің өнімі өндірілмек.
Медициналық препараттар зауыты қазіргі күні 100 шақты фармацевтикалық өнім түрін шығарады. Мұнда инфузиялық ерітінділерді дайындайтын цех бар. Бұл дәрмекке деген сұраныс өте жоғары. Еліміздің фармацевтика нарығындағы ерітіндінің 90 пайызы шеттен келеді екен. Сондай-ақ құрғақ дәрілік ұнтақтар, су-спиртті сұйықтықтар дайындайтын жүйе, гемотаген өндірісі жолға қойылған. «Ромат» гемотагені – зауыттың брендтік маркасы. Ол маңыздылығы жөнінен елімізде алдыңғы орында. Өндірістің қуаты айына 1 млн гемотаген жасауға мүмкіндік береді. Оған қажетті дәрілік шөптер Шығыс Қазақстанның Алтай аймағынан алынады. Экологиялық таза, шипалы, дәруменге бай шөптер пайдаланылады. Жақын уақыттан бері Қатон-Қарағай маралының пантысы қосылған «пантыгемотаген» шығарыла бастады. Жалпы, Қазақстандағы фармацевтикалық кәсіпорындар жылына 86 млн АҚШ долларының дәрі-дәрмегін жасап шығарады, ал қазақстандықтардың жыл ішінде тұтынатын дәрісі долларға шаққанда 960 миллионға барады. Демек, еліміздегі дәрі-дәрмектің 10 пайыздан сәл астамы ғана отандық компаниялар еншісінде, қалғаны – импорттық тауар. Елбасы биылғы Жолдауында отандық дәрі-дәрмек үлесін 50 пайызға жеткізуді басым бағыттардың бірі ретінде атап көрсеткені белгілі. Фармацевтикалық компания өкілдері Семейдегі жаңа жоба сәтімен жүзеге асса, ішкі фармацевтикалық нарықты нығайтуға жол ашыларына сенімді.