Жазғы демалыс кезінде көше мен жол бойы балаларға толы болатыны белгілі. Тәжірибе мен статистика көрсетіп отырғандай, дәл осы жаз мезгілінде балалардың жолда зардап шегу деректері көбейеді. Оған себеп көп жағдайда жас балалар мен жасөспірімдер өз-өздеріне беріліп, үлкендердің қарауынсыз қалып жататындығы және жолда жүру ережелеріне азаматтардың атүсті қарауы болып отыр. Бұл жайт жол полицейлерінің жұмысын одан әрі қиындатады.
Биылғы алты ай көлемінде барлығы 1031 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 75 адам қайғылы қазаға душар болып, 1105 адам түрлі дене жарақатын алып ауруханаға көрінген. Осының ішінде балалардың қатысуымен 122 оқиға тіркеліп, алты бала қайтыс болды, 122 бала түрлі дене жарақатын алды. Жол апаттарының саны өткен жылдармен салыстырғанда төмен болғанымен де, оның себептері жылдан-жылға қайталануда. Ол балалардың жол үстінде ойнауы, келе жатқан автокөліктің алдын кесіп өту, жолдың жиегінде тұрған автокөліктің тасасынан жолға жүгіріп шығу, белгіленбеген жерден жолды кесіп өту тағы басқа. Соған байланысты қала көлеміндегі автомобиль жолдарындағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол апаттарының алдын алу, жасөспірімдер жарақатын азайту және балалар арасында жол қозғалыс ережесін насихаттау мақсатында республика мен қала аумағында түрлі кешенді профилактикалық шаралар өткізіледі. Біз мынаны ескерткіміз келеді: «Құрметті жүргізушілер және жаяу жүргіншілер, жолда балаларға айрықша көңіл бөліп, олардың көп шоғырланатын жерлері мен мектеп маңайларында, жаяу жүргіншілер өткелінде аса сақ болыңыздар! Көліктеріңізді мүмкіндігінше жай жүргізуді ұмытпаңыздар. Жол үстіндегі балаларымызға көңіл аударып, қастарынан өтіп кетпей, жолдан өтуге көмектесіп, олардың қауіпсіздігіне мән беріңіздер! Құрметті ата-аналар, балалардың амандығын сақтау үшін олардың жол қозғалысы ережесін бұлжытпай орындауына назар аударыңыздар!
Ақбота Әзірбек, Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің Жол полициясы басқармасының баспасөз қызметкері.
Балаларды жол апатынан қорғайық
Последние статьи автора