Әскери қызметті өтеу – әрбір азаматтың Отан алдындағы борышы. Сәуірдің 1-інен бастап, 18 бен 27 жас аралығындағы жастарды Қарулы күштер сапына мерзімді әскери қызметке шақыру басталды. Осы шара барысында пара алу тоқталмай отыр. Мысалы, Ақмола облысы Зеренді ауданы Қорғаныс істері бөлімінің бастығы «пара алды» деген күдікпен ұсталды. Ол әскерге шақырылушының «жарамсыз» деген карточкасын, «әскери қызметке жарамды» деген карточкаға ауыстырғаны үшін 30 мың теңге алу үстінде құрықталды. Бұл індет бүкіл республика аумағына тән болып отыр.
Елең еткізер жаңалық – жоғары оқу орнында әскери кафедраны бітіріп, әскери оқу-жиын дайындығынан өтіп, запастағы офицер атанған жастарды 29 жасқа дейін, екі жылға мерзімді әскери қызметке алатын болғандығы. Запастағы офицерлердің әскерге шақырылуы Қорғаныс күштерінде мамандардың жетіспеушілігінен туындап отырған көрінеді. Әскерде қажет болып отырған мамандар – артиллерияшылар, автомобилистер, мотоатқыштар, әуе қорғанысы мамандары, байланысшылар, заңгерлер, дәрігерлер.
Әр жылы әскерге шақыру науқаны басталысымен, әр аудандағы әскери комиссариаттың шақыру пункті маңына әскерге шақырылған жастармен бірге олардың ата-аналары да жиналады. Оларды сөзге тартып білгеніміз, бірі – баласын әскерден қалдырмақ болып, екіншісі – баласын әскерге аттандырмақ болып жүргендер екен. Әрқайсысының өзіндік алға тартар себептері бар.
Назым, баласын әскерге жібермек болып жүрген ана: «Өткен жылы көктемгі шақыруда «орын толды» деп қалдырған еді, ал күзде «денсаулығы дұрыс емес» деп алмады. Кейбіреулер балаларын қайта-қайта мәулет (отсрочка) беріп, қалдыра берген соң, ақша беріп аттандырыпты. Мен де ақша бермекшімін, бірақ кімге берерімді білмей жүрмін. Балам қазір жұмыссыз. Әскерге барып келсе, полицияға жұмысқа бармақ, сол үшін оған әскери билет қажет».
Мәулет (отсрочка) денсаулығына байланысты бір жылға ғана беріледі. Осы уақыт ішінде денсаулығы түзелмесе, дәрігерлік комиссия шешім шығарып, «әскери қызметке жарамсыз» деген әскери билет береді. Ал мемлекеттік органдарға, мемлекеттік қызметке, ұлттық компанияларға жұмысқа орналасамын деушілерге әскерде қызмет ету шарт. Балалардың әскерге баруға сұрануының бір себебі осында жатыр. Бейресми деректерге сүйенсек, Алматы қаласы бойынша әскерге шақырылған 10 баланың біреуі ғана талапқа сай болып, әскерге аттанады екен. Ал әскери билетті қажет еткен, бірақ әскерге бара алмағандар не істемек? Аяғы майтабан болса мемлекеттік қызмет істемеу керек пе? Биылғы жылы әскерге алу тәртібі қатаңдатылып, бірінші кезекте шет тілдері мен техниканы жетік меңгерген жастар әскери қызметке алынатын болды. Әскер қатарына барамын деушілердің саны өседі. Біреулерге керегі де осы шығар.
Баратбек, баласын әскерден алып қалмақшы болып жүрген әке: «Ұлым өткен жазда университетті бітірген. Үш ай жұмыс табылмай, соңынан таныс арқылы, ақша беріп, жалақысы дұрыс жұмысқа орналасқан еді. Енді, міне, әскерге шақырып жатыр. Әскерден қашып отырғамыз жоқ. Жұмыстан айырылып қалудан қорқып отырмыз. Жұмыс істеп, тәжірибе жинаса деп ойлағам. Өйткені қай жарнаманы қарасаңыз да «жұмыс өтілі кем дегенде үш жыл болуы керек» деген талапты көресіз. Сондықтан ақша берсем де бір жылға қалдырмақшымын».
Байқағанымыз – әскерден қаламын деушінің де, барамын деушінің де проблемасы бар екендігі. Бұл мәселені қандай да бір альтернатива табу арқылы шешуге болатын шығар. Мәселен, Өзбекстанда «альтернативтік әскери қызмет» деген бар. Қорғаныс министрлігінің есепшотына белгіленген мөлшерде ақша саласыз да, бір ай қызмет етіп, толық құқылық әскери билет аласыз. Альтернативтік қызметтен түскен қаржы толық мерзімді қызмет атқаратын әскерилерге жұмсалады. Бұл, біріншіден, барлық азаматтарға әскери билет алуға мүмкіндік берсе, екіншіден, әскерді өз қаржысымен қаржыландыру арқылы қорғаныс саласына бюджеттен бөлінетін қаржыны үнемдейді екен, үшіншіден, жемқорлықтың азаюына септігін тигізетін көрінеді.
Шынында да, әскери комиссариат қызметкерлеріне беретін параны заңды түрде мемлекет қоржынына неге салмасқа?
«Жоғары оқу орындарын бітірген запастағы офицерлерді әскерге шақыру арқылы мамандар мәселесін шешеміз» деген қаншалықты дұрыс? Әскери қызмет туралы түсінігі жоқ, казарманы көрмеген офицер сарбаздарға нені үйретеді? Бар салада мамандардың біліксіздігі сын болып жатқанда, қорғаныс саласын әскери біліксіз мамандармен толықтыруға не жорық?! Нағыз өз кәсібін үйренетін шағында жас маманның екі жыл уақытын әскери қызметке жұмсау қаншалықты тиімді? Жағымды бір жаңалық, осы жылдан бастап, әскери кафедрада оқу тегін болады. Қорыта келгенде, қорғаныс саласында нағыз мамандар қызмет етуі тиіс. Мамандар мәселесін арнайы әскери оқу орындарын көбейту арқылы шешу керек. Әскери қызметке қатысты қабылданып жатқан заңнамалар әскерге барам деушілер мен әскерден қалам деушілердің санының артуына ықпал етіп отыр. Ал бұл парақорлыққа жол ашары анық.
Мәулет берілетін жағдайлар:
1. Денсаулығына байланысты (медициналық комиссия әскери қызметке жарамсыз деп тапқанда);
2. Жасына байланысты ( 27 жастан асса);
3. Әлеуметтік жағдайына байланысты (отбасында бір немесе одан да көп баласы болса, жалғыз асыраушы болса, ата-анасының біреуі жоқ болып, отбасында кәмелетке толмаған басқа да балалар болса).