Ақ халаттылар жедел жәрдем көлігін табиғат аясында серуендеуге пайдаланған (фото)
Оңтүстік Қазақстан облысындағы ақ халаттылар жедел жәрдем көлігін науқастарды тасып қана қоймай, табиғат аясында серуендеу үшін де пайдаланады. Облысқа қарасты Сарыағаш ауданындағы қызметкерлер табиғатына сүйсінетін Қазығұрт тауы маңында мал сойып, көңіл көтерген.
Бұл туралы NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісіне эксклюзивті видео мен фотоларды медицина қызметкерлерінің әрекетіне ашынған тұрғын жолдады.
Ләйлә Дарханбаева жергілікті ақ халаттылардың жаға ұстарлық әрекеттеріне әбден мезі болғанын айтуда.
"Ауыр халмен ауруханаға түсетін кейбір науқастарды кейде шұғыл түрде Шымкентке жеткізуге тура келеді. Оған арнайы су жаңа көлік берілген. Бірақ, біздің тұрғындар ескі көлікпен баруға мәжбүр", - деген Дарханбаева бұған дейін жедел жәрдем көлігімен құдалық пен той тойлайтындар енді табиғат аясында серуендеуге шығатын болды деп ашынды.
"Мен "Заңғар-Медет" қоғамдық бірлестігінің төрайымымын. Бізде мұндай жағдайлар талай рет орын алған. Бұл проблеманы көтеріп жүргеніме талай уақыт болды. Облыстық арналардың бірінде өткен дөңгелек үстелде де көтердім. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Пакеев те бұл жағдайдан хабардар. Бірақ, ешқайсысы шара қолданған жоқ", - дейді қоғамдық бірлестіктің төрайымы.
Қолымызға түскен фотолардан демалушылардың қасында тұрған жедел жәрдем қызметінің көлігін байқауға болады. Тіпті көліктің артында демалушылар мал сойып, селфилеткен. Ал видеода бірнеше жүкті әйелдің ешбір талапқа сай келмейтін жедел жәрдем көлігінде отырғанын байқауға болады. Видеоны түсірген адам дәрі қабылдап отырған әйелдерге "көрсетемін, бізді осылай жібергенін" деп жауап берген.
Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейтжамал Пакеевке қоластындағы қызметкерлерінің бұл әрекетіне қатысты пікірін алмақ болып хабарласқанымызда, сөйлесу мүмкін болмады.