Айгүл РАМАЗАН, филология ғылымдарының докторы: Жұрттың көбі журналистиканы атақты болудың оңай жолы деп есептейді

Айгүл РАМАЗАН, филология ғылымдарының докторы: Жұрттың көбі журналистиканы атақты болудың оңай жолы деп есептейді

Қазақ және шетел баспасөзінің тарихын зерттеп жүрген ғалымдар туралы көп айтыла бермейді. Солардың бірі - Семейдің Шәкерім атындағы мемлекеттік университетінің журналистика және практикалық қазақ тілі кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, ғалым, зерттеуші, жерлесіміз Айгүл Рамазан. Осы ретте бүгінде болашақ журналистерді тәрбиелеу ісімен шұғылданып жүрген ғалым, ұстазбен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көріп отырмыз.

Шағын ауылдан үш ғылым докторы мен оннан астам ғылым кандидаттары шықты

- Айгүл Әмірғалиқызы, біз сізді ғалым ретінде, зерттеуші ретінде, ұстаз ретінде жақсы білеміз. Әңгімеміздің әлқиссасын туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ...
- Менің кіндік қаным тамған жер – бұрынғы Абай ауданына, қазіргі Семей қаласына қарасты Таңат ауылы. Ауылымның қазір қызығы тарқаған, Қазақстан картасынан сызылуға шақ тұрған елдімекен... Бірақ қалай болған күнде де, тозса да, тарқаса да, ол менің – ауылым, оның әрбір сай-тасы, бұлдырап аққан бұлағы – менің балғын балалығымның, жалынды жастығымның куәсі. Бұл ауыл маған сонысымен қымбат.
Біздің ауыл 40-50 түтіннен тұратын шағын ауыл еді. Шағын ауыл болғандықтан ба, береке, бірлігі мол еді, бір үйдің баласындай өмір сүретін. Кімнің сиыры бірінші туса, соның сүтін ортақ пайдаланатын, соғымдарын кезек сойысып жөндесетін, бие байлаған үйдің қымызын ортақ ішетін, біреуінің басы ауырып, балтыры сыздаса бала-шағаларына қарайласатын. Біздің ауыл ерекше қонақшыл болатын. Қыс бойы соғымбасын ермек қылатын, жазда да сылтау табылады, бала-шағаларының әрбір қызығын қызықтап дастарқан жая беретін. Сүт сату, жұмыртқа сату, қымыз сату дегенді біздің ауылдың адамдары білген жоқ. Берекенің бастауы осында болатын. Отбасымыздың ауылдан көшіп кеткеніне отыз жылдан асса да, ауылдастарымыздың Алматыға барғанда атбасын тірейтіні – біздің үй. Бұл да бұрынғы сыйластықтың жалғасы болар.
Ең кереметі, шағын ауылдан талантты адамдар, білімді азаматтар көп шыққан. Қазақтың біртуар ақыны Төлеужан Ысмайылов, жазушы, алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, ақын, ғалым Бауыржан Жақып, жазушы, драматург Думан Рамазан, Көшербай ақсақалдың ақын-журналист немерелері – біздің ауылдың мақтаныштары. Үш ғылым докторы, он шақты ғылым кандидаттары, он бестей журналист шыққан ауылымның суы қасиетті, топырағы құнарлы деп есептеймін. Ауыл адамдарының ешқайсысы өнерден құр алақан қалмаған. Әу демейтіні жоқ, шетінен ақынжанды. Көрші апамыз Бикеннің табалдырықтан аттай бере, бетіңе қарап тұрып, қиыстыра салатын суырыпсалмалығына жас кезімізде таңғалатынбыз. Ал Күмісбек қарияның таңды таңға ұрып айтатын қиссаларының жөні бөлек еді. Міне, біздің ауыл осындай, кілең сөзден патшалық құрғандардың құтты мекені болатын.
- Білуімізше, тырнақалды мақалаларыңыз Абай аудандық «Совхоз туы» (қазіргі «Абай елі») газетінің беттерінде жарияланған екен.
- Оның рас. Алдымдағы ағаларыма еліктедім бе, кім білсін, 5-6 сыныпта оқып жүргенде мектепішілік іс-шаралардан хабар-ошар жазып, аудандық «Совхоз туы» газетіне жіберетінмін. Егер сол материал шықса, төбем көкке бір елі жетпей қуанатынмын, шықпай қалып, редакциядан «айналайын, бұдан кейін де жазып тұр» деген үміт отын үзбейтін хаттар келсе де бала қиялым қияға самғайтын, қайтсем де журналист боламын деп армандайтынмын. «Совхоз туының» сол тұстағы беделді журналистері – Төлеген Жанғалиевті, Мерғали Ибраевты, Әнуарбек Мәкеновты үлгі тұтатын едім. Жалпы, «Совхоз туы» менің шығармашылық жолымды ашты, мақала жазуға төселіп алдым, батылдық та пайда бола бастады. Қатирамда «құпия сақтайтын» өлеңдерімді басқа да редакцияларға жіберетін әдет пайда бола бастады. Жоғары сыныптарға келген кезде «Совхоз туының» аясынан шығып, республикалық басылымдарды жағалай бастадым. Қазір ойлаймын, егер «Совхоз туы» менің балаң дүниелерімді басып қанаттандырмағанда, қолымды бір сермеп, басқа кәсіпке кетер ме едім, кім білсін? Сондықтан шығармашылық жолымда тұсауымды кескен «Совхоз туына» алғысым шексіз.
- Талай журналистерге ұстаз болған Тауман Амандосов ағамыздың «Журналистикада тек ер азаматтар жұмыс істеуі керек» деген сөзі бар. Алайда ол кісінің бұл сөзіне бүгінде қыздарымыз құлақ асып жүрген жоқ секілді көрінеді. Керісінше қазір журналистикада ұлдардан гөрі қыздар көп. Өзіңіз де осы саланы таңдаған кезде журналистиканың қиындығынан қорыққан жоқсыз ба?
- Жалпы, журналистің негізі мақсаты – ақпарат жинау, оны бірінші болып жеткізу ғой, яғни қоғамды ақпараттандыру. Ал ақпарат жинау оңайлықпен жүзеге аспайды, кедергілер көп болады, қиыншылықтар да жетерлік. Тіпті кейде ақпарат алу үшін оқ пен оттың ортасында жүруге де тура келеді. Ал мұндай жағдай нәзік жанды қыздарымыз үшін ауыр болары сөзсіз. Екіншіден, бүгінгі қыз бала, ертеңгі отанасы. Отбасын құрады, өмірге ұрпақ әкеледі. Балаларының кішкентай кезінде іссапарларға барудың өзі үлкен проблемаға айналуы мүмкін. Жанында түсінігі бар азамат болса жақсы, болмаса қиын-ақ... Сондай сәтте кейбір қыздар қолын бір сілтеп, басқа кәсіпке ауысып кетеді. Қыздың жолы жіңішке деген осы. Тауман Амандосов ұстазымыз өмірлік тәжірибесіне сүйене отырып, осыны меңзесе керек. Әйтпесе, ұлдар талантты, қыздар талантсыз деген сөз болуы мүмкін емес. Қыздар болмысынан аңғарлы, сезімтал ғой.
Қазір қоғамда журналистикаға деген көзқарас өзгерді. Журналистика тез танымал болуға, атақты болуға ықпал ететін кәсіптің бірі деп есептейді. Оқуға түсушілердің 90 пайызы тележурналист болуды армандап келеді. Бірер сөйлемді толық құрай алмаса да, журналистикаға келуден тартынбайды. Жастардың журналистика жайында жеңіл түсінік қалыптастыруына әртістердің киімін түгендеумен, ішкен тамағын анықтаумен уақытын өткізетін музыкалық арналардың тележурналистері (тең жартысы әртістер ғой) шығар деп ойлаймын.

Аймақтарда кадр тапшылығы қатты байқалады

- Кез келген мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі - ақпараттық қауіпсіздік. Біз осы мәселеге қаншалықты мән беріп жүрміз? Ақпараттық қауіпсіздік жағын ақсатып алған жоқпыз ба?
- Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі қоғамда бұрында көтеріліп жүрген мәселе еді. Бірақ соған айрықша мән берген ешкім жоқ сияқты, айтылған нәрсе айтылған жерінде қалатын. Ал Украинадағы жағдайдан кейін ақпараттық қауіпсіздікке мән бермеу – біздің тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретінін саналы адамның бәрі түсінді. Украинадағы соғыс барысында Қазақстан халқы Ресейдің ақпарат құралдарының бір жақты ақпаратын тұтынды. Соның нәтижесінде ақ пен қараны ажырата алмайтын қарапайым көрермен немесе оқырман Ресейдің позициясын қолдайтын дәрежеге жетті, тіпті оның әлімжеттік, басқыншылық сипатын естен шығарды. «Өгізге туған күн бұзауға да туатынын» ұмытты. Ақпараттың құдіреттілігі де, қауіптілігі де сонда, шүбәсіз иландыра алуында, көзқарасты бір бағытқа бұрып жіберуінде. Елімізде Ресейдің 5 мыңнан аса газет-журналы таралады, оған кабельді телеарналарды қосыңыз. Сонда біздің халық тұтастай Ресейдің идеологиясын бойына сіңіріп жатыр. Ертең ресейшіл тағы да бір буын тәрбиеленіп шығады, сосын олардың мойнын бұру қиын болады.
Ресей былтырдан бері өз ақпараттық кеңістігін тазалай бастады. АҚШ-тың CNN телеарнасының ресейлік филалы өткен жылдың соңында өз жұмысын тоқтатты, оларға осы жылы хабар таратуға лицензия берілмеді. Бұл да біраз жайтты аңғартса керек.
- Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультеттерінің студенттеріне дәріс оқыдыңыз. Қазір Семейдегі Шәкерім атындағы мемлекеттік университетте болашақ журналистерді даярлау ісіне атсалысып жүрсіз. Аймақтағы журналист мамандарының даярлануына қандай баға бересіз?
- Аймақтарда кадр тапшылығы қатты байқалады... Екі жыл болды Семейдің беделді журналистерін университетке қосымша қызметке шақырып, жастарды шеберлікке шыңдауларына мүмкіншілік алдық. Университет басшылығы студенттер машықтануы үшін телестудия ашып берді. Біздің университетке келем дейтін журналистика саласындағы ғылыми дәрежелері бар қыз-жігіттер болса құшақ жая қарсы аламыз.

- «Баспасөз беттерінен Марат Қабанбайдың қаламынан туған сынды, сараптамалық мақалаларды іздеймін. Қазақ баспасөзі сараптама жасауға дағдылана алмай жатыр» депсіз бір сұхбатыңызда. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
- Есенгүл Кәпқызы деген әріптесіміз соңғы сұхбаттарының бірінде Қазақстандық БАҚ-тың өнімінің 90 пайызы ақпараттық, көңіл-көтерушілік бағытты қамтып отыр, 10 пайызы ғана сараптамалық деген екен. Қанша пайыз екенін нақ айта алмасам да, БАҚ-тың көңіл-көтерушілік қызметі күн санап артып келеді, сараптама азайғаны рас. Себебі, сараптама оңай шағылатын жаңғақ емес. Сараптамалық мақала жазу еңбектенуді, білімді, білікті, аңғарымпаздықты қажет етеді. Тәжірибенің қажет екені де шындық. Саяси тақырыпқа жазсаң, саясаттан толық хабардар болуың керек, экономика тақырыбына жазсаң, экономиканы жіліктеп шаққаның жөн. Бетін қалқып ала алмайсың, тереңдеп қазғаның абзал. Қаузап отырған тақырыбыңа байланысты арғы-бергі материалдармен танысып, ой қорытуға, болжам жасауға тура келеді. Марат Қабанбайдың 1995 жылы жазған «Еуразия одағы: мысық па, тышқан ба?» атты сараптамалық мақаласындағы журналистік болжам қазір шындыққа айнала бастады... Шетелдік басылымдарда да сараптаманы тіс қаққан тәжірибелі журналистер дайындайды.
- «Қазақ баспасөзі және Қазақстандағы тіл саясатының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғадыңыз. Диссертацияңызда кеңестік кезеңдегі тіл саясаты да сөз етілген. Осы тақырып қазақ қоғамы үшін кешегі күні қаншалықты өзекті болды және бүгінгі күнде қаншалықты өзекті?
- Отарлық кезеңдегі тіл саясатын, кеңестік кезеңдегі тіл саясатын зерттей отырып біраз жайтқа қанықтым. Әліпби ауыстырудағы, жергілікті ұлт мектептерін жоюдағы, жергілікті ұлт тілін тұқыртудағы, жергілікті баспасөзді жоюдағы басты мақсат - ұлтсыздандыру болатын. «Бір тілді, бір ұлтты ел» болудағы саяси жоспарлар «біртұтас кеңес халқы» концепциясымен бүркемелене отырып, біртіндеп жүзеге асқан. Бір-екі жылда 700-ден аса қазақ мектебінің жабылуы да осы жоспарларға сай келеді. Қазақ тілі жайында мәселе көтерген журналист Р.Бердібайдың басы пәлеге қалып, партиядан шығарылып, жұмыстан қуылатыны да осы кез. «Коммунизмге жетуде қазақ тілі тормоз болды» деп делқұла мақала жазылатын да осы кез. «Ұлы орыс халқы», «ұлы орыс тілі» деген табынулар сол кезде қалыптасты. Ал оның салдарымен осы уақытқа дейін күресіп келеміз, бірақ жоя алмай тұрмыз. Санаға сіңген қасаң қағидалардан құтылу оңай болмай тұр.
Кейде менің әріптестерім артық кетіп жатады, тіл тақырыбы жауыр болған тақырып деп. Қазақ тілі мәселесі бар жерде, ол қалай көтерілмей тұрады, айтыңыздаршы? Қазақ тілі әлі биліктің тілі болған жоқ, анда-санда қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп ұрандатып қоямыз. Қазақ тілінде әлі заң жазған емеспіз, алдымен орысша жазамыз, сосын аударамыз, аударманы ешкім түсінбей таңғаламыз. Енді жазамыз дейді, жазса жазатын шығар. Теледидарың анау, 50/50-ді қазақша концертпен толтыратын...
Қазіргі қолданыстағы 6 мың тілдің болашақта тең жартысы жоғалады деген болжам айтып отыр ағылшын ғалымдары. Ендеше, жеткен жетістікке мәз болып, тоқмейілсудің жөні жоқ. Ана тіліміздің жер бетінен жойылмауы үшін, өлі тілге айналмауы үшін тоқтаусыз жұмыс жүргізуіміз керек.
- Бүгінде көптеген шәкірт тәрбиелеген, әлі де осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстазсыз. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дейді. Сіздің ұстаздарыңыз кім?
- Ұстаздан жолым болған адаммын деп ойлаймын өзімді. Қолыма алғаш қалам ұстатқан ұстазым марқұм Хафиз Нұрбековтен бастап, осы уақытқа дейін тілекшім болып жүретін Зәмзам, Амантай Кемербаевтарды, Семейдегі 1 мектеп-интернатқа келгенде әдебиетке ерекше баулығын Арсен Смағұлов ұстаздарымды ерекше құрметпен еске аламын. Студенттік жылдардағы ұстаздарым – Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Намазалы Омашев, Дандай Ысқақов сынды ұстаздарымнан үйренерім көп болды. Ал аспирантурада оқыған жылдары Нығымет Ғабдуллиндей бекзат ағаның тәлімін алғанымды мақтан етемін. Тікелей дәріс оқымаса да практикаға барғанда жөн сілтеген, бағыт-бағдар көрсеткен, шапағатын төккен Оралхан Бөкей ағамды, Сейсен Мұқтарұлы ағамды, Тұрсын Жұртбай ағамды ұстазым деп есептеймін.
- Байқауымызша, отбасыларыңызбен шығармашылыққа жақын секілдісіздер. Бауырыңыз Думан Рамазан белгілі жазушы, кейінгі кездері драматургия саласына қалам тартып жүргенін білеміз.
- Біз тоғыз ағайындымыз. Өзіме тете інім Думан шығармашылық жолда. Драматургия саласында жазғандары елорда сахнасында қойылып жатыр. «Абылай ханның арманы» спектаклінің алғашқы тұсаукесер қойылымына барып, қатты толқып қайттым... Қалған бауырларым әр кәсіпті меңгерген. Ішімізде кәсіпкер де бар, заңгер де бар, кеден қызметкері де бар, ұстаз да бар. Аллаға шүкір, барлығы өмірден өз орнын тапқан. «Тәрбие тал бесіктен деп жатады» ғой, егер біздің бойымызда мысқалдай да бір тәуір қасиет болса ол ортамызда жүрген аяулы анам Түбітханның арқасы деп есептеймін.
Жолдасым Шәкең - ғылым жолында. Саясаттанушы. Балаларымыздың алды - ғылым жолында, екіншіміз - студент, кенжеміз - мектеп оқушысы. Үшеуі де қазақ мектебіне білім алған.
- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Азамат Қасым

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста