Мәжілістің жалпы отырысында Аманжан Жамалов әйелдердің зейнет жасын төмендетуге байланысты ұсыныс айтып, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Статистика бойынша соңғы үш жылда әйелдер арасында өмір сұру ұзақтығы 77-ден 75,5 жасқа дейін, яғни 1,5 жылға азайғанын еске салған депутат, әйелдердің зейнетке ерте шыққаны дұрыс деп есептейді.
"Еліміздегі әр әйел орта есеппен үш баланы өмірге әкеледі. Осы кезеңде тиісті жарна аударылмағандықтан, олардың зейнетақысы да жоғары болмайды. Бұл ретте әйелдердің зейнетке ерте шығуы түрінде жеңілдік жасауыл керек. Дегенмен мұндай құқық заманауи жағдайларды ескере отырып, әділ түрде ұсынылуы керек", - деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі кезде 5 және одан да көп бала туған, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жастан зейнеткерлікке шығады.
"Менің ойымша, жоғарыда аталғанды ескере отырып, Үкімет баласы бар аналардың зейнетке шығу жасын азайту ұсынысын қарастыруы тиіс. Өмірге келген әр бала үшін зейнеткерлік жасты екі жылға азайтқан жөн. Алайда 10 жылдан аспайтын мерзімге төмендету керек. Осы орайда үш баласы бар әйел зейнетке 6 жыл ерте шыға алатын болады", - деді Аманжан Жамалов.