Емшілік – ел игілігі

Емшілік – ел игілігі

Емшілік - көне кәсіп. Емшілік - мамандық. Емшілік адамның ерекше қасиетін қажет етеді. Емшілік тұқым қуалайды. Емші адамның адам туралы түсінігі басқа. Ауру, дерт дегендердің түрі көп, олардан әсем иіс шығып тұрмайды. Сырқаттың неше қилы хал көріністері, табиғатында емшілік қасиеті жоқ жанға мүлдем өзгеше әсер етпек. Емшілік негізі - ізгілік. Тек ізгі жан өзін емшілік өнерге арнамақ. Ем жасау - нағыз мұсылмандық. «Жаны саудың - тәні сау» дейді халқымыз. Ал тәні саудың үнемі жаны сау болар ма екен? Емші - жанды да, тәнді де емдейді. Тән мен жан бір. Осы бірлікті біз тіршілік дейміз. Тірі адамның жанын тәнінен немесе тәнін жанынан қалай бөліп алмақсың, ол болмайтын іс. Елге есімі белгілі болған Жасан Зекейұлы сондай емші.

Емшілік - халықтың ырыс, несібесі. Сондықтан емші-дәрігерге құрмет ерекше. Жасан Зекейұлына сансыз алғыстар түсіп, оны шетелдік ұйымдар марапаттап жатса, оның мағынасы дәрігердің ерен еңбегінің баға­лан­ғандығы. Дәрігердің еңбегін кей-кейде жүздеген дертті жанды қатарға қосты деп мара­паттаймыз, онымыз дұрыс. Ғажап еңбек. Бірақ дәрігердің бір ғана адамды жазып, оның алғы­сына бөленуінің өзі ерлік емес пе? Адам жанын сақтап қалу - нағыз ерлік емес пе? Жасан Зекейұлының осы күнге дейінгі қыз­ме­тін жүйелі түрде баяндап, жұртшылыққа жет­кізіп отырған «Жас-ай» журналының өткен сан­дарынан бастап парақтап отырсақ, дәрігер емі шипа болған жандардың алғыстары тұнып тұр. Қаншама жанның көз жасы құрғады. Қан­шама жан алғыс, тілегін білдіруде, қаншама жан сауығып, қуанышқа бөленуде. Бұл ізгілік, әрі игілік іс.

***

Адам көргенін, білгенін айту керек. Жасан­ның көп жақсылығын көрдім. Емшілігіне тәнті бол­дым. Білгенім жеке өз басыма қатысты жағдай. Ауыл баласымыз. Үнемі ат үстіндеміз. Ат інге аяғын тығып алып сүрініп кетіп, аттан талай құладым, сондайдың бірінде бұғанам­ды сындырып алдым. Жас кезде ет-сүйек тез жетіледі, тәуір болып, ұмытып кеткем. Жас келе, сол сынған жер сыр бере бастады, қақсайды. Белгіленген дәрігеріме бардым, айтып жатырмын: - Оң қолымды арқама сол қолымен түйістіріп жүре алмай қалдым, оның үстіне түн баласы тыныштық жоқ, мазам кетеді, оң иығым сырқырайды, - деп. Хирург сырқырауды тоқтататын дәрі берді де: - Ғареке, алпыс жасқа дейін екі қолыңызды арқаңызға түйістіріп жүрдіңіз ғой, - деп қарап тұр. Не дейсің, мұндай дәрігер-хирургке. Алматыдағы Жасанға телефон шалдым. Ол: - Ғареке, келіңіз, қолыңыздың сырқы­рауын да, қозғалыстың шектеулігін де ұмытып ке­тесіз, - деді. Рас. Бәрін ұмытып кеттім. Екі қолым­ды айқастырып кешке таман серуен­ге шығатыным бар. Сонда қалай деймін, екі дәрігер, екі түсінік... Жасан Зекейұлы басқарып, жұрт алғысына бөленіп отырған халықаралық «Жас-Ай» медициналық орталығындағы емнің ерекшелігі мынада. Кеңестік заманда өсіп-өнген дәрігерлердің көпшілігі (бәрі емес, әрине) ауруды дәрі-дәрмекпен емдейді. Әрине, дәрі қуаты күшті, ол дерттен сауықтырады, бірақ өзге жеріңді зақымдап кетуі әбден ықтимал. Оны мынандай метафорамен түсіндіруге болады. Айталық, дәрі қуатымен емдеу қуаты автокөлік деңіз. Жолыңызда ауыр тас жатыр (ол дерт), дәрімен күшейген денеңіз (оны қуатты автокөлік деңіз) жолдағы тастың быт-шытын шығарып жүріп өтеді. Иә, алғашқы дерттен сауықтыңыз, бірақ тастың тас-талқанын шығарғанда денеге, ағзаға зақым келеді емес пе? Сөзсіз. Бұл ескі медициналық тәжірибе. Ал Шығыс-Тибет медицинасында жолдағы тасты (дертті) алып тастайды. Оны алып тастайтын дене қуатының өз мүмкіндігі. Ол үшін қан тамырлар жүйесі тұтас іске қосылуы қажет. Дәрісіз емдеу, инемен емдеудің мың жылдық тәжірибесі, тарихы бар. Ол Корей, Жапон, Қытай, Тибет елдерінде ертеден қолданылып келе жатқан үрдіс. Осы дәстүрді бүгінгі күнге енгізіп, нәтижелі тәжірибеге жеткізіп жүрген халықаралық Шығыстың емдеу академиясының академигі Жасан Зекейұлы.

***

Инемен емдеудің де қыр-сыры көп екеніне дертті болып Жасан дәрігерге барғанда көзім жетті. Адам денесінде жүздеген нүктелер, яғни қан тамырларының жолдары бар. Қан жүйелі, табиғи түрде айналса - денің сау. Қан ұйыса берсе, қоюлана берсе, жүруі нашарлай берсе дерттің күшейгені. Әрине, емдеу тәсілі көп. Бірақ емделу мәдениеті, ем қабылдау психологиясы дегендер біздің елде өз жөніне қойылмаған. Ылғи кешігіп келіп емделу, үнемі аяқ басуға жарамағанда, көз әбден көрмегенде, құлақ мүлдем естімегенде дәрігерге келу, ем қабылдау мәдениетіне жата ма? Немесе дертті адамды анда-мында деп «қуалап» сандалтып қою ем қабылдау психологиясына жата ма? Онсыз да жұқарып тұрған жүйке, не болмақ? Сырқат жан демалысқа келген адам емес! Осы мәселелер «Жас-Ай» мединцина орталығында жүйеленген. Адамға барынша қызмет ету, орталық қызметкерлеріне тән. Басшылық соны талап етеді. Ем қабыл болып, сырқат адам қуаныш құшағына енсе, оған Жасан бастаған дәрігерлер қауымы дән разы. «Жас-Ай» медицина орталығына бір келген жан қайтадан келуге ынталы. Себебі мұнда оны қадірлеп қарсы алу тәртібі қалыптасқан. Осы ахуалдарды ретке келтіру айтуға оңай, әйтпегенде орасан күш-жігерді, ынта-ниетті, өз ісіне деген құштарлықты қажет етеді. Осы жолда қажымай-талмай дәрігер Жасан Зекейұлы маңдай терін төгіп қызмет атқаруда. Халық ықылас-ниеті сарқылмасын сізге, академик Жасан, игілікті істеріңіздің үнемі жемісін көре беріңіз, қадірлі замандас!

***

Қоғамда «оралман» деген түсінік бар. Мен оралман деген адам демеймін. Бір қилы-қилы замандарда шашырап кеткен ырыс-несібеміздің атамекенге оралып жатқанын «оралман» идеясы деймін. Оралман - идея! Ырыс-несібеміз. Сырттағы ағайын коммунистік режімнің азабына шыдамай, ел ауған. Көрмегендері жоқ. Мұң құшағына оралып күн кешті, көбісі опат болды, қалғаны осы. Олар ер қазақтың ұрпақтары, елге қайтқанда қазақ елінен не аламыз деп емес, не береміз деп оралғандар, ырыс-несібесімен келгендер. Сондай намысшыл қазақ тұқымынан өсіп-өнген Қытай елінің өзінде-ақ жұртқа белгілі болған дәрігер Жасан Зекейұлының ата жұртына оралып, қаншама адамның еміне дауа беруі, әрине ел ырысы. Ол қазақ елінің патриоты. Қолымнан келген шипа тым құрыса бір қазаққа дарыса деген асыл тілекпен шекара аттап, ата-қонысының игілігіне айналған емшілігі, жерге жауған ақ жауындай сіңімді. Мен осыған ризашылығымды білдіремін. Әуелі Алла, екінші Жасан дәрігер емінен сауыққан жандар жаппай өз тілектерін өлеңге айналдыруда. Әкетіп бара жатқан ақындық болмаса да, жүрекжарды пікір өзінше өлең жолдарымен өрнектелген. Мен сондай өлең-тілектердің көбін тыңдадым да, ойға қалдым. Дәрігердің әр емі - ерлікпен пара-пар. Адам жанын арашалау, әрине, ерлік. Дәрігер Жасан ердің жасы елуге келді, бұл аз да, көп те емес. Алла тағаланың пендесіне берген сыйы. Әйтсе де, елуден кейін басталатын байсалды ғұмыр бар, сол ғұмыр баянды болсын, сен жұртыңа, жұртың саған бауыр басып жақындай берсін. Азаматтық деген елге - қызмет. Азамат деген асыл қасиет. Елге қызметің де, қасиетің де Абай хакім айтқандай толық болсын. Қайратың мен сабырыңа Құдай қуат берсін, Жасан - академик!

***

Уақыт тауып жазушы-этнограф Жанат Ахмадидің «Тектілік тегеуріні» деп аталатын романын оқып шықтым. Академик Жасанның арғы тегі, шыққан елі және отбасы хикаясы туралы жазушы көптеген тарихи деректер келтірген. Романның тілі қарапайым, жалпақ жұртқа түсінікті. Жасанның әкесі Зекей 42 жасында іссапар үстінде жол апатынан қаза болған. Анасы Шарипа бес баламен жесір қалған. Үлкені Сайра, одан кейінгі Серік маман дәрігер, оның інісі Жасан - академик, кейінгілер Сержан, Ержан. Бәрі білім алған кәсіби мамандар. Бәрін жеткізген аналары - Шарипа. Ол кісі ойшыл адам. Мен «Мұң» кітабыма Шарипа ақынның «Мұңайған аққу» деген өлеңінің мынандай шумақтарын енгіздім. Бір міні жоқ жаралыс келбетінде, (қиял-ғажап ертегі келді есіме). Жалғыз аққу мұңайып жүзіп жүрді, Көк аспандай мөп-мөлдір көл бетінде.

Жылжымады... кідірді, мұң бар кезде, Оның сырын кім білер мұндай кезде. Бір сыңарын сұр мерген атты ма әлде, Келмейді ғой бейшара бізбен сөзге. Ағармайды сызылып түнсіз таңдар, Ал өмірде бар ма екен мұңсыз жандар. Тағдырымыз ұқсайды ей, аққуым - Дедім, бірақ тыңдады, үнсіз маңдар. Ақын Шарипа, сөз етіп отырған емші Жасанның анасы, өмірден ерте өткен азамат Зекейдің жан жары.

***

Лев Гумилев атындағы Еуразия университетінің философия кафедрасында «Мәңгілік ел - Ұлы дала философиясы» деген бағдарлама қабылдадық. Оның мазмұнын ашатын жеті пән енгіздік, соның жетіншісі «Жақсы қазақ идеясы және философиясы» деп аталады. Жақсы қазақ кім? Тәуелсіздікті жария еткен егеменді елге жақсы қазақ қажет. Оның басты өлшемдері: жақсы қазақ бай, ауқатты болуы керек, бірақ байлық, ауқаттылық аспаннан түспейді, демек, ол іскер, креативті болуы шарт. Үшіншіден, ол Елбасы айтқан ұлттық кодты, яғни дәстүрді ұстанушы, әрі насихаттаушы болуы табиғи жағдай. Төртіншіден, жақсы қазақ ұрпақтар сабақтастығын жалғастырушы (ата, әке, немере) болуы аса қажет, осыдан ұлт бірлігі қалыптаспақ. Бесіншіден, жақсы қазақ қара көз қарындасың, яғни қыз баланы көздің қарашығындай сақтай алатын ержүрек, отбасының қорғаны болуы ата-дәстүр салтын сақтау деген сөз. Алтыншыдан, жақсы қазақ жаңашыл, инновацияшыл болуы қазіргі заманның, өркениеттің талабы. Бұларға қосарым, жақсы қазақ ізгілік және игілік жолындағы мұсылмандығы мен түркішілдігі мол болуы да егемен елдің азаматына қойылатын басты талаптар. Осы айтқандарды саралап отырсам, айтылған асыл қасиеттер доктор Жасан Зекейұлының бойынан табылуда, демек, ол егеменді еліміздің бір уығын ұстаушы - жақсы қазақ демекпін!

Ғарифолла Есім,

академик, жазушы, қоғам қайраткері

anatili.kazgazeta.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста