Суан Руы

Суан Руы

«Алаш айнасы» интернет-газеті бүгіннен бастап, халқымыздың шығу тегін, таралуын баяндайтын тармағы – қазақ шежіресі туралы ақпараттарды кезең-кезеңімен жарияламақ. Осы арқылы үш жүздің әр руы туралы мәліметтерді топтастырып, қазақтың ортақ шежіре қорын жасап шығармақ. Егер сіздің қолыңызда өз руыңыз жайында мәліметтер болса, біздің мына: info@alashainasy.kz электронды поштамызға жіберуіңізге болады.
Суан Руы – Суандар жайында көне деректерде мүлде ешнәрсе ұшыраспайды. Алайда бұл бағытта жоғарыда келтірілген Н.Аристовтың сілтемесі аса құнды дереккөзі болып табылады. Бұл мәліметті келтіре отырып, С.Аманжолов Н.Аристовтың пікіріне жан бітіріп, Албан мен Суан Дулат руының одағында болды дегенді қостайды. Қазақ шежіресі де ежелден Дулат, Албан мен Суан руларының түп тамырластығынан, тіпті ол үшеуінің Жарықшақтың баласы екенін дәлелдейді.
Суандар Албандарға, әсіресе Дулаттарға қарағанда онша көп емес. Суан руының қонысы Қытай шекарасындағы Іле өзенінің оң қабағында, үш ағайындылар Дулат, Албан, Суан жайлаған аймақтың ең шығыс жағында жатыр.
Суанның ата-тегі туралы мәліметтер әдебиеттерде біршама. Бұндай деректер көзіне Н.Аристов, М.Тынышбаев, В.Востровтың бізге белгілі еңбектерімен қатар, Жетісу облысының байырғы тұрғындарын зерттеген жұмыстарды жатқызуға болады. Оларда Суандардың екі ата Тоқарыстан мен Байтүгейге бөлінетіні айтылады. Бұның бәрі рас болғанымен, әлгілерде үрім-бұтақтың тыңғылықты кестесі жоқ болып шықты. Біз осы кем-кетікті толтырып, өз пайымдауларымызбен салыстыра отырып, Суандар туралы тармақтардың таралуын бір ізге салдық. Суан руының шежіресі туралы біздің мәлімет берушілеріміз онша көп емес, дегенмен солардың ішінде Талдықорған облысы Киров ауданың тұрғыны 1897 жылы туған (Суаннан) Кінәз Дәуітәлиев пен сол облыстың Жаркент қаласының тұрғыны 1937 жылы туған (Суаннан) Нұрахан Хабимолдаевтан жинап алған деректерді құнды деп есептейміз. Сонымен, Суаннан ірі төрт ата тарады: Тоқарыстан, Байтүгей, Бағыс, Жесегір (соңғы екеуі Көпбағыс пен Досбағыс деген атпен Алматы айналасындағы дулаттарға сіңіп кеткен).
Тоқарыстан мен Байтүгей ұдайы көше отырып, қазіргі қонысы Іле өзенінің оң жағасымен Қорғас өзеніне дейін жетеді. Суан руының негізгі ірі атасы төртке: Тұрдымбет, Мұрат, Бердіке мен Баубекке бөлінетін Тоқарыстан болып есептеледі. Тұрдымбет өз кезегінде үш тармақ: Бөргелтай, Есет, Тұрсынға тарайды. Есеттен Қошқар, одан Жанқозы, Бөлек, Одыр, Мейіз. Одырдан – Сүйімбай, Сабаз, Қабай. Шежіреде айтылатындай, Мұраттың алты баласы болыпты: Орыс, Қараменде, Шегірен, Қарабек, Әбдісүгір, Байтөгей. Ел аузында Байтөгейден басқаларын Бес Мұрат деп те атайды. Мұраттың үлкен ұлы Орыс, одан Мырзагелді, Хангелді. Соңғының екі ұлы бар - Солтанғұл мен Ақша. Мырзагелдінің ұрпақтары едәуір болып, жеті атаға жіктеледі: Қожеке, Тілеке, Кебенек, Олдақсан, Туматай, Еділбай, Мәмбет. Мәмбеттің бірінші Қарлығаш есімді әйелінен Мақпал туса, ал екінші әйелі Желкілдектен жеті ұл көрген: Сүттібай, Құттыбай, Медеубай, Мес, Айдабол (Сондықтан оларды анасының атымеп Желкілдектің Жеті тазы деп те атайды). Айдаболдан Сабалы, Бабалы, Баба, Байшымыр.
Соңғыдан Тұрғынбай, одан Жақып, Іркітбай, Бүркітбай. Соңғыдан Қайынолда, Қатша, Әбділда, Қабимолда. Соңғыдан Нұрсапа, Нұрахан (мәлімет беруші, 1937 жылы туған), Айдархан. Біз келтірген үрім-бұтақ кестесінде мәлімет беруші Нұрахан Қабимолдаев пен Суанның арасында 11 ата жатыр. Байтөгей үш атаға бөлінеді: Елтінді, Молақ пен Жылгелді. Кейбір әдеби деректерге қарағанда Байтөгейдің ұрпақтары оның екі әйелінің атымен: Нөкейтін мен Сарықыз деп тарайды, бірақ олар қалай бөлінетіні нақты көрсетілмегендіктен, түп-тұқиянын дәл анықтау мүмкін емес. Молақтан – Құртымбет, Сексен, Шоқа, Қасаболат, Сүйімбай, Еркебай. Жылгелдіден Аққабақ, Алдияр, Елшібек. Аққабақтың екі ұлы бар: Құдайберді (Аманқұл, Ақбура, Көтен) және Сатай (Абылай, Көпес, Бектемір, Досқұлы, Нәуке, Ақылбек, Әбдіке, Жетімқозы). Сатайдың бес әйелі болды, – деп ел айтады. Төртінші әйелінен Әбдіке туыпты, одан Әділбек, одан Дәуітәлі, одан Кінәз (біздің мәлімет берушіміз, 1892 жылы туған). Біздің кестеміз бойынша, ол он екі атадан барып Суанға қосылады. Алдиярдан – Есалы мен Дат.
Елшібектен – Құлжыкей, Алакүшік, Шабар, Алшор т.б. Сонымен, Суан руы екі ата: Тоқарыстан мен Байтөгейге бөлінетінін қайта пысықтаймыз. Алайда мағлұматтар тапшылығынан үрім-бұтақ кестесінде бүкіл буын қамтылмай қалды. Соған қарамастан, екі ата туралы едәуір мәлімет алуға болады, өйткені біздің кестемізде Суан руының (5-қосымшаны қараңыз) бұл екі тармағының үрім-бұтағы біршама зерттелді. XIX ғасырдың аяғындағы Суан руының қанша болғанын Н.Аристов еңбегінен табамыз, онда 4000 шаңырақ десе, М.Тынышбаев олар 1917 жылы 40 мыңға жетті деп нақтылайды. XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында Суан руына жататын қазақтар, негізінен, Жетісу уәлаяты Жаркент уезінде тұрып жатты. Олар оңтүстікте Іле өзенінің оң қабағын, шығыста Қытай шекарасына дейін, ал солтүстікте Жоңғар Алатауының тау шабындықтары мен Батыста Верный уезінің шекарасындағы Көктерек өзенінің бойын қоныстанып жүрді. Демек, бұл – Суандар көрсетілген жерлердегі құнарлы да шұрайлы топырақты аймақты алып жатты деген сөз, онда жер де, су да, ну да жеткілікті еді.
Бұрхан, Үлкен және Кіші Үсек (Өсек), Шыпжың мен Қорғас өзендерінің алқабы мен Алтыңкөл көлінің маңайындағы құмда Байтөгей руының қыстаулары бар болатын. Өсек көлінің айналасында, Іле өзені мен Үсек өзенінің орта шенінде, сонымен қатар Көктерек бойында Тоқарыстан руының қысқы қонысы орналасты. Суан рулары мал және егін салумен айналысты. Төрт түлік өсіріп, бидай, арпа мен тары екті, сөйтіп, негізінен, жартылай көшпелі өмір сүрді. Ірі байлар Жоңғар Алатауындағы альпі шабындықтарына шығып кетіп, шағын дәулеттілері тау етегін төңіректеп, жарлы-жақыбай, жатақтар қыстауларда қалатын.

Ал жалпы алғанда қазақтың төл шежіресін, әр ру мен әр үш жүздің қалай және кімнен тарағанын білгіңіз келсе Алаш орда үкіметінің мүшесі, тілші Кәрім Бәтішұлының 1911-ші жылы «Айқап» журналына жазған «Қазақ шежіресі» атты туындысын шолып шығуыңызға болады.
ҚАЗАҚ ШЕЖІРЕСІ
Түрік нәсілінен «Алаш — есімді бай һәм балалары көп бақытты бір адам Алаша ханның заманында мәшһүр адамдардан саналып тұрыпты. Сол заманнан қалған бір сөз бар: «Алаш, алаш болғанда, Алаш хан болғанда, таңбасыз тай енсіз қой болғанда» деген.
Алаштан екі бала туған — Сейілхан, Жәйілхан деген. Жәйілханнан Майқы би. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген сөз бар. Майқы биден Өзбек, Сыбиян. «Өзбек аз ағам, сарт садағам» деген сөз осыдан қалған. Сыбияннан Айырқалпақтан Қазақ, Созақ. Созақтан Қарақалпақ.
Қазақтан үш бала туады. Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс. Бұлардың әрқайсысылары бай һәм мәшһүр адамдар болған. Нәсіл, несіптері көп болып, тап-табымен барып Қаратау деген жерге шәһәр болып, бірнеше жыл отырыпты. Үлкеніне қараған елді «Ұлы жүз», ортаншысына қараған елді «Орта жүз», кішісіне қараған елді «Кіші жүз» деп атаған. Кәдімгі таудың арғы жүзі, бергі жүзі деген секілді. Мұнан біраз заман соң бұларға жеті жыл тұтас ашаршылық келген. Еңкейген кәрі, еңбектеген жас өле бастаған соң бұлар бас қосып, ойласып, тұс-тұсына бытырап күнкөруге әуелде таудың оңтүстігінде өзінің отырған жағына ұлы жүз, күншығыс жаққа орта жүз, кіші жүз өзінің отырған күнбатыс жағына әрқайсысы өзінің туған-туысына кетіп күн көрмекші болып, жиылып амандасып тараған. Бұл жиылып тұрған жерде бір өлеңші зарлық етіп, үш ауыз өлең айтқан. Сөздің басы осы:
Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Қарындастан айырылған жаман екен,
Қара көзден мөлдіреп жай келеді.
Мына заман, қай заман, бағы заман,
Баяғыдай бола ма тағы заман?!
Атадан ұл, енеден қыз айырылды,
Көздің жасын көлдария ағызамын.
Мына заман, қай заман, қысқан заман.
Бақыт құсы басыңнан ұшқан заман.
Топырақ пен аспаннан шаң борайды,
Қаңтардағы күн суық қыстан жаман.
Бізге қысым көрсеттің қатты, құдай,
Қабырғама қара жер батты, құдай.
Жаяу жүрсем табаным ауырады,
Тым болмаса, бермедің атты, Құдай!
«Қаратау» деген өлеңді «Мен қазақ» деген заттың бәрінің білетін себебі осылайша-дүр.
Ұлы жүз Ақарыстан екі бала: Үйсін, Дулат. Үйсіннен төрт бала: Шанышқылы, Қаңлы, Ошақты, Іргенекті. Дулаттан төрт бала: Ботбай, Шымыр, Сиқым, Жаныс.
Орта жүз Жанарыстан жеті бала. Тарақты, Арғын, Қыпшақ, Найман, Қоңырат, Керей, Уақ. Әр атаның баласы соңғыларын өздері білу міндет. Міне бұл жерде Қыпшақты жазамын. Жанарыстан Ақтымсопы онан Қыпшақ, онан Ақкөбік алып, одан Солым алып, онан Мүйізді сары абыз, онан үш бала: Қара, Құла, Сары. Қараның әулеті Қарақыпшақ атанады. Сарының әулеті Қытайқыпшақ атанады. Яғни қоныстары Қытай қолтығында болғандықтан, Құланың балалары Құланқыпшақ атанады.
Жоғарғы айтылған Қарадан Құланды, онан Тоқтар, онан бес бала туады: Бұлтың, Торы, Ұзын, Қарабалық, Көлденең.
Кіші жүз Бекарыстан Алшын туады, онан Алау батыр, онан Құдуар тентек. Ақылың болса, ала байтал соға шап деген нақыл осы кісіден қалған екен. Құдуардан екі бала: Қыдырқожа, лақабы «Бай», Қаракесек. Қыдырқожадан он екі бала Қыдырсиық, Бақытсиық, Сұлтансиық, Есентемір, Асық, Қызылқұрт, Масқара, Таздар, Алтын, Жаппас, Адай, Беріш.
Қаракесектен Әлім, Шөмен, Кете, Ожырай, Әлімнен Төртқара, Шекті. Шөменнен Аспан, Бозғұл: Тоқа, Көнен. Кіші жүзге қосылған жеті рулар: Жағалбайлы, Тілеу, Тама, Табын, Кердері, Керейт, Рамадан.
Бұл Алаштың барлық қазақтың атасы екендігінің куәсі. Бұрын қазақ бөтен халықпен шектессе біреуі «Алаш» деген ұранды шақырса, бәрі бірыңғай болып, тез жиылып, тілек қосып қалады екен. Бұл сөздер — біздің бұрынғы кәрілерден естіген сөздер. Қадірі хал білгенімізді жаздық. Мұнан артық білушілер болса, білгенін ішіне сақтамас, халыққа жазып білдірер деп үміт етеміз.
Кәрім Бәтішұлы, «Айқап» журналы, 1911 жыл №1

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста