Еңбектің көзі – байлықтың өзі

Еңбектің көзі – байлықтың өзі

«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді атамыз қазақ. Бүгінде әр істің қиюын келтіріп, кәсібін нәсіп етіп отырған жандарды көргенде іштей риза болып қаласың. Қанат жайған бұл үрдіс тек қалада емес, ауыл-аумақтарда да жанданып келеді. Соның бірі – Қаратал ауданы. Бұл өңірде қазір кәсіпкерлікпен айналысушылар саны жыл озған сайын көбейіп келеді. Арасында қыз-келіншектер де бар. Демек, олар да аталған салада белсенділік танытып, ел дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Біз оған арнайы іссапармен барғанда көз жеткізіп қайтқан едік.

Үй жиһаздары шығарылады

Біз алдымен Үштөбе қаласындағы жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Болат Байзақовтың өндіріс алаңында болдық. Үй маңынан орын тепкен шағын цехта қызу еңбек жүріп жатты. Онда негізінен тұрмысқа қажетті үй жиһаздары шығарылады. Қолдан жасалған бұйымдар бірден көз тартып, өзіне қаратты. Әрине, мұндай әдемі дүниелерге қашанда сұраныстың аз болмайтындығы белгілі. Дайын өнімдерді негізінен жергілікті тұрғындар сатып алатын көрінеді. Сондықтан, өнімдердің басым бөлігі арнайы тапсырыспен әзірленуде. Болаттың айтуынша, бұл іске көбіне ағасы Дәрмен қолғабыс етеді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбек етіп жүрген жігіттердің кәсіпкерлікпен шұғылданғандарына аз уақыт болмапты. Бұйым жасауды олар қаладағы шағын кәсіпорындардан үйреніп, біраз тәжірибе жинақтапты.

Ауылдарына келген соң туғандарымен ақылдасып, жеке істерін бастауға бел байлайды. Нәтижесі жаман болмапты. Бұған дейін қол еңбегімен атқарылған жұмыстар қазір құрылғылардың көмегімен жүзеге асырылуда. Ал жабдықтарға жақында ғана қол жеткізілген. Әрине, бұл олардың жұмысының алға жылжуына айтарлықтай септігін тигізіп, біраз жеңілдеткен. Кәсіпкерлер кәсібін өз қаражаттары есебінен ашыпты. Цехта қазір үш адам еңбек етуде. Жігіттердің алға қойған жоспарлары да ұшан-теңіз. Ендігі кезекте, Үкімет тарапынан көмек болса, өндіріс орындарын ұлғайтып, жұмысшылар санын одан әрі арттыруды көздеп отыр. Дайын бұйымдарды саудалайтын сауда нүктесін ашу да ойға алынған істің бірі. Әрине, мұның бәрі алдағы күннің еншісіндегі шаруа екендігін ескерген жігіттер ауыл халқына қызмет көрсетуден еш жалықпайтындықтарын жеткізді.

Құрылыс саласының мамандары

Осылайша, кәсіпорындағы тыныс-тіршілікті көріп, көзайым болған соң құрылыс саласының өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген жеке кәсіпкер Жайлаубек Бласовтың өндіріс ошағына бардық. «Бласов» жеке кәсіпкерлігі 2008 жылы құрылыпты. Біз келген сәтте жұмысшылар ауа райының қолайсыздығына қарамастан қызу еңбекке кірісіп, кірпіш өндірумен айналысып жатты. Шағын цехтың іске қосылғанына үш жыл болған. Дайын өнімдері кәсіпкердің құрылыс бұйымдарын сататын жеке дүкенінде саудалануда. Оны көбіне құрылыс істеріне пайдалану үшін жергілікті тұрғындар тұтынатын көрінеді. Ал өнім әзірлеуге қажет шикізат арнайы орыннан немесе сатып алынады. Кәсіпкердің сөзіне жүгінсек, күніне мұнда үш жүз, төрт жүз кірпіш өндіріледі. Жалпы, бұл жерде отыз шақты адам еңбекпен қамтамасыз етілсе, соның төртеуі осы цехта жұмыс істейді.

Қауырт еңбек әсіресе жаз айларында қызып, қыс мезгілінде біраз саябырсиды екен. Өйткені, кірпішті кептіру үшін күннің қызуы қажет. Кәсіпкер онсыз сапалы өнімге қол жеткізудің мүмкін еместігін айтады. Кезінде қарапайым ғана автокөлік жүргізушісі болған жігіт бүгінде біраз биікке көтерілген. Бұған ол терең ізденіс пен тынбай еңбектенгеннің арқасында қол жеткізген. Қазіргі кезде оның үш ұлы бар, үлкені құрылыс саласы бойынша білім алып, бүгінде әкесіне қол ұшын беруде. Екіншісі жоғары оқу орнының білімгері болса, кішісі мектеп қабырғасында оқиды. Келіншегі де құрылыс саласының маманы. Ол да жолдасының бір жақ шетіне шығысып, есеп-қисап жұмыстарын жүргізуге көмектеседі.

Қазіргі кезде құрылыс саласы қарқынды даму жолына түсті. Ал оған қажетті бұйымдар жоғары сұранысқа ие. Сондықтан, құрылыс бұйымдарын өндірудің еліміз үшін алар орны ерекше.

Жеңіл өнеркәсіп

Келесі біз барған нысан «Қамқор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шағын тігін цехы болды. Жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорын негізінен әртүрлі киім үлгілерімен қоса оқушыларға арналған мектеп формаларын әзірлейді. Шынымен де шағын ғана қаладан осындай іспен шұғылданып, халықтың жеке сұранысын қамтамасыз етуге өзіндік септігін тигізіп жүрген кәсіпкерді жолықтырғанымызға қуанып қалдық. Бұл жердегі жұмыс жайын фабрика директорының міндетін атқарушы, бас есепшісі Наталья Ким әңгімелеп берді.

Жас тігінші қыз өзіне қажетті сырт киімдерін осы жерден тігіп, киетіндігін айтты. Цех ішінде кішігірім дүкен бар. Онда сырт киімнің небір түрі саудалануда. Бәрі осы фабриканың өнімдері. Бағасы базардағыдан әлдеқайда төмен. Керегіңше таңдап алуыңа болады.

Әркім өзіне ұнайтын көйлек үлгісін ерекше етіп піштіріп, тіктіруіне мүмкіндігі бар. Тапсырыс берушілер, түрі-түсі әртүрлі маталарды да сол жерден табады. Сапасы да жаман емес. Мұнда еңбек ететін қыз-келіншектер сол ауылдың тұрғындары. Олар жақын маңнан жұмыс тапқандарына дән риза. Басым бөлігі байырғы кадрлар. Сондықтан да болар, тәжірибелі ісмерлердің қолынан шыққан тігін бұйымдарына деген сұраныс жоғары. Оларға өздері жасаған еңбектерінің саны мен сапасына қарай жалақы төленеді. Наталья қазір осы сала бойынша жас мамандардың жетіспейтіндігін сөз етті. Ал цехқа келген жастар тігін кәсібінің қыр-сырын меңгеріп алған соң қалаға кететін көрінеді. Сол себепті бұл ойланатын мәселеге айналған. Аталмыш кәсіпорын кеңес кезінен бері жұмыс істеп келеді. Кейіннен жекешеленіп, іс одан әрі жалғасын тапқан. Таяуда тігін фабрикасына күрделі жөндеу жүргізілмек.

ЛАД-тың тәтті өнімдері

Бұдан соң «Лад» сауда-сауықтыру кешеніне келіп табан тіредік. Айта кетейік, «Даму Өндірісі–2» мемлекеттік бағдарламасына қатысқан кәсіпкер келіншек осы орынды ашу үшін 22,0 млн. теңге көлемінде несие алып, қосымша он бес жұмыс орнын ашыпты. Біз кірген мезетте-ақ бұл жерден үнемі кісі үзілмейтіндігі аңғарылды. Сол жерде Ли Агафья Дюн-Хаковна өзінің кәсіпкерлігі жайлы кеңінен сөз етіп, кәсіпкерліктің қыры мен сыры жайлы ойымен бөлісті. Аудан атқамінерлері оның сауда және қызмет көрсету саласындағы ең ірі жеке кәсіпкер екендігін айтады. Жалпы, оның бұл іспен айналысқанына он сегіз жылдай уақыт болыпты. Алдымен ол «Самал» дәмханасын жалға алып, өз бизнесін алты жұмысшымен бастаған.

Содан бері талмай еңбектеніп, ізденгеннің арқасында талай биікті бағындырып үлгеріпті. Бірте-бірте қолға алған жұмыстары ілгері басып, тасы өрге домалаған кәсіпкер 2001 жылы жартылай өнімдерді дайындау цехын, жеті жылдан кейін «ЛАД» дәмханасын, содан соң кондитерлік өнімдер әзірлейтін цех ашады. Онда тағамдар мен тұшпара, торт сияқты тағы басқа да тәттілер дайындалады. Осы жерде нанның да небір түрі бар. Өндірілген өнімдер тек аудан көлемінде ғана емес, сондай-ақ, облыстың түкпір-түкпірінен өз тұтынушыларын табуда. Ли Агафья бізбен әңгімесінде кәсіпкерлік саласында биікке көтерілудің оңай еместігін және сол жолда талай қиындық пен кедергіге тап болатындығын, ал оны жеңу үшін тек күш-қайрат пен шыдамдылық, үлкен сенімділік қажет екендігін айтып, біраз сырымен бөлісті.

Оның әңгімесін тыңдап отырып қарапайым келіншектің бойындағы осыншама қажыр-қайраты мен тірлігіне қарап көз сүйсіндіріп, көңіл тоғайттық. Сондай-ақ, ол өзімен бірге жүз адамды жұмыспен қамтып отыр. Жеке кәсіпкер аудан және облыс бойынша өткізілетін байқауларға қатысуды да назарынан тыс қалдырған емес. Жүлделі орындарға да ие болуда. Атап айтсақ, 2012 жылы Қарасай ауданының Қаскелең қаласында республикалық деңгейде өткен «Сауда Үздігі–2012» байқауы нәтижесінде «Үздік сауда дүкені» шағын форматты номинациясы бойынша үшінші орынды иеленсе, облыстық «Ақ дастарқан –2013» байқауында бірінші жүлдеге қол жеткізген. Бұдан басқа да марапаттары жетіп-артылады. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, тынбай еңбектеніп жүрген кәсіпкерлер ісінің оңға басуына және армандарының орындалуына тілектестік білдірдік.

***

Қаратал ауданы бойынша қазір екі мыңнан аса адам шағын кәсіпкерлікпен айналысады, яғни бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Ал салада өндірілген өнім көлемі былтырғыға қарағанда бірнеше пайызға өсіп, бюджетке біршама қаржы түскен. Сондай-ақ, алты жүзге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, жыл басынан «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сегіз жоба іске қосылған. «Бизнес-кеңесші» бағдарламасы аясында екі жүзден аса кәсіпкер мен бизнеске ынталы азаматтар оқу курсынан өтіп, сертификат алыпты.

Айгүл Байбосынова.

Қаратал ауданы. 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста