1) Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі деп нені айтар едіңіз? 2) Алдағы уақытта бірінші кезекте шешілуі тиіс қандай мәселе деп ойлайсыз?
Асқар СЫРҒАБАЕВ, экономист ғалым:
1) Тәуелсіздікке қол жеткізу бізге оңайға түскен жоқ. Одан беріде Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, оны ұстап тұру, мемлекетті аяғынан тік тұрғызып, халықтың әл-ауқатын көтеру – оңай шаруа емес. Сондықтан біздің 20 жыл ішіндегі басты жетістігіміз осы жылдар ішінде егемен ел ретінде аяғымыздан тік тұрып, экономикамызды тіктеп алғанымыз деп ойлаймын.
2) Біз қазір мемлекет ретінде қалыптасқанымызды дәлелдедік. Ендігі жерде халықтың әлеуметтік жағдайының көтеріліп, әл-ауқатының жақсаруы үшін жұмыс істеуіміз керек. Өйткені елдің ертеңіне халық сенгенде ғана біз мықты мемлекетке айналамыз. Мемлекеттің басты байлығы халық екенін ескере отырып, халықтың жарқын болашағы үшін жұмыс істеу алдағы уақыттағы алғашқы кезекте атқарылар істің ең бастысы дер едім.
Тасбай СИМАМБАЕВ, Сенат депутаты:
1) Ең басты жетістігіміз әлем елдері арасында өзімізді егеменді ел ретінде жан-жақты танытуымыз деп білемін! Қазіргі таңда жас та болса қарыштап дамып келе жатқан Қазақстанды әлем елдері жақсы таниды. Қазақстанның экономикасы еліміздің дамуы жөнінен көзге түссе, мәдениетін халықаралық дәрежеде мойындатып жүрген таланттылар баршылық. Ал саясат саласында Елбасының ұстанған бағытын талай дамыған ел мойындап, үлгі етуде. Бұл – біздің мемлекет қалыптастыру кезеңінде дұрыс бағытты ұстанып келе жатқанымыздың айғағы. Қазіргі таңда бірқатар елдің Қазақстанмен дипломатиялық тең дәрежеде саяси, мәдени, экономикалық, ғылыми байланыстарда жұмыс істеуге талпынуы – Қазақстанның тәуелсіз ел ретінде мойындалғанының белгісі.
2) Ал алдағы уақытта шешілуі тиіс ең басты мәселе – демократия. Қазірдің өзінде мұның алғышарттары жасалып жатыр. Мәселен, көппартиялы мемлекет құру, қоғамдағы азаматтардың белсенділігін арттыру арқылы еліміздегі демократияны дамыту – басты мәселе.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙ, ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы, филология ғылымының докторы, профессор:
1) Тәуелсіздіктің арқасында жеткен жетістіктеріміз өте көп. Соның ішіндегі ең басты жетістігіміз – мәдени мұралар мен ұлт ретіндегі тарихымызды жаңғыртуға қол жеткізуіміз, қалпына келтіруіміз. Сондай-ақ ұлттық тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы – мен үшін өте үлкен жетістік. Мемлекетімізді өз тілімізде басқарып, ғылым мен білім саласының қазақ тілінде өркендеуі ұлт үшін үлкен мақтаныш болуы тиіс.
2) Еліміздің қай саласында болсын ең бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер әлі де болса жеткілікті. Соның ішінде қазақ тілінің терминологиялық тұрғыдан сөздік қорының көбейіп, өмірлік қолданысын кеңейту басты мақсатымыз болуы тиіс. Тағы бір айта кетер жайт, осынау ұлан-байтақ жерге ие болып, Тәуелсіз еліміздің тұғыры мықты болуы үшін демографиялық жағдайымызды жақсартуға тырысуымыз қажет. Осы бағытта мемлекеттің басты мақсаттарының бірі халық санын ұлғайту болуы керек деп ойлаймын.