Ұлттық күнтізбеңді ұлықта, қазақ!

Ұлттық күнтізбеңді ұлықта, қазақ!

Қазақтың өзінің жыл қайыру, ай-күн санау жүйесі бар. Қазіргі қолданыстағы күнтізбелердің талайынан артық. Сан ғасырдың тезінен өтіп, бек жетілген һәм қазақтың тұрмысы мен жер ыңғайына бейімделген ғажап жүйе! Осыны айдың-күннің аманында ұмыта бастадық. Ұлттық күнтізбенің бертін заманда – 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін халқымыздың күнделікті тұрмысында қолданылып келгені туралы деректер жеткілікті. Қазіргі кезде Айдың тоғысы мен амалын есептеп, ауа райын күнілгері білген былай тұрсын, «ұзын сары» мен «бес қонақтың» қашан келетінін біле бермейтін, білгеніміз елең қылмайтын болдық. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетелік, Ай тоғысын қазақтың шаруашылық күнтізбесі десек, қателеспейміз. Ал жылды, адамның жасын есептейтін жүйе жадымыздан өшуге жақын. Сонда төл күнтізбемізден ғасырға да жетпей ажырап қалғанымыз қалай?

1. АДАСҚАН АЙ АТТАРЫ
Көне ай-күн санау жүйелерінің қайсысын қарасаңыз да, жылды қыстың қаһары қайтып, жаздан хабар жеткен мезгілден бастап есептейтінін оп-оңай аңғарасыз. Бергі замандарды алсақ, ағылшындардың өзі ХVIII ғасырға дейін 26 наурызды жаңа жыл ретінде тойлап келген. Біздің дәуірімізге дейінгі ІV-ІІІ мыңжылдықтарда Месопотамияда өмір сүрген шумерлер алғашқылардың бірі болып бір жылды жаз бен қысқа (эмеш, энтен) және 12 айға бөліп есептей бастапты. Олардың көктемнің келуінен хабар беретін айды жыл басы деп есептегені – даусыз дерек. Одан берідегі Рим империясында да жыл көктемнен, нақты айтқанда, наурыз айынан басталыпты. Қазірге дейін қолданылып жүрген ай атаулары – осыған айғақ. Мәселен, июль дейтін ай бар. Бұрынғы аты – квинтилис (quinque), латыншадан аударғанда, бесінші деген мағына береді, яғни бесінші ай (кейінірек бұл Рим императоры Юлий Цезарь туған ай болғандықтан, соның құрметіне июль атанып кеткен). Сол секілді сентябрь (septem – жеті) – жетінші, октябрь (octo – сегіз) – сегізінші, ноябрь (novem – тоғыз) – тоғызыншы, декабрь (decem – он) оныншы ай болып есептелген. Бұл жүйені біздің дәуірімізге дейінгі 45 жылы Юлий Цезарь өзгертіп, жаңа күнтізбе бойынша 1 қаңтарды жыл басы етіп жариялайды. Юлийдің атымен аталған бұл күнтізбе кең таралды. Көршілес Ресейде де қолданылды.

2. ЖЫЛ БАСЫ ЖАЛҒЫЗ!
Қазіргі күні әлем жұртшылығының басым бөлігі қолданатын григориан күнтізбесі 1582 жылы қабылданды (Рим папасы грегори ХІІІ (лат. Gregorius) енгізген).

Бір қызығы, бұл күнтізбені де атақты астроном әрі математик Алогий Лилио күн мен түннің теңелетін уағы – 21 наурызға сүйене отырып жасапты.

Яғни күн мен түн теңелген шақ – григориан күнтізбесінің де ЖАЛҒЫЗ КІЛТІ! Тек жыл басы 1 қаңтар күйінде қала берген. Римдіктер үшін оны өзгертудің қиын болғаны анық. Өйткені бұл күн Янус құдайдың (барлық істің басы) құрметіне арналған еді. Ол халық жиналысы сайлаған елшілердің өз қызметіне кіріскен күні болатын, істің сәтін салсын деп, Янус құдайға көрсетілген құрмет болса керек. Басқа ешқандай себеп жоқ. Түйіп айтқанда, табиғи жыл басы жалғыз! Ол – Ұлыстың ұлы күні. Тек оны әр халық әртүрлі кезеңде атап өтіп жүр.

Ал жыл басының наурыздан басталуы тарихи тұрғыдан да, табиғи есеппен де әбден негізді. Бір мысал келтірелік: қыс айларына қазір желтоқсанды, қаңтарды, ақпанды (31 күн + 31 күн + 28 күн = 90 күн/қыс) жатқызамыз. Яғни бір қыстың өзі екі жылға бөлініп жатыр. Ретсіз. Енді байырғы қазақша санап көріңіз: желтоқсан (немесе желді), қаңтар, ақпан (үт) – әрқайсысы 30 күннен, барлығы 90 күн және барлық ай бір, яғни бір мезгіл тұтасымен бір жылдың еншісінде тұр. Қандай қолайлы десеңізші!

Григориан күнтізбесі ең дәл жасалған күн санау жүйесі де емес. Мұндағы уақыт қателігін 3 333 жыл жинағанда, тропикалық жылдан 1 күнге кем болып шығады. Бұдан әлдеқайда көп жыл бұрын әйгілі ақын, математик, астроном Омар Хайям бастаған ғалымдар жасаған Мәлік шах күнтізбесі григориан күнтізбесіне қарағанда біршама дәлірек. Ондағы қателік 5000 жылда 1 күнге жетеді. Және Мәлік шах күнтізбесі бойынша, жыл басы Наурыздан – күн мен түннің теңелген күнінен басталып есептеледі. Демек, григориан күнтізбесін күні бүгінге дейін сақтап тұрған құдірет – тек танымалдығы, кең таралғандығы ғана. Жетістігі емес.

3. НАУРЫЗ АЙ АТЫ ЕМЕС ЕКЕН
Осы жерде наурыз айының атауына тоқтала кетудің реті келіп тұр.
Наурызды біз парсының «жаңа күн» деген мағына беретін сөзі деп жүрміз. Яғни жыл басы. Біз журналистік зерттеу барысында наурыз айы туралы ешқандай тарихи деректі таба алмадық. Тіпті осы сөздің төркіні делінетін парсы жұртында да мұндай ай атауы жоқ (№1 кестені қараңыз). Тек ел аузында ай амалы ретінде ғана айтылады. Айлардың қазақша атауларын саралай отырып, әбден шатасып кеткенін байқадық. Қайсысы ай, қайсысы амал атауы екенін нақтылау ғылыми зерттеуді қажет етеді. Бұл тұрғыдан үлкен ізденістер тағы жоқ. Наурыздың ай атауы ретінде кейінгі кездерде ғана қолданыла бастағанына тағы бір айғақ: Алтайдың Қобда бетіндегі (Моңғолия) қазақтарда ақпан, наурыз, сәуір деген ай атаулары кездеспейді (тек кейінгі жылдары қолданысқа еніп жатыр). Үлкен кісілер оларды ай амалдары деп қарастырады. Әйтпесе, ақпанды – үттің айы, наурызды – бірдің айы, сәуірді көкек дейді. Наурыздың бірдің айы делінетіні жылдың бірінші ай екенін көрсетіп тұр. Өзіңіз ойлап көріңізші, қаңтарды жаңа жыл айы десек, қалай болар еді?

4. ЖҰМБАҒЫН АШПАҒАН ЖҮЙЕ
Қазақ халқының ай-күн санау жүйесі жарық дүниедегі өзге жұрттардікінен ерекше. Көптеген халықтардағыдай ай мен күнге емес, негізінен, жұлдыздардың қозғалысына сүйенеді. Күндерді жұлдызбен атау қазір де бар. Мәселен, наурыздың 21 жұлдызы, 22 жұлдызы т.т. Әлем астрономдарының өзі күн есебінің жұлдыздар арқылы жүргізілетін жүйесі туралы біле бермейді. Барлық күнтізбелерді үшке бөліп қарайды: күн, ай және ай-күн бойынша есептеу жүйелері. Бұдан жұлдыз (немесе ай-жұлдыз) арқылы есептеудің жұмбағын ашпаған, зерттелмеген дүние екенін көреміз. Өз ішімізде қозғау болмаса, басқа жұрт оны зерттеп не қылсын?

Қазақтар ай тоғысын ай-күнді есептеуге емес, шаруашылық жүргізуге ғана пайдаланған деген пікірлер бар. Қисынсыз емес. Өйткені ай мен үркер шоқжұлдызы бір жылда 13 рет тоғысады. Бірақ иісі қазақта бір жылда 13 ай болады деген сөз аты-затымен жоқ. Әрқайсысы 30 күннен 12 ай болды дейтін пікір шындыққа саяды. Енді есептеп көрелік: 30 күн х 12 ай = 360 күн/жыл. Қазіргі есепке 5,5 күн жетпей тұр. Бірақ мұны қазақ күн санауының қатесі деуге болмайды. Бабаларымыз бұл бес күнді (кібісе жылдары – алты күн) «бес қонақ» деп атап, ерекше мән беріпті. Ешбір айға қоспай, жеке есептеген. Бұл наурыздың 17, 18, 19, 20 және 21 жұлдыздарына сәйкеседі. Оған дейін «ұзын сарының» уағы бар. Осы күндер ауа райы ең жайсыз кезең саналады. Ата-бабаларымыздың бұл есепте жаңылмағанын биылғы ауа райы да көрсетіп отыр. Жолдарды, ауылдарды шайып кетіп жатқан су тасқындары, қар көшкіндері осы өліара мезгілде болып жатқанын ескермеске болмайды. Демек, ұлттық күн есептеуіміз – қазіргі григориан күнтізбесіне қарағанда, қазақ даласының жаратылысына әбден ыңғайланған жүйе.

5. БІЗДІҢ ҰСЫНЫС
Егер ай тоғысы мен ай амалдары есебін ресми түрде жүргізіп отырар болсақ, бұл апаттардың алдын ала алар ма едік? Егін шаруашылығы да жыл сайын қыруар шығынға батпас па еді? Құрғақшылықты да, жаңбырлы маусымдарды да ай амалдары мен тоғыстарына, жұлдыздарға қарап отырып, болжап отыруға әбден болатынын өз ата-бабаларымыз ғасырлар бойы дәлелдеп өтті. Енді неге сол дәстүрді ел игілігіне жаратпасқа?!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста