Қазір Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты бастамасы қызу талқылану үстінде. Енді «алма піс, аузыма келіп түс» деп шалқалап жататын «еріншектер қоғамына» жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы балама болып, әлемдік дағдарыстың себепкері болып отырған масылдық психологияны мүйіздеп, санадан шығарып тастамақ. Қош делік.
Болашағы зор мамандықтар
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей». Тіленбей қарын тойғызып, киіміңді көк ету еткен кәсібіңе байланысты. Сол себепті де болашақта «түкірігі жерге түспейтін» мамандықтардың көшін түзеп алуымыз керек. Болашақ ұрпақ кім көрінгеннің жалдамалы, заманауи құлы болмасын десек, Қазақстан аумағымен ғана шектелмей, күллі әлем мұқтаж болып отырған кәсіп түрлерін саралап алмақ ләзім. Ғаламның сарапшылары келешекте 10 мамандықтың желкені кең жайылатынын сөз етіпті. Олардың пайымдауынша, сап басында өндіріс пен техника саласын дамытатын инженер мамандығы тұр. Екінші сапқа IT саласының мамандары жайғасыпты. Қазір тірліктің көзі ақпараттық технологияларға бейімделіп келеді. Сондықтан да IT саласының мамандары бізге де аса қажет-ті. Ғарыш, машина жасау, тамақ өндірісі, медицина сияқты ірі салаларда нанотехнология саласының мамандары керек екені белгілі. Әлем эксперттері сол себепті де бұл кәсіпті үшінші тұғырға қондырыпты. Мұнан кейінгі кезекте электроника және биотехнология, маркетологтер, қызмет көрсету мамандары, логистер, экологтер, дәрігерлер, химиктер бірінен соң бірі көш бастап тұр. Әрине, мұның бәрі Қазақстан үшін таңсық емес мамандықтар секілді. Десе де, бізде білікті химиктер болмағандықтан әлі күнге мұнай химиясын дамыта алмай отырғанымыз шындық. Мемлекетті әлемдік нарықпен интеграция жасап, өнімдерді шетке шығару мен ішке кіргізуді, халықаралық және ішкі тұтынушылар іздеуді жоғары сапада атқаратын логистеріміз жоқ екені де даусыз. Ал мемлекет экологиясының жағдайы саяси науқандарда ғана төбе көрсетіп, артынша мамыражай тыныштық құшағына енетіні көзі ашық, көкірегі ояу жанға жасырын емес. Дәрігерлер болса, Гиппократтың антын ақшаның антына ауыстырғаны көп айтылып, көп жазылып жүр. «Ауруын жасырған өледі» демекші, тура осындай жағдайда отырып, Қытайдың сын көтермейтін тауары секілді саны бар, сапасы жоқ мыңдаған заңгерлерді, экономистерді «өндіріп» жатырмыз.
Кім болам?
Ендігі мәселе «кім болам?» деген сауалға иек артады. Мамандардың пікірінше, енді он жылдан кейін мал шаруашылығы мен аграрлық шаруашылықтың ұршығын иірер маман таппай қалуымыз мүмкін. Есесіне, біздегі ЖОО-лар да заман талабына сай қаржы, кеден, салық саласының мамандарын даярлауға бел шеше кірісіп кетті. Бұл мамандықты таңдайтындар саны да күрт өсіп, бір орынға 30 адамнан таласып жүр. Ал, шынтуайтына келгенде, еліміз мұндай мамандарға зәру емес. Бұл орайда зәрулік туындатқан кәсіпке икемделіп кетпек ләзім.
Кім болмаймын?
Мамандық та, кәсіп те ескіреді. Тіпті кейбіреуі маңызын жойып, болашақта өмір сүруін тоқтатады екен. Ерте заманда аңшылық кәсіп болған. Қазір бұл аң аулау қызығушылардың хоббиіне, ермегіне айналып үлгерді. Сол секілді келешекте екінші кезекке ысырылып тасталатын мамандықтар да бар. Бұл жөнінде мамандар: «Мәселен, биржа маклерлерi, көлiк сатушы дилерлер, пошташылар, сақтандыру агенттерi және қозғалмайтын мүлiк жөнiндегi агенттер қажеттілігі азаяды» дейді. Бұлардың қызметін интернет тез әрі тиімді атқара алады. Баспасөздің өзін электронды басылымдар шаң қаптырып, баспагерлердің полиграфиялық қызметі тасада қалмақ. Арнайы микроқондырғылардың арқасында адамның қылмыстық iске араласуына кедергi жасалып, қылмысты кәсіп еткендердің жолы кесіледі. Көлiктердің арнайы компьютерлiк бағдарламамен басқарылу мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл жоба іске асса, жүргiзушi де құр қол қалуы ғажап емес. Жалдамалы ұстаздардың да шаңырағы шайқалуы мүмкін. Бұл қызметті қазірдің өзінде қолжетімді әрі танымал болып үлгерген дистанциялық бiлiм беру ығыстыруы мүмкін. Үй шаруашылығын тоңазытқыш, микротолқынды пештер және вакуумды шаңсорғыштар атқарар болса, үй қызметшілері де далада қалуы мүмкін.
Зәру мамандық
Бізде – ақпараттық технология (программистер) және электроника бойынша инженерлер, инженер-технологтер, бүкiл әлемдегi секiлдi денсаулық саласының, биотехнологтер мен медицина құрылғыларының тiлiн бiлетiн, ғарыш саласын игеруге қажетті астрофизик, астроном мамандары жетіспейді. Заманауи механик, картограф және геодезист, геолог, баспа iсi мамандығын да игерушілер саны көңіл көншітпейді. Елiмiзге металлургия және тау-кен өнеркәсiбi, тұрғын үй және жол құрылысы (темiржонушы, ағаш өңдеу, кiрпiш қалау, монтаждаушы т.б.) бойынша мамандарды көптеп дайындау ісін қолға алу қажет дейді мамандар. Осы орайда тағы бір әттеген-ай бар. Еліміз жылына қаншама жасқа мұнай-газ саласының маманы деген бір жапырақ қағаз береді. Десе де, сол мамандарды өндіріске жұмысқа алу кенжелеп келеді. Олардың орнын әлі де шетелден келген мамандар басуда. Теория жүзiнде қалыптасқан бiлiмді нақты тәжiрибеде қолдана алмай отырмыз.
Бір кем дүние
Сейсмология ғылымы геология, гидрогеология, геофизика, физика және астрофизика ғылымдарымен астасып жатқандықтан, біздің сейсмолог мамандарымыз сауатты, жоғары білімді, кәсіби пәрменді болуы керек. Өкініштісі, Қазақстанның бірде-бір жоғары оқу орны сейсмолог мамандарын дайындамайды екен.
Геоақпаратпен қамтамасыз ететiн бiр орталықтың басшысы журналистерге «Инженер-геодезист мамандығын алған бiр қазақ таба алмадым» деп қынжылыс білдіріпті.
Түйін
Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар тек адам еңбегінің жемісі екенін ешкім жоққа шығара алмас. Осы орайда біз де заңды сауал қоюға құқылымыз. Қазақ қашанғы базарда арбакеш болуы керек? Оғландарымыздың бағындырған биігі, күзетшінің формасын киіп, ешбір ой еңбегінсіз әр ғимараттың есігіне телміріп, «мазмұнсыз» көзбен қарап тұру ма? Яки барахолкадан алған тауарын басқа базарға үстеме бағамен сату ма? Мұндай сұрақтар тізбегін тізе берсек, «Алтайды айтып, Жамалды қартайтармыз». Сол себепті де мамандыққа деген көзқарасты түзеуіміз қажет.