Жылқыны ұлттық шаруашылыққа айналдырып, аграрлық саланың бірден-бір тірегі етуіміз шарт

Жылқыны ұлттық шаруашылыққа айналдырып, аграрлық саланың бірден-бір тірегі етуіміз шарт

Ахмет ТОҚТАБАЙ, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Ахмет аға, сізбен былтыр «Қазақ жылқысының тарихы» атты энциклопедиялық керемет туындыңыз жарық көрер тұсында сұхбаттасқан едік, аталған еңбек өз бағасын алып, қоғамда сұранысқа ие бола алды ма?
– Білесіз бе, қазір өзі кітап өте ме, өтпей ме дейтін заман ғой, кітап жарыққа шығарда мен де осыны ойлап қатты толқы­дым, несін жасырайын. Қаншама жылдық еңбегім ғой, кітабы оқылмай жетімсіреп, сөрелерде шаң басып жатса, автор үшін со­дан өткен қорлық бар ма? Бірақ мен керісінше жағдайды көргенде таңғалдым, тіпті «қазір ешкім кітап оқымайды» деген сөздің жаң­сақтығына көз жеткіздім. Егер кітап жақсы болса, оқырмандар тіпті оның бағасына да қарамай алады екен. Менің еңбегім тіпті 100 долларға дейін барды, сонда бір риза болғаным – бұрын шапан жауып, айыр қалпақ кигізетін қазақ енді оған қоса не соның орнына осы менің жылқы туралы кітабымды сыйлауға көшіпті. Сондай-ақ айтсам сенерсіз не сенбессіз, «Алматыкітап» баспасы халықаралық кітап жәрмеңкесіне  Түрікменстанға алып барса, ел президенті, яғни түрікменбашы Ғурбан­ғұлы Бердімұ­хам­медов «Қазақ жылқысы­ның тарихы» атты менің еңбегіме қатты қызығушылық танытыпты, біздікілер сыйға тартса, бас тартып, «бұл – менің жеке кітап­ханама, сон­дық­тан да мен президент емес, бұл жерде қатардағы қарапайым сатып алушы­мын» деп ақшасын төлепті. Мен ол кісінің соншалық кішіпейіл, соншалық мәде­ниет­тілігіне және, ең бастысы, кітапқа деген құрметіне таңғалып, басымды идім. Сосын түрікмендердің жылқы зерттеуші­лерімен сөйлесіп едім, олар өз елдерінде жылқының ең басты орында тұратынын, тіпті Жылқы күні деп аталатын ұлттық мереке де барын, алайда өздерінде жылқы турасында ұсақ-ұсақ зерттеулер болмаса, дәл осындай энциклопедиялық дәрежеде зерттеліп жазылған тұтас  кешенді зерттеу жоқ екенді­гін жайып салды. «Сіздің еңбе­гіңіз бүкіл көшпенді халықтардың жылқы мәдениетін қайта зерттеу және жылқы арқылы күллі көшпенділердің дүниетаны­мы, мәдениетін қайта қалпына келтіруге эталон болып тұр. Сондықтан ол орысша мен ағылшыншаға аударылса» деген тілек-ұсыныс та білдірді олар. Сонымен қоса Кэмбридж университе­тінің ғалымдары келіп, менің кітабымды алып кетті. «Сіздерге не үшін қажет?» деп сұрап едім, сөйтсем, аталған оқу орнында 40 жылдан бері жыл­қының шығуы мен таралуы, жылқы мәде­ниеті қай елде ерекше дамығаны зерттеліп жатса керек. «Қазақша ғой, қалай түсінесіз­дер, аударып берейік те ағылшыншаға» деп едік, «жоқ, біз өзіміз аударып аламыз» деді, таңғалдым, тіпті риза болып кеттім.
– Қазақ жылқыны текті жануар деп құрметтеп және оны жан-жақ­ты мақсатта пайдалана да білген ғой, ал енді таяуда Еуропа жұрты осы жылқы етіне қарсы өре тү­ре­гелді емес пе? Басқасы – бас­қа, бұған қазақ елеңдемесе, қай­дам?.. Осыған дейін жылқы етіне қатысты ондай шу шықпап еді, бұл әдейі жасалған акция ма, сондай-ақ саяси қитұрқылық емес пе?
– Жылқыны азды-көпті зерттеген ға­лым ретінде айтайын, Еуропа мен Ресейде жыл­қы етін жемеудің ең бірінші себебі – климат­тық жағдайға байланысты. Яғни ауа басқа, су басқа, шөп басқа, жылқыға ол жақта қазы бітпейді. Жалпы, ағылшын­ның, арабтың, түрікменнің небір сұлу аттары, тұяғымен жер тарпыған айғырлары бар, бірақ олар­дың етінде түк дәм болмай­ды. Екінші­ден, сондай сулы, тұманды, жалпы, қоңыржай климатта жылқының еті дұрыс піспейді де. Ол жақтағы жылқының етін өзім татып та көрдім әдейі, иісінің өзі біртүрлі, жеу тіпті мүмкін емес. Ал бізде қыста 40 градустан аса сақылдаған саршұ­нақ аяз болса, жазда 40 градустан аса аптап ыстық болады ғой. Содан соң бізде жануар­лардың, жылқының ағзасына кереметтей күш беретін бетеге, ақселеу, беде, еркек­шөп, изен, жусан секіл­ді шөптер өседі, соларды жеп өскен жыл­қының еті керемет дәмді болады. Мен 1992 жылы Рязань қаласына барғанымда жыл­қыны топтап сатып алып жатқан қазақ жігіт­терін кездес­тірдім. Неге сонша жылқыны көптеп алып жатқандарын сұрап едім, сөйт­сем, ол жақта жылқы етін ешкім жемейтін­діктен арзан екен. Өздері арық-тұрақ аттардың етінде дәм болмайтыны да белгілі ғой,  «Аға, біз бұларды апарып, қазақ жері­нің шүйгініне жайып, оның ағзасын түгел өзгеріске түсіреміз, сосын семіртіп сойғанда сіз бұлардың етінен дәмді ет таппай қала­сыз» деп күлді. Яғни Еуропа жұртының шу шығарып жатқаны жайдан-жай не арнайы біреуге қарсы бағытталған қастандық та емес, жалпы, олар әу бастан жылқы етін оқшаулап басқа дүкендерде сатады, тіпті француздарда ол емдік дәрі есебінде аптекада сатылады. Жылқы етінің құнары құс етімен бірдей, яғни тез қорытылады. Қазақта мақал бар ғой «жылқы еті  – жеген­ше, қой еті – жатқанша, сиыр еті – таң ат­қан­ша» деген. Яғни жылқы етінің тез сіңе­тінін, жалпы, тағам құнарын қазақ сонау заманда білген. Жылқы мен қойды қазақ ыстық райлы жануар десе, сиыр мен түйе және ешкі суық райлы малға жатады.
– Қызық екен...
– Ыстық райлы малды көп жеген адамда энергия, яғни күш-қуат өте көп болады деген қазақ. Біздің қазіргі бойкүйезденіп, жалқауланып, одан қалса, баяғыдай күш-қуатты болмай қалғандығымыз сол ұлттық тағамдану дәстүрінен айырылып қалғаны­мыздан және сиыр етіне, жалпы, суық райлы мал етіне үйірсек боп кеткендігімізден де, негізі. Ал адамның мінез-құлқы, денсаулы­ғы, тіпті дүниетанымы ішкен асы мен жеген тамағына тікелей байланысты екені – о бас­тан-ақ белгілі жайт.
– Иә, мұны кешегі өткен Лондон Олимпиадасында Илья Ильиннің сөзі де растады емес пе, «менің жеңіске жетуіме қазақтың қазы­сы­ның да ықпалы болды» дегендей.
– Рас, жылқы еті – спортшылар үшін таптырмас ас. Себебі ол адамға күш-қуат береді, бірақ салмақ қоспайды. Медицина­да жылқы етінің, жалпы, жылқы малының қандай пайдасы барын мен кітабымда таратып жаздым. Ең аяғы жылқының несебі мен тезегіне дейін ем ғой. Мысалы, адам аяғы терлегеннен шуаш сасиды, сосын адам­дар одан құтыла алмай жүреді. Бая­ғыда бір жігіт маған сондай шағым айтып та келген, бармаған дәрігері қалмапты, ешбірінің көмегі болмаған. Мен осы емдеу тәсілін айтқан едім, көп ұзамай-ақ әлгі жігіт келіп тұр, риза. Жылқының тері, яғни ат бәйгеге, жалпы, ұзаққа шапқанда алдымен ащы тері шығады, сосын тәтті тері шығады. Сол тәтті терінің тіпті қылтамақ ауруын жазып жіберетін құдіреті бар. Бірақ оны өкі­ніш­ке қарай көбіміз біле бермейміз бүгінде. Аттың әбден тәтті тері сіңген қамшы­ны адамның тамағына жүгіртіп емдесе керек қазақ емшілері. Сарауру болған адамдарды бұрын қазақ жылқының тезегін қайнатып, соған шомылдырған. Сондай-ақ қалың құмырсқа қаптап кетсе, жылқының тезегін сеуіп тастасаңыз болғаны, әлгі жән­діктің бірін де таппайсыз. Жылқы малының қиын тіпті қой мен сиырға азық та еткен. Қалай дейсіз ғой? Қыстан әбден қысылып, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, яғни көктемде жылқының қыстай тезектеген жеріне қой мен сиырды жаяды, сонда әлгілер жылқының тезегін түгелдей жеп қояды. Себебі жылқы – күйсемейтін мал, яғни жануардың асқазанында шөп толық қорытылмайды. Моңғолиядағы қа­зақтар бір кездерде осы әдіспен малды жұттан аман алып қалған.
– Жылқының аштыққа шыдамайтыны рас па? Жұт келсе, бірінші боп өлетін мал жылқы деген дерек естігенім бар еді...
– Аштыққа мүлдем шыдамайтын – бір жерде ғана асырауға үйренген, өз бетінше жайылуды білмейтін Еуропаның жылқы­лары. Ал қазақтың жылқысындай аштыққа төзімді мал жоқ. Бір қызық айтайын, 1877-1878 жылдары Орыс-түрік соғысында  қазақ жылқылары орыстарға жеңіс әперген. Орыс әскерінің басым бөлігі атты әскер болған ғой, сосын мына Жайық ка­закта­рынан алты полк қатысса, солардың барлы­ғы да қазақтың жылқысына мінген. Өйткені орыс аттарына мінсе, олардың артынан жылқы жемі тиелген арбалар жү­руі қажет, ал соғыс уағында жем таусылып, елден тағы жемшөп келгенше жылқылар қырылып қалған кездері аз емес. Ал қазақ жылқылары өзі жайылады ғой, сондықтан да бірде-бір жылқы өлмей, әскер шығынға ұшырамаған. Бұл – бір, екіншіден, ағысы дүлей Дунай өзенінен қазақ жылқыларының өздері малтып өтіп, бірде-біреуі суға кетпе­ген. Ал орыстың өз жылқылары бұл жерде де суға кетіп, шығын болған. Сонда Еуропа ақсүйектері, әскерлердің өздері «Атты әскерге дәл мұндай шыдамды жылқыны бұрын-соңды көргеніміз жоқ, бұл қандай жылқы өзі, қайдан алдыңдар?» деп таңғал­са керек. Қазақ жылқысы екендігін білгенде Австрия атты әскерінің командирі,  полков­ник Лининизиннің өзі Орынбордың атақты  айырбас сауда орталығына арнайы барып,  3000 жылқыны бірден сатып әкетіпті. Ол заманда қазақ жылқысын сол Орынбор базарына апарып сататын не азық-түлікке айырбастайтын. Міне – қазақ жылқысының шыдамдылығы мен төзімділігіне нағыз дәлел!
– Қазан төңкерісіне дейінгі, содан кейінгі және қазіргі жылқы санағы бар ма өзі? Салыстырып, санап, түгендеп жүрген мамандар болған ба қазақта, қазір бар ма? Олай болса, қазақта қай кезде қанша жылқы болған, қазір қанша?
– Кеңес  үкіметі кезінде санақ бойынша қазақта 1,5 миллион жылқы болса керек, қазір қолда бар бұл жануардың саны мил­лионға да жетпейді. Ал ХХ ғасырға дейін бізде 4,5 миллион жылқы болған дейді бір деректерде. Бұған Моңғолия мен Қытай жеріндегі қазақтардың қолындағысын қосып есептер болсақ, қазақта 6-7 миллион жылқы болған деп шамалауға болады. Ал одан бұрынырақта, Абылай хан мен Әбіл­қа­йырдың тұсында қазақ даласында 10 мил­лиондай жылқы болыпты. Қазір жыл­қы­ның аздығын оның етінің қымбаттығына қарап-ақ байқай беріңіз. Ашаршылықта көбіне тек қырылған халықтың санын ғана айтып, аштық зардабын сонымен өлшейді ғой, ал негізінде мал басы орасан зор кеміп кеткен, соның ішінде жылқының қырғынын мынадан бағамдауға болады: ашаршы­лық­қа дейінгі санақта қазақ жерінде 4,5 миллион жылқы болса, аштықтан кейін содан небәрі  300 мыңдай ғана қалған. Жыл­қы неден сонша азайып кетті десек, бір деректерде қараңғы әрі надан большевик­тер қазақ жылқысының бойы аласа деп менсінбей, пулеметпен атқан деген де мәлі­меттер бар. Қабдеш Жұмаділовтің «Сары­жайлау» деген романында осы бір жылқы трагедиясы керемет жазылған. Жазықсыз малды қырғанын көзбен көру былай тұр­сын, сол туралы оқығанда, аза бойыңыз қа­за болып, денеңіз түршігіп, өкіріп жыла­ғыңыз келеді. Неге олай еткен дейсіз ғой? Қазақты сан ғасыр бағындыра алмай басы қатқан орыстар өз оқымыстыларына  біздің халқымыздың ең мықты және ең осал, ұрымтал тұсын табуды табыстаса керек. Сонда олар зерттей келе қазақты аттан түсірмей, бұл халықты бағындыру мүмкін емес деген тұжырымға келген және де соны ғылыми-зерттерулері мен сол тұстағы басылымдарында ашып жазған да. Ол орыс-казак атаманы Рябушкиннің кітабын­да бар. Ол «қазақ атқа мінсе, есерленіп кетеді, ал ерекше күш біткен қазақ қандай соғыста да жеңеді, жүйрік арғымағымен қашса, құтылып кетеді; қуса, жетеді. Олай болса, егер қазақты толық бағындырып, табанымызға салып илегіміз келсе, ең бірінші Алашты аттан түсіруіміз керек!» деп кесіп айтқан. Әрі қарай атаман «жылқы­сынан айырылған қазақтан өткен момын, бейшара, одан бағынышты халық жоқ» деп сабақтайды. Бұл – патша заманында айтыл­ған жайт. Қайта Ақ патшаның жүрегінде иманы болып, ол соншалық жауыздыққа бара қоймаған, ал Кеңес үкіметі оны шімі­рік­пестен жүзеге асырған.
 – Қарап отырсақ, қазақ пен оның жылқысының тағдыры да, тарихы да бір болғаны ғой. Қазақ қаншалықты нәубет пен қырғынға ұшыраса, жылқысы да соны көр­ген. Ендеше, бүгінде қазақ жылқысын қолға алып, оны аялап, өсіріп, көбейту арқылы, халқы­мыз­дың да көбейіп, өркен жайып, рухани қайта тірілуіне ықпал ету мүмкін бе?
– Әрине, менің сан жылдар бойы айтып жүргенім де осы ғой. Алаш баласының рухын көтеріп, жан дүниесін дүр сілкіндіру үшін – бір, екіншіден, денсаулығымызды нығайту үшін  бәрінен бұрын жылқымызды көбейтуіміз керек! Жылқыны жекеменшік тұрғыда ғана емес, ұлттық шаруашылыққа айналдырып, Қазақстанның аграрлық саласының бірден-бір тірегі етуіміз шарт. Өйтпей біз отаршылыққа әбден езіліп қал­ған қазақы рухты, бостандық генін тірілте алмаймыз. Онымен қоса жылқының сүтін ішіп, етін жеген қазақ қорқақтық пен бүге­жек­тіктен арылып, қайтадан баяғыдай ер әрі күшті, қайратты қазақ болады. Сондық­тан да жылқы мемлекеттік саясаттың бір­ден-бір саласына айналуы керек. Жалпы, жылқыға байланысты алдымызда үлкен үш нәрсе тұр: бірінші, жылқы музейін жасау керек. Қазір дүниежүзінде жалпы саны 65 миллион, 200 тұқымды жылқы бар. Соның барлығы алғаш қазақ жерінен тараған, бар жылқының түпкі атасы бір, ол – қазақтың жабысы. Бұны қазіргі Ақмола облысының орталығы Көкшетаудағы Ботай  қонысынан  археологиялық қазба жұмыстар кезінде табылған жылқы сүйектері дәлелдеп шықты. Дүниежүзі мұны мойындап отыр. Біз әлемде ең интеллектуалды жануар – жылқыны алғаш қолға үйреткен, жылқы мәдениетін тудырған, төрткүл дүниеге таратқан халық­тың ұрпағымыз. Сондықтан да бізде жылқы­ға арналған музей болуы керек! Мұндай музей Жапония, Австрия мен Германия секілді дүниежүзінің 30-дан астам елінде болғанда, сол бір асыл текті жануардың  ота­ны қазақ жерінде неге болмасқа?.. Жылқы – біздің тарихымыз бен мәдениетіміздің бөлінбес бөлшегі ғой! Біз осы нәрсені біліп, санамызға сіңіріп, мақтан тұтуымыз шарт.
Шұғыл қолға алуға тұрарлық және бір іс – Жылқы театрын ашу! Біле білсек, ондай театр орта ғасырларда мәмлүктер мен қып­шақтарда болған. Египетте сұлтан сарай­ларында мейрамдарда Жылқы театры өнер көрсеткен. Бізде жылқыға қатысты 40-тан астам ұлттық ойын түрі бар. Біз соның қазір «Бәйге», «Көкпар» мен «Қыз қуу» секілді 5-6 түрін ғана сақтап қалған­быз. Егер Жыл­қы театрын ашар болсақ, мен жылқымен ойналатын ұлттық ойын түрле­рінің тағы бірнеше түрін айтуға, тірілтуге, үлес қосуға даярмын.
Тағы бір үшінші мәселе – «Қымызмұ­рындық» тойын жандандыру керек. Себебі ол бұрын қазақ үшін Наурыз сияқты ұлы мейрам болған. Бірінші бие байлап, қымыз пісілген де, сосын ел бірін-бірі қымызға шақырып, сол жерде түрлі ойындар ойна­лып, қымыз ішуге бәс те тігілген. Яғни Алаш­тың арқа-жарқа болып, тіршілік тауқыметін бір мезгіл ұмытуына оң әсері тиген, яғни рухани сауықтырған мейрам осы «Қымызмұрындық» болды  деуге толық негіз бар. Олай болса, Германияның сыра мейрамы, Францияның шарап мейрамы секілді қазақтың «Қымызмұрындығын» неге  тірілтпеске?!. Сонда біз жылқыны қа­зір­гі­ден әлдеқайда қастерлеп,  оны тек со­ғым асы, мініс құралы деген соншалықты төмен деңгейлі көзқарастан жоғарғы ста­тус­қа биіктетер едік, өйткені жылқы малы сондай құрметке лайық!
– Мүмкін, бізге осындай игілікті істі жандандыру жолында қазақ­тың жылқы етін  жеуіне біраз уақытқа мораторий  жариялау керек шығар?
– Жоқ, тыйым салмау керек, керісінше қазақ жылқы етін жеп, қымызын да көбірек ішуі керек! Онсызда біз әлемнің басқа ұлт­та­рымен салыстырғанда өз жерінде өзі өте аз ұлтпыз, сонымен қатар көбіміз аурушаң­быз. Жетпіс жыл бойына жерімізде атом бомбасын жарып, зауыт пен фабрика сала берсе, сапамыз нашарламай қайтсін. Ол аз десеңіз, біз тағамданудың дәстүрінен айы­рылып қалғанбыз. Қазір Қазақстанның жер-жерлері иен жатыр, солардың барлы­ғында біз жылқы өсіруіміз керек. Сонда әрі жылқы еті мен қымызы арзан болады, әрі сол арқылы біз халық денсаулығын нығай­туға жол ашар едік.
– Бір сөзбен айтқанда, сізбен сұхбаттасу барысында жылқы қазақтың иммунитеті іспеттес екен ғой деген тұжырымға келдім. Иммунитет көтерілмей, адамның мықты болуы мүмкін еместігі секілді, жылқыны қолға алмай қазақты серпілту, өне бойына қан жүгіртіп, рухын тіктей алмайды екенбіз. Соңғы бір сұрағым қалды,  радиация жайлаған бір аймақтың тұрғындары мен тіршілігі тегіс қырылғанда, бір үйір жылқы аман қалыпты деген рас па, яғни жылқы тіпті радиацияны жеңетін зор күшке ие ме, шынында да?
– Ол әбден рас. Тіпті тіршілік атаулының тажалы саналатын радиацияның өзі  жылқы­ға әсер ете алмайды. Мәскеуде Трапезников деген академик бар, сол кісі қатерлі ісікті жылқымен емдеп жазады екен. Яғни ол үшін науқасты ішкиіммен ғана атқа мінгізу арқылы емдейді екен. Мұны иппотерапия деп атайды. Сонда жылқыдан бөлінетін энергия адамның тұла бойына өтіп, ол адамның ағзасы қайта қалпына келеді. Сондықтан біз халқымыз күшті болып, атом мен компьютер тағы да басқа зардабы уытты дүниелердің заманы ХХІ ғасырда мықты болсын десек, жылқы басын көбейтіп, оны жан-жақты өркендетуі­міз керек.

Елең еткізер жайт
Қытай мен Моңғолияда қазақтар тұратын өлкелерде болдым, сонда Ақбұлақ деген жер бар екен.  Сол жерден мен ұзын бір науа көрдім. Мені елең еткізгені – сол науа жайын сұрағанда естіген қызық мағлұматым. Әлгі мекеннің Ақбұлақ атануына тіпті науаның қатысы бар боп шықпасы бар ма?.. Қазақта «Қымызмұрындық» немесе «Биебау» деп те айтады, «Биемұ­рын­дық» та дейді, сондай мерекелер барын білеміз ғой. Әлгі науа бір байдың 400 метрлік жылқыға тұз беретін науасы болған екен кезінде, менің көргенім – соның шірігеннен қалған жұрнағы ғана екен. Ал енді жаңағы Ақбұлақ деген атауға келсек, ол ойын атауы болса керек. Қымызмұрын­дықта қымызды тойғанша ішіп әбден мас болған байлар артылған қымызды әлгіндей 400-500 метрлік науаларға судай ағызып тұрып, өздерінің насыбай шақшаларын жарыстырады екен. Кімнің шақшасы бұрын келсе, сол қомақты бір жүлдені қанжығасына байлайды. «Ақбұлақ» деген сол қымыз бұлақша ағады дегеннен шыққан. Ал әлгіндей мерекелер ата-бабаларымыздың көшпенді тұрмысының сән-салтанатын көрсетеді.

Жылқы-дерек
Алтай аймағында бүгінде Бекен Ибрайымов деген бір атбегі тұрады екен. Сол кісінің Ақжал аты 43 рет бәйгеден оза шауып келіпті. 20 жасына дейін бәйгеге шапқан сондай мықты арғымақ болыпты. Сол Ақжал атты бертінде 1993 жылы әбден қартайған соң соғымға сойдық дейді.  Ал оның бас сүйегін тұлыптап, әлі күнге төріне іліп қойған.  Мен сол аттың тұлыбын суретке түсіріп алдым. Жалпы, қазақта киелі малын тұлыптап сақтау деген дәстүр бар ғой бұрыннан. Мысалы, Ақан сері де Құлагерін трагедиялық жағдайға ұшырағаннан кейін жоқтап, басын тұлыптап, төріне іліп қойса керек. Ақанның Құлагерін жоқтауы Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында айтылады, тұлып жайлы сол жерде нақты айтылған.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста