Мүслима Құдайбергенқызы ЖҰБАНОВА, педагогика ғылымының кандидаты:
– Қ.Жұбанов – сіздің әкеңіз ғана емес, халықтың ардақты азаматы. Оның 30-жылдардағы саяси жауыздықтың жазықсыз құрбаны болып, атылып кете барғаны – ұлттық руханияттағы орны толмас ақтаңдақ. Бүгінде ғалым есімі қанша дәріптеліп жатса да, осы жағдай өзегіңізді әлі күнге дейін өртейтін шығар.
– Әрине. Оңай болған жоқ қой, қазір жасым 83-те. Сол қасірет әлі күнге дейін емес, тіпті қартайған сайын еңсемді басып барады. Еңбегін оқып, атын естіген сайын, жылма-жыл конференциялар өткен сайын жанымды бір аударып түсіреді ғой...
– Жұбанов жайлы естеліктерде «ғалымды ұстап әкеткенде балаларының ішіндегі ең естияры – Мүслима қатты күйзеліске түсіп, құса болды» деп жазылады. Сіз ол кезде нешеде едіңіз?
– Әкемізді бала күнімізде ұстап әкетті ғой. Інім Ақырап екеуміз төртінші класта оқып жүргенбіз. Ол әлсіздеу болған соң мектепке екеумізді бірге – мені кеш, оны ерте берген. Қарап отырсақ, әкемізді жай ғана ұстап әкеткен жоқ, сонымен бірге біздің әулетті ел өмірінен түгел шығарып тастапты ғой. Шешеміз Асқарды босанып, перзентханадан келген күні еді. Бала-шаға қуанып, «үйде той болады» деп отырғанымызда екі адам кіріп келді үйге. НКВД екенін білген жоқпыз. Әкеміз үйде жоқ болатын. Бірақ көп кешікпей келді. Әуелі бәрі әкеміздің кабинетінде оңаша отырып сөйлесті. Біз не дерімізді білмей тұр едік, Есет інім әкеме жақындап барып, «мыналар не деп тұр?» деді. Ол «бұлар мені «жау» деп тұр, кімнің жау екенін көреміз әлі» деп жауап берді. Содан кейін әлгілер оның бүкіл заттары мен еңбектерін жерде жатқан алашаға салып жинап алып кетті. Әкеміздің бөлмесін құлыптап тастады. Егер мен орыс мектебінде оқымай, қазақша оқыған болсам, қандай еңбектерін алып бара жатқанын білер ме едім, бәлкім. Білмей қалғаныма осы күні қатты өкінемін. Орыс мектебінде жүріп, ештеңемен ісім болмапты. Әйтеуір білетінім – күндіз-түні жазып отыратын еді, қаламына сүйеніп қалғып отыратын кезі де көп болатын.
НКВД ұстап әкеткеннен кейін оған әуелі жеті сайын барып тұрдық. Мавлюдов деген тергеуші бастапқыда бізді кездестіріп жүрді. Анам кішкентай Асқарды үйге қалдырып, бірінші Есетті, Қырмызы мен Қызғалдақты, бір аптадан кейін Ақырап екеумізді апарады. Сол қарсаңда радиодан «пәлен атылды, түген атылды» деп хабарланып жататын. Оның ішінде папамның болмағанына шүкіршілік етіп жүрдік. Бір күні түрмеге барғанда әкем «киім алып келіңдер, мені лагерьге жібереді» деді. Сөйтсек, лагерьге емес, атуға жібермек болған екен. Оны білмедік, мамам түнімен киім тігіп, ертеңіне бар баласын алып барды. Қазіргі Наурызбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы ғимарат. Анам өзі ішке кіріп кетті. Менің жүрегім бірдеңені сезіп, Мавлюдов сыртқа шыққан кезде, «Я не пойду к нему, я завтра зайду» деп едім, ол бетін әрі қаратқан күйі «Завтра не будет, лучше было бы, если вы вообще убрались отсюда» деді. «Куда» – деп едім, «Хоть куда, больше никогда не смейте сюда приходить» деді. Ертеңіне Сара деген татар әйел келіп, «Ойбай, Раушан, ұсталғандардың әйелін де әкетіп жатыр екен, сен тез кет, бүгіннен қалмай көш» деді. Бірақ анам оқу бітсін деді ме, қозғала қоймады. Бір жетіден соң Мавлюдовқа қоңырау шалып едік, басқа біреу телефонды көтеріп, «Это кабинет Залина, больше сюда не звоните, кто сказал, что ваш отец выслан, еще дело не закончилось» деді. Келесі күні тағы қоңырау шалдық. Әлгі адам тағы жекіп тастады. Содан кейін барып Мавлюдовтың айтқан сөзін түсіндім. Репрессия жылдары істі шатастыру үшін тергеушілерді ауыстырып тұрған ғой. Мавлюдов та солай ауысып кетті ме, әлде өзі де ұсталып кетті ме, білмедік. Әйтеуір, осыдан кейін біз ауылға тығылып қашып кеттік.
– «Халық жауы» аталған отбасылардан ел теріс айналып жатқан сол жылдары бастарын бәйгеге тігіп, сіздерге қол ұшын берген азаматтар да болды деп естиміз.
– Әрине. Ешкім қол ұшын бермеді деуге болмайды. Менің таң қалатыным – қиындықты көп көрдім, сонымен қатар жақсылықты да аз көрген жоқпын. Мысалы, ең үлкен көмек көрсеткен адам – әкемнің інісі Ахмет Жұбанов. Білім алуымызға себеп болған – сол. Біз масыл болмауға тырыстық, әрине. Бірақ ол алдымызда жол көрсетіп тұратын маяк сияқты еді. Ол кездің қиын болғанын айтып жеткізу қиын. Сол ағамыздың өзі үйге келуге қорықты. Жалғыз Ғазиза келеді. Мен 4, ол 1-класта оқиды. «Буфеттен тамақ алып же» деп беретін тиындарын пеналына салып, 10-15 теңге қылып жинап әкеліп маған береді. Бала болса да біздің басымыздағы жағдайды түсінгені. Мені мұғалім болсын деп курсқа жіберген аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Кац деген әйелдің жақсылығын да ұмытпаймын. Ол кезде біз вундеркинд емеспіз ғой, соғыс уақытында шала-шарпы алынған білім. Ауылдағы малымызға қарап, шешемізге көмектесіп, тіршілік кешіп жатқанбыз. Сөйтіп отырғанда, дұрыс жолға салды. Машинамен өзі ауданнан ауылға іздеп келген соң, «мені ұстап әкетуге келген екен» деп ойладым. Сөйтсем, курсқа жіберу үшін келген екен. Курсты бітіргеннен кейін ауылда орыс тілін оқыттым. Ленинградта жүргенде әкемнен немістің сөйлеу тілін үйренгенмін, маман болмағандықтан, неміс тілінен де сабақ беруге тура келді. Кейін Шіліктікөл деген ауылдағы мектепке оқу ісі жөніндегі меңгеруші болдым. Соғыс кезі. Директорымыз ақсақ кісі болатын. Сол жылдары мектеп басшыларын әскери комиссариат жанынан оқытып алатын. Ана кісі ақсақ болған соң, мен барып әскери іс пәні бойынша курстан өттім. Сөйтіп, әскери дайындықты да оқыттым. Әйтеуір, көрмегеніміз жоқ. Ақтөбе училищесін сырттай бітірген соң Алматыға барып Қыздар педагогикалық институтына түстім. Оны 1950 жылы тамамдап, Петропавлға көшіп кеттік. Тағы бір айтпағым – Петропавлдан Алматыға келіп, пойыздан түсіп жатқан бетім еді. «Қазақстан мұғалімінің» редакторы Ақышев деген кісі менің келіп жатқанымды Есеттен естіген бойда, «ойбай, оны жазған мақалаларынан танимын, бізде бір әйел декретке кетіп жатыр еді, орны бос тұр, ертеңнен қалмай тез келсін» деді. Ол кезде Алматыда қазақ мектебінің мұғаліміне жұмыс жоқ. Соны ескеріп, ертеңіне жұмысқа бардым. Кейін педагогикалық ғылымдар институтындағы құрбыларыма барып жүр едім, олардың директоры, Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филолог Ахмеди Ысқақов мені көріп қалып, жасымды сұрады. Шошып кеттім. Үндей алмай қалған соң өзі «жасыңды сұрағаным – бізге аспирантураға бастауыш мектеп әдістемесі бойынша ешкім арыз бермеді, жасың асып кетпесе, оқысаңшы» деді. Сөйтіп, аспирантураға түсіп кеттім. Маған «әліппе» деген тақырып бұйырды. «Мұндай да тақырып бола ма, кезінде Ушинский бәрін зерттеп, айтып болды емес пе» деп ойладым. Басқа тақырып алайын деп едім, «жоқ, бұл бізде жоспарда тұрған тақырып, осыны зерттеуің керек» деді. Содан алғаш жазған әліппемнің қолжазбасы 1992 жылы республика бойынша байқауда жеңіп шықты. Одан кейін Ташкентте өткен Орталық Азия оқулықтарының байқауында менің әліппем тағы жүлде алды. Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін шыққан бұл оқулықта ешқандай саясаттың ықпалы байқалмайтын. Ол тек педагогикалық мақсатты ғана көздеді.
– Анаңыз Раушан әже ешқандай жазығы жоқ өмірлік серігін НКВД-ның түрмеден аман босататынынан ұзақ уақыт үміттеніп жүрген екен. Алайда әділеттілікке сенген адал жардың арманы орындалмады ғой. 1957 жылы «қылмыс құрамы болмағандықтан, ақталды» деген хатты ол кісі қалай қабылдады?
– Раушан анамыз әкемізбен 16 жасында танысып, бірақ бірден қосыла алмайды. Өйткені анамызды әкесі бесікте жатқанда басқа біреумен айттырып қойған екен. Бірақ шешеміз берген жерінен қашып шығып, әкемізге қосылады. Бұл 1919 жыл болатын. Кеңес өкіметі орнап болмаған кез. Біресе ақтар, біресе қызылдар жеңіп, тартысып жатқан уақыт. Сол кезде екеуі Жұрынға барып тұрып, 1919 жылдың соңына қарай қызылдар біржола жеңген кезде ауылға келеді. Бірақ қызылдардың өзі «билердің батасын алып қосылыңдар» депті. Содан билердің шешімінен кейін барып некелесіпті. Анамыз айттырылған қырғыз руына мал төлеп құтылады. Осыдан бастап шешеміз Кеңес өкіметін жан-тәнімен жақсы көрді. Оған қатты сенді. Әкемізді ұстап әкеткенде «бұл қалай» деп түсіне алмай, есінен танып қалғаны содан. Ақталғаннан кейін де «ешқандай жазығы болмаса, неге атып тастаған» деп көкірегі қарс айырылғаны есімде. Бірақ алты баласы бар адамға тіршілік ету керек болды. Қажырлы, мінезі тік, алған бетінен қайтпайтын кісі еді, соның арқасында қиындыққа мойымады. Кезінде Жиенғали Тілепбергенов әкем мен шешем туралы «Сүйіскендер» деген пьеса жазған.
– Ғалымның көп еңбегі ізім-қайым жоғалғанын білеміз. Олар қандай еңбектер?
– Жоғалып кеткен еңбектерінің тізімі бар. Ғалым Рәбиға Сыздықова 1965 жылы әкеміздің бір мерейтойында баяндама жасады. Сонда жоғалған еңбектердің тізімін айтып, «анау қайда, мынау қайда?» деп санамалап шығып, залға сауал тастады. Шындығында, НКВД бұл қолжазбаларды 40-жылдары «ғылыми мақсатқа пайдалансын» деп құпия жағдайда таратып берген. Оны Мұхтар Әуезов Ахмет ағамызға келіп айтты. «Бір Құдайбергеннің еңбегін көшіріп алып, төрт адам докторлық, сегіз адам кандидаттық жұмыс қорғады» дегенін құлағым шалып қалды. «Аға, не дейді?» деп едім, «жұмысың болмасын, босқа жатқанша еңбектің пайдаланылғаны жақсы ғой» деді. Ол жылдары бұлай демеске амал да қалмаған шығар. Әкеміздің әлі ақталмаған кезі ғой. Сол жылдары мен оларды қалай табам деп ойлағанмын. Бұған адамның өмірі жетпейді екен. Дегенмен кейінгі ғалымдардың еңбектерінен әкемнің айтқан ойларын көремін. Бірақ оларды қаралап қайтейін? Таратып берген соң иесіз қолжазбаны кім пайдаланбайды? Олардың жазығы да жоқ шығар. Бірақ осыны білген Рәбиға Сыздықова 1965 жылы жұрт алдына шығып, әдейі сұрақ қойды. Сол кезде Ахмет Жұбанов залдан көтеріліп, «бұл еңбектерді НКВД өртеп жіберді» деп жауап қайтарды. Сөйтті де, маған қарады. Менің Әуезовтің айтқанын естіп қалғанымды біледі ғой. Ахмет ағам көпке дейін «осыны айтып, бұлар бірдеңе бүлдіре ме» деп қауіптеніп жүрді. Ал Рәбиғаның қолындағы тізім министрліктерден алынған болатын. Әкем КСРО Ғылым академиясының қазақстандық филиалында жұмыс істеп жүрген кезінде көп жұмысты Кеңес өкіметінің жоспарына сай жазды ғой.
– Жұбанов мұрасы айтарлықтай зерттелді. Оның көпқырлы тұлғасы мен алуан салалы ғылыми шығармашылығына қатысты есепсіз жұмыстар жазылып жатыр. Дегенмен де ғалым мұрасын тануда енді қандай мәселелерге көңіл бөлу қажет деп ойлайсыз?
– Бала кезінде-ақ ауылдағы Оспан ишаннан шығыс тілдерін үйренген әкеміз «мені тілге құмарттырған сол кісі» деуші еді. Ол батыс тілдерін Темірде, Ақтөбеде жұмыс істеп жүрген кезде ақша төлеп, оқып үйренген. Кейін Ленинградта шығыс тілдері университетін экстерн ретінде тамамдады. Айтайын дегенім – ешкім әлі Жұбановтың салыстырмалы палеонтологиялық әдісімен тілді зерттеп жатқан жоқ. Қазақ тілі ғалымдарының кейінгі буынының өзі енді-енді шығыс пен батыс тілдерін үйреніп жатыр. Әкемнің заманында да одан басқа көп тіл білетін зерттеуші болған жоқ. Мен ол кісінің педагогикалық еңбектерін зерттедім. «Құдайберген Жұбанов және ұлттық дидактика мәселелері хақында» деген еңбегім бар. Қазір де тағы бір тақырыптарды жазып жүрмін, бірақ білмеймін, қаншаға шамам жететінін.
– Ғалымның сүйегі табылды ма?
– Алматы облысы, Талғар ауданының Жаңалық ауылында жатыр деп есептелінеді ғой. 90-жылдары біреулер жер сатып алып, үй салмақшы болады. Сөйтсе, жер астынан адам қаңқалары шығады. Есепсіз сүйекті көріп шошынған тұрғындар қазылған жерлерді қайта көміп тастайды. Бірақ кейін бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың құлағына шалынып, ол кісінің бастамасымен мұрағат ақтарылды. Осы жерде қуғын-сүргін құрбандары атылғаны анықталып, ескерткіш тұрғызылды. Мен Елбасына алғыс хат жаздым. Оның осы жақсылығын ешқашан ұмытпаймын.
– Ғалымның туған жері Ақтөбеде Қ.Жұбанов атындағы университет екіге бөлінгеннен кейін ғалымның аты бір оқу орнында, ескерткіші екіншісінде қалды. Оқу орнының басшылығы бұл жөнінде сіздермен алдын ала ақылдасты ма?
– Біздің бұл іске ешқандай да қатысымыз болған жоқ. Бірақ ескерткішті де көшіретін болыпты дегенде қарсы тұрдық. Ғалымның есімін ең әуелі жаңғыртқан университет басшылығы болатын. Мен солардың тапсырысымен еңбектер жазып тұрдым. Сондықтан оның ғалымның атында болғанын қаладық, ал ескерткіш өз орнында, яғни педагогикалық институтта тұра берсін дедік. Оқу орнын бөлудің қажеті де жоқ еді, әрине. Біздің халықтың жаман жері – бір-бірін көре алмайтыны. Әлі күнге дейін осы екі оқу орны арасында талас-тартыс жалғасып келе жатыр. Осындай жағдай ғой талантты құртатын. «Қазақтың жұмағына күзетші қажет емес, олар бірін-бірі кеудесінен итеріп, өздері-ақ онда ешкімді кіргізбейді» деген анекдот та бар емес пе? «Байтұрсынов – бағзы заманның, Жұбанов – кеңес дәуірінің ғалымы» деген қате түсінік те осындай орынсыз пайымдаудан туған. Ол екеуі де – қазақтың тіл білімін қалыптастырған ғалымдар. Байтұрсыновтың Жұбановқа, Жұбановтың кейінгілерге ықпал етуі заңдылық қой. Ал біздің кейбір ғалымдарымыз оларды бөліп-жарып, бірін-бірінен жөнсіз артық санап жүр. Менің есімде, бірде біздің үйге Ахмет Байтұрсынұлы келді. Есікті ашқанымда біреу қазақы шапан-етік, басына тымақ киіп келіп тұр. Әкеміз үйде болмаған соң отырмай кетіп қалды. Жалпы, олар жақсы қарым-қатынаста болды. Біреуі заманына қарай тілдің практикалық жағымен айналысса, біреуі ғылымның теориясын қалыптастырды.
– Ұлты үшін жанын қиып кете барған қуғын-сүргін құрбандарының тағылымы Тәуелсіздік кезеңінде туған бүгінгі ұрпақ санасынан өшірілмейді деген сенімдемін. Әңгімеңізге рақмет.
– Тарихтың өз жолы бар. Қиянат пен әділеттілікті біздің тарихтың жолы деп қабылдаймын. Мәңгі жасайтын ешкім жоқ, сондықтан мен осы тағдырыма ризамын, қарақтарым!
...Қайран әке, ақ екенсің, қуандық –
Талай жылдар қайғы-мұңмен қуардық.
Адамдарды дәл осылай қорлаған,
Қайдан келді елге мұндай қуаңдық?
Қайдан табам сендей, әке, жанды енді,
Дәл осындай неден ауыр хал келді?
Қайран әкем, нардың жүгін көтерген,
Қай жендеттің қолынан сен жан бердің?
Қайда жатыр сенің асыл сүйегің?
Топырағыңды қайдан тауып сүйемін?
Сай-саланы түгел шарлап шығар ем,
Естілсе егер құлағыма киелі үн...
М.Жұбанова,
«Әкені еске алу» поэмасынан үзінді