Жастардың дұрыс мамандықты таңдауына деген көзқарас тым жетімсіреп барады

Жастардың дұрыс мамандықты таңдауына деген көзқарас  тым жетімсіреп барады

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ, EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының бас директоры:

– Ғани Бектайұлы, сіз басқарып отырған орталықтың Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындаумен айналысаты­нын білеміз. Биылғы оқу жылының басында депутаттар жасөспірімдер арасындағы суицид, яғни өзіне-өзі қол жұмсау оқиғаларының басты себеп­терінің бірі ретінде мектеп түлектерін ұлттық бірыңғай тест сынақтарынан өткізу науқанын атады. Осы тұрғыда сіздің пікіріңіз қандай?
– Биыл тоғызыншы рет өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің жалпы еліміз­де өзінің әділ бағасын алар уақыты келді. Себебі ҰБТ-ның құбыжық немесе баланың ермегі емес, өркениетті мемлекеттерде қол­данылып жүрген азаматтардың білім деңгейін анықтауға бағытталған жаңа заманауи жүйе екендігін көзі ашық ел түсініп отыр. Егер де Қазақстан Респуб­ликасының бәсекеге қабілетті   30 елдің қатарына қосылуға ұмтылысын ескеретін болсақ, бұл – соған бастар негізгі жолдар­дың бірі. Екіншіден, ұлттық бірыңғай тест  –  мемлекеттік  емтиханның жаңа бір түрі ғана. Ал  емтихан дегеніңіз – адамның бел­гілі уақыт бойында алған білімін тексеру немесе байқау.  Әрбір адам кез келген жаста кез келген тексеруден, яғни емтихан­нан қорқатынын ескерсек, ҰБТ-ға байла­нысты оқушының да, ата-ананың да абыр­жу мен қобалжу, толғанысын түсінуге болады. Ал енді суицидке қатысты  Тең құқық пен тең мүмкіндіктер институтының жуырда жүргізген зерттеулер қорытын­дыларына жүгінген жөн шығар. Онда жастардың өзіне-өзі қол жұмсауына (суицид) ең басты себеп ретінде бала мен ата-ана арасындағы түсініспеушілікті, ата-ана тарапынан мейірімнің аздығын атап  көрсеткен. Екінші орында бөгде адамдар мен замандастары тарапынан көрген зорлық-зомбылық аталған. Жастарды суицидке итермелейтін себептердің қата­рында ұстаздар мен мектептің әсері бесінші орынды иеленген. Ойланатын жағдай. Ал  ҰБТ суицид себептері қатарын­да атал­маған.
– Сонда сіздің айтпағыңыз, ҰБТ-ның бұл жерде еш қатысы жоқ қой?
– Соңғы кездері әлем психологтары суицидке адам баласы жатырда жетіле бастағаннан-ақ бой алдыру себептерінің болатындығын анықтаған. Мамандардың айтуынша, ондай топқа күтпеген жүктілік­тен дүниеге келген нәрестелер жатқызы­лады. Демек, суицид ғайыптан немесе аяқасты  болатын кесел емес, керісінше, ана сүтінен бастау алуы мүмкін дерт екен­дігін білген дұрыс. «Бесігіңді түзе», «баланы жастан... » дейтін ұғым бекер қалыптаспаса керек. Осыдан 10-15 жыл бұрын қанша жоғары оқу орны мен мектеп болса, сонша оқу орны өз бетінше емтихандар жүргізіп жататын. Ал сол мектептер мен жоғары білім беру орындарында болып жататын сансыз келеңсіздікті  құлақ естіп, көз көргені де жасырын емес. Жалпы, ұлттық мәселе ретінде көтерілмегендіктен, ондағы әділет­сіздіктер мен келеңсіз жағдайлар жария болмай келді. Мемлекетіміздің Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары аттестат, алтын медаль, диплом дегенді оп-оңай сатып алуға болатындай деңгейге жеткенімізді қалай жасырасың?! Ал 90-жылдары жо­ғары оқу орнына түсу үшін білім  емес, бір соғым мен профессор туысың болса, жеткілікті болатын. Бұл дерттен қазір құтылғанмен, өкінішке қарай, кезіндегі бұлтартпас шындықтың бірі еді ғой. Бұл бір деңіз. Екіншіден, ҰБТ-ның біздің кем­шіліктерімізді көрсетіп бергені үшін «ҰБТ болғалы бері білім деңгейіміз төмен түсіп кетті» деу дәрігер келіп, дертіңді анықтап бергені үшін «дәрігер келгеннен кейін сырқаттанып қалдым» деген сөзбен бірдей болады. Сонда біз  диагноз арқылы сырқа­тымызды дөп басып анықтап  берген дәрігерді неге айыптауымыз керек?! Одан да айығудың жолын іздестірген абзал емес пе?! ҰБТ – отандық білім жүйесіндегі  сапа­ның қызуын (температурасын) дәл анықтап беріп отырған, бүгінде жаман да болса, жалғыз құрал. Үшіншіден,  қазір қай мек­тепте, қай аудан, облыста білімнің  қай деңгейде беріліп жатқандығы  жаппай халықтың көз алдында. Осының әсері болса керек, енді министрлік те өз қате­ліктерін мойындап, оңтайлы өзгерістерге бет бұра бастады.  Әлбетте, көпшіліктің көз алдында болғандықтан, әртүрлі пікір қалыптасуы да – заңдылық. Дегенмен біз қандай шешім қабылдасақ та, бұл жерде, ең бастысы, бала тағдыры тұрғандығын ұмытпауымыз керек. Осы орайда айта кететін тағы бір жағдай бар. Бұл – көптеген ата-ананың бала  тәр­биесінен тыс қалуы  немесе жеткіліксіз  мән беруінен туындаған жағдаяттар. Көпшілік ата-ананың өз мін­деттерін жеткіліксіз білуі  қаншама жасты дұрыс бағыт-бағдарынан тайдырып жатыр. Бұған бірден-бір шара ретінде жедел түрде жаңадан отау құруға талпынған жұптарды отбасы өміріне алдын ала даярлайтын ата-аналар институты құрылуы керек. Мұндай институттардың АХАЖ жанынан құрылғаны тиімді.
– Бағыт-бағдар демекші, Елба­сымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «мемлекеттің басты міндеті – халық үшін шешім шығару емес, өскелең ұр­паққа құндылықтардың жаңа жүйесіне бейімделуге және мем­лекеттің даму сатысымен бірге болашағын қалып­тастыруға жол ашу» деген еді. Демек, мемлекеттің басты міндеті әрбір адам­ға бағыт-бағдар көрсетіп, адам ресурсын дамыту ғой?
– Ойың орынды. Бүгінгі заманда мем­ле­кетіміздің  адами ресурстарды дамыту мен оны тиімді пайдалануға байланысты жобаларға қызығушылық білдіруі әлі де болса әлсіз болып отыр. Керісінше,  техника мен технологияға  т.б. өндірістік  жобаларға қатты көңіл бөлінуде. Бірақ онымен жұмыс істейтін, яғни басқаратын адам екендігі рас қой?! Адами потенциалсыз оның  бос күш екендігін барлығы жақсы түсінеді. Назар­баев университетіндегі жастармен кез­десуінде сөйлеген  сөзінде Елбасының да бұл мәселенің маңыздылығына аса мән бергендігін білеміз. Расында, мемлекеттің де, елдің де тілегі бір: еліміздің болашағы – жастардың дамуына толық мүмкіндік жа­сау, яғни олардың барлығы бүгінгі жас­тардың бақытты да, бай болуын қалайды. Жастар да мақсатына жетіп, бақытты бол­ғанын армандайды. Ендеше, неге бүгінге дейін орта мектепте оқыған бала да,  колледж немесе жоғары оқу орнын тамамдаған жас та тамағын тауып жейтін­дей кәсіпке ілікпей отыр? Демек, қазіргі білім жүйесі жастардың қажеттілігін жеткілікті деңгейде қанағаттандыра алмай отыр деуге келе ме? Олай болса, бүгінгі таңда жұмыс орнын ашумен  қатар, құзы­реттілігі жоғары кәсіби мамандар даяр­лауға  Үкімет баса назар аударуы қажет сияқты. Мұны өзгертудің, оңтайлан­дыру­дың қандай тетіктері бар және сол тетіктерді еліміздің ерекшелігіне сай қалай іске қосуға болады деген мәселені шешуде Үкімет бүкіл қоғаммен бірлессе, игі болар еді. Дәлірек айтқанда, елдегі мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдардың бел­сенділігін арттыру қажет. Бұл – біздің елі­міздегі түйіні әлі де болса толыққанды шешіліп, бір жүйеге түспей тұрған ең маңызды  сұрақтардың бірі. Осы бағытта өз үлесімізді қосу үшін біздің орталық халықаралық білім беру ұйымы ретінде «Кәсіби бағдар. Мамандық таңдау» автоматтандырылған жүйесін даярлады.
– Осы жаңа жүйе, бағдарлама жө­нінде айта кетсеңіз. Сіздің ойыңызша, мұны мектеп түлектеріне мамандық таңдауда бағыт-бағдар көрсететін тетік деп атауға бола ма?
– Адам өмірде екі таңдаудан жаңыл­мауы тиіс. Біріншісі – мамандық, екіншісі – өмірлік сүйген жар. Ал қазіргі жастар мамандықты қалай таңдайды? Ата-ана­сының кеңесі, теледидардан көрген жарнама  немесе тамыр-таныстың айтуы бойынша таңдай салады. Тіпті болмаса оқу ақысы қай жерде арзан, сонда немесе «кейін осы мамандықты бітірсем, ақшаның астында қалармын-ау» деген жалған оймен оқуға барады. Тіпті мамандық таң­даудың маңыздылығынан хабарсыз жандар қаншама. Біздің білікті маман­дарымыздың жылдар бойғы зерттеулерінің нәтижелері осы бағдар­ламаны дүниеге келтірді. Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – кәсіби диагностика. Бала­ның типтік тұлғасы, кәсіби білім-біліктілігі анықталады. Диагностика нәтижесінде  жоғары сынып оқушылары­ның жауап­тарына терең талдау жасалып, болашақ  мамандығы анықталып, қай пәнді таңдау керектігі жөнінде бағыт-бағдар көрсетіледі. Бағдарлама аясында мектеп психолог­тарына оқушыларға мамандық таңдауда кәсіби кеңес беру жол­дарын көрсету сияқ­ты маңызды мәселе­лерге дейін қамтылған.
– Ғани аға, осы бағдарлама аясында нақты атқарылған жұмыстар бар ма?
– Жауаппен шектелмедік, әр баланың өз таңдауын жасауына нақты көмек бердік. Мәселен, диагностиканы екі аймақта жүргіздік. Алматы қаласының 8500 және Маңғыстау өңірінің 17 000 жоғары сынып оқушысы алғашқылардың қатарында бұл жүйені пайдаланып үлгерді. Алдымен қарапайым сауалнама арқылы балалардың қай бағытты өздері қалайтындығы анық­талды. Нәтиже екі өңірде де 76% оқушы­ның өз таңдауын жасамағанын аңғартты. Екіншіден, таңдауын жасаған 24% оқу­шылар арасында бірінші кезекте алматы­лықтар – гуманитарлық, маңғыс­таулық­тардың медициналық  маман­дықтарды қалайтындығы көрінді. Ең қы­зығы,  кәсіби диагностика нәтижесі бала­­лар­­дың қабі­летін тексере келе, мүлдем бөлек қоры­тынды көрсетті. Мәселен, Алматы жастары­ның кәсіпкерлік типке, ал маңғыстаулық жастардың реа­листік типке жататыны анықталса, Алматы жастарының көпші­лігінің экономикалық бағытқа бейімдігі (яғни бұл – география пәні), маңғыстаулық жастардың техни­калық мамандықтарға қабілеттілігі басым­дық көрсетті. Демек, мектеп қабыр­ғасын­дағы кәсіби бағдар бағдарламасының ауадай қажеттігі тайға таңба басқандай көрініп отыр. Біздің келесі қадамымыз: диагностика қорытындылары бойынша баланың соңғы шешім қабыл­дауына мүмкіндік жасау  үшін олардың қабі­лет­теріне сай маман­дықтармен  таныс­тыру­ды жоспарладық. Осы бағытта жаңа фор­маттағы тұңғыш рет мамандық таңдау фестивалі ұйымдас­тырылды. Мына қызық­қа қараңыз, әуелде өз таңдауы – меди­цинаны белгілеген оқушыға диагностика нәтижесі оның техникалық мамандықтарға қабілеттілігін анықтап береді. Оған қарамастан, бала медициналық маман­дықтармен танысуды ұйғарады. Артынан ақ халат киген мамандармен жүздесуден кейін бала  медицина мамандықтарынан бас тартып, диагностика нәтижесіне арқа сүйейді. Сөйтіп, бала өмірлік қателіктен аман қалып, диагностикаға өзінің риза­шылығын білдірді. Бұл – бір ғана мысал. Диагнос­тиканың нәтижесіне ризашылығын білдіріп жатқан жастар саны мыңдап саналатынын айта кеткен жөн. Мамандықты дұрыс таңдаудың адамның денсаулығына да жақсы әсері бар. Оның үстіне жұмыссыздар мен қылмыскерлер қатары­ның кемуіне ықпал ететіндігін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр.
– Сіз мамандық таңдаудың адам өміріндегі пайдалы жақтарын айтып отырсыз. Демек, бұл бағдарламаның мемлекетке де тигізер пайдасы жетерлік дейсіз ғой...
– Соңғы кездегі Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне қарағанда, жоғары оқу орнын бітірген түлектердің 50 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Сонда қалған 50 пайызы ғана диплом бойынша қызмет атқарады. Ал бұл дегеніңіз ата-ана мен мемлекеттің грантқа бөліп жатқан қаражатының 50 пайызы желге ұшады дегенді меңзейді. Демек, ата-ананың баланы оқытуға жұм­саған ақшасын былай қойған кезде, Үкіметтен грантқа бөлінетін шамамен 47  млрд теңгенің 50 пайызы нағыз өз пай­даланушысын,  өкінішке қарай, таба алмай жатыр деген сөз. Олай болса, 50 пайыз студенттің  уақыты мен күші босқа кетті де­сек, Үкіметтің жұмсаған қаржы шығынының тиімділігі екі есеге кеміген болып шықпай ма?!
– Оқу жылы ортасына таяғанда жоғары оқу орындары оқушыларға арнап ашық есік күндерін өткізеді. Мұндай дағдының мамандық таңдауға тигізіп жатқан үлесі бар деп есептейсіз бе?
– Өте орынды сұрақ. Неге десеңіз, бұл  қоғамда ең өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жастар болашақ маман­дығымен қатар, жоғары оқу орнын да  дұрыс таңдауы қажет. Қазіргі таңда, өкініш­ке қарай, еліміздің жоғары оқу орын­дарында мектеп бітірушілерге бағытталған кәсіби бағдар жүргізу жұмыстары  дамы­маған. Сол байырғы кеңес өкіметінен қал­ған құрғақ жарнама ғана. Оның өзінде «бізде керемет ғимарат бар, бізде атақты әншілер мен спортшылар оқиды, бізде интерактивті тақта бар» деген сияқты жарнамамен шектеледі. Мұның кімге қажеті бар?! Кімге пайда әкеледі?! Жас­тардың ойын екіге бөліп, дұрыс таңдау жасауда жолынан адастырғаннан басқа еш нәтиже көріп отырған жоқпыз. Жоғары оқу орнының негізгі мақсаты: көбірек студент жинап алса, болды. Ал ертең ол бала қалай оқиды – онда шаруасы жоқ.
– Жоғары оқу орындары демекші, қазіргі таңда көптеген университеттің қарамағында ҰБТ-ға даярлайтын арнайы курстар бар. Мамандық таңдау мәселесіне мұндай курстар қалай әсер етіп жатыр?
– Бұл да жарнаманың бір түрі деп айтуға болады. Себебі жоғары оқу орын­дары ашып отырған курстар сол универ­ситет қабырғасына оқуға түсушілердің қатарын көбейту үшін ғана жұмыс істейді. Бір сөзбен айтқанда, жастардың дұрыс мамандықты таңдауына деген көзқарас тым жетімсіреп барады. Мектеп білім берумен айналысып баққанмен, баланы өмірге бейімдемейді, жоғары оқу орны диплом бергенмен, барша студенттің мықты маман болуына жауапкершілік ал­май­ды, ал жұмыс берушілер білікті маман­ға зәру бола тұра, оларды дайын­дауға атсалысу туралы ойламайды. Сонда бүгінгі жастарға кім қамқорлық жасамақ? Сол себепті біз республикалық кәсіби бағдар беру орталығын құру қажеттігі туралы мәселені көтеріп отырмыз.
– Әңгімеңізге көп рақмет. 

Алашқа айтар датым...
Біздің ата-бабаларымыз әрдайым жастарды кәсіпке үйреткен. «Кәсіп болмай, нәсіп болмайды» дейді халық даналығы. Ал оған баланы жастайынан баули отырып, табыс таба білу мәселесіне көп көңіл бөлген. Жаңа замандағы ата-аналардың баланы кәсіпке үйреткеннен гөрі, оңай тамақ тауып беруге үйрететіні қынжылтады. Перзентіне үй мен көлік алып беруге асығатын ата-аналар мүлік емес, баласына білім алып беруге асықса екен. Сондай-ақ баласының белінен басып, бетін қайтарып, өз арманын орындауға емес, баланың қабілетін аңғаруға ұмтылса, игі болар еді. Кез келген ата-ана баласының кәсібі көркейіп, өсіп, өнуі үшін демеу жасауы қажет деп есептеймін.

Оқшау сөз
Ұлттық бірыңғай тестілеу – мемлекеттік емтиханның жаңа заманауи түрі. Оған дайындық бұрынғы ескі жүйеден өзгеше, жаңаша болуы ықтимал. Жеке репетиторлар мен жоғары оқу орындарындағы дайындық курстары бұған әлі дайын емес. Кез келген жас ҰБТ-дан жоғары балл алғысы келеді, жақсы оқу орнына түскісі келеді, бақытты, баянды, бай болғысы келеді. Ал репетиторлар мен курстардың оған дайындығы қандай? Жалпы, біздің барлығымыздың тілегіміз жалғыз ғана ҰБТ-дан жоғары баға алу болмауы тиіс. Себебі өмірдің өзі емтиханнан тұрады. Ол емтихан қайда барсаң, күнде алдыңнан шығады. Мысалы, емтиханнан алатын «2», «5» деген бағаларды өмірмен байланыстырып көрелік. Мәселен, жұмысқа орналасу. Сіз жұмыс сұрап келген мекеме  сізді табан астында жұмысқа қабылдаса – «5», «жұмысқа сынақ мерзімімен қабылдаса»  – «4», түйіндемеңізді қалдырыңыз, кейін өзіміз хабарласамыз десе, «3» деген баға алғанмен пара-пар. Ал егер «бізде орын жоқ, кете беріңіз» деген жауап естісеңіз, емтиханнан сүрініп, «2» деген баға алдыңыз дей бер. Тіпті енеге ұнау, жарыңа ұнау, балаңа ұнау тағысын тағы, бұлардың барлығы да – емтихан. Демек, өміріндегі алғаш көрген емтиханына дұрыс дайындалып, дұрыс тапсыра білген бала өмірдің барлық емтиханынан сүрінбей өте алады деген сөз...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста