Хакім мұрасына баладан бастап, атаға дейін бет бұрса...

Хакім мұрасына баладан бастап, атаға дейін бет бұрса...

Жандос ӘУБӘКІР, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайының директоры:

– Жандос Мағазбекұлы, биыл ұлы Абайдың туғанына 165 жыл, ал мұражайдың құрылғанына 70 жыл толып отыр. Киелі қара шаңыраққа өзіңіз директор болып келгелі де алты ай өтіпті. Осы аралықта қандай іс-шаралар өткіздіңіздер?
– Уақыт шіркін жылдам ғой. Алты ай алты күндей болып өте шыққанын да енді ғана аңғарғандаймыз. Бұл аралық жаңа ұжымға келген мен үшін аз да, көп те уақыт емес. Қалыптасып та, басты-басты жұмыстардың басын қайыруға да жетерлік мерзім.
Әрбір атқарылар істің нәтижелі болуы жүйелілігінде, жоспарлылығында ғой. Ең алдымен қасиетті қара шаңырақ жұмысының жандануы мен болашақ өсіп-өркендеуі бағытында мұражайдың жаңа заман талаптарына сай, өзіндік ішкі тарау, бағыттары бар «2010-2014 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын» жасадық. Тұжырымдама қорық-мұражайдың алдағы уақытта іске асырылып, дамыта беретін ғылыми-зерттеу, қор жинақтау, музейлендіру мен тақырыптық-экспозициялық жоспарлар құру мен насихат жұмыстарын қамтиды.
Енді өткен жарты жылдықта нендей жұмыстар атқарылды дегенге келсек, алдымен Абай мұрасы, оның әдеби айналасы туралы насихат жұмыстарын атасақ: «Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ», «Білектей арқасында өрген бұрым» өлеңдері бойынша әдеби танымдық кештер, Б.Ердембековтің «Абайдың әдеби ортасы» кітабының тұсаукесері, «Абайдың әншісі – Әлмағамбет», «Абай және тоғызқұмалақ, дойбы ойындары», «Алаштың Мұстафасы» (М.Шоқайдың 120 жылдығына орай) және Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен кездесу сияқты тағы да басқа шаралар әдебиетші-ғалымдардың, ақын-жазушылардың, Семей қаласының зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен өткізілді.
Мұражай қызметінің негізгі бағытының бірі – көрмелер ұйымдастыру. Биыл көлемі, мазмұнымен ерекшеленген Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің музейінде 14 мамыр – 14 маусым аралығында өткен көрме «Ұлы тұлғалар бесігі» деп аталды. Көрме экспозициясы қазақ халқының ұлы перзенттері Абай, Шәкәрім, Мұхтар әлемін ашатын сирек басылымдар, архив деректері, құжаттар, фотосуреттер, этнографиялық заттармен таныстырды. Көрмені барлығы 1869 адам тамашалапты. Сонымен бірге «Гений казахов Абай и татары», «Абай ұрпақтары – майдан шебінде» атты жылжымалы көрмелер, Риддер қаласындағы Семей күндеріне арналған «Абай, Шәкәрім, Мұхтар әлемінен» көрмелері және де мерейлі күндерге қатысты кітап көрмелері ұйымдастырылды.
18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түні» акциясы, балаларды қорғау күнінде «Ашық есік күні» өткізілді. Қалалық «Абай оқулары» да қара шаңырақта ұйымдастырылды.
Қорық-мұражайдың ғылыми-зерттеу бағытына сәйкес, музей жәдігерлеріне ғылыми төлқұжаттандыру жұмысын жасау жалғастырылды. Атап айтсақ, музейде жиналған экспонаттарға ғылыми төлқұжаттар жазу жұмысы басталып, бейнелеу өнері туындыларының кескіндеме-графика түрлері компьютерге енгізілді. Жидебайдағы Абайдың мұражай-үйіндегі, Шәкәрімнің «Саят қора» экспозициясындағы жәдігерлерге инвентаризация жүргізілді.
Ғылыми-зерттеу жұмысының бір бағыты – баспа жұмысы. 2010 жылы Абайдың 1890 жылғы өлеңдеріне 120 жыл толады. 1890 жылы жазылған ақын шығармалары негізінде «Сүйер ұлың болса...» таңдамалы өлеңдер жинағы дайындалды. Өлеңдерге екі тілде түсініктемелер берілді. Қордағы Абай туралы естеліктерден тұратын кітапты да жақын арада баспадан шығарамыз деген жоспарымыз бар.
«Абай музейінің жәдігерлері» атты топтаманың алғашқы кітабы, мұражайдың «Ахмет Риза мешіт-медресесі», «Көкбай Жанатайұлының мешіт-медресесі», «Шәкір Әбенұлының мұражай-үйі», «Шәкәрімнің Саят қорасы» бөлімдері бойынша жолтанытқыш буклеттері әзірленді.
Қорық-мұражай экспозициялары Абай өмірі мен шығармашылығын және оның ақындық өнерімен көрермендерді таныстыруда қызметін жалғастырып келеді. Биылғы жылы мұражайға республикамыздың түкпір-түкпірінен ғана емес, әлемнің дамыған елдерінен де арнайы көруге келген қонақтар көптеп саналуда.
2010 жылдың 7 маусымында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі К.Қ.Мәсімов Семейдегі бас мұражайда болды. Үкімет басшысы «Абай дәуірі», «Абайдың шығармашылығы», «Жаз» бөлімдерімен танысып, «Алаш арыстары» экспозициясын аралап, Алаш қайраткерлерінің мемлекеттік, қоғамдық, саяси қызметтерін көрсететін материалдар, фотосуреттер, архив деректеріне қызығушылық танытты.
Мұражайдың мәртебелі қонағы «Зерде» кітабына қолтаңба қалдырып, ізгі ниетін білдіре келе, ұжымға А.Байтұрсыновтың 1929 жылғы қолжазба өмірбаянын сыйға тартты.
Қысқаша қайырсақ, әзірге осындай іс-шаралар өткізгендей болдық.
– Ұлы хакімнің туған күнін Алматы, жалпы, оңтүстік жұрты тамыздың 10-ы, ал астаналық ағайындар 23-і деп, екі бөліп атап өтіп жатады. Қайсысы дұрыс?
– Бұл ретте алматылықтар не астаналықтар деп бөлуге келмес. Ұлы ақынның туған күнін екіге бөліп тойлаудың өзі толғағы жеткен бұл мәселеге нақты шешімнің жоқтығын айғақтайтындай. Аталған мәселе баспасөз бетінде талай рет айтылды да, жазылды да. Заманында Қайым Мұхаметханұлының «Ұлы ақынның дүниеге келген және баз кешкен күндері қашаннан, қалай аталып келеді?», «Ақынның дүниеге келген күні», «Бәріміздің Абайымыз», сонымен қатар Абай мұражайын қаншама жыл басқарған Төкен Ибрагимовтың «Абайдың туған күні 23 тамызда атап өтілуі керек», белгілі әдебиетші-ғалым Арап Еспенбетовтің «Абайдың туған күнін шатастырмайық», танымал қаламгер Д.Сейсенұлының «Хакім ақын қай күні туған?» сынды мақалаларында ұлы Абайдың туған күні туралы дәлелді пікірлерін берген болатын. Семей жұртшылығы, Абай қарашаңырағы ұлы ақынның туған күнін 23 тамызда тойламақ.
– Яғни сіздер 23-і күні Абайдың 165 жылдығын атап өтесіздер ғой...
– Иә, Семей қаласы бойынша ұлы ақынның 165 жылдығы 23 тамыз күні тойланбақ. Мерекелік шаралар бұл күні Абай, Шәкәрім және Мұхтар Әуезов ескерткіштеріне гүл шоқтарын қоюдан басталады. Осы күні «Сүйер ұлың болса...» атты әдеби-танымдық кеш өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал 16 тамыз күнінен бастап «Е.М.Сидоркин туындыларындағы Абай әлемі» атты ұлы ақынға арналған, «Абай жолы» бойынша салынған Сидоркин еңбектері жинақталған көрмеміз жұмыс істейді.
– Жалпы, Абай шығармаларын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін жатқа соғатын деңгейге қалай жетеміз?
– Бұл ретте орта жастан жоғары буын өкілдері сана-сезімі мен түйсігіне қарай өздері хакім мұрасына бет бұрса дей келе, басты бағытты мектеп табалдырығын аттаған жас баладан бастап, барлық жастарға насихат жұмыстарын жүргізуіміз қажет екендігін айтқан дұрыс болар. Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдері алыптар мен арыстардың жалғасы, артына мол әдеби мұра қалдырған ардақты ұстаз Кәмен Оразалин сияқты әр балаға Абайды жаттауды міндеттеп қойса, жаттамаған оқушы, студентке тиісті бағасын қойса үлкен нәтиже берер еді. Сонымен қатар Абай мұраларын насихаттау, жаттату бағытында сынып, мектеп, аудан, қала, облыс және республикалық дәрежеге дейінгі дәстүрлі «Абай оқуларының» атқарып келе жатқан зор еңбегін тек ризашылықпен айтамыз.
– Жандос Мағазбекұлы, абайтану пәні оқытылғаны дұрыс па? Әдебиетші ретінде пікіріңізді білсек...
– Оқытылғаны дұрыс қана емес, өте қажет. Мектептермен қатар, орта және жоғары оқу орындарында абайтану пәні жүруі керек. Мысалы, Шәкәрім атындағы Семей университетінің ректоры, ұлтжанды азамат Ерлан Бәтташұлының бастамасымен барлық мамандықтарда шәкәрімтану пәні жүреді. Сол сияқты Абай есімін иеленген оқу орындары өз алдына, өзге де институттар мен университеттер абайтану пәніне назар аударуы қажет болар.
– Абайтану алға жылжып келе ме, әлде Мұхтар атамыздан кейін бұл үрдісте баяулаушылық, бір-біріне ұқсастық басым ба?
– Абайтанудағы Мұхтар Әуезовтің ұшан-теңіз еңбегі барлығымыздың ұстанар басты темірқазығымыз. Ғұлама ғалымның замана кесірінен, қоғам, уақыт, кеңестік жүйе талабы бойынша айта алмаған жайлары бүгінгі таңда зерттеу нысанасына айналып отыр. Бұл ретте қайталаушылық емес, дамытушылық сипаттардың көптігін көре аламыз. Әйтсе де: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін, сыртым сау болса да, ішім өліп қалған. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем қуана алмаймын..», – деп қарасөзінде айтқанындай, «Мен бір жұмбақ адаммын...» деген ақынның жұмбақтары да, абайтанудың ашылмаған қырлары да баршылық қой әлі.
– Абай шығармаларын бүгінге жеткізген Мүрсейіт Бікеұлын көпшілік біле бермейді. Осы кісі туралы айтып берсеңіз...
– Абайдың 1909 жылғы тұңғыш шығармалар жинағының шығуына елеулі еңбек сіңірген, ұлы ақын өлеңдерін маржандай жазуымен көшіріп, қолжазбаға түсірген, заманында ұлы ақынның «Әдеби хатшысы» атанған Мүрсейіт Бікіұлының (Біке емес – Бікі) еңбегі өлшеусіз.
Ол туралы айтсақ, Абай Тобықты еліндегі бірден-бір сауатты, орысша білетін, арабшаға жетік, хұсни (көркем жазу) жазудың шебері ретінде танымал болған Мүрсейітті таңдап алып, оған зор сенім білдіріп, өз өлеңдерін көшіріп жазуды аманат еткен. Абай өлеңдері кітап болып басылғанға дейін Мүрсейіттің көшіріп жазуымен елге, одан Шыңғыстаудан асып, алыс-жақын жұртқа тараған. Мүрсейіт туралы Абай ауданының мәдениет қызметкері, әдебиетші Әсет Медеуханұлы Мырзақасымның құрастыруымен жарық көрген «Абайдың әдеби хатшысы» атты кітаптан Мүрсейіт туралы мол мәлімет ала аласыздар.
– Абай туындыларын насихаттаудың заманауи, өзге технологиясын жасай аламыз ба? Мысалы, деректі фильмдер, клиптер, мультфильмдер түсіру арқылы.
– Қазіргі Тәуелсіздік жалауы желбіреп, еліміз гүлденіп, дамыған әрі ғылым мен техниканың алға озған заманында қандай болсын, озық технологияны пайдалана отырып, Абай мұрасын насихаттауға әбден болады. Тек оған «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» және барлығымызды өзіне бағындырып қойған қаржы қажет-ау. Көп дүниенің ниет пен ақшаға келіп, тіреліп тоқтап та жататыны бар.
– Қазір жер-жердегі абайтану орталықтары мен Абай мұражайларының Абай мұрасын насихаттау, өзара қарым-қатынас дәрежесі қандай?
– Әр орталық пен музейдің, ұлы ақынға арналған кабинет пен бөлімдердің өзіндік бағыт-бағдары бар. Әрқайсысының қол жеткізіп жатқан жерлері де баршылық. Әйтсе де сол зерттеу орталықтары мен ғылыми бөлімдердің ортақ зерттеу бағыты, нысаны бір болғанымен де, өзара байланыстары жағынан келгенде кемшін кететін жақтары да табылады. Барлығы бірлесіп жұмыс істесе, қомақты нәтижелерге қол жеткізері хақ. Сондықтан осы мәселе болашақта басты назарға алынуы қажет деп ойлаймын. Ұлы ақынға арналған конференцияларды, пікірталастар мен танымдық кештерді бірлесе отырып өткізіп жатса, тек нұр үстіне нұр болар еді.
– Сіз басқарып отырған мұражай Абай атамыз туралы толық мағлұмат бере ала ма? Басты ерекшеліктері қандай?
– Әрине, Абай туралы бар мағлұмат жүйесі біздің мұражайда жинақталған. Мұражайдың әр бөліміндегі әр экспонат сөйлейді, мағлұматты береді ғой. Жидебайға, Бөріліге барсаңыз, тебіренбей қайтуыңыз мүмкін емес. Абайдың қарашаңырағына келіп, ақын кесенесіне барып, рухына тағзым еткен әр адам бойына күш-жігер жинап, таубасына келіп, мол рухани жігер жинары да хақ. Ешкімде жоқ байлық мұражайда бар, ешкімде жоқ жәдігерлер тек қарашаңырақта жинақталған. Басты ерекшелік осында деп ойлаймын.
– Ұлы Абайдың қолымен ұстаған, пайдаланған заттары туралы айта кетсеңіз.
– Жоғарыда айтқанымдай, мұражай қорындағы әр жәдігердің бай тарихы бар. Қолға алып, сипап қалсаң болды, ғасырлар үні естілердей, сиқырлы сырлар ақтарылады...
Солардың ең бастысы — ұлы ақынның өзінен қалған асыл мұра. 1885 жылы Абай өзінің орыс досы Н.И.Долгополов арқылы Семей қаласындағы өлкетану музейінің этнографиялық бөліміне қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, шаруашылығын, жасау-жабдығын көрсететін елуден астам дүниелер тапсырған екен. Олар: ыдыс-аяқ, асадал, кебеже, саба, сүйретпе, жезмойнақты торсық, піспек, ет табақ, әшекейлі құтылар, бесік, ұршық, қару-жарақтар – айбалта, шоқпар, найза, ұста саймандары, музыкалық аспаптар – қобыз, домбыра, сыбызғы, тоғызқұмалақ, кіселі күміс белбеу және т.б.
Өкінішке қарай, сол кезде өлкетану музейінен көптеген заттар із-түзсіз жоғалып, көбі тозып, бүлініп кеткен. Аман қалғаны ғұлама ғалым, музейдің алғашқы директорларының бірі Қ.Мұхамедханов арқылы ақынның өз музейіне алынып, ұлы тұлғаның қолының табы қалған ең асыл, ең қасиетті дүниеміз ретінде сақталып келеді. Бұл жөнінде Қ.Мұхамедханов «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласында толық баяндаған. Қарап отырсақ, ұлы ақын өз музейін құруға көзі тірі кезінде өзі өлшеусіз үлес қосып, өзіне арналған мәңгілік ескерткіштің іргетасын өзі қалап кеткен сияқты.
Енді мұражай қорындағы Абайға, ұрпақтарына қатысы бар асыл дүниелердің кейбірін келтірсек:
Құнанбайдың тақиясы. 1841 жылы Құнанбай Меккеге барғанда киіп келген. 1941 жылы Бағфур Ақылбаевтың отбасынан алынды. Қазір бұл киелі дүние Жидебайдағы музей экспозициясында сақталып келеді.
Абайдың кісе белбеуі. Бұл белбеудің қалай жасалғанын, музейге қандай жолмен келгенін Әрһам өз естелігінде толық баяндаған. 1891-92 жылдар шамасында Кавказдағы Черкес елінен үш адам келеді. Солардың белдіктері Абайға қатты ұнайды. Өздеріңізге белгілі, ұлы ақын өнердің қай түрі болмасын, аса жоғары бағалаған. Маңайына, ауыл ішіне, үнемі әнші-күйші, ақын-жыраулармен қатар, темірден түйін түйетін зергерлерді, ағаш ұсталарын, киім тігетін ісмерлерді, ит жүгіртіп, құс салатын аңшыларды да ұстаған. Әнет табынан Сағындық деген шебер жігітті шақырып алып, белдік жасауды тапсырады. 1894 жылы оң жағына кісе салғызып, пышақ салатын қын мен оқшантай жасатып, Сағындыққа Абай өзі тағу үшін жасатқан. Абай өлгенде бұл белдік Еркежанның қолында қалған. 1916 жылы Абайдың немересі Мағауияның Құтайба деген баласына Еркежан береді. 1941 жылы музей ашылғанда Абайдың осы белдігін Уәсилә музейге тапсырады.
Абайдың күміс сағаты. 1941 жылы Қасымхан Бейсекенов деген кісі екі жағы қақпақты күміс сағатты Әрһам Ысқақов арқылы музейге өткізді. 1898 жылы Абайдың өзі сағатты Қасымханға сыйға берген.
Әйгерімнің төсегі мен білезігі. Музейге 1945 жылы ақынның 100 жылдық тойы кезінде Әбіш Жиреншиннің кеңесімен О.Бәзілбаева тапсырған.
Ағаш төсек. 1880-1904 жылдары Абай-Ділдә үйінде болған қасиетті мүлік. 1904-1923 жылдар аралығында Ділдәнің өзі пайдаланған. 1923-1941 жылдар аралығында Өтепбаев Нұғыманның үйінде сақталған. 1941 жылы Әрһам арқылы музейге тапсырған.
Күмістелген ер-тоқым – Абайдың асыл жары Әйгерімдікі. Туысы Рахымжанов Мамырқаз 1941 жылы музейге тапсырған.
Біз үшін баға жетпес асыл дүниеміз ұлы Абайдың көзі тірі кезінде отбасымен түскен екі фотосуреті, ұрпақтарының фотосуреттері.
– Абай атамыздың қазіргі көзі тірі туыстарымен мұражай араласып тұра ма?
– Әрин, ақын ұрпақтарымен байланыс бұрыннан жолға қойылған. Ақылбайдан тараған Ақтау қаласындағы Айдар, оның баласы Данияр ақынның тікелей ұрпақтары. Ұлы ақынның шөберелері Ишағы, Ғазелдер Жағыпарқыздарымен, Даниярдың жары Натальямен жолығып, танысқанмын. Барлық туысты биылғы мұражайдың 70 жылдық мерейтойына арнайы шақырамыз деп жоспарлап отырмыз. Күлзипа Ысрайылқызы да назарымыздан тыс қалмақ емес.
– Мұражайдың 70 жылдығы қашан тойланбақ? Оған арнайы қаржы көздері қарастырылған ба?
– Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы 1940 жылы Қазақ ССР-нiң Халық Комиссарлар кеңесiнің 1 сәуiрдегі №347-қаулысы негізінде құрылып, сол жылы қазан айының 16-күні мереке үстінде ашылған Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби мұражай болып табылады. Мұражай мерейлі мерекесін өзінің ашылған күні, яғни 16 қазанда тойлауды жоспарлап отыр. Бұл бағытта жоспарлы істер атқарылуда. Мұражайдың 70 жылдығына арнайы қаржы қарастырылмаса да, Абай өмірі мен шығармашылығына және оның ақындық өнер айналасын, сол замандағы тарих пен мәдениет құбылыстарын, заттық, құжаттық жәдігерлерді зерттеу, сақтау, молықтыру, қорғау жұмыстарын жасап келе жатқан қарашаңырақ тойын ел болып өткізеріміз анық. Ұлы Абай рухы қашан да жәрдем берері сөзсіз.

Алашқа айтар датым...

Абай – қазақ елінің ұлттық мақтанышы. Абай мұрасы – халқымыздың рухани азығы, баға жетпес асылы. Бұл ретте М.Дулатовтың «Қазақ» газетінің бас мақаласы ретінде басылған «Абай» атты мақаласындағы: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз», – деген аталы сөзі ойға оралады. Шындығында да уақыт көші қанша алыстағанымен де, ұлы ақын мұрасына, рухына соншалықты жақындай береріміз анық. Ендеше, туғанына биылғы жылы 165 жыл толып отырған Абай Құнанбайұлының біздер үшін қалдырған даналық ойлары мен гауһар жырларын «сезімді көкірегімізге» қондырып, ғибратты істерімізбен жастарға үлгі бола білейік...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста