Ұлт руханияты мен мәдениеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмірден шаршамайды

Ұлт руханияты мен мәдениеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмірден шаршамайды

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, академик:

Елімізге танымал көрнекті ғалым, академик Әбдімәлік Нысанбаевтың туғанына – 75 жыл, шығармашылығына 50 жыл толып отыр. Саналы ғұмырын түгелдей гуманитарлық ғылымдар саласындағы шығармашылық ізденістерге арнаған ұлт руханиятының қалыптасуы мен дамуының түрлі қатпарларын философиялық тұрғыдан зерделеуден өткізумен айналысқан ғалымды сөзге тартқан едік...

– Жетпіс бес жыл ғұмырыңыз­дың қаншасын толық ғылымға бере алдыңыз. Кез келген ғылым саласына тереңдеп ену үшін ішкі ізденіс керек екені анық, сол ізденіс сізде қалай пайда болған еді?
– Жетпіс бес жылдық өмірбаяным бол­са, соның елу жылдық белесі философия саласы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс­тарына арналды деп айтар едім. 60-жыл­дардың басында Қызылорда мемлекеттік педагогикалық университетін қызыл дип­ломмен тамамдағаннан кейін (қазіргі Қор­қыт Ата атындағы мемлекеттік универ­ситет) Қазақстанның Ғылым академиясына келіп жұмысқа тұрдым. Ол кездегі бар арманым – бойымдағы күш-жігерімді, шы­ғар­ма­шы­лық шабытымды ғылымға, білімге арнау, сол арқылы ұлттық руханиятқа қыз­мет ету еді.
Ол кезде Ұлттық Ғылым академиясы академик Қаныш Сәтбаевтың басшылы­ғы­мен әлемге танылған және талай кәсіби шебер мамандар қызмет атқарған еліміздегі іргелі зерттеулерді жүргізудің нағыз үлгісі атанған ғылыми кадрлардың шоғырланған ордасы болатын. Сонымен қатар ғылыми шығармашылығымның бастауын белгілі заңгер, академик Салық  Зиманов жетекші­лік еткен «Философия және құқық институ­ты­мен» байланыстырамын. Артынша Мәскеу­ге барып ғылыми ізденісті аспиран­турада жалғастыруыма Қаныш Имантайұлы мен Салық Зиманұлы себепкер болды. Канди­даттық диссертациямды 1964 жылы Мәс­кеу­де, ал математикалық танымның фи­лософиялық сипаттамасын беруге ар­нал­ған жаратылыстану философиясы бо­йынша докторлық диссертациямды 1975 жылы қорғадым.
– ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының дирек­торы лауазымында жүргеніңізге жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Тәуелсіздік тұсынан бері бас­қарып келесіз? Қандай қиыншылықтар болды?
– Қиыншылықтар, әрине, болды. Әсіре­се Тәуелсіздіктің қалыптасу кезеңіндегі не­бір қиын, дағдарысты кезең­де­рде меке­ме­нің жұмысын босаңсытпай ұстап тұруға тура келді. Не нәрсені болса да қирату, жою оңай, ал одан қиынырағы, әрине, «қолдағы алтынның қадірін білу», бүтін дүниені сақ­тау, жетілдіру, заман талабына сай қалып­тастыру екенін өмірдің өзі дәлелдеп берді. Сондықтан қоғамның барлық қиын кезең­дерінде маған қуат беріп отырған рухани күш – Қазақ елінің ұлттық Тәуелсіз­дігіне, болашағына деген сенім. Әрине,  еліміздің саяси тәуелсіздігімен қоса, әрбір азаматтың өзіндік рухани тәуел­сіздігіне, тұлғалық еркіндігіне ұмтылу қа­жет­тігі бірге тұжырым­далады. Халқымыз үшін ғасырлар бойы маңызды болып келген Тәуелсіздік  идеясын жауапкершілік мәсе­лесімен астастырып қарастыру қажет бол­ды. Яғни әрбір адам­ның ұлт руханияты алдындағы жауапкер­шілігі өте жоғары болуы қажет.
 Сонау жиырмасыншы және отызыншы жылдары қазақтың небір рухани саңлақтары тарих сахнасынан көрінгені белгілі. Ол кезең қазақ зиялылары өзін шын мәнінде әлемге танытқан кезең болатын. Ұлт руха­ния­ты Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұр­сынұлы, Міржақып Дулатов, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай және т.б. зиялылар тобымен етене танысып, солар­дың арқасында халықтың ұлттық санасы оянды, кемелденді десе де болады. Міне, осындай өзіндік ұлт руханиятының жарқы­рап, өзінің дүмпуін танытқан екінші шақ өткен ғасырдың алпысыншы және жетпі­сінші  жылдары деп бағалауға болады. Жаңа замандағы қазақ зиялыларының үлкен тобы тоталитарлық қоғамның қыспағына қарамастан руханияттың барлық саласында, оның ішінде өнерде, білімде және ғылымда өзін асқан биіктен танытқан шағы болатын. Ғылым Академиясында ғылымның барлық саласы бойынша дарынды мамандар шо­ғыр­ланып, қазіргі еліміздегі білім мен ғы­лым­ның іргетасын қалыптастырған бола­тын.
Қазақстанда бұрынғы Одаққа, одан қалды әлемдік философиялық әлеуметке ерекше танылған, өзін мамандар алдында мойындатқан «Алматы философия мектебі» қалыптасты. Академик Ж.Әбділдин баста­ған диалектикалық логикамен айналысатын топтың ғылыми ізденістері мемлекет тара­пынан да жоғары бағаланды.
– Жаңағы қиын-қыстау кезең­дерде қазақ ғылымын жоғалтып алмай, беделін түсіріп жібермей ұстап тұру үшін көп еңбек сіңіргені­ңізді білеміз. Сол еңбектеріңізді замандастарыңыз қалай бағалай­ды деп ойлайсыз?
– Әріптестерім де, мемлекет те сол ең­бе­гім­ді тиісінше бағалайды деп есептеймін. Оны мемлекеттің осы күнге дейін үйіп-төгіп берген марапат, сыйлықтарынан да білуге болады. Сол үшін замандастарыма рақме­тім­ді айтар едім. Өз ішіміздегі ғана емес, көптеген елдердің ғылыми орталықтарының құрметті мүшесі, көптеген халықаралық дең­гейдегі журналдардың редакциялық кеңесі мен алқасының мүшесі болып кел­дім.
Қазақстанның ғылыми деңгейін, оның халқының даналық парасатын әлемге та­ныту үшін әлемдік ғылымның интеграциялық үрдістерінен шеттеп қалмау керек.
– Ғылыми еңбектеріңіздің көлемі жөнінде айтсаңыз...
– Жуырда жас мамандар менің ғылыми еңбектерімнің санын есептеп шыққан болатын. 500-ден аса ғылыми мақала­лар мен 40-тан астам монографиям жарыққа шығыпты. 80-нен аса ғылыми туындыларым әлемнің 25 тілінде жарияла­нып, ондаған дүниежүзінің жетекші елде­рінде беделді халықаралық конференция­ларда баяндама жасаған екенмін. АҚШ, Германия, Қытай, Түркия, Ресей, Иран, Оң­түс­тік Корея, Ұлыбритания, Мысыр, Украи­на, Польша, Болгария, Франция және т.б. елдерде ғылыми-зерттеулердің нәтижелерін жария­лап отырдым. Еліміздің философияны дамыту саласындағы жетістіктерімен әлемді ғылыми көпшілікке лайықты деңгейде та­ныстыра білу қажет. Ол үшін әртүрлі ғылыми орталықтармен байланыстар орна­тып, әр қилы елдердің білікті мамандарын өзіміздің елдің ғылым саласындағы жас ұрпағымен жүздесуіне, қатынасуына себеп­кер болу керек. Философия мен саясаттану салалары бойынша тек Қазақстанның ғана жас мамандары емес, сонымен қатар көрші жатқан Ресей мен Қырғызстанның, Түркия мен Иранның көптеген ғылым докторлары мен ғылым кандидаттарының дайында­луына ғылыми жетекшілік етуге тура келді.
– Егеменді мемлекетіміздің дербес елдігін танытатын Әнұран, Елтаңба, Ту сияқты мемлекеттік рәміздер қатарына ұлттық энциклопедияны жатқызатындар  болады. Осы ұлттық энцикло­пе­дия­мыздың пайда болуы жөнінде не айтасыз?
– Ол да Тәуелсіздігіміздің алғашқы жыл­дарындағы кезек күттірмес маңызды істердің бірі болатын. Энциклопедияның дәстүрлі рәміздік сипатымен қатар, мән-мағыналық, мәтіндік мазмұнының байлығы ұлт руханиятының кемелденуі үшін оның маңыздылығын арттыра түседі. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бо­йын­ша Үкімет шешімі қабылданған соң, «Қа­зақ  энциклопедиясының» Бас редак­ция­­сына бас редактор болып тағайын­далдым. Алдымызда «Қазақ энциклопедия­сын» за­ма­науи жаңа талаптарға лайықты, Тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебесін асқақ­татуға бағытталған, тарихи шынайы дерек­терге негізделген ғылыми ұстанымдар мен әдіс­на­маны басшылыққа ала отырып, тари­хы­мыз бен мәдениетіміздегі ақтаңдақтар­дың ақиқатын ашып көрсететін, түбірімен жаңа Тәуелсіз елдің энциклопедиясын да­йын­дау міндеті тұрды. 1997 жылдан 2003 жылға дейін Философия және саясаттану институ­тындағы негізгі жұмысыммен қатар, «Қазақ энциклопедиясының»  бас редакто­ры қыз­ме­тін қоса атқарып, Тәуелсіз Қа­зақс­тан­ның негізгі кітаптарының бірі болып сана­латын көп томдық «Қазақстан» ұлттық эн­цик­лопедиясының алғашқы төрт томы­ның шығуына үлес қостым. Халқымыздың ұлттық руханияты үшін аса маңызды «Қор­қыт ата», «Құрманғазы», «Мұхтар Әуезов», «Қазақстан Республикасы. Он жылдық ше­жі­ресі», «Қазақ», «Қазақстан Республикасы. Энциклопедиялық анықтамалық», «Екі мың­­жылдық дала поэзиясы», «Түркістан» халы­қа­ра­лық энциклопедияларының шы­ғары­луының өзі ұлтымызға деген ізгі ниет­тің, рухани дүниемізге деген құрметтің көрі­нісі деуге болады. Халқымызды шынымен жақ­сы көрсек, оған деген құрметіміз жоға­ры болса, онда оны осылай халықаралық дең­гейдегі іспен, нақты шығармашылық әре­­кет­термен танытқан жөн және оның руха­ни байлығын, өзін-өзі жете тануға талпынысын ғылыми жүйелейтін уақыт та келді.
 Ұлттық энциклопедия – ең алдымен сол ұлттың, халықтың дүниетанымы мен ұғы­мын жүйелейді, отандық ғылым мен білім­нің, жалпы, қоғамның жаңа сатыға көтері­луіне негіз қалайтын іргетас. Жаңа ұлттық энциклопедияны оның тұжырым­да­масын жасаудан және талқылаудан бастап, жан-жақты, терең мазмұнды, тұжырымды ғы­лыми мақалалармен жабдықтауды басты назарда ұстадық.
– Жаңа энциклопедия арқылы жаңа көзқарас қалыптастыру үшін қандай ұстанымдарды жетекшілікке алдыңыздар?
– Ұстанымдар болды. Көне түсініктерден арылуға барынша ұмтылыс жасадық:
– Сыңаржақты дүниетаным қағидала­рынан арылған, отаршылдық еуроорта­лық­тық көзқарастар ықпалынан тазартыл­ған, шынайы ұлттың руханиятын, да­­на­лы­ғын, тарихын, этнографиясын, мәдениетін, әде­биетін, өнерін, спортын және т.б. толық қам­титын;
– мемлекеттік құрылымды ішкі саяси, әлеу­меттік, экономикалық жүйеге, жер-су, табиғатқа, ғылыми-техникалық прогреске байланысты ұғымдар мен ақпараттарды қамтитын, қазіргі индустриялық-иннова­ция­лық даму жолына түскен еліміздің жетіс­тіктері болашақ жинақта да көрсетілуі тиіс екені жоспарланады;
– адамзат тарихында қордаланған асыл дүниелермен, қазақ халқының түрік-ислам мәдениетінің, Шығыс өркениетінің тари­хын­да елеулі орны бар ғалымдардың, елба­сылардың, қоғам қайраткерлерінің өмір жолымен, олардың  негізгі еңбектері­мен таныстыратын;
– қазақ тіліндегі ғылыми терминоло­гияны, ұғымдар мен атауларды ана тілінің заңдылықтарына, ерекше ойлау машығына лайықтап қайта жүйелейтін, сөйтіп, отандық ғылым мен қоғам мәдениетінің жаңа сатыға көтерілуіне негіз болатын әмбебап энцикло­педия болуға тиісті деп тұжырымдап, жаңа міндеттер белгіледік.
«Қазақ ұлттық энциклопедиясының» дүниеге келуі Тәуелсіз еліміздің ғылыми-мәдени өміріндегі елеулі құбылыс болды. Жаңа тұрпаттағы ұлттық энциклопедияның тұжырымдамасын дайындап, жұмысты өркениетті жолға қойып, редакцияның кадрлық, материалдық жабдықталуын ұйымдастырдық. Әрине, энциклопедияның заман талабына сай шығуы үшін аянбай тер төккен ұжымымыздың еңбегі зор болды. «Қазақтың ұлттық энциклопедиясын» дүниеге келтіру жөніндегі ой-арманымызды, жоба-жоспарымызды жүзеге асыру жолын­да тер төккен марқұм Тілеухан Жұмаха­нұлының қажырлы еңбегін айырықша атап өткен жөн.
– Елбасының басшылығымен қолға алынған «Мәдени мұра» мемлекеттік  жобасын жүзеге асыруға көп үлес қосқаныңызды білеміз. Осы жоба­ға нақты қанша көлемде кітап қоса алды­ңыздар?
– «Мәдени мұраның» басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қордаланған рухани байлығын барынша ғылыми електен өткізе отырып, ғылыми жүйелеу арқылы оқырман қауымға ұсыну, сонымен қатар әлемдік ғылыми ойдың үздік үлгілері мен жетістіктері негізінде гуманитарлық білімнің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау болатын. Жеке өзімнің жетекшілі­гіммен осы мемлекеттік бағдарламаның ауқымында 62 том кітап шығарылыпты. Оның ішінде 20 томы қазақ халқының ежел­гі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі фило­­со­фиялық мұрасын жинақтауға ар­нал­ды.
 Осы маңызды мемлекеттік бағдарлама бойынша 20 том әлемдік философиялық мұраның ең үздік үлгілері мен үзінділері түрінде жинақталып, мемлекеттік тілге тәр­жі­маланды, әл-Фарабидің бұрын жария­лан­баған шығармаларының 10 томы және әлемдік психологиялық мұраның 10 томы, сонымен қатар шығыс пен батыс фи­ло­со­фиясы бойынша жоғары оқу орында­рының студенттеріне арналған екі оқу құралы жарық көрді. Осы аталғандардың қай-қайсысына болса да бейқам қараған жоқпыз. Көптеген түсініктемелер мен мақалалар жазу, бұл томдардың әрбір бетін електен өткізу және олардың мазмұны мен формасына толықтай жауап беру керек.
Адамзаттың саналы тарихында өзінің ұлттық рухани әлемін електен өткізуге, оны тереңдете ғылыми зерделеуге талаптанған қоғамның озық ойлы өкілдері мен тарихи тұлғалары бұрындары да болған. Қазақ зиялылары өткен ғасырдың басында ұлттың болмысын жан-жақты қарастыруға тырыс­қанын көбіміз білеміз, ал қазіргі заманда ұлт руханиятын сараптаудан өткізушілердің саны көбейе түсуде. Шынымен де, гумани­тарлық кеңістікте осындай үрдістердің бірте-бірте жарқын көрініс бере бастауының өзі жалпы халықтардың есейе бастағаны­ның, рухани кемелдене түскенінің өлшемі іспетті. Өз халқыңның рухани құндылық­тарын жүйеге келтіріп, оның бойындағы бұлыңғыр тұстары болса елеп-екшеп, жетіс­тіктері болса барынша жарқыратудың өзі рухани әлемді байыптаудағы, жалпы ғылы­ми ізденіс жолындағы ғалымдық, азаматтық борыш екені анық. Ұлт руханияты мен мә­де­ниеті, игілігі үшін еңбектенген адам өмір­ден шаршамайды.
 – Әбдімәлік аға, қазақта текті әулет деген ұғым бар. Әріптестері­ңіз, замандастарыңыз сізді үлгілі, зиялы отбасының отағасы ретінде мақтап жүреді. Отбасыңызда өзіңізден басқа ғылым жолын қуған кімдер бар?
– Өмірлік зайыбым Нысанбаева Зейнеш Әшенқызы – химия ғылымының кандидаты. Ұлым Назар – заң ғылымының кандидаты, қызым Динара – философия ғылымының кандидаты, қазіргі кезеңде Түркияда қызмет атқарады. Сонымен қатар бес немерем бар. Олардың үлкені Шыңғысхан – экономика ғылымының кандидаты, Данияр – заңгер маман, Айжан – Президенттің «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша Лондондағы уни­верситететті бітіріп келген білікті маман. Әмір мен Дәмір деген немерелерім бар.
– Жеке адамды, қоғамды, халықты ілгері сүйрейтін құндылықтардың негізгісі ретінде нені атар едіңіз?
– Бүкіл әлеуметтік тіршілік сенімге негізделген. Сенімсіз ешқандай жақсылық пен ізгілік болмайды. Біздер ертеңгі күнге сеніммен қарап, парасаттылыққа, ізгілікке, ұлылыққа ұмтыламыз. Сенім бүкіл тіршілік тұғыры болып есептеледі, ендеше, ол – ең негізгі құндылық. Өзара сенім болмаған жерде жақсы отбасы, сәулетті де дәулетті мемлекет, мемлекеттер арасындағы аймақ­тық және әлемдік тұрақтылық пен қауіпсіздік болмайды. Сенім – күрделі сұхбат процесі­нің нәтижесі. Өркениеттік сұхбат процесінде мемлекеттер арасында өзара түсіністік пайда болып, ең қымбат та негізгі құндылық ретіндегі сенім сезімі қалыптасады. Сөйтіп, біздер әлемде өз шешімін әлі таппаған өткір де күрделі мәселелер мемлекетаралық, конфессияаралық, ұлтаралық, мәдениетар­алық сұхбат процесінде өз шешімін табады деген сенімдеміз.

Ұлттық ұстаным
Халық жадында жаңғырып, оның күнделікті өмірімен астасып, сабақ­тасып отырмайтын тарих – өлі тарих. Жансыз тарих жер бетінен жоғалған халықтарда ғана болады. Бұрын қазақ елінің тарихы, қазақ халқының жүріп өткен ұлы тарихи жолы құр деректер тізбегі түрінде самарқау баяндалып келсе, бүгінгі талап басқа. Біз осы тарихымызды ұлттық және стратегиялық мүдде тұрғысынан халқымыздың ізгілікке, елдікке ұмтылуы­ның үздіксіз саяси процесс ретіндегі, ұлт-азаттық күрес түріндегі қасіретінен сабақ алып, қайта жазып шығуымыз қажет. Осы орайда, халқы­мыздың қоғамдық-саяси ойы дамуының елеулі кезеңінің шежіресі іспетті Тәуелсіз ел тарихын қайта бір парақтап шығу бүгінгі бізге де, болашақ ұрпаққа да пайдалы болмақ. Сондықтан сонау XX ғасыр басындағы зиялы қауым ұстанған ұлттық идея бүгінгі күні Тәуелсіз елімізде іске асуда.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста