Тұтынушы құқығын бұзған саудагерлерге ешқандай шара қолданылмайды

Тұтынушы құқығын бұзған саудагерлерге ешқандай шара  қолданылмайды

Артық СЕЙІТҚАЛИЕВА, «Адал» тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Артық Жұмағұлқызы, сіз басқарып отырған бірлестіктің қызмет етіп келе жатқанына 12 жылға жуық уақыт болды. Бұл уақытта тауар сатып алумен байланысты туындаған мәселелерді шешуде қарапайым тұрғындарға айтарлықтай көмек көрсетілгені белгілі. Азаматтардың құқықтары қандай жағдайларда жиі бұзылады?
– Тұтынушылар тарапынан арыз-шағым өте көп түседі. Олардың басым бөлігі ұялы телефондар мен тұрмыстық техникаларға қатысты. Бірлестік алғаш ашылған уақытта қалта телефондары нарыққа кеңінен ене қоймаған еді. Ол кезде аяқкиімдер мен үй жиһаздары алғашқы орында болатын. Тұрғындар аяқкиімдерді неғұрлым арзан бағаға қара базардан алғанды жөн көреді емес пе? Ал базарларда сатылатын өнімдердің сапасы сын көтермейтіні белгілі. Үкімет қаулысы бойынша аяқкиім тауарларының сәйкестік сертификаты болуы шарт. Алайда қара базарларда сатылатын өнімдердің 90 пайызында бұл құжат мүлдем жоқ. Дегенмен дүкендер мен сауда орталықтарында сатылатын аяқкиімдердің сапасы жақсы деп те айта алмаймыз. Себебі мұндай дүкендерге де арыз молынан түседі. Халықты алдап, қалтасын қағып алған талай дүкендермен соттастық.
– Халық, негізінен, сауда орындарындағы азық-түлік өнімдерінің сапасына алаңдайтын болар...
– Азық-түлік тауарларына қатысты арыз өте аз түседі. Себебі олар арзан тұратындықтан, тұтынушыларға сапасыз өнімді алған жерінен ауыстырып алуына мүмкіндік бар. Тағы бір себебі – сатып алушылардың басым бөлігі кішкентай өнімге бола арызданып, уақытын жұмсағысы келмейді. Жалпы, тағамдардың ішінен пайдалану мерзімі өтіп кеткен йогурттар мен сусындарға шағымданушылар көп. Сатушылардың дені, мейлі ол базар немесе ірі сауда орталығы болсын, сөреде тұрып қалған өнімдердің қолдану мерзімін ұзартып қайта бастырады. Бұған бір дәлел – қазір үлкен-кішінің сүйікті шайына айналған «Махі сок» сусынын сатып алғанда, мерзімін ұзартып қайта бастырғанын байқаған азаматтың арызы бойынша Алматыдағы «Рамстор» дүкенімен соттасып жатырмыз. Және бұл сусынның сертификаты болмаған, яғни сыртында пайдалану мерзімі көрсетілген қағазы жоқ. Бұдан өзге құрттап кеткен жеміс қағын ұялмастан сататын саудагерлер де бар. Сол сияқты бұқтырмалар, жармаларға шағымданатындар да кездеседі. Осыдан бір жарым жыл бұрын сүт өнімдеріне арыз-шағым өте көп түсетін еді. Оның өзі – импорттық тауарлар. Қазір ептеп саябырсыды. Содан кейін әсіресе жаз мезгілінде фастфуд өнімдеріне, дәлірек айтқанда, бутербродтар мен гамбургерлерге арыз көптеп түседі. Жақында қаладағы дүкендердің бірінде иістеніп кеткен бутерброд сатылып жатқаны жайлы ақпарат түсті. Айтылған жерден біз де барып сатып алдық. Енді тексеру үшін зертханаға өткізейік десек, жергілікті санэпидстансы мен аккредитациясы бар мекемелер алудан бас тартты. Енді сол үшін мемлекеттік органдарға хат жазғалы отырмыз. Зертханалар тұтынушыларға да, тұтынушының құқығын қорғаушы мекемелерге де көмек көрсетуден бас тартса, бұдан ары қалай жұмыс істейміз? Кімге жүгінуіміз керек? Осыны шешіп берсе, дұрыс болар еді.
– Осындай келеңсіздіктер болмауы үшін, сан соғып қалмауы үшін тұтынушылардың нені білгені жөн?
– Тұтынушылар кез келген сауда орнынан, тіпті ол базар болсын, сатып алған тауарлары көрсетілген чек алуы қажет. Ал тұрмыстық техника алғанда, чекпен бірге кепілдік талонын да талап еткен абзал. Онда міндетті түрде оған мөр басылуы керек. Алда-жалда сатып алған тауар мерзіміне жетпей бұзылып қалатындай жағдай туындаса, қаржысын қайтарып алуға  немесе  өнімді айырбастап алуға мүмкіндігі болады. Кепілдік талоны демекші, заң бойынша аяқкиімдерге – бір ай, жиһазға – 24, жұмсақ үй жиһаздарына (диван, кресло т.б.) 18 ай кепілдік беріледі. Тұтынушылардың сынған затын тек қана жөндетіп алуға емес, сонымен қатар ақшасын қайтарып алуға да құқығы бар. Әрі сатып алған тауарды сауда орны жөндеп бергенге дейін кәсіпкер тұтынушыға уақытша пайдалануға дәл сондай өнімді беруі керек. Мұндай ережелерді кейбірі білгенмен, сатушылардың алдауына түсіп қалып жататын жандар көптеп кездеседі.
– Заң демекші, жақында Елбасы жаңа заңға қол қойғаны белгілі. Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы заңды жасауға араластыңыздар ма?
– Бүгінге дейін 1991 жылы шыққан заң бойынша жұмыс істеп келдік. Бұдан былай, дәлірек айтқанда, тамыздың 18-інен бастап жұмысымыз жаңа заң арқылы жүзеге асырылатын болады. Жаңа заң жобасын құрастырғандардың басым бөлігі – бизнес құрылымдарының өкілдері. Әрине, бұған біз де атсалыстық деуге болады. Жұмыс тобының, комиссияның отырыстарына қатысып, ұсыныстарымызды айттық. Бірақ, өкінішке қарай, ұсыныс-тілектеріміздің басым бөлігі белгісіз себептермен бұл заңға енбей қалыпты. Тіпті заңға қол қойылғанын ұзынқұлақтан естіп, кейін баспасөз бетінен бір-ақ көрдік. Бұл дұрыс болмады. Заңды шығармас бұрын алдымен жобасын баспасөзге жариялап, тұрғындардың пікірімен санасып, содан кейін ғана жасақтау керек еді. Мұны соңына дейін құпия ұстаудың сыры неде екенін біле алмадық...
– Жаңа заңның солқылдақ тұстары көп дейсіз бе сонда?
– Заңмен толық таныспағандықтан, кемшілігі көп деп айта алмаймын, бірақ жетерлік. Мәселен, біріншіден, тұтынушылар өз құқықтарын өздері қорғайды. Яғни алдауға түскен азамат талабы орындалғанға дейін сауда орнына бірнеше рет баруы керек. Тіпті болмаған жағдайда ғана бізге келуге рұқсаты бар. Екіншіден, жаңа заңда тұтынушылардың құқығын қорғайтын ұйымдардың міндеттері жан-жақты қарастырылғанымен, құқықтары өте аз қамтылған. Сол сияқты тамыздың 18-інде күшіне енетін заңға сәйкес, біз өз күнімізді өзіміз көруіміз керек болады. Бұған дейін тұрғындардың құқығын қорғауға кеткен шығынымызды айыпты жақ төлеп келген болса, бұдан былай олар тек айыппұл төлеумен ғана шектелмек. Сол себепті шағымданып келген тұрғындардан ақша талап етуге мәжбүрміз.
– Сонда бұған дейін тегін қызмет көрсетіп келдіңіздер ме?
– Бүгінге дейін шағымданып келген тұтынушы ең алдымен мүшелік жарна төлейді. Тауардың бағасы мен көлеміне қарай анықталатын ол 100-2000 теңге аралығында болатын. Кейін іс біздің пайдамызға шешілсе, кінәлі жақ осы мәселені шешуге кеткен шығынымызды өтеп беретін. Ал азық-түлік өнімдеріне қатысты түсетін арыздар бойынша қызмет көрсету тегін жүргізілген. Алайда жаңа заңға сәйкес бәрін ақылы түрде ұйымдастыруға тура келеді. Сондықтан біз де шағымданып келушілерден ақша талап еттік. Бірақ бірде-бір азамат өтінішін өткізу үшін қаржы берген жоқ. Себебі біз алдын ала ешкімге кепілдік бере алмаймыз. Яғни, нәтижесінің қандай боларын, істің кімнің пайдасына шешілетінін тұтынушы да, біз де білмейміз. Жаңа заң күшіне енсе, ірі ұйымдар болмаса, кішігірім бірлестіктердің жабылып қалуы әбден мүмкін. Себебі тұтынушылар құқығын қорғайтын мекемелердің мүддесін ойлайтын ешкім жоқ. Қысқасы, жаңа заң тұтынушыларға да тұтынушылардың құқығын қорғаушы ұйымдарға да тиімсіз екені анық. Есесіне, кәсіпкерлер халықты емін-еркін алдайтын болды. Еліміздің жаңа заңын Беларусь, Ресей және Грузия мемлекеттерінің заңдарымен салыстырып көрген едік. Біздің заң алаяқ кәсіпкерлер үшін тым жұмсақ. Неге десеңіз, тұтынушы құқығын бұзған саудагерлерге ешқандай шара қолданылмайды. Айыппұл алынып тасталғандықтан, олар тек тұрғындардың қаржысын қайтарып берумен ғана шектеледі. Ешқандай жаза қолданылмаған кәсіпкердің тұтынушыны екінші рет қайта алдамасына кім кепіл?!
– Сіздердің көмектеріңізге жүгінген тұтынушыға ешқандай көмек көрсете алмаған кездеріңіз болды ма?
– Әлбетте, қызмет барысында түрлі жағдай болады. Кей арызданушылар «жұмыстарыңызға кепілдік бересіздер ме?» деп келеді. Ал біз бере алмаймыз. Себебі істің қалай аяқталатыны беймәлім. Мәселен, сот процесінде іс соңына дейін тұтынушының пайдасына шешіліп келе жатып, аяғында кәсіпкердің жеңіп кетіп жататын кездері жиі болады. Оның не себепті бұлай болғанын ешкім түсіндірмейді де. Кейде шағымданып келген тұтынушылардың өздерінен де қателіктер кетіп жатады. Кей азаматтар тауарды сатып аларда құжаттарды оқымастан қол қоя салады. Келісімшартта көрсетілген талаптармен келісіп қойған азаматтарға, өкінішке қарай, ешқандай көмек көрсете алмаймыз.
– Керісінше, тұтынушылар тарапынан заң бұзу деректері болды ма?
– Жоқ. Тұтынушы заң бұза алмайды. Себебі оның шағымын қабылдамас бұрын, барлық құжаттарын заңға сәйкес түгендеп аламыз. Құжаттары жеткіліксіз, дәлелі аз азаматтар куәгерлерін ертіп келетін кездері де бар. Куәгерлердің айтқаны көбінесе сот отырыстарында қабылданып жатады.
– Жылына шамамен қанша арыз-шағым түседі? Оның қаншасына көмек көрсетіп үлгересіздер?
– Бір жылда 300-ге жуық арыз қабылданады. Одан бөлек, тәулігіне шамамен 10-ға жуық телефон қоңырауы келіп түседі. Телефон арқылы хабарласатындар, негізінен, заңгерлерден ақыл-кеңес сұраушылар. Олардың шамамен 90 пайызына қолдан келгенше көмек көрсетіледі десем, қателеспеген болар едім.
– Бүгінде тұтынушылардың құқығын қорғаумен шұғылданатын ұйымдар көп. Бұл бағытта қызмет ететін өзге ұйымдармен қарым-қатынастарыңыз қалай? Бірлесіп жұмыс атқарған кездеріңіз болды ма?
– Жоқ. Шынын айту керек, әріптестерімізбен жақсы қарым-қатынаста емеспіз. Себебі тұтынушылар құқығын қорғаумен айналысатын өзге ұйымдардың бәрі бірдей әділ жұмыс істей бермейді. Естуімізше, кейбір бірлестіктердің басшылары қаладағы дүкендер мен сауда орындарының иелеріне хабарласып, «осынша қаржы берсеңдер, бәсекелестерімізді өздеріңе қарсы шығуға жібермейміз» деп, алдын ала келісімге отыратын көрінеді. Сондықтан ондай әділетсіз әріптестерден бойымызды аулақ ұстауға тырысамыз.

Алдағы тамыз айының 18-інде күшіне енетін жаңа заңның тұтынушылар мен олардың құқықтарын қорғайтын қоғамдық ұйымдар үшін тиімсіз жақтары бар. Мәселен, біріншіден, тұтынушылар өз құқықтарын өздері қорғайды. Яғни алдауға түскен азамат талабы орындалғанға дейін сауда орнына бірнеше рет баруы керек. Тіпті болмаған жағдайда ғана біздің көмегімізге жүгінуге рұқсаты бар. Екіншіден, жұртшылықтың құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың міндеттері жан-жақты қарастырылғанымен, құқықтары өте аз қамтылған. Жаңа заңға сәйкес, біз өз күнімізді өзіміз көруіміз керек. Бұған дейін тұтынушылардың құқығын қорғауға кеткен шығынымызды айыпты жақ төлеп келген болса, бұдан былай олар тек айыппұл төлеумен ғана шектелмек. Сол себепті шағымданып келген азаматтардан ақша талап етуге мәжбүрміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста