Туристерге салт- дәстүрімізді көрсете отырып қазақ тарихын таныту – басты мақсат

Туристерге салт- дәстүрімізді көрсете отырып қазақ тарихын таныту – басты мақсат

Қанат ТҰЯҚБАЕВ, «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры:

– Аға, тарихи-мәдени мұралардың қандай тәрбиелік мәнін ерекше атар едіңіз?
– Еліміз егемендік алғаннан бері-ақ Елбасымыз осы мәселеге қатты көңіл бөліп жүр. Бұл Елбасы тарапынан дер кезінде кө­терілген мәселе болды.  Мәдени мұралар­ды сақтап қалу, пайдалану, ел игілігіне жарату, туризм орталықтарына айналдыру – ең алдымен, қарапайым халық үшін тиімді шара. Өйткені бабалардан қалған мұндай мұралар – адамның ақыл ойының, адамның парасатының көрсеткі­ші, содан туындаған шығармалар. Сол себепті де ол мұралар келешек ұрпақтарға да жетіп отыруы керек. Әсіресе қа­зір­гі  жаһандану  барысында  жас ұрпақ үшін ауадай қажет дүние. Болашаққа ұлт­тық қолтаңба қалуы тиіс. Біздің ата-баба­мыздың артында қалдырған тәрбиелік мәні бар салты, дәстүрі, мәдениеті  әрбір баланың сана-сезіміне, түйсігіне осылай сіңеді. Жақсыны ұлықтау арқылы өнеге ете аламыз. Тек қана компьютер мен калькуля­тор арқылы адам роботқа айналуы мүмкін. Ал ұлтының қас­терлейтін заттарын көріп, оның тарихын түйсіну арқылы, эпостық жырларға ұю арқылы баланың жүрегіне жылу, бойына мақтаныш ұялайды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет осындай игіліктер арқылы сіңеді. 
– Қазіргі сәулет өнерінде ұлт­тық қолтаңба қалмай бара жатқаны соңғы кездері көп айты­лып жүр. Бұл мәселеге көзқарасыңыз қалай?
– Қазір Астанада көп ғимараттар са­лынып жатыр. Бірақ олардың бәрінде ұлттық қолтаңба сайрап тұр дей алмаймыз. Рас, бұл – үлкен  проблема.  Мысалы, Өз­бекстанда ондай көп құрылыс жүргізіліп жатқан жоқ. Олардың жері де аз, экономи­касы да өрге домалап тұр деуге келмейді. 30 миллион халықты қалай асырау керек міндеті бүгін олар үшін бірінші кезекте тұр. Бірақ соған қарамастан, ол жақта салынып жатқан ғимараттарда ұлттық қолтаңба ерекше көзге ұрады. Біз Абай атамызға ескерткіш қою үшін ол жерде  екі жыл  жұмыс істедік. Олар біздікі сияқты үлкен Конгресс-холл ашты. Сол ғимараттың іші-сырты, іргетасынан төбесі­не дейін тек қана өзбек нақыштарына, өзбектің сәндік әшекей, қолөнеріне толы. Біздің барлық ғимараттарға осындай ұлттық қолтаңба салу керек деп жатқаным жоқ, өйткені әр нысанның өзіндік талабы, өзіндік сипаты болады. Мен ең болмаса мәдени ошақта­ры­мызға осындай ұлттық қолтаңбалар керек-ақ дер едім. Қазақтың ою-өрнегі салынып, сәні келісіп тұрса, ондай нысанға кім қызықпасын?! Ондай дүниелердің көрер көзге де, ұлттық мақ­танышқа да сипаты зор. Мысалы, Алматы­да Хрущев­тың кезінде салынған сұр үйлердің қасы­нан өткенде адамда қандай сезім болады, жаңағыдай қазақы нышан­дар толып тұр­ған үйлердің қасынан өткен­де қандай әсер болады, оны өзіңіз саралап көріңіз.
– «Қазқайтажаңғырту» мекемесі қандай міндеттер атқарып отыр? Өйткені көпшілік сіздердің қандай жұмыс атқара­тын­дарыңызды біле де бермейді...
– Өзінің жарғысы бойынша біздің меке­­менің атқаратын міндеті – Қазақстан­дағы тарих, мәдениет, сәулет ескерткіште­рін қалпына келтіру, оларды зерттеп, зер­делеу, жобалау,  ондай орындарды ту­рис­тік ны­сан­дарға айналдыру. Ескерткіш­тер де адам сияқты уақыт өткен сайын «қартаяды», тозады, ескіреді, шөгеді. Олар ең үздік сәу­летшілер, суретшілер, шеберлердің шабы­тынан туған өнердің ғажайып жетістігі болғандықтан, көпшілікке ортақ дүниеге – қоғамның, қала берді, адамзаттың ортақ мүлкіне, қымбат қазынасына айналады. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан тарихи-мәдени ескерткіштерінің жағынан ТМД елдері ішінде алғашқы бестікке кіретініне күмә­німіз жоқ. Ескерткіштерді сақтау, қайта қалпына келтіру мәселесі ХХ ғасырда шын­дап қолға алына бастағанымен, олар­ды жөндеу жұмыстары одан көп бұрын басталған болатын. Мыңдаған ескерткіштің ішіндегі ең белгілісі де бірегейі Әзірет Сұлтан (Қожа Ахмет Ясауи) кесенесі екен­дігі белгілі, осы ескерткішті жөндеу, сақтау жұмыстары мен амалдары Қа­зақстан реставрациясының қалыптасуына негіз болды десек қателеспейміз. Бұл кесенедегі ең алғашқы жөндеу жұмыстары ХVI ғасыр­да жүргізілген болатын. Демек, «Қазқайта­жаңғыртудың»  жұмыстары әріде жатыр. Ал ресми мәлімет бойынша, бұл кәсіпорын 1972 жылы cол кездегі КСР Министр­лер Кеңесінің шешімімен кішкене ғана шебер­хана есебінде құрылды. Кейіннен үлкейе келе, 1976 жылы өздері­ңізге белгілі ға­лым, этнограф, қазақтың салт-дәстүрін жоғарғы деңгейге көтеруге көп еңбегін арнаған Өзбекәлі Жәнібеков­тің арқасында  Қазақстанның арнайы қалпына келтіру тресі деңгейіне көтерілді. 1994 жылға дейін сол кісінің арқасында бұл мекеменің  20-дан астам филиалы ашылды.  3000-нан аса адам жұмыс істеді. Қазақстанның тарихи-мәдени мұралары тізімге алынды. Экспедициялар ұйымдас­ты­рылып, әр облыс­тағы тарихи-сәулет, мәдени мұра­лар­ды зерттеп, зерделеу жұ­мыстары жолға қойылған болатын. Бірақ 1994 жылдары басталған елдегі  экономи­калық  қиындық кезінде бұл іс  сәл тоқы­рау­ға  ұшырады. 
– Қазақ халқы үшін мәні бар қандай құнды ескерткіштерді қалпына келтірдіңіздер?
– 1995 жылы Елбасымыздың  қолдауы­мен  сол кездегі мәдениет министрі Талғат Мамашевтің  ықпалымен кәсіпорын  мәсе­лесі  көтеріліп, 1995 жылдан бастап қайта жұмыс істей бастады. Сол жылдары  Жам­был атындағы филармонияның ғимараты қайта қалпына келтірілді, 1998 жылы  Ахмет Байтұрсыновтың мұражай үйі толық  қайта жөнделді. 1997 жылдың  аяғында  Түркістан қаласының 1500 жылдығына дайындық  жүргізу барысы басталды да, ол жұмыс осы біздің кәсіпорынға жүктелді. Айта берсем, мысал көп. Көне Тараз қала­сының 2000 жылдық мерейтойы тұсында 10-нан астам тарихи-мәдени мұра  қалпы­на келтірілді. Түркістандағы ең үздік сәулет ескерткіштері болып саналатын Рәбия Сұлтан Бегім кесенесі, Үлкен Халуат жерас­ты мешіті, Әл Қожа Ата кесенесі, Жұма ме­ші­ті және т.б. ескерткіштер толық қалпына келтіріліп, жаңғыртылды. Тараз қаласының 2000 жылдығы тұсында Қара­хан кесенесі, Айша бибі мен Бабажы Хатун кесенелері, Ұлық Білге Икбал хан мазары қайта қалпына келтірілді. Олардың ара­сын­да Айша бибі кесенесі – өте күрделі тарихи және мәдени мұра. Б.Деникенің баға­лауын­ша, ол Орта Азия мен Қазақстан территориясындағы сол замандардағы ескерткіштердің ең үздігі болып табылады. Кесенені Қарахан (Әулие Ата) салдырған. Бірақ кесенені салған сәулетші ұста туралы нақты дерек жоқ. Ол терракоталық қышпен безендірілген, көлемі – 723*723 см.құры­лыс. Пішіні шаршыланып біткен кесене бұрыштары бағана-тіреулер арқылы көтерілген. Кесене ортасына құлпытас ор­на­тылған. Батыс жақ қабырға мен бағана­лар оюлы  ұсақ плиталармен қапталған. Айша бибі кесенесінің іргетасынан бастап есептегенде 3,4 м биіктікте бағаналарға араб әрпінде жазуы бар белдеу жүргізілген. Солардың бірінде «Күз, бұлттар, дөңгелен­ген дүние...» деген сөздер жазылған. Әр­түр­лі көлемдегі плиткалардың шырмауық өрнегіне 70 түрге жуық әшекей қолданыл­ған, ондай қыштар мен плиткалардың жал­пы саны 60 мыңнан асады.  Бізге жет­кен осы сәулеттік, сәндік бөлшектерді толық сақтау міндет болғандықтан, әр мұра кең көлемді, жан-жақты зерттеуден өтеді.  Сондай үлкен зерттеулерді қажет еткен кесене институт архитекторы Әбен Итеновке жүктелді. Айша бибіні біз Қазақстандағы қайта жаңғырту өнерінің шыңы деуге болатын ғажайып ескерткіш десек қателеспейміз. Ол бүгінде жастар мінәжат етіп баратын шынайылықтың, адал сезімнің символына айналды деуге болады.
– Алдағы уақытта сәулет өнерінің қайта жаңғырған қандай мұраларына куә бола аламыз?
– Біз  қазір  «Мәдени мұра» бағдар­ламасы бойынша айқындалған  бес бағ­дар­лама бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұл саладағы Елбасының өзі берген нұсқаулар бар. Соны басшылыққа ала отырып әлі де талай игілікті істер атқара­мыз. Қазақстандағы мәдени мұралар саны 30 мыңнан асады. Оның барлығына бірден кірісіп кетеміз деу мүмкін емес.  Сон­дықтан бірінші кезекте  шетел туристе­ріне, саяхатшыларға, шетелден келетін қонақтарға тарихымызды, дәстүрімізді, салтымызды көрсете отырып қазақ тарихын таныту – басты мақсат. Ұлы Жібек жолы бойындағы ерекше мәні бар, тарихи ескерткіштерді бірінші кезекте қайта қал­пына келтіріп, көріктендіріп және туризм нысанына айналдыру – кезек күттірмейтін мәселе. Онан кейінгі қойылған талап – тарихи-мәдени мұралар: ол мейлі кесене болсын, мейлі медресе болсын, мешіт болсын жұрттың тарихи-танымдық  сауа­тын  ашуға жұмыс істеуі керек. Көпшілік мешіт, медресе десе оны тек діни білім беретін орталық ретінде қарайды. Ол тарихтың, бабалар тарихының мұрасынан да, бүгінгі ақпараттан да хабардар ететін орталық болуға тиіс.  «Мәдени мұра» әуел баста  2004-2006 жылдарға арналса, ол одан әрі қарай 2007-2009,  2009-2011 жылдарға жалғасты. Қазір де Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдени даму бағыты бойынша жалғасын табуда. Сонымен қоса, қазір шетелдегі біздің тарихқа қатысты мұралар да түгенделіп жатыр. Елбасының тапсырмасы бойынша Сирияның Дамаск қаласында әл-Фараби­дің кесенесі қайта жаңғыртылып, сол жерден Дүниежүзілік фарабитану тарихи-мәдени орталығы салынды. Қазақ халқы­ның тарихи мұрасын халықаралық дең­гейде насихаттау мақсатында Дамаскідегі Сұлтан Бейбарыстың кесенесі толық қайта қалпына келтірілді және Мысырдың Каир қаласындағы Сұлтан Бейбарыстың мешіті де қайта жаңғыртылуда. Шындығында, Сұлтан Бейбарыс мешіті – алыс елде орын тепсе де, қазақтың болмыс-бітімін, тағды­рын айқындайтын басты мәдени ескерт­кіш­тердің бірі екендігіне ешкім талас туғы­за алмайды.
– Реставрация кезінде ежелгі аңыз әңгімелерге мән бересіздер ме?
– Иә. Ол мәселеге қатты мән береміз. Ежелгі нысандардың әрқайсысының өзіндік тарихы, өзінің болмысына бүккен аңызы болады. Ежелгі ескерткіштердің көпшілігінің күмбез тәріздес, үшкір болып келетіні де осы мұсылмандықтың наны­мынан. Көкке ұмтылу, еңсесі биік болу де­ген ұстаным әр қазақтың  тұрмыс-салтынан айқын көрініс тапқан. Сондай ғимараттар­ды баяғы өзіміздің сәулет өнерімізде кейбір  философиялық ұғымдарды негізге ала отырып пайдаланған. Бізде атадан қалған мұра көп. Өзіміздің Алпамысымыз, Ер Төстік, Қобыландымыз бар. Қазаққа қатысты айтылатын жыр-дастандар көп. Солардың бәрі – сәулет өнеріне сұранып тұрған таусылмайтын тақырыптар. Жас сәулетшілерге, суретшілер мен шеберлерге осы баба мұраларын аманаттай алсақ, ұлт мұрасын ұлықтауға қосқан титімдей де болса үлесіміз болар еді. 
– Аға, сіз әңгіме басында Өзбекәлі Жәнібек ағамыздың шәкіртімін дедіңіз.  Ол кісі жайлы да аз-кем әңгімелей отырсаңыз.
– Халық мұраларын зерттеп, зерделеуде ұлттық құндылықтарды егжей -тегжейлі түйсінуде Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың атқарған шаруасы көп. Мен үйдегі тоғыз баланың үлкені болдым да, институт бітірген соң әке-шешем менің Түркістанда жұмыс істегенімді қалады. 1975 жылы Кентау қаласының және Түркістан қалалық партия комитеттерінің ұйғарымымен мен Кентау қаласындағы «Мырғалымсайсвинецстрой» тресінің қарамағына жұмысқа ауыстым.  Сол жақта жұмыс істеп жүрген кезімде, 1979 жылдың басында Өзағаң (Өзбекәлі Жәнібеков) Алматыға шақырып алды. Міне, содан бері осы салада жұмыс істеп келе жатыр­мын. Салт-дәстүр, мәдениет, тарих, этно­гра­фия, философия, сәулет, құрылыс, химия сияқты ғылыми салаларға да көңіл аудардық. Өйткені біздегі мәдени ескерт­кіштерді қалпына келтіру жұмысы осы аталған ғылымдардың тұтастай жиынтығы болып табылады.
Реставрация да өнердің бір түрі – жаңғырту ғылымы. Біріншіден, өнердің бір түрі болса; екіншіден, ол үлкен еңбек; үшіншіден, өндіріс; төртіншіден, көптеген сәулеттік ізденісті талап ететін жұмыс.  Өйт­кені орта ғасыр, ежелгі ғасыр, одан кейінгі кезеңдердің ескерткіштері сол кезеңнің сипатын, мән-мазмұнын ашуы керек. Бір жері бұрыс кетсе, ол тарихи құндылығынан айырылады. Міне, осындай жауапкерші­ліктің бәрін сезінуді Өзбекәлі ағамыз қатаң қадағалап, ерінбей жалықпай осы жолда барын салды. Ол кісі қазақтың сәнді киім­дерін, тойға киетін киімдерін, салтанатты жиынға киетін киімдерін, қыз ұзату, келін түсіруде киілетін киімдер, киіз үйдің түр-түрін, ер-тұрман, ер-азаматтардың киімі­нің түймесіне дейін асқан ұқыптылықпен зерттеп, оларды дамытып, келер ұрпаққа аманаттай алды. Қазақ музыкасы, қазақ мәдениетінің сан саласы ол кісінің наза­рынан тыс қалған жоқ. Уақыт  де­ген зы­мы­рап өтіп жатыр. Өмірдің әр күні өткен са­йын базбіреулердің есімі өшіп, кей­­­бі­­реу­­лердің есімі өсіп, ұрпақ жадында, тарих пара­ғында қалып жатыр. Сондай тұлғалардың бірі – Өзбекәлі Жәнібеков. Ол – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері ғана емес, халық мұрасын жинап, оны қазақ мәдениетінің алтын арқауына айналдыр­ған тарихшы-этнограф, ғалым. Ол кісі талай жастарды, талай таланттарды жер-жерден аралап жүріп жинап, орталыққа алып келді. Одан бөлек, талай тарихи мәні зор ескерткіштерді кеңес кезінде бұзылып кету қаупінен аман сақтап қалды. Мәселен, қазіргі Д.А.Қонаев қоғамдық қоры орналасқан үй бұзылғалы жатқан жерінде осы кісі ара түсіп, Орталық комитетке шапқылап жүріп, оны аман алып қалды.  Ықылас атындағы ұлт аспаптар мұражайы бұрын Офицерлер үйі болатын. Сол ғима­рат бұзылып, құрылыс материалдары та­ла­нып кеткелі тұрғанда оны да  аман алып қалып, ұлт аспаптары мұражайын жасаған – осы кісі.
– Бұл саладағы кадр мәселесі жайлы не айтар едіңіз? Мамандар бізде жеткілікті ме?
– Қазақстанда тарихи-мәдени мұра­лар­ды қалпына келтіру саласында қызмет істеп жүрген жігіттеріміз баршылық. Мәсе­лен,  ескерткіштерді қайта қалпына келтіру жобалау ісі жөнінде Сәдуақас Ағытаев, Гүлнар Камалова, Қанат Медеуов, Сәлима Жолдасова т.б ондаған сәулетшіміз бар. Одан бөлек, басқа аймақтарда ежелден осы салада табан аудармай адал еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз бар. Жыл сайын қолға алған жұмыстардың жобалау- сметалық құжатын дайындағанымызда, Сәулет және құрылыс академиясын бітір­ген 2-3 баланы жұмысқа тартып, рестав­рация жасаудың технологиясын үйретіп келеміз. Ұсталарымыз да қолы шебер жастарды тауып, білгенін үйретіп жатқан жайы бар. Мұндай қабілетті жігіттерді колледждер мен институттарға түсіріп, оқытуға да көңіл бөліп отырмыз. Алматы­дағы Сәулет және құрылыс академиясы тарихи ескерткіштерді қалпына келтіру ісімен айналысатын мамандар дайын­дамайды. Осы мәселені Білім және ғылым министрлігінің жауапты тұлғаларына айт­тық. Сала басшылары алдағы уақытта Сәулет және құрылыс академиясында бізге қажет реставратор мамандарды дайын­дай­тын бөлім ашуға келісті. Оқу орнына өзімізге қандай мамандар қажет екені жайында ұсынысымызды тапсырдық. Кеңес заманында реставраторларды өзге республикаларға жіберіп, тәжірибесін шыңдап тұрушы едік. Қазір олармен бай­ланысымыз жоқ. Сондықтан реставратор мамандар дайындауды өзіміз қолға алуы­мыз керек. Тарихи ескерткіштерді қалыпқа келтіру үшін айрықша шеберлік қажет. Бір ғана Айша бибі кесенесін қалыпқа кел­тіруде 60 мыңнан астам кірпіштің 72 түрін  құйып шығуымызға тура келді. Ал бір кірпішті жасау үшін шеберлер 6-18 күнге де­йін уақыт жұмсайды. Осыдан-ақ рестав­раторлық жұмыстың оңай еместігін бай­қауға болады. Біз тарихи ескерткіштерге қажетті кірпіштердің бәрін Түркістанда құямыз. Кірпіш жасауда, негізінен, еліміз­дің үш жеріндегі топырақ кеңінен пайда­ланылады. Кірпіш құюға қажетті топырақ еліміздің Сауран, Жезқазған, Ақтөбе өңі­рінде ғана бар.
– Біздің елге келетін шетелдік­тер қандай сәулет өнеріне қызы­ға­ды?
– Елге келетін шетелдіктердің ең ал­дымен қызығатыны да осы ұлттық қолтаң­ба ғой. Сосын қазақтың ғажап табиғаты, киелі орындары. Мұның бәрінде біздің ұлттық қолтаңба сайрап тұр: Түркістандағы әулие-әмбиелер, тарихи  мәні зор ескерт­кіштер, көне ғимараттар... Мен шетелге көп шығамын. Сонда олардың ең алдымен сұрайтыны: «Сіздерде адам аяғы баспаған жерлер көп екен ғой. Орман-тоғай, өзен-көлдеріңіз табиғи қалпынан ажырамағаны рас па?» дейді. Олардың сұрағы заңды. Себебі оларда жер көлемі шектеулі, хал­қының саны көп, бос жерлер жоққа тән. Ал біздің қазақ даласы, құдайға шүкір, кең, табиғи қалпын бұза қойған жоқ. Мыңдаған жылдардан бері қалыптасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық қолтаңба­мыз бар. Бүгін біз үшін, қазіргі заман құры­лымына сәйкес, адам баласының қоршаған ортасын бірсарын­дылыққа әкелетін ғаламдандырудан қор­ғау шарасы ретінде мәдени мұра ескерт­кіштерін елге әйгілеу, сақтап қалу бұ­рын­ғы­дан бетер маңызды шаруаға айналды.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста