Қуандық МӘДІР, Батыс Қазақстан облыстық «Өнер» қоғамдық қорының төрағасы:
– Қуандық Насихатұлы, өзіңіз басқаратын «Өнер» қоғамдық қоры төрт жылдан бері «Жазира – Жайық» деп аталатын үлкен сурет көрмесін сәтті ұйымдастырумен келеді. Қолдап-қолпаштаушыларыңыз бар ма, көрме ұйымдастыруға қаржыны қалай тауып отырсыздар?
– Бірден айту керек, жалғыз адам ештеңе бітіре алмайды. Қандай игі бастама көтерсек те, қолдап-қолпаштаушылар, Аллаға шүкір, бар. Өзіңіз айтқан «Жазира – Жайық» көрмесі алғашқы екі жылда облыстық деңгейде өтсе, соңғы екі жыл қатарынан халықаралық деңгейге көтерілді. Мұны біздің үлкен жетістігіміз деп айтуға болады. Облыстық ішкі саясат басқармасы біздің ұсынысымызды қолдады. «Мәдени-тарихи мұраны қорғау» деген жоба аясында қаржы бөлді. Ресейдің Батыс Қазақстанмен шекаралас бес облысының және жергілікті қылқалам шеберлері қатысқан көрме ғаламат әсер сыйлады. Мұны біз облыс басшылығы тарапынан өнерді қолдауға, еліміздегі ішкі татулық пен көрші мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға, суретшілердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына мүмкіндік берген үлкен қамқорлық деп түсінеміз. Көрмені абыроймен өткізуге мейлінше жағдай туғызған ішкі саясат басқармасына алғысымыз шексіз.
– Қазір елімізде түрлі мақсат-мүддені көздеген қоғамдық бірлестіктер мен қорлар көп. «Өнер» қоры әуел баста қандай мақсатпен құрылды? Шын мәнінде, өнерге қызмет етіп отырсыздар ма?
– Әрине, басты мақсат – сол өнерге қызмет қылу. Әйтпесе қор ашып, қаржыға кенелейік деген ой экономикамыз аяғынан енді тұра бастаған 1997 жыл үшін мүлде қисынсыз жағдай еді ғой. Сол жылы қор құрылды. Заман күрделілеу болатын, өнер ұзақ жылғы ұйқыдан оянып жатты. Осы жылымықты пайдаландық. Алматы мен Астанадан жырақта, елде жүрген жас таланттарды жарқыратып көрсетпесек те, қиялдарына қанат бітіргіміз келді. Сөйтіп, алғашқы жобамыз – «Алтын арна» деп аталған фольклорлық ансамбльді өмірге әкелдік. Ғұмыры қысқа болғанымен, осы жоба біз үшін өте ыстық. Өйткені ансамбльдің репертуары толығымен ел жадынан көмескілене бастаған халық әндері мен қазақ сазгерлерінің шығармаларынан тұрды. Енді «кімдерді елге таныттыңыздар, қай дарынның қиялына қанат бітірдіңіздер» деген сауалға келсек, бұл ансамбльден қазір Қазақстанға танымал болған әнші Марат Сарбөпеев шықты. Мұхиттың телегей-теңіз ән мұрасын қаймағын бұзбай бүгінге жеткізушілердің бірі – Серік Абдрахманов біздің қатарымызда болды. Мұрат Аманшиев, Сембек Жанайдаров секілді әнші жігіттердің көрермен алдына шыққаны да осы тұс. Қаржыны күреп табатын коммерциялық жоба болса, «Алтын арна» жабылмас еді. Әрі қарай дамытуға шамамыз келмей қалды.
2000 жылдары «Ел-Мұра» атты театрдың негізін салып, жеңіл сатиралық бағытта қойылымдар қоя бастадық. Сатираны таңдауымыз онсыз да қиналған елдің еңсесін езбейік, сәл де болса көңілін көтерейік дегеннен туған еді. Қазір Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының мүйізі қарағайдай бас режиссері болып отырған Мұқан Томанов деген азамат «Ел-Мұрада» өзі режиссер болды әрі қойылым мәтінін жазды. Бір жылдай халықтың ықыласына бөленіп, облыстың мәдени өміріне серпіліс әкелген театр жұмысының тоқтауына тағы да қаржы тапшылығы мәжбүрледі. Содан кейін «Өнер» қорының қолдауымен «Жыр-Жайық» атты жергілікті жас қаламгерлердің жинағын шығардық.
– Қарап отырсам, сазы бар, театры бар, поэзиясы бар, біраз саланың басын қайырыпсыздар. Ал енді төл мамандығыңыз – бейнелеу өнеріне бет бұруыңыз қалай болды өзі? Көрші аймақтардағы суретшілермен шығармашылық байланыс бар ма?
– Бейнелеу өнеріне біржола бет бұруды көптен ойластырып жүрген едік. «Құланның қасынуына мылтықтың басылуы» демекші, Жайық топырағына ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева көшіп келді. Әркім өзінің жақсы білетін шаруасын істегені жөн екен. Сөйтіп, төл кәсіпке қайта оралдық. Таңғалатыным, ән-жырға бай Батыс Қазақстан өңіріне сурет өнері тым кеш келіпті. Оның өзінде жергілікті орыс суретшілерінің айы оңынан туған. Ал ұлтымыздан шыққан шебер өте аз болды. Қазір, Құдайға шүкір, жағдай біршама түзелді. Көршілермен ептеп байланыс орнап келе жатыр. Біз Атыраудағы «Ақ желкен» арт-галереясымен, Нұрберген Дәулетов басқаратын «Жерұйық» мәдениет орталығымен қоян-қолтық жұмыс жасаудамыз. Ол азамат – өзі кәсіпкер, қалтасынан қаржы шығарып, батыс аймағының суретшілеріне көрме ұйымдастырады. Жұмыстарымызды галереяға тегін қояды. Биыл мамыр айында Ақтөбеде оралдық үш суретшінің көрмесі өтті. Біреуі өзім, сосын Мэлс Отаров және Қанат Оразов деген суретші жігіттер. Одан бөлек, 2011 жылы Астраханьдағы мемлекеттік көркемсурет галереясында талантты суретші Бекжан Жұмабаев екеуміз «Киелі Нарын – құт мекен» тақырыбымен көрме жасадық. Жекелеген суретшілерге келетін болсақ, Атыраудың тумасы, қазір алматылық Табылды Мұқат, ақтөбелік Марат Ғабдрахманов, атыраулық Әділқайыр Жантасов, Исім Арыстанов, Отарбай Кендір, Нұрлан Бермағамбет, Нұрсұлтан Қалиев, сондай-ақ Ресейдің көптеген суретшісімен жақсы шығармашылық байланысым бар.
– Бейнелеу өнерінің бүгінгі беталысы туралы не айтасыз?
– Бейнелеу өнері жалпы қазақ халқына кеш келген өнер ғой. Бізде сонау бағзы замандардан қолданбалы өнер мен қолөнер жақсы дамыған. Оны көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Бейнелеу өнерінің гүлденген шағы — кеңестік дәуір. Өйткені ол кезде сурет өнері идеология құралының бірі болды. Қазір соңғы үш-төрт жылда кәдімгідей бойына қан жүгіре бастағаны көрінеді. Осы үрдіс әрі қарай да жалғасын таба бергей.
Олай дейтінім, көшпенді қазақ халқы үшін басқасын айтпағанда, баспана – киіз үйдің маңызы ерекше, оның іші-сыртын қас шеберлердің қолынан шыққан үй құралдары толтырып, оларды көз жауын аларлық ою-өрнектермен безендірген. Алтын зер және жiбек жiптермен кесте тоқу, ағаш пен сүйектi жымдастыру арқылы көркемдеу, терi ұқсату, зергерлiк өнерi де күштi дамыған. Кешегі, ХХ ғасыр ішінде өмір сүрген аталарымыз бен әкелеріміздің қолынан шыққан небір көз жауын аларлық ат әбзелдері – ер-тұрман, құйысқан, өмілдірікке түсірілген әшекей өрнектері мен зергерлік бұйымдарды көріп өстік. Ол кезде бала болдық та, олардың жасалу технологиясының қыр-сырына назар аудармаппыз. Енді соларды қайта жаңғыртып, сол арқылы бейнелеу өнерін ұлттық идеологияның күшті құралына айналдыруға болады.
– Бейнелеу өнері идеология құралына айналып, жас ұрпақ тәрбиесіне сүбелі үлесін қосар болса, әрине, құба-құп. Дегенмен суретші бүгінгі қоғамда толыққанды бағаланып отыр ма? Осы сұраққа жауап беріңізші.
– Рас, суретшінің қазіргі қоғамдағы орны мен бейнелеу өнерінің соңғы жылдардағы даму үрдісі, болашағына қатысты өзекті мәселелер бар. Өнердің мұраты көркем шындықты бейнелеп, санасы бар жанның эстетикалық сезімін тудыру еді. Суретшінің қоғамдағы орнының әлсіреуі, баяғыдай ұлттық ойдың басы-қасынан табылмауы, суретшіні етікшімен шатастыру, әрине, жаныңды жүдетеді. Суретші деген халық ақын, жазушы, композитор, режиссер сияқты тың дүниені өмірге әкелетін жандар ғой, ендеше, оларды солармен бірдей, тең дәрежеде құрметтеген дұрыс. Көп жағдайда орындаушылардың өзі суретшілердің алдына түсіп кетіп жатады. Суретші сезімнің адамы болғандықтан, оған қиянат жасамай, керісінше, оларды жігерлендіріп, қанаттандырып отырған жөн. Бұл күнде рухани дүниелер жазатын жандар қатары азайып, көптеген суретші шынайы шығармашылық ауылынан алыстады, біразы коммерциялық бағыттағы ұсақ-түйекпен мал табу қамына кіріскен.
– Сөзіңіз аузыңызда, қарапайым тілмен айтқанда, нан табуға кеткен әріптестеріңіздің әрекетін қалай бағалайсыз? Оларды шығармашылық ортаға оралту үшін не істеу қажет?
– Біржақты пікір айту қиын. Білетінім Кеңес өкіметі кезінде бейнелеу өнері тікелей өкімет құзырында болды. Мемлекеттік тапсырыстарды да бір орталықтан, яғни Суретшілер одағынан бөліп тұратын. Ұйым тікелей мемлекеттің қарамағында болғандықтан, кәсіби суретшілермен қатар, аяғынан қаз тұра бастаған жас дарындарды да қолдап, көптеген маңызды шара ұйымдастыратын. Қазір жағдай басқаша. Қазір көптеген суретші заманауи дүние жазамыз деп көрермен түгіл, өзі түсінбейтін композиция сымақтарды өмірге әкеліп жүр. «Стилизация» қуып, үйлесімсіз туындылар жазуға жаппай бет бұру үрдісі байқалады. Нарық тудырған екінші бір мәселе – көпшілік суретшінің атағы, жұмыстың кәсіби орындалу шеберлігіне үңілмей, «бісмілләсін» «мынау қанша тұрадыдан» бастайды. Ал табыс үшін орындалатын өнер, яғни салондық жұмыс өзіне емес, өзгеге ұнау үшін сатып алушының талғамына ыңғайластырып жасалады. Сондықтан ол жылтырақ, сәнді, өте тиімді шешімдермен орындалады.
Енді көркемөнерлік дүние жазу туралы бастаған ойыма қайта оралайын. Өзге халықтың қандай шығармасы да бізге рухани қазына бола алмайды. Әлемдік өнер кеңістігіндегі орнымызды белгілеу үшін кәсіби талғамы жоғары, ұлттық мазмұндық мәні зор картиналар жазылуы керек. Төл өнерімізге, болмысымызға қайшы келетін туындыларды жазудан саналы түрде бас тартқанымыз абзал. Бұл жерде де басты мәселе мемлекеттің қолдауына тіреліп тұр.
– Қолдауға зәруміз дедіңіз. Ал енді мемлекет қолдаған жағдайда сурет өнерін жаңа сатыға көтеріп әкетіп, ұлттық рухымызды асқақтататын туындылар жазуға қабілетті, кәсіби білігі толысқан суретшілер шоғыры бізде бар ма?
– Неге жоқ, бар. Батыс Қазақстан облысының аумағында тұратын 20-ға жуық Қазақстан Суретшілер одағының кез келген мүшесі жатпай-тұрмай жұмыс жасауға дайын. Бәрі де – талантты, талапты қылқалам шеберлері. Бір әттеген-айы, осы жігіттердің бірде-біреуінде жұмыс істейтін шеберхана жоқ. Үлкен ұлттық рух беретін, тарихи тақырыптарға жазатын суретшілер қол қысқалығынан шағын өлшемді жұмыстармен шектелуде. Олардың еңбегін жүйелі түрде насихаттап, сараптайтын мекеме де әзірге болмай тұр. Бір ғана мысал, Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай майдангерлердің бейнесін салған туындыларымызды қалаға сыйға бергіміз келген. Бірақ, өкінішке қарай, Оралда оны орналастыратын, ілетін орын болмай, қазір салған дүниелеріміз әрбіріміздің үйімізде тұр. Енді облыс орталығынан көркемсурет және сәндік қолданбалы өнер музейі ашылса, батысқазақстандық суретшілердің үлкен арманы орындалар еді. Өйткені мұндай музей барлық облыс орталықтарында жұмыс істейді. Көп кешікпей облыс орталығынан Қадыр Мырза Әлі атындағы шығармашылық үйі бой көтермек. Сол маңайдан Батыс Қазақстан облыстық көркемсурет және қолөнер музейі де табылса деген тілегіміз бар. Қалай боларын уақыт көрсетер.
– Болашақ көркемсурет музейін, егер ол салына қалса, көзіңізге қалай елестетесіз?
– Егер облыстық көркемсурет және қолөнер музейі ашылса, ақжайықтық суретшілер мен қолөнершілер үшін үлкен мүмкіндік туар еді. Себебі музей жасақтауға шығармалар бізде жетіп-артылады. Қазақтың көптеген майталман суретшісінің туындылары облыстық өлкетану мұражайының қорында сақтаулы. Мысалы, мұнда «Исатай-Махамбетті» жазған атақты қылқалам шебері Мұхит Халимовтің толыққанды мықты этюдтері сақтаулы. Даңқты суретші Әбілхан Қастеевтің өзіне ұстаздық еткен Николай Хлудовтың жұмыстары бар. Өкініштісі, шаң басып, қорда жатыр. Оларды ешкім көрмейді. Бұл да дербес музей жоқтығынан.
Музей ашылған жағдайда барлық қылқалам шеберінің туындылары ілініп, жинақталған жәдігерлер арнайы қорда сақталар еді. Егер музей іске қосылса, ішінен төрт шеберхана, төрт изостудия ашылып, білікті мамандар шақыртылып, жергілікті суретшілердің монументалдық және станоктық графика, мүсіндеу бойынша шеберліктері шыңдалып, көптеген тарихи туынды салуға мүмкіндік туары сөзсіз. Осылайша облыстағы бейнелеу өнерінің көші түзеліп, қаламызда тағы бір көрікті мәдени-демалыс және эстетикалық тәрбие орны пайда болар еді деген пікірдемін.
– Түсінікті. Енді батысқазақстандық қылқалам шеберлерінің алдағы жоспарларына аз-кем тоқтала кетсеңіз...
– Көрермендерге жағымды жаңалығымыз – биылғы қараша айының 30-ында Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы көркемсурет музейінде тұңғыш рет Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің көрмесі ашылады. Көрменің демеушісі – Бірінші Президент қоры. Наурыз айында аталмыш қор байқау ұйымдастырған болатын. Оған біздің «Өнер» қоры да қатысты. «Жастарды рухани тәрбиелеу» аталымына 54 жоба келіп түсіпті. Қазылар алқасы іріктеп алған төрт жеңімпаздың бірі біз болдық. Бұйырса, көрменің ашылу салтанатына Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы, профессор Байтұрсын Өмірбеков қатыспақшы. Сондай-ақ Жанарбек Берістенов, Камилла Ли, Болат Досжанов, Жұмақын Қайранбаев секілді танымал суретшілер мен өнертанушылар келеді деп күтілуде. Қарашаның 29-ына баспасөз мәслихаты жоспарланған. Көрме 15 желтоқсанға дейін созылып, Жайық өңірінен 20 суретшінің жүздеген суреті қойылмақшы.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алашқа айтар датым...
Француздың белгілі ғалымы Дени Дидроның: «Ұрпағын жазуға, оқуға үйреткендей, сурет салуға да үйреткен ұлт өзгелерден озық тұрады» деген керемет сөзі бар. Осы тұрғыдан келгенде мені қазіргі мектептегі де, университеттегі де бейнелеу пәнін оқыту деңгейі қанағаттандырмайды. Мектепте сағат жылдан-жылға азайып барады. Кредиттік технологияға көшкеннен кейін университетте мүлде кереғарлыққа тап болдық. Шығармашылықпен жұмыс жасайтын студентке мүлде келмейді. Бұл менің ғана пікірім емес, Өнер академиясының, Абай атындағы ҰПУ-дың ғалымдарымен пікірлескен кезде ойымыз бір жерден шықты. Қабілетті балалар көп емес, бірақ бар. Енді сол аздың өзін саз ете алмай жоғалтып аламыз ба деген қауіп тұр көкейде.