Тікелей халықпен жұмыс істеп жүргеннен кейін кейбір қабылданған заңдардың олқылықтары жеткілікті деп есептеймін

Тікелей халықпен жұмыс істеп жүргеннен кейін кейбір қабылданған заңдардың олқылықтары жеткілікті деп есептеймін

Бауыржан ЖАНАҚОВ, Үржар ауданының әкімі:

– Бауыржан Торғайбекұлы, сіздер­дің аудандағы ең ауқымды шараның бірі – жаңадан 13 білім ордасының бой көтеріп келе жатуы, солардың құры­лыс қарқыны қандай?
– Жалпы, 13 мектептің барлығы да ор­та мектептер. Бүгінгі талаптарға сай мектептер. 2015 жылы 12 жылдыққа көшетін болсақ, мұны бүгінгі істеліп жатқан дайын­дық деуге болады. Жалпы, бұл істеліп жатқан игі шаралар Елбасының соңғы бер­ген тапсырмаларына сәйкес, Жолда­уын­дағы міндеттерге сәйкес, екіншіден, облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлының республика, облыстық бюджеттерден қаржы бөлгізіп, қамқорлық жасауының арқасында жүзеге асуда.
– Оның ішінде кейбір мердігерлер­дің немқұрайдылығы, сапасыз жұмы­сы мен өз ісіне салғырт қарауына байланысты бірқатар мектеп құрылысы кестеден кешігіп жүруде екен. Облыс басшылығы да оларды сын-ескерт­пе­нің астына бірнеше мәрте алса да, нәтиже болмай тұрған сияқты. Олармен жұмыс қалай жүргізілмек?
– 1 қыркүйектен бастап Қаратұма және Науалы ауылдарында 320 орындық, Егінсу ауылында, сосын Көктал ауылдық округінде жаңа мектептер пайдалануға берілуі тиіс болатын. Кейбір мердігерлер жұ­мыс­ты кешіктіріп жатыр. Облыс әкімі Айт­бай ауылдық округінде барлық мердігерлермен үлкен кездесу өткізді. Сонда нақтылы әрбір мектептің құрылысының барысы жөнінен, игерілген қаржы жөні­нен, істелінген жұмыстың сапасы жөнінен үлкен әңгіме жүргізілді. Жалпы, жылдың ая­ғына дейін берілген мерзімге сәйкес осы мектептер толық іске қосылады деген үмі­тіміз бар.
– Яғни осы мердігерлердің жұмы­сын бақылау соншалықты күрделі ме сонда?
– Жалпы, мемлекеттік сатып алу туралы заңы – біздің мердігерлердің көбінің сана-сезіміне, бүгінгі талапқа сай емес. Мәселе сонда. Атқарушы билікте сол мер­ді­герлердің материалдық-техникалық базасын электрондық түрде тексеруге мүм­кіншілік жоқ. Бұл түйткілді тікелей осы іс­пен айналысып жүрген азаматтар күнде­лікті сезінеміз. Сол себептен кейбір мердігерлер не техникасы жоқ, не адам күші жоқ, осының бәрін саламын, істеймін, жағ­дайым бар деп электрондық вариантта жалған мәліметтер береді де, тендерді ұтып алады да, сонан кейін өзіне де, бізге де неше түрлі проблемалар тудырады. Ол шындық. Осы жөнінен қатты сын-ескерт­пелер айтылды. Облыстың әкімі тиісті құ­қық қорғау органдарына тапсырмалар бер­ді. Егер де белгіленген мерзімде тапсырмаса, қылмыстық іс қозғап не мерді­гер­лердің басшыларын жауапқа тарту жөнінен қатты нұсқау берілді.
– Яғни Парламентте қабылданған кейбір заңдардың нақты іс жүзіне ас­қанда олқы тұстары көрінеді. Мемлекеттік сатып алу туралы, тендерге байланысты заңдарға жедел түрде өзге­рістер қажет қой сонда...
– Тікелей халықпен жұмыс істеп жүр­геннен кейін кейбір қабылданған заңдар­дың олқылықтары жеткілікті деп есептеймін. Әрине, менің айтқан сөздерім кейбір депутаттарға ұнар, ұнамас, бірақ жалпы келетін болсақ, жағдай солай болып тұр. Мәселен, денсаулық саласында бізде 58 емдеу мекемесі, бес аурухана бар. Үржар ауда­ны – Шығыс Қазақстан облысындағы ең үлкен аудан. Бұл – кешегі үш аудан: Тас­кескен, Мақаншы, Үржар аудандары. Мен осында бес жылдан бері қызмет іс­теймін. Алдында Зайсан ауданында осындай қызмет атқардым. Сол жылдары қыз­мет еткен кезде ауданымызда аудандық денсаулық сақтау бөлімі бар еді. Қар­жы­ландыру, ағымдағы, күрделі жөндеу жұ­мыстарын, құрылыс жұмыстарын, бар­лы­ғын сол бөлім арқылы шештік. Өкінішке қа­рай, қазір мұндай мәселелерді жоғарғы жақтан шешіп отырады. Облыс орталы­ғы­нан 600-700 шақырымда отырған ауданда, біздің Ақшоқы, мәселен, Өскемен қа­ла­сынан 700 шақырым, не болып жат­қанын қайдан біледі? Оның денсаулық саласының жай-күйін қайдан біледі? Қан­дай ғимаратта орналасқанын, қанша дәрі­гер бар екенін... Осы аудандық денсаулық сақтау бөлімін құру туралы да талай рет айтып жүрміз, бұл өте қажет нәрсе. Жергілікті бес аурухананың бас дәрігерлері бөлінген қаржымен алдымен өз мекемелерін қамтамасыз етеді, ол заңды да. Қалған 54 мекеме қалдық принципімен қаржыландырылады. Бұл, шынын айт­қанда, дұрыс емес. Біз жергілікті атқарушы билік оған кірісе алмаймыз. Себебі қар­жы­ландыру жоғары жақтан шешіліп отыр.
– Қалған тоғыз мектептің құрылысы қашан аяқталмақ?
– Қалған тоғыз мектеп жаңа жылға дейін аяқталады деген сөз, уәде берілді. Тоғыз мектептің төртеуі бірінші тоқсанның аяғында аяқталып, оқушылар ІІ тоқсанда кіреді деген сенімдеміз, қалғандары 2012 жылдың аяғында, ІІІ тоқсанда оқу­шы­лар жаңа мектепте білім алады деп отырмыз. Оның сыртында тағы да төрт мектепке жобалық-сметалық құжаттар жасалып жатыр. Үржар ауылындағы 320 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасалып, сараптамадан өткізіліп, Білім және ғылым министрлігіне тапсырылды. Қазір енді шешімін күтіп отырмыз. 2013 жылға осыны кіргізсін деген өтініш айтқанбыз. Оның сыртында тағы төрт апатты мектептің жағдайы бар. Оған да тиісті құжаттары бүгін әзірленуде. Мұндай жұмыстар үздіксіз жүре береді.
– Елбасымыздың стратегиялық бағдарламаларының бірі – ауылға жас мамандарды тарту арқылы ауылдың әл-ауқатын көтеру. Сіздерде «Дип­ломмен – ауылға!» жобасы қалай жүзеге асып жатыр, биыл қанша маман келді, негізінен, қандай мамандар тапшы?
– Біздегі тапшылық, ең бірінші, ден­саулық саласында көрініс беруде. Білім саласында бізде 300-дің сыртында мұ­ға­лім жұмыс сұрап кезекте тұр, оның 20-сы – оқу орнын қызыл дипломмен үздік та­мамдаған жастар. Зейнетке шығуына және өзге аймақтарға көшуіне байланыс­ты шамамен 35-40-тай орын босайды. Дегенмен мамандар артығымен жетеді. Яғни бізде мұғалім кадрларында проблема жоқ. Мұғалімдерді конкурстық негізде жұмысқа қабылдаймыз. Ал денсаулық саласына келетін болсақ, Семей мемлекеттік медицина университетімен, жыл сайын басшыларымен 2-3 рет өзім бастап, жаңа­ғы бес аурухананың бас дәрігерлерінің басын қосып, кездесу өткізіп тұрамыз. Соңғы курс­та оқып жүрген студенттермен кездесу өткіземіз. Арнайы слайдтар арқы­лы жа­ңағы ауруханалардың жағда­йын, істелінген жұмыстарды көрсетеміз. Соның ар­қасында соңғы бес жылдың ішінде 33 жас маман ауылымызға келді. Солардың 30-ы баспанамен толық қамтамасыз етілді. Қал­ғанын үш айдың ішінде қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Аудандағы үлкен проблема – ветеринарлық дәрігерлер. Ауыл шаруашылығы дамыған аймақ бол­ғаннан кейін, келешекте осы мамандарды дайындауға білім саласына жергілікті бюджеттен қаржы қарастырамыз ба деген ойымыз бар. Сосын жолдамамен оқытуды қолға алмақпыз. Облыс әкімінің тікелей қамқорлығымен биыл Таскескен ауылында Үржар колледжі ашылды. Мұнда біз орта буынды – агрономдар, агроном-семеновод, техник-механиктерді дайындаймыз ба деп жоспарлап отырмыз. Бұрынғы кәсіптік-техникалық мектепте қалған 208 студент бар, биыл жаңа бағ­дарлама бойынша 125 бала қабылдадық. Оның барлығы Таскескен ауылында шо­ғыр­ланды. 333 студент 1 қыркүйектен бас­тап дәріс алады. Келесі жылдары тағы да соның материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында жұмыстар жүре бермек. Биыл Шығыс Қазақстан облысында жүзеге асып жатқан «Жол картасы» бағ­дарламасына сәйкес, сол кәсіптік-техни­калық мектептің бас оқу корпусы, жатақ­ханасы күрделі жөндеуден өткізілді.
– Ауыл шаруашылығы мақсатында алынған көптеген жерлер игерілмей бос жатыр, осы түйткілді қалай шешіп жатырсыздар? Сол бос жатқан жерлерді адамдарды еңбекпен қамту үшін бағыттаса... Ауылда өз ісін ашып, кәсіпкерлікпен айналысам деушілер де аз емес шығар. Бұл шаруа қалай жүзеге асып жатыр?
– Бір қоғамнан екінші қоғамға ауысу деген оңай емес, кезінде, 90-жылдары бірталай кемшіліктер орын алды. Оны қазір мойындау керек. Соның кесірінен жақсы жұмыс істеп тұрған кеңшар, ұжым­шарларды ыдыратып алдық. Әлсіз шаруа қожалықтарын құрдық. Ол шындық. Мә­се­лен, Үржар ауданына келетін болсақ, осыдан бес жыл бұрын 4997 шаруа қожа­лығы болды. Кейбіреуінің 5-10 гектар ға­на жері бар. Онымен мына нарықтық заманда қалай жұмыс істеуге болады? Бү­гінде ірілендіру бағытында үлкен жұмыс­тар жүріп, 2445 қожалық қалды. Бір сөз­бен айтқанда, шаруа қожалықтарының саны екі есеге азайды. 82 мың халқы мен 2340 гектар жері бар Үржар ауданына 2445 шаруа қожалығы – ол да көп деп есептейміз. Біздің есебіміз бойынша, 1100-1200 шаруа қожалығы жеткілікті. Ауданда осы салада үлкен жұмыстар жүріп жатыр. Елбасының Жолдауына сәйкес, жерге тексеріс жүргіздік. Оны жүргізген – облыстық жер инспекциясының басқарма мамандары мен біздің жер комитеті мамандары. Ол бір айлық не болмаса бір жыл­дық акция емес. Соңғы бес жылдың ішінде жүйелі түрде жүргізіп келеміз. Иесіз жерлер, иесіз ғимараттар, иесіз пайдаланылмай тұрған кейбір саябақтар, Алакөл жағалауындағы кейбір демалыс орындары бәрі тіркеуге алынды. Әрине, оларды қайтару деген оңайға тиген жоқ. Өкінішке қарай, осында да заңның кемшіліктері бар. Мәселен, кейбір ғимараттар 15-20 жыл иесіз тұр. Иесі бар, бірақ Астана, Алматыда тұрады, ғимаратына ақылға сыймайтын баға сұрайды. Тіпті тәуелсіз сарапшыларды шақырып, нақты бағасын көр­сеткеннің өзінде 3-4 есе артық сұрап от­ыр­ғандар бар. Бірақ жұмыс істемейді, бір мәшине алдына құм төгіп қойса да, жұмыс істеп жатырмын деп, неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барады. Жалпы, осы бес жыл­дың ішінде 700-ге жуық ғимарат пен иге­рілмей жатқан жерлер қайтарылды. Бұ­зылған ғимараттардың орындары тегіс­телді. Ауылдың, елді мекендердің көркін жақсарту үшін бұл жұмыс одан әрі жал­ғасын табады. Жақында құқық қорғау ор­ган­дарының басшыларымен бірігіп жиын өткіздік, тиісті бағдарламалар қабыл­дадық.
– Бүгінде қанша гектар жер мемлекетке қайтарылды?
– Шабындығы бар, жайылымы, егістігі бар 100 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды.
– Әсіресе бұл жерлерді тірек ауылдарын дамытуға байланысты игеру жоспарда бар шығар?
– Тірек ауылдарына келетін болсақ, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, біз­де бұрынғы жабылып қалған аудан орта­лықтары – Мақаншы, Таскескен және Ала­көл жағасындағы Қабанбай ауылы кірді. Ауданымызға республикалық бюджеттен 184 млн теңге ақша бөлінді. Бүгінгі күні бөлінген қаржы толық игерілді. Бұл – келе­шекте жол жөндеу, жарықтандыру, ауыл­дардың сәулетін, көркін келтіруге ба­ғытталған бағдарламалар. Осыны пайдаланып, ауылымызда қоршау жасайтын үш цех ашылды. Онда 20-дан астам адам жұмыспен қамтылды. Халықтың өзі де осыған ниет танытып, өз аулаларын әсем­деп, қоршауын түзеп, сырлап қойса деген өтінішіміз бар. Бұдан басқа, бізде 52 елді мекен бар, солардың барлығында 27 ауылдық округтің орталықтарында осы ауылды көркейту, таза ұстау, мәдени ғимараттарды көбейту, ағаш отырғызу, гүлзарлар ашу сияқты шаруалар қолға алынады. Біздің ауданымызда баяғыдан келе жатқан бір жақсы дәстүр бар: әрбір жанға жыл сайын бір ағаш отырғызып, күтіп, өсіру деген принцип қалыптасқан. Сонан кейін мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушы­сына бір ағаш отырғызы­лады. Ол аллея­ның аты – Бүлдіршіндер аллеясы. Сол ал­леядағы ағашқа оқушы­ның аты-жөні жазылып қояды. Бүгінде Мектеп бітіру­шілер аллеясы да жасалады. Бұл мектеп мен түлек арасындағы байланысты үзбеу үшін де керек. Кейін сол түлек бала-шағасымен келіп, сол ағашты көрсе, тәлім-тәрбиелік мәні зор болады. Осыдан үш жыл бұрын ашылған Батырлар аллея­сының ағаш­тарын отырғызып, қаржылай жәрдем көр­сеткен осы өңірден шыққан белді кәсіп­керлер болатын. 150-дей кәсіпкер Риддер қаласынан шырша әкеліп отыр­ғызды. Сонда әрбір кәсіп­кердің шыршасы бар. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында 2012 жылғы келген инвес­тиция былтырмен салыс­тырғанда екі есе­ге жуық көбейіп, көлемі 1 млрд 200 млн тең­гені құрады.
– Бұл бүгінде Елбасымыздан бастап мықтап қолға алып, еңбек қоғамы мен еңбек адамдары дәріптеліп жат­қан тұста жас ұрпақты тәрбиелеудің бір құралы болып тұр ғой...
– Тарихты сақтау – біздің парызымыз. Сол себепті осыдан үш жыл бұрын Батырлар аллеясын жасағанда, сол 20 батырдың тізімін жасап, суретін, өмірбаянын іздегенде, оған жарты жыл уақыт кетті. Оған жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, Оразанбай деген мүсіншіміз жасады. Қоладан құйылған мүсіндер бізге қымбатқа түскен жоқ. Ресми мекемелер бағасынан алты есе арзанға түсті. Мұнда ұлттық патриотизм, соның негізінде келешек ұрпақты тәрбиелеу – басты мақсат. Ал жақында Үржар ауданының тарихи-өлкетану мұражайын аштық. Ол да 84 жылдық тарихы бар Үржар ауданындағы тұңғыш тарихи мекеме. Оның дәл ауласында Спорт­шылар аллеясын аштық. Біздің ауданымызда Кеңес Одағы кезінде 21 адам дүние­жүзілік жарыстардан жүлделі орындар алған. Соларды дәріптеп жазып қойдық. Бұл да – жастарды спортқа бейімдеудің бір түрі. Кешегі Лондонда өткен Олимпиадада Үржар ауданынан дзюдо, грек-рим күресінен үш спортшы қатысты. Әрине, жас спортшылар болған­дықтан, оларға бүкіл қазақ халқы бола­шақта да үлкен үміт артып отыр. Сол себептен осының бәрі спортты дамытуға арналған шаралар дер едім.

Аудан тынысы
Үржар – Шығыс Қазақстан облысындағы жер көлемі және халық саны жағынан да ең үлкен аудан. Мұнда бұрынғы Таскескен, Мақаншы және Үржар аудандары біріккен. Кезінде кеңестік ғарышкерлерді радиациялық сәуледен тазалау үшін арнайы әкеліп түсірген әлемдегі ең таза, суы шипалы көлдердің бірі – Алакөл де осында. Келесі жылы 85 жылдығын атап өткелі отырған іргелі аймақта соңғы жылдары игі өзгерістер көп. Жақында ғана аудан орталығында жаңа спорт модулі, субұрқақ, өлкетану мұражайы сияқты әлеуметтік нысандар, бірнеше ауылда жаңа мектептер пайдалануға берілді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста