Тәуелсіздік жылдарында халқымыз үлкен сыннан өтті

Тәуелсіздік жылдарында халқымыз үлкен сыннан өтті

Қасымхан БЕГМАНОВ, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Қасымхан аға, «Айтөбел» хабарына қонақ болуыңыз төл мерекеміз – Наурызбен сәйкес келіп тұр. «Дәстүр» атты журналыңыз бар, эт­нограф-ға­лым, марқұм Жағда Ба­балықпен екеу­ара ұлттық тақы­рып­та сырла­суыңыз­дың нәтижесі ре­тінде «Этнографпен әң­гіме» атты кітап шығардыңыз. Демек, Наурыз мерекесі жайлы әңгімеле­суге толық негіз бар деп ойлаймын.
– Міржақып Дулатовтың үлкен ма­қала­сы бар. Ол: «Қазақтың ең басты мерекесі – Наурыз» дейді. Наурыз мерекесін діни наным-сенімдерден бөлек қарауымыз керек. Наурыз – діни мереке емес. Міржақып Дулатовтан бастап, Алаш қайраткерлерінің барлығы дерлік, Мұстафа Шоқай, кешегі Жағда Бабалық та, жалпы, қазақтың ұлы­мын деп жүрген азаматтары­мыздың бар­лығы Наурыз мерекесіне тоқталған. Наурызды тектен-текке Ұлыстың ұлы күні деп айтпаған. Наурыз 21-і күні түнгі сағат үш­тен кейін келеді дейді. Егер сол күні ауа райы жаңбырлы, най­зағайлы болмаса, бір гуіл естіледі екен-міс. Сол гуіл Әз деп аталады. «Сәуір болмай, тәуір болмайсың, Әз келмей, мәз болмайсың» дейді қазақ. Күн мен түннің теңелуі, жәндіктердің, табиғат-ананың оянуы, бүкіл он сегіз мың ға­лам­ға жан бітуі Наурыздан басталады. Қозы маңырап, бұзау мөңіреп, дала у-шуға толып, мал төлдейді. Ағаштар бүр­шік жарады, қырға гүлдер толады, құстар қайтады т.б. Міне, Наурыз – табиғат тойы.
Біздің бала күнімізде, ол кез «қызыл заман», ешқандай қаулы-қарарсыз, нұс­қау­сыз тойланатын. Оның ар жағын­да хал­қы­мыз Наурызды ғасырлар бойы тойлап келе жатты. Биыл Наурызға бес күн демалыс бе­ріп отыр. Халыққа Наурызды той­лау­ға мүм­кіндік жасағанын биліктің үлкен көрегендігі деп айтуға болады. Мәселен, Жағда Баба­лық ақса­қалмен екі жылдан аса сан түрлі тақы­рыптарда әңгіме өткіздік. Әсіресе қа­заққа қатыстылары бір төбе болса, Нау­рызға байланысты да аз әң­гіме бол­ған жоқ. Он сегіз мың ғалам, Ас­пан, Жер әлемі жайлы сұхбаттар өрбіттік. Мы­салы, төрт түлік мал, аң-құс, дүние жаратылысы да тасада қалмады. Осы әңгі­мелер 35 баспа табақ кітап болып «Этнографпен әңгіме» деген атпен басылып шық­ты. Нау­рызға сол жерде жан-жақты тоқтал­дық. Тыңдаушыларымыз, оқушы қауым Нау­рызды тереңірек білгісі келсе, сол кітаптан оқуына болады.
– Жағда Бабалық ақсақалмен көзі тірісінде Наурыз тақырыбына біздің де әңгімелескеніміз бар еді. Бір аңыз есіме түсіп отыр. Мәселен, «Наурыз өте ер­те­ден тойланып келеді. Бағзы за­ман­ның патша-қаған­дары Наурыз келер түні таңға жуық құбылаға қарап, күй тар­тады екен. Патша күй тартып болып артына қарайды, ал артында 365 күйші оты­рады. Олардың әрқай­сысы бір-бір күй тартқаннан кейін барып Нау­рыз мерекесі басталған» деге­нін естігенім бар. Мұның сыры неде екен және бүгінгі күні Наурызды қалай тойлап жүрміз?
– Бұл аңызды маған да айтқан еді. Мұ­ның астары тереңде жатыр. 365 күй тар­ту – 365 күнмен байланысты ма деймін. Бәл­кім, әр күнді бекер өткізбеу керек деген­нен шығар. Сонымен қатар Жағда ақ­сақал Мәскеудің мұрағатында болғанда қолына «Наурыз» деген жыр түскенін айт­қан. Наурыз адамның аты екен, сол азамат­ты ұзақ жырға қосқан дейді. Осы жырда Нұқ пай­ғамбардың кемесі Қазығұрт тауына тоқ­тағаны қам­тылады. Нұқ пайғам­бар қолын­дағы жем­шөбін жануарларға, азық-түлі­гін адамдарға таратып, күн мен түннің теңелге­ніне байланысты той жасапты. «Наурыз» жы­рындағы кейіпкер – Наурыз Нұқ пай­ғамбардан кейін 300 жылдан кейін өмірге келіпті-міс. Сол Наурыз «Бабамыз Нұқ пай­ғамбар 300 жыл бұрын күн мен түннің теңелуін тойлаған, біз де сол мерекені тойлауымыз керек» деп бар күшін салып тойлатқан екен. Содан бері Наурыз тойы тойланады деген аңыз бар. Бұрын Наурызды тойлау табиғи өткен. Халық алты ай қыс дайындалып, қыстан сақтаған сүрін қазанға салып, әдемі киімін киіп, күйін тартып, әнін шырқап, шынайы тойла­ған. Ал қазір наурызкөже ішеміз, теле-радиодан түспейтін 20-30 әншіміз бар, Қазақ­станның қай қаласына барсаң да, солардың күнде естіп жүрген әні айтылады. Әрине, көре алмағаннан айтып отыр­ған жоқпын, дегенмен барлығымыз білетін бағдарлама бо­йын­ша жасанды өтетіні жасырын емес және Наурыз келгенде ғана үстімізге шапан киеміз. Мұнымен Наурыз­дың мәнін арттыра алмаймыз. Ол үшін Нау­рызды жалпыха­лық­тық мерекеге айналдыру керек. Құ­дайға шүкір, еліміз есін жинап, етегін жапты. Бүкіл ел болып, балабақшадан бастап, мектептер, ЖОО-лар, биліктің түрлі саты­сындағы әкімші­ліктер, министрліктер түгел бірігіп, бағдар­лама жасап, баспасөзде тал­қылап, басқа жағдайларды ескеріп, жаппай кірісетін уақыт жетті. Наурызды бір не­месе екі күн ғана тойламаған.
– Қазақ байтақ жеріне байланысты Жетісу, Сыр, Батыс, Шығыс т.б. болып бө­лі­неді. Халық саны аз болғанымен, жер­гілікті ерекшеліктері бар. Мәселен, ба­тыстағы «көрісу» дәстүріне не айтасыз?
– «Әр елдің салты басқа, иттері қара қас­қа» дейді қазақ. Бұл – арнайы зерттеле­тін нәрсе. Теледидарда наурыздың 13-інен бастап хабарлар ұйымдастырып, «көрі­суді» көріп жатырмыз. Аман-есен қыс­тан шықтық дегендей. Ол да өзінше жа­ра­сып тұр. Оның да өзінше мәні, мағы­насы бар деп ойлаймын. Оны этнограф-ға­лым­да­ры­мыз арнайы зерттеуі керек. Ал мен терең зерттеген жоқпын.
– «Дәстүр» журналында салт-дәстү­ріміздің танымдық жағын қаншалықты қамтисыздар?
– Басқа басылымдардың барлығын мен 10 жылға жуық зерттедім. Біздің республикада басылымдар, құдайға шүкір, өте көп және халық мойындаған, ел іздеп жүріп оқитын газет-журналдар бар, бірақ соларда салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз­ға орын өте аз беріледі. Мен осыған қатты көңіл бөлдім. Күніне 30-40 газет алып оқи­мын. Менің бай­қағаным, салтымызға қа­тыс­ты көп болса 40-50 жол арнайды, со­нымен болды. Түбе­гейлі зерттеп жүрген басылымдар жоқ. «Дәстүр» журналына, өкінішке қарай, өмір­ден өтіп кетті: Ақселеу Сейдімбеков, Сейіт Кенжеахметов, Жағда Бабалық – барлығы да атсалыс­ты. «Дәстүр» журналында тек Наурыз ғана емес, қазақ­тың ата дәстүрін, ыр­ым-тыйым, жол-жо­рал­ғыларын жан-жақты қам­тып, халық­қа қайта талдап беруді мақ­сат етіп отыр­мыз. Мысалы, біздің жастары­мыз­дың бас­қа діни ағымдарға түсіп кетуі, өзіне-өзі қол жұмсау, көшеге қару алып шығу, жара салу дегендерге еріп кетуі ата тарихымызды, салт-дәстүрімізді толық білмегеннен деп ойлаймын. Біз өзіміздің түп қазы­ғымызға, ұлт­тық негізгі болмысымызға ор­ал­майынша, ба­қыт­ты, сау-саламат, өсіп-өнген, төрт құбы­лас­ы тең, қой үстіне боз­торғай жұ­мырт­қала­ған, таңғажайып ғала­мат дәуір­ге келеміз деп ойламаймын. Мысалы, жас­тары­мыз Қозы мен Баянның кү­нін, Төлеген мен Жібек­тің кү­нін атап өтейік дегенге аса ықы­ласты бола қойған жоқ. Бас­пасөзде жазыл­ғанымен, сол айтылған жер­де қал­ды. Демек, әрине, бар­лығы ем­ес, бірақ көпшілік жас­тардың ата-салтқа ора­лу­ға құлқы жоқ секілді. Мәселен, интернетті қарап отыр­саңыз, қайдағы бір Валентин күнін тойлап жүр. Бұған тек жас­тар кінәлі емес. Барлық жағдайды жақсар­туы­мыз үшін ата тарихы­мызға, ата салты­мызға оралуымыз керек.
– Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылды­ғын той­ладық, 21-жылы басталды. Осы уақыт ара­лығындағы өзіңіз айтып отыр­ған ата салт, әдет-ғұрпымыздың қай­та жаң­ғыруына қандай баға берер едіңіз?
– Ауызды қу шөппен сүртуге болмас, бірақ біз түбегейлі ата тарих, ата салты­мыз­ға оралдық деу қиын, дегенмен түк жоқ деп тағы айта алмаймын. Біз ата мұра­ларымызды том-том кітап қылып шығарып жатырмыз, бірақ оның, біріншіден, таралымы аз, екіншіден, ол түбегейлі халыққа жетіп жатыр ма? Жеткен күнде халық оны қы­зығып оқи ма? Бұл – үлкен мәсе­ле. Содан кейін біздің көгілдір экран, Қазақ радиосы, жалпы БАҚ халық­тың кө­ке­йіндегі бүгінгі күні елді мазалап жүр­ген сұрақты дер кезінде көтеріп жатыр ма? Қан­шалықты айтып, қаншалықты дәре­жеде жеткізіп жүрміз? Осы мәселенің бар­лығы қайтадан түбегейлі қаралуы керек деп ойлаймын. Әрине, 20 жылдың ішін­де Тәуелсіз ел бол­дық, Елтаңбамыз бар, Көк Туымызды ас­пандаттық, төл теңге­міз айналымда жүр, мемлекет ішінде сан қилы жұмыстар жүріп жатыр. Десек те, ба­ғанағы сөзімді қайтып айтамын, өзіміз­дің әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге, ата тари­хымызға, әсіресе бү­гінгі жас ұр­пақ­ты мемлекетшіл, отаншыл, қазақшыл етіп тәрбие­леу үшін қыруар жұ­мыстар күтіп тұр. Жасыратыны жоқ, Тә­уел­сіздікпен бірге елімізге түрлі қиын­шы­лықтар келді. Тәуел­сіз ел сол қиын­шы­лық­тардың барлы­ғы­мен күре­седі. Демек, халқымыз осы жылдар ішінде үл­кен сыннан өтті деп есептеймін.
– Жоғарыда «Бүгінгі БАҚ халықтың көкейін дөп басып жүр ме?» дедіңіз. Сіздің ойыңызша, халықтың көкейінде қандай сұрақтар болуы мүмкін?
– Әсіресе телеарналардағы ұзақ сонар, айлап көретін шетелдің фильмдері, түрік­тің, кәрістің, орыстың болсын, тек қазақтікі емес, меніңше, осылар халықтың жанын ауыртады. Мысалы, шетелдерге аэропортынан бастап жіті, сергек қарайсың және әр нәрсені көңілге түйіп, санаға жазып алу­ға тырысасың. Шетел қанша жерден керемет болса да, 10 күннен артық шыдай ал­май­сың. Туған жерің тартып тұрады. Мәсе­лен, менің жылына үш-төрт рет шығатын жағ­дайым бар. Арасында арнайы демалыс үшін барасың. Мысалы, былтыр Мона­коға футболға бардық, биыл Барселонаға бар­сақ деген жоспарымыз бар. Шынды­ғында, мен бәлендей жанкүйер емеспін, ел, жер көргім келеді. Шетелден көріп, кө­ке­йіңе түйіп, санаңа жазып келген жайттарды елге келгеннен кейін салыстырасың, айдалада, теңіздің жағасында жатып «Біз­дің қазақ осындай жағдайға қашан жетеді?» деп армандайсың.
Институтқа түскеннен бастап, бүгінге дейін өмірім орысша сөйлейтіндердің арасында өтіп келеді. Әлі күнге дейін қызмет етіп келе жатқан мекеменің қақпасынан осылай. Кейде Тәуелсіз ел екеніңе ойланып қаласың. Мұндай жайт Қазақстанның талай жерінен кездеседі. Әрине, бүгінгі бас­пасөз қазақтың жырын жырлап, жоғын жоқтап келе жатқанын жоққа шығара алмаймын, бірақ әлде де ұлтқа керек нәр­селерді сұрыптау, екшеу, әлде де тереңірек барып, жақындай түсетін нәрселер өте көп деп ойлаймын.
– Наурыз Халықаралық мерекелер қа­та­рына кірді. Шетелдерде Наурыз қар­саңында болып көрдіңіз бе? Қазақ­тан басқалар Наурызды қалай тойлайды?
– Шынымды айтсам, Наурыз кезінде шетелдерде болған жоқпын. Наурыз – шы­ғыс халықтарының барлығына ортақ мейрам. Өзбек, түрік, әзірбайжан, қырғыз – бар­лығы да Наурызды тойлайды. Бізден ар­тық тойлайды деп айта алмаймын. Мә­селен, Наурызды наурыз айында ғана еске алып, күнделікті ағымдағы жұмыстардың қатарына санауға болмайды. Өйткені біз Көк Туымыз желбіреген, Елбасымыз бар, Елтаңбамыз айқын, Әнұранымыз әуелеген еркін, егемен, ешкімге жалтақтамайтын Тәуелсіз елміз деп жүрміз. Әрине, ел ішінде ішкі қиыншылықтар жоқ емес. Біздің елде кезек күттірмейтін мәселенің бірі – Наурыз мерекесі. Ұлт болып ұйысып, ха­лық болып қалу үшін дәстүрге, ғұрыпқа ор­ал­майын­ша, ата тарихымызға келмейінше, түп тегі­мізді танымайынша, өркениет­ті елдерге жетеміз, үлкен мемлекет боламыз дегенге сеніңкіремеймін. Аллаға шүкір дейік, бар­лық нәрсе салыстырмалы түрде анықталады ғой. Көрші жатқан елдердің қай-қайсы­сынан да біздің халықтың жағ­дайы жақсы деп баспасөзде күндіз-түні айтылып жатыр. Солай болса солай шығар, лайым солай болғай! Дегенмен мемлекеттік тұтас идеология керек-ақ. Ұлттық мәсе­лелерге ұйысу керек деп ойлаймын. Ал ұлт­тық мәселе­нің басы осы Наурыздан бас­талады. Қазір Мем­лекеттік хатшы болып ұлт зиялылары­ның бірі, Тәуелсіздік таңы атқалы бері Пре­зи­денттің ең сенімді се­рік­терінің бірі Мұх­тар Құл-Мұхамед мыр­за келді. Ақпарат және мәдениет министрі болып журналист Дархан Мыңбай мыр­за келді. Осы екі азаматтан халық үл­кен үміт күтеді, әсіресе зия­лы қауым қатты үмітті.
– Наурыз жайлы біршама әңгіме түрілгендей. Енді талай жылдан бері талмай еңбек етіп, елге танытқан сан қырлы тұлға – Мұстафа Шоқайға келсек. Әрине, Мұстафа Шоқайға арнайы уақыт бөлген күннің өзінде, бұл тақы­рып­ты бір хабар­дың ауқымына сыйғыза ал­маймыз. Сол себепті екі сұрағым бар: 1. Мұстафа Шо­қай тақырыбына қа­лай келдіңіз? 2.Мұстафа Шоқай Түр­кіс­тан легионын құрған ба, құрма­ған ба?
– Мұстафа Шоқай тақырыбына бала ке­зімде келдім. Бала кезде Сағит Жәкі­баев­тың «Үлкен Түркістанның күйреуі» де­ген кітабын оқыдым. Ол кітапты бүкіл біз­дің толқын оқыды. Сол кітапта обер-лейтенант Әлихан Ағаев бастаған қазақ жігіттері Ақтөбе облысының аймағына диверсия­лық соғыс жүргізуге тасталады. Оқиға осыдан басталады. Бұл кітап Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрған, немістерге са­тыл­ған деген сияқты КГБ-ның нұсқауы­мен жазылған. Осы кітапты оқығаннан соң мен бір нәрсеге таңғалдым: «Қазақтың баласы басқа жақта жүріп, өзінің еліне қалай жау болады?» Осы сауал көкейіме жатталып қалды. Қазіргі қыз­мет істеп жүрген мекеме­ме бірінші күн­нен бастап, қарапайым менеджерліктен бү­гінде департамент басты­ғы­ның орынбасары қызмет аралығын 13 жылда жүріп өттім. Осы 13 жылдың жеті жы­лында Алаш ар­дақтылары жайлы зерттеу жүргізіп, кітап жазуды, сан түрлі мұра­ғаттарда отыруды, оны ұйымдастыруды, тарихшыларды жіберуді, мәселен, Омбы­ға, Ташкентке, Мәскеу­дің КГБ-сына, Питер­дің мұрағатына ғалым­дарды жіберіп, игілікті іс істеу жөніндегі ұсы­нысымды жыл сайын беріп отырдым. Сөйтіп, Алаш қай­раткерлері туралы 10-20 томдық зерттеу кі­таптарын шығаруды ар­ман­дағанмын. Әрине, ол арман күйінде қалды. Мен жеті жыл бойы осы ұсынысымды жазып қой­маған соң, жетінші ретінде: «Сіз­дің беріп отырған қызметтік хатыңыз – өте орынды нәрсе. Бірақ сіз 10 адамды ұсы­нып отырсыз. Біздің 10 адамға мүмкіндігіміз жоқ. Сіз осылардың ішінен біреуін ғана алы­ңыз» деді. Мен сонда Мұстафа Шоқайға тоқ­тал­дым. Өйткені Мұстафа Шоқайдың өмір жолы өте аянышты. Оның өмір жолы орындалмайтын арманға толы, қайғылы, қасі­ретті, азабы мол десек те, романтикаға да бай. Бармаған жері жоқ. Қызылорда облы­сының Шиелі ауданындағы Наршоқы­дан бас­тап, Ташкент, Қоқан, Ферғана, Санкт-­Петербург, Баку, Тбилиси, Кутаиси, Стам­бул, Париж, Шель, Портоплино, Берлин. Мі­не, Наршоқыдан бастап Берлинге дейін жүріп өттім. Бұл жолда 20-дан аса мұра­ғат­ты қарадық, сан түрлі адамдармен кездестік. Осы зерттеуде Мұстафа Шоқайдың Түр­кістан легионына мүлде қатысы жоқ еке­ніне анық көзім жетті. Тіпті арнайы зерт­теген жігіттер де бар. Олар Мұстафа Шо­қайдың бойынан адами, пенделік кемші­ліктер таба алған жоқ. Мұстафа Шоқай 1941 жылы желтоқсанның 27-сінде Берлин қаласының «Виктория» қонақүйінде дүние­ден өтті, Наршоқыда дүниеге келді. Әлихан Бөкейханов құрған Алашорда үкіметінің 15 мүшесінің бірі де – Мұстафа Шо­қай. Бұл – ешқандай дау туғызбайтын, тарихта таңба­лан­ған анық мәселе. Мұстафа Шоқайды сол заманда қадірлейтін, қастер­лейтін, оқы­ған, әр халықтың арасынан шыққан озық ойлы азаматтар аз болған жоқ. Мәсе­лен, мен солардың ұрпақтары­ның барлығы­мен дерлік кездестім. Бакуде, Тби­лисиде болсын, Кутаис, Батумиде болсын Мұстафа Шоқайды естігенде баскиім­де­рін шешіп, осылай да адам баласы жаратылады екен-ау деп таңғалғандарын 80 сағаттық таспаға жазып алғанмын. Сол 80 сағаттық бейне-таспадан бір сағаттық пре­зентациялық се­рия-нұсқасын жасап, Алла қаласа, «Қазақ­стан» РТРК-ның төра­йы­мы Нұржан Мұха­мед­жанова ханыммен ті­келей келісімшартқа тұрып, үш сериясын Наурыз өтісімен кестеге саламыз деп отыр.
Екі жаңалығым бар. Бірі жағымды, екін­шісі жағымсыз. Жағымдысы – биылдан бастап білім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұлов мырза «Мұстафа Шо­қай жолымен» деректі фильмін Қазақстан­да­ғы орта мектептерде тарихқа қосымша пән ретінде тізімге кіргізіп, бағдарламаға ен­гізді. Ал жағымсызы – Мұстафа Шоқайға байланысты соттасуға тура келіп тұр. Себебі Алматы, Ас­тана, Шымкент, Кентау, Қызылорда, Өс­кемен қалаларында «Мұс­тафа Шоқайдың жолымен» деректі филь­мінің тұсаукесерін жасадым. Өскемендегі тұсаукесерінде, әл­бетте, фильмнің орыс тіліндегі нұсқасы көр­сетілді. Осыдан кейін Өскемен қалалық орыс­тілді газетте «Как черное становится белым» деген үлкен мақала шықты. Бұл мақалада: «Мұстафа Шоқай Түркістан легионын құрған, бізде ардагерлер бар. Олар Ұлы Отан соғысына қатысып, бізді қорғады. Олар «баррикада­ның» бер жағында, ал Мұстафа Шоқай сияқты сат­қындар «барри­ка­даның» ар жағында. Біз бірінші айырып алайық. Мұстафа Шоқай – халықты сатқан адам», – деп қаралап жазды. Бізде әлі күнге дейін басқа ұлтты былай қойғанда, өз ұл­тымыз­дың, қазақтардың арасында Мұстафа Шоқайға деген анық көзқарастың жоқтығы менің жанымды күйзелтті. Бұл интернетте үлкен әңгіме болды. Онымен тоқтамастан, әлгі өскемендік орыстілді газет екінші рет мақала жариялады. Енді бұдан кейін намысы бар адам Мұстафа Шоқайдың арын тек сотта ғана қорғауға болатынына көз жетіп отыр. Алдымыздағы демалыста өзім­нің есе­бімнен Өскеменге ұшамын. Қаншаға созылса, сонша күн болып, осыны бір жағы­на шы­ғарып келейін деп отырмын. Кезіндегі Қа­зақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының Мұстафа Шоқай туралы берген сұхбатын Мемлекеттік кітап­хананың мұ­ра­ғатынан шығарып алдым. Осыдан 10 жыл бұрын берген сұхбат екен. Сол сияқты зерттеушілердің бірен-саран құжаттары бар. Соның бірі – 1948 жылы Мұстафа Шо­қай­ға байланысты Мәс­кеу­ден Берлинге сұрау салған: «Мұстафа Шоқай­дың Түркістан легионына қатысы бар ма?» деген анық сұ­раққа: «Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына мүлде қатысы жоқ» деп жауап берген. Міне, осындай дәлелді құжаттардың бірнешеуін буып-түйіп, да­йындалып, Өске­мендегі жалдаған адвокатыма бердім. Нау­рыз айының аяғында сот өтеді. Алла қаласа, сол сотта біз міндетті түрде жеңеміз.
 – «Аққа Құдай жақ» дейді. Біз сізге тілектеспіз. Әңгімеңізге рақмет.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста