Құрбан айтты бүкілхалықтық мейрамға айналдыру қажет

Құрбан айтты бүкілхалықтық мейрамға айналдыру қажет

Қалижан қажы ЗАҢҚОЕВ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының найб мүфтиі, Астана қаласының бас имамы:

– Қалижан қажы Байырбекұлы, Құрбан айт барша мұсылман халықтарының ортақ мерекесі екені белгілі. Сөз басында осы ұлы мейрамның мән-мағынасы туралы қысқаша айтып берсеңіз?
– Бисмилләһир рахманир рахим, құр­метті оқырман қауым! Араға жыл салып, күл­лі Ислам үмметі аңсай күткен ұлық мере­ке – Құрбан айт та келіп жетті. Бүгін осы айтулы мерекенің алғашқы күні. Осы сәтті пайдалана отырып, баршаңызды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және «Нұр Астана» орталық мешіті ұжымы­ның атынан Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл күні Меккеге барған барша қажылар Мина жазығында құрбандық шалу рәсімі мен қажылықтың басқа да шарттарын атқарады. Ал қажы­лыққа бара алмағандар жергілікті мешіт­терде айт намазын оқып, айтулы мерекенің ең маңызды рәсімі – құрбандық шалады.
Әрине, Құрбан айттың мән-маңызын түсіну үшін оның тарихын білу ләзім. Ұзақ уақыт перзент күткен Ибраһим пайғамбарға Алла тағала ұл береді. Оның атын Исмаил деп қояды. Ол өсіп, бұғанасы қатайған шақ­та, Ибраһим пайғамбар түс көреді. Түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жат­қан­дығын көреді. Бұл – Зүлхижжа айында болған оқиға. Әкесі бұл түстің шынайы екендігіне сене алмай екіленеді. Сондықтан бұл күнді «Тәруия», яғни «екілену» деп атайды. Өйткені өз баласын құрбандыққа шалуға қай әкенің дәті барады? Ертесі күні ол тағы да осы түсті көреді. Міне, осы күнді «Арафа күні» дейді. Қазанның 26-сы Құрбан айт болса, 25-сі Арафа күні болып саналады. Араб тіліндегі бұл сөздің мағына­сы – «анығын білді», яғни Ибраһим Пайғам­бар ол түстің шын мәнінде Алла тағаланың аяны екендігін анық білді. Келесі күні ол баласын таудың етегіне алып барып, құр­бан­дыққа шалуға кіріседі. Бірақ тасты қақ жарған пышақтың жүзі баланың жұп-жұм­сақ мойнынан өтпейді. Әлбетте, оның бәрі Алланың хикметі еді. Алла тағала өзінің сүйікті құлы – Ибраһимді сынаған болатын. Баласы да Алла тағаланың сынағына мойын­сұнып, әкесіне былай деп айтады: «Ей, әке­тайым! Өзіңе не әмір етілсе, оны орында. Алла қаласа, мені сабырлылардан табар­сың», – дейді. Яғни, Исмаил сабырлылық таны­тып, Алла тағаланың сынағына дайын екендігін көрсетті. Осыдан кейін Алла таға­ла Жебірейіл періште арқылы аспаннан көк қошқар түсіреді. Сол кезде Жебірейіл періште «Аллаһу акбар, Аллаһу акбар!», – деп қошқарды алып, түсіп келе жатқанда, әкелі-балалы: «Лә иләһә илләллаһу, Аллаһу акбар, Аллаһу акбар, уа лилләһил хамд» деген екен. Міне, осы екі Пайғамбар мен бір періштеден қалған «тәкбір ташрихты» 25 қазан күні таң намазынан бастап, әр парыз намазы біткен соң, Құрбан айттың соңғы күнгі екінді намазына дейін біз осы «Тәкпір тәшрихты» айтуымыз қажет.
Енді, осындайда «Ибраһим Пайғамбар­ға көк қошқар түскендіктен, Құрбан айт кезінде тек көк қошқарды шалу керек пе?» деген сұрақтар жиі қойылады. Әрине, хайуан малдың түсінде тұрған ештеңе жоқ. Сосын «Менің қой союға шамам жоқ, тауық сойсам бола ма? Неге жылқы құрбандыққа шалынбайды?», – деп сұрайтындар бар. Ша­ри­ғатта құрбандыққа шалынатын мал­дар аталып өткен. Одан аттауға болмайды. Себебі тауық пен жылқыға дәлел жоқ. Енді қараңыз, шариғат бойынша қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалу қажет. Қой мен ешкі бір адамның мойнындағы құрбандық болса, түйе мен қара малды же­ті адамға дейін құрбандыққа шалуға рұқсат бар. Осы орайда атап өтер жайт, жеті адам­ның ішіндегі біреудің ниеті дұрыс болмаса, ол құрбандық жеті адамның барлығынан да қабыл болмайды. Сондықтан серік таңда­ған кезде, ниеті түзу, сенімі берік адамдар­мен қосылған дұрыс.     
Алла тағала Құран Кәрімде: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» –деп әмір етіп, құрбан шалудың уәжіптігін білдір­ген. Құрбан шалу арқылы мұсылман баласы Алла тағалаға әрі адамдарға жақындай түседі. Осының нәтижесінде пенде адам­гершілік қасиетке мән беретін және барша­ға мейірім көзімен қарайтын кәміл мұсыл­манға айналады. Сондай-ақ қасиетті Құр­бан айт жамағаттың бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айт мерекесі Ислам дінінен бұрын ежелгі Араб елінде дүниеге келген. Асыл дініміз мұны діни дәстүр, мұсылмандардың ең ұлық ме­ре­кесіне айналдырып, айрықша нұрлан­дырды. Мінекей, содан бері Құрбан айт мұсылман күнтізбесіндегі Зүлхижжа айы­ның оныншы жұлдызында басталып, үш-төрт күнге жалғасады.
– Құрбан айт мерекесін қалай атап өткен жөн? Құрбандық шалудың негізгі шарттарына тоқталсаңыз?
– Мұсылман үмметі Құрбан айт күні таңертең дәрет алып, өзінің алғашқы қада­мын тазарудан бастап, мұнан кейін үстіне кіршіксіз таза, жаңа киімдерін киіп, хош иіс себініп, мешітке барып, көпшілікпен бір­ге мерекелік намаз оқиды. Айт намазынан кейін барша мұсылман баласы бір-біріне құшағын жайып, «Алла айттан айтқа аман-есен қауыштырсын!», – деп, өзара дұға жа­сап, қуанышқа ортақтасады, қуаныш-қы­зықты бірге бөліседі. Ренжіскен ағайындар татуласып, бір-біріне деген туыстық қаты­насын онан әрі арттыра түседі. Осылайша, «Құр­бан айт» мерекесі құлшылықпен бас­талып, өзінің барлық сән-салтанатымен ел ішінде жалғасын табады. Иә, құрбан айт мерекесімен келетін бақыт, тыныштық, бе­ре­кеге толы бір жыл, келесі жылғы Құрбан айтқа дейін осылай жалғаса бермек.
Дық шалу – дініміздегі сүйікті амалдың бірі. Оның негізгі шарттарына тоқталатын болсақ, төрт түлік малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе ғана құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтының сыртқы көрінісі күйлі болса, құрбандыққа жарайды. Ал ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Сиырдан тек екі жасқа толғаны, түйеден бес жасқа толғаны құрбандыққа жарамды. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Атап айтқанда, екі немесе бір көзінің соқыр болуы, бауыздалатын жерге өздігінен жүріп бара алмайтындай әлсіз, көтерем болуы, екі құлағының не бір құлағының басым бөлігі болмауы, тістері түгелдей немесе бір бөлігі түсіп қалған болса, қос мүйізі немесе бір мүйізі түбінен түсіп қалған болса, сондай-ақ желін ұшының түсіп қалуы, жетекке көнбей­тін, үйірге қосуға жарамайтындай асау не­ме­се ауру екендігі анық белгілі болса, мал құрбандыққа жарамсыз болып санала­ды.
Құрбандық малын сол жағымен құбы­ла­ға қаратып жатқызады. Сосын бауыздай­тын кісі «Бисмилләһи аллаһу әкбар» деп айтады. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шық­пастан, алдын ала жұлынына пышақ салу, басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал. Малды бауыздап жатқанда «Бис­мил­ләһ» сөзін әдейі айтпай қойса, ол мал­дың етін жеуге болмайды. Құрбан шалушы адам сойылған малдың терісін пайдалана ал­май­ды және қасапшыға ақы ретінде де беруіне болмайды. Терісі садақа ретінде берілуі тиіс. Құрбандық малдың бас-сира­ғы мен ішек-қарнын ысырап етіп тастамай, оларды тазалап алып, мұқтаж жандарға үлес­тіріп беру керек. Құрбан айттың ең сүйікті амалы және осы мерекенің басты құл­шылығы болған құрбандығымыз толық­тай қабыл болуы үшін малдың жеуге жа­рам­ды болған ешбір ағзасы күл-қоқысқа тасталмауы тиіс.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ние­ті, шын пейілі, дінге бекемдігі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрт­тігі, сараңдығы мен жомарттығы да сынала­ды.
– Осы Құрбан айтқа бір күн қалғанда, құрбандық шалатындар болады. Сол дұрыс па?
– Бұл мәселені біз бірнеше жыл айтып келеміз. Құрбан айтқа бір күн қалған кезде, Арафада адамдар шек күні деп, өткен аруақ­­тарға арнап бір мал сояды да, ерте­сінде құдай тамақ ретінде беріп жатады. Негізі, Арафа Құрбан айтқа дайындық күні болып саналады. Ол күні біз шелпек пісіріп, жан-жақты дайындаламыз. Ол – дұрыс. Бірақ мал союға болмайды. Себебі бір хадисте айтылғандай, Құрбан айтта біздің бірінші міндетіміз – мешіттерге барып, Құрбан айт намазын оқу. Осыдан кейін үйге келіп, құрбандық шаламыз. Бұл сүннетке сай жасалған амал болып саналады. Ал Құр­бан айт намазын оқымай тұрып, құр­бан­дық шалатын болса, ол өзінің отбасы  үшін дайындалған ет болып қалады. Демек, ондай мал құрбандыққа жатпайды. Осыны ұмытпау қажет.
– Ал құрбандық шалмай, садақа жасай салуға бола ма?
– «Кімде-кімнің шамасы келе отырып, құрбандық шалмайтын болса, біздің намаз оқитын жерімізге келмесін!», – деген екен Пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Бұл – өте ауыр ай­тыл­ған сөз. Сондықтан жағдайы бар адам бір қой, я болмаса, жеті адам бірігіп, сиыр немесе түйені құрбандыққа шалуы тиіс. Құрбан айттың бірінші күні шала алмаса, одан кейінгі екі күннің ішінде сол мұсыл­мандық міндетін орындап шығуы шарт. Ал үлгермей жатса, құрбандыққа шалатын малдың ақшасын садақа ретінде берсе де болады. Алайда Құрбан айт болғаннан кейін құрбандық шалған жөн. Оның еті, қаны мен жүні Алла тағалаға жетпейді. Алла­ға біздің жүрегіміздегі тақуалығымыз, шын ниетіміз жетеді. Құранда «Хаж» сүресі­нің 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер, әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», – делінген. Демек, құрбандық­қа шалынған малдың етінен өзі және өзгелер де жей алады. Дұрысы, құрбан етін үшке бөліп, бір бөлігін мұқтаж жандарға, екінші бөлігін туған-туыстарға немесе көршілерге, ал қалған бөлігін өз отбасына алып қалған жөн. Сондай-ақ «барлығын Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруге де болады.
– Ал адамның құрбандық шалуға мүлдем жағдайы болмаса?..
– Шариғат бойынша нисап мөлшерін­дегі, яғни 85 грамм алтынға тең ақшасы бар, бас бостандықтағы, ақыл-есі бүтін, жолсапарда емес мұсылманға құрбан шалу уәжіп етілген. Ал құрбандық шалуға шама­сы жоқ мұсылмандар, ниеттері арқылы сауапқа жете алады. Хадистерде «мұсылман баласының ниетінің тазалығына қарай сауабы беріледі», «оның ізгі ниеті амалынан қайырлы» деп айтылған. Яғни, қай істе бол­масын мұсылман баласын ниетін таза ұстауға шақырады. Сол себепті «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» – деген ниетте болса, «мейі­рім­ді Раббымыз оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап береді», деп жазылған. Құрбан шалуға жағдайы жоқ кісілерге жасалған және бір жеңілдік, ол – айт күні жуынып-шайынып, тазалану. Себе­бі бұл тазалық оларға құрбандық шалған­дай сауап әкеледі.
– «Нұр Астана» мешіті Құрбан айт мерекесі аясында жыл сайын сан алуан қайырымдылық іс-шара­ларын өткізіп тұратыны белгілі.  Биылғы ұлық мейрам қандай шаралармен ерекшеленеді екен?
– Құрбан айт мерекесі – пендені Алла таға­лаға жақындатып, адамдар арасын­да­ғы өзара қарым-қатынасты жақсартатын және ынтымақ-бірлігін арттыратын ұлық мереке. Қаладағы қоғамдық қорлар мен мұқтаж жандар өтініштерін беріп жатыр. Сондай-ақ қалалық әкімдік ұсынған тізім бойынша Құрбандық еттері таратылатын болады. Сондай-ақ қарттар үйі, жетім балалар үйі және мешіт аулаларында мере­келік дастар­қандар жайылмақ. 20 қазаннан бастап, елордамыздың үлкен көше бойла­рына және мешіт маңдайшаларына Құрбан айт мерекесімен құттықтау билбордтары ілінді. Мемлекеттік қызметкерлер мен түрлі меке­мелерге мешіт атынан арнайы құттық­тау хаттары жолданды. Мұның өзі – қала мұсыл­мандары мерекені сезінсе екен деген игі мақсатта жасалып отырған шара. Мере­кенің сүйікті амалы құрбандық шалудың мән-маңызы мен шарттары қамтылған кі­тап­ша­лар мен парақшалар таратылып, жа­ма­ғатқа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.    
– Әбсаттар қажы Дербісәлі бір сөзінде: «Қазақстанның бүкіл қалалары, аудандары, өңірлері мен шағын ауыл-аймақтарына дейін осы айт мерекесінің ерекше көңіл күйін қалыптастырып, оны ұлттық, бүкілхалықтық деңгейге көтеру қажет», – деген еді. Қалай ойлайсыз, біз осы деңгейге жеттік пе?
– Жуырда, Дінбасы Әбсаттар қажы Дер­бісәлі хазірет өкіл имамдардың басын қо­сып, құрбан айттың дайындығын пысықтай келе мерекені жоғары деңгейде атап өту қажеттігін айтып, нақты тапсырмалар берді. Құдайға шүкір, бұрынғымен салыстырған­да, Құрбан айт мерекесі ел арасында жоға­ры әрі елдік деңгейде атап өтетін мейра­мымыздың біріне айналды. Оған Елба­сы­­мыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы­мен аталмыш мерекенің алғашқы күнін республикалық деңгейде демалыс ретінде атап өтуге қол жеткіздік. Мұның өзі мерекені айрықша сезінуге жол ашпақ. Бұл күні әуелі мешітте мерекелік айт намазын оқыған соң, жағда­йы жеткен мұсылмандар құрбандығын шалып, ағайын-туыс бір-біріне айтшылай­ды, сый­лық­тар тарту етеді. Қарап отырса­ңыз, айт намазын оқығанда да, құрбан шалғанда да, бір-бірінің үйлеріне айттаған­да да адамдар көпшілікпен бірге болады. Міне, бүкілхалықтық деңгейде атап өту дегеніміз осы емес пе?!
Жағдайы жеткендердің бәрі құрбан шалса, оның еті тұрмысы төмендерге тара­тылса, халқымыз арасында ауызбіршілік пен сыйластық та артқан үстіне арта береді. Айт келгенде, әр отбасында қуанбайтын, шаттанбайтын кісі қалмауы ләзім. Бесіктегі баладан төрдегі ересектерге дейін барша отандастарымызды айт мейрамын жыл сайын сағына күтетін деңгейге жеткізуге тиіспіз. Балаларға арнайы ойыншықтар мен сыйлықтар таратуды ұйымдастырсақ, бұл мереке олардың да сағына күтетін мей­рамына айналары анық. Жақын-жұратта­ры­мызға да сый-сияпат, тарту-таралғыны дәл осы айт күндерінде көбірек жасауды әдетімізге айналдырған дұрыс. Сонда жер­дегілер осындай иләһи мерекені тойлап, мәз-мейрам болып жатқанда, көктегі пе­ріш­­телер де мұсылман жұртшылығының бірлік-ынтымағына тілектес болатыны сөзсіз.
– Биыл әлем бойынша 2 мил­лио­ннан астам адам қажылық сапарына аттану үшін Құрбан айттың басталуын асыға күтті. Олардың ішінде бес мыңға жуық қазақстандық азамат бар екен. Сіздіңше, 11 миллион қазақ үшін бұл аз емес пе?
– Әрине, 11 млн мұсылман халқы бар Қазақстан үшін бұл үлкен квота емес. Ағым­дағы жылы бас мүфти бастаған делегация Сауд Арабиясына барып, сол жердің Қажылық министрімен кездескен болатын. Сол кезде ол жақ қанша адам жібере алаты­нымызды сұрады. Былтыр 4 мың болды. Биыл болса, 5500 квота сұрадық. Құдайға шүкір, бес жарым мың адам қажылыққа аттанды. Бұл – шектеу емес. Егер Қазақстан­нан 10 мың адам барам дейтін болса, ондай квотаны да алуға болады. Әзірге бізге түскен өтініштер­дің саны оған жетіп отырған жоқ. Ал 3 млн  халқы бар Дағыстан­ның өзінен 14 мың адам қажылыққа барып жатады. Түркияда 72 млн халық тұрады. Олар жыл сайын 150 мың адамға тапсырыс береді. Бірақ Сауд Арабиясы оған шектеу қойып, тек 100 мың адамға ғана квота бөлді. Әрине, Қа­зақстан да ондай шектеуге жетсін деп тіле­йік!
– Қажылық кезінде азаматтар­дың туристік фирмалардың қызметіне көңілі толмайтыны туралы жиі естіп жатамыз. Ондай оқиғалардың алдын алу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қандай іс-шараларды қолға алып отыр?
– Ертеректе, кейбір туристік фирмалар уәдені беріп-беріп, артынан орындамай жатады. Ондай жағдайлар бар. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істер агенттігі ондай оқиғаларды бақылауда ұстайды. Әрине, біз жеке меншік фирма­лар­дың туристік куәліктерін алып қоя ал­май­мыз. Бірақ олардың қазақстандық азаматтарды қажылыққа апару туралы рұқсат құжатын жойып, оларды келесі жыл­ғы қажылыққа қатыстырмауға құқығымыз бар. Осы орайда тағы бір мәселені атап өткім келіп отыр. Қажылыққа бара жатқан адам да қандай сапарға аттанғанын жете түсінуі қажет. Ол – жайбарақат жатып, де­ма­лып қайтатын сапар емес. Оның кезінде әуежайдағы кезектер, ауа райының қолай­сыздығы және тағы басқа қиыншылықтар болуы мүмкін. Оған да сабырлылық таныта білу керек. Неге осы Мекке сияқты қасиетті жерге барған кезде, «анау болмай қалды, мынау болмай қалды», – деп бәрін айып­таймыз? Жүректегі сабырлылық қайда? Өз басым жап-жас бір жігітті көрдім. Ол қонақүйдегі сүлгінің дұрыс болмағанына ренжіп жатты. Сонша сауап амал тауып, болмашы бір нәрсе үшін қажылықтың сауабын жоғалтуға болмайды.
Жақында ғана біз хабарын алдық. Қа­зақстаннан барған қажыларға барлық жағдай жасалып, Меккенің Қажылық минис­трі 600-ге жуық автобус бөлді. Олар­ға сегіз тілде қызмет көрсетіліп жатыр. Әрине, біз де алыс сапардың алдында Қа­зақстандық қажылар үшін арнайы курстар өткіздік. Себебі Алла тағаланың қасиетті Қағбасына барғаннан кейін, ол жерде ешбір жалқаулыққа жол беруге болмайды. Мекке мен Мәдинеде мұсылман азамат­тардың өзін-өзін ұстау ережелері бар. Біз оған да үйретіп, екі апта бойы дәрістер оқы­дық.   
– Құрбан айт қабыл болсын! Cұхбатыңызға рақмет!
– Алла разы болсын! Жаратқан Иеміз құлшылықтарымызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарымызды асыл еткей! Қасиетті орындарда қажылық парыздарын өтеу үшін жолға шыққан бауырларымызға дін аман елге оралуды жазсын! Алла тағала күллі мұсылман үмметін жарылқап, асыл дініміз – исламға күш-қуат бергей! Құрбан айт мерекесі құтты болып, баршамыздың шалған құрбандығымыз қабыл болсын!

Алашқа айтар датым...
Құрбан айт кезінде қой  сататындар бағаны күрт көтеріп тастайды. Бұл адамгершілікке мүлдем жатпайды. Құран Кәрімде: «Бір-біріңе тақуалықта, жақсылықта жәрдем беріңдер!», – делінген. Демек, Алла тағаланың разылығына кенеліп, сауап ететін Құрбан айтта біз бір-бірімізге жәрдем беруіміз қажет. Адам баласы бір күнде байып қалмайды. Ашкөздік пен тойымсыздық жақсылыққа апармайды. Сондықтан сатушыларға айтарымыз, сәл ынсап болсын, адамгершілікті ойлайық! Алла тағала мұсылман баласын ойлап, оған құрбандық сатқан адамның бір теңгесіне де береке береді.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста