Құқық қорғау органдарына тәуір реформа ауадай қажет

Құқық қорғау органдарына тәуір реформа ауадай қажет

Сәт ТОҚПАҚБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

– Сәт Бесімбайұлы, бүгінгі күні қазақты тамырымен шірітіп бітетін бір індет бар, ол – жемқорлық. Осы жемқорлықпен күресудің қандай оңтайлы шараларын атар едіңіз?

– Сыбайлас жемқорлық шынында да, тамырымызбен құртатын індет. Оны жақсы айттыңыз. Бұл – мемлекетпен бірге пайда болатын ауру. Содан бері Дүниежүзі елдері сыбайлас жемқорлықпен әртүрлі деңгейде, түрлі шаралар қолдану арқылы күресіп келеді. Біздің ел де Тәуелсіздігімізді алғаннан бастап, яғни бірінші күннен десем қателеспеймін, бұл індетпен күресіп келеміз. Осы уақыттың ішінде жемқорлыққа қарсы қаншама бағдарламалар жүзеге асып, мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар құрылып келеді. Мен де қорғаныс саласынан кетіп, Елбасының жанына ауысқаннан кейін жемқорлыққа қарсы күресетін комиссия құрдым. Ол комиссия «Сыбайлас жемқорлықпен күрес және мемлекеттік қызметкерлердің әдеп және тәртіпті сақтауы» деп аталды. Жалпы, біліп қою керек, бұл індетті бір органның күресіп, жеңуі мүмкін емес. Онымен бүкіл халық болып күресу қажет. Сыбайлас жемқорлық деген – былай қарасаңыз, екі жақтың ықпалымен болатын қылмыс. Бір жағында жеке тұлға тұрады. Өзінің мүддесін оңай шешу үшін, заңды аттап, белгіленген жолды бұзып, қылмыстық жолға барады. Екінші жағында заңды тұлға тұрады. Жеке тұлғаның жұмысын шешіп беру үшін пара алып, қол ұшын созған болады. Осындай қылмыстары үшін біреуі болсын, қолға түссе, екі жақ та жауап беруге мәжбүр болады. Сол себепті, бұл қылмысты екі жақ та «жабулы қазан» күйінде жауып қояды. Қылмыс ашылмайды. Алайда олар бұл қылмысты көкте, не ешкім жоқ жерде жасамайды ғой. Бірі болмаса бірі жемқорлықтың орын алып жатқанын біледі, көреді. Міне, сол үшін бізге жемқорлыққа қарсы бүкілхалықтық жаппай үлкен насихат керек. Бүкіл халық болып күресу деп осыны айтамыз. Адамның арымен айналысу керек. Сонда ғана бұл індетті толық жеңе аламыз. Адамның бойында бір ауру пайда болса, бұл індетті жою үшін адам бойындағы барлық ағза күреспеуші ме еді. Бұл да – солай.

– Қазіргі күні біздегі жемқорлықпен күресу механизмдері өз нәтижесін беріп жатыр ма?

– Нәтижесіз деп айта алмаймыз. Жақында бір бұқаралық ақпарат құралынан оқып қалдым. Онда Қаржы полициясы біздегі сыбайлас жемқорлық биыл 33 пайызға өсті деп мәлімдепті. Маған өздеріңіздің бір әріптестеріңіз хабарласып, «мұны қалай бағалайсыз» деді. Кезінде бізде органдардағы қылмысты көбіне тіркемейтін. Тіркесе, сол орган үшін масқара аталып, жұрттың алдында абыройы айрандай болатын. Сол себептен де, барынша жасыратын. Тіркелмегеннен кейін қылмыстың жалпы саны аз болып көрінеді. Қазір осы мәселені қолға алып, Қаржы полициясы, прокуратура қылмыстың міндетті түрде тіркелуін қадағалап, қатаң түрде бақылайтын болды. Өйткені жұрт білу керек, сыбайлас жемқорлыққа малшынғандарды масқара қылу керек. Міне, осындай тіркеулердің нәтижесінде, қылмыстың саны артқандай болып шықты. Ақиқатында бұл қылмыстар баяғыдан бар, тек ақпарат шындыққа енді жанасты десек болады. Ал қылмыс тіркелген соң, онымен қайткен күнде де күрес жүреді. Адамдар да екінші сыбайлас жемқорлықпен айналысуға жүрексінеді. Бұл – бірінші мәселе. Екінші мәселе аталмыш қылмыспен айналысатын құзырлы органдардың пәрменділігінің артқандығы.

– Жаңа айттыңыз, сыбайлас жемқорлықпен айналысатын арнайы комиссия құрдым деп. Сол нәтижесін берді ме?

– Ол комиссияға құқық органдарының, басқа да мемлекеттік мекемелердің бірінші басшылары кірді. Жұмыс тәртібі былай болды. Ол кезде Үкімет үйінің жұрттарды қабылдайтын есігі жағында бір бөлме болды. Сонда айына бір рет мен жұрттарды тікелей өзім қабылдап отырдым. Және мен ғана емес, комиссияға мүше болған барлық органның басшыларына да жұртты осылай қабылдаттық. Орынбасары не басқасы емес, тек өзі қабылдайтын қылдық. Ол үшін арнайы «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газетіне алдын ала «Пәленше Түгеншеевтің қабылдауы болады» деп хабарлама беріп тұрамыз. Қабылдау болатын күні барлық БАҚ өкілдерін шақырамыз. Сөйтіп, Президенттің рұқсатымен қоғам арасында осындай тәртіп орнаттық. Әлі есімде, сонда сонау шалғайда жатқан Маңғыстау облысының қиырдағы ауылынан, Шығыс Қазақстан облысының жер түбіндегі ауданынан ел келе бастады. Қаншамасы шешілмей жүрген проблемаларын шешіп кетіп жатты. Риза болып, сонау жақтан арнайы келіп, алғысын білдіріп жатқандар да болды. Бұл осынау шараның нәтижесі жемісті болғанын көрсетті. Билікке де халықтың сенімі арта түсті, жемқорлық та аз да болса тыйылды. Себебі жергілікті жердегі билік секемденетін болды. Халықтың проблемасын шешпейтін болса, жұрт тікелей бірінші басшыларға шығатынын білді.

– Қалай ойлайсыз, біздегі сыбайлас жемқорлықпен қолға түскен қылмыскерлерді жазалау қаншалық әділетті іске асуда?

– Бізде өкінішке қарай, мынадай жағдайлар болып жатады. Кейде 7-8 мың теңге алғаны үшін он-он бес жылға бас бостандығынан айырылып кетеді. Ал миллиондап алғандар болмашы ғана мерзімге сотталып, көбісі жазасын соңына дейін өтемей, шығып та кетеді. Бұл, әрине, дұрыс емес.

– Бұл заңның солқылдақтығынан ба?

– Бұл органдардың заңды дұрыс қолданбауынан десек, дұрыс болар. Заңға, құқық қорғау органдарына дұрыс реформа керек деген әңгіме талайдан бері айтылып жүр. Баяғы реформаға он шақты жыл болып қалды. Нәтижесін беріп жатқаны шамалы. Сол себептен тәуір реформа ауадай қажет. Өткенде Елбасы да өз Жолдауында осы мәселеге көңіл бөліп, «органдарды реформалау тоқтап тұр» деп айтқан болатын. Осыны қолға алу керек. Орган басшыларының ешқайсысы реформаға барғысы келмейді. Органдардың барлығына реформа қажет.

– Жұртшылық арасында біздегі жазалау механизмдері дұрыс жолға қойылмаған деген пікірлер бар... Бұған келісесіз бе?

– Коммунистік жүйеден келе жатқан мынадай дүние бар: Мәселен, біреу біреудің малын ұрлап кетті. Қылмыскерді қолға түсірген соң оны он жылға соттады делік. Бірақ жәбірленушіге оның түрмеде отырғаны неге керек? Оған шығынының орны толғаны керек емес пе? Соғымға сояйын деп байлап отырған жалғыз биесін алып кетті екен, шығынды өтеу қажет қой. Міне, кеңестен келе жатқан осы жүйені түбегейлі өзгерту керек. Кезінде бабаларымыздың «Жеті жарғысы» қалай еді? Ол кезде «құнын өтеу» деген болды емес пе? Сол себептен, ұрлық жасала ма, ең әуелі жәбірленушінің шығынын толық өтеткізу керек. Содан кейін екі жақты келістіру керек. Келіссе, оны түрмеге отырғызып қажеті не? Егер тәрбиеленбейтін қылмыскер болса, онда оны түрмеге қамату керек. Ал тәубесіне келсе, шынайы кешірім сұраса, оны неменеге түрмеге қамаймыз? Кейде тышқақ лақ ұрлағандар қор болып, қаншама жылға абақтыға айдалып кетіп жатады. Кеңестік заманда түрме тәрбиелейді деген идеология жүрді. Кешіріңіз, атасының басы. Түрме тәрбиелемейді, түрме деген адамды бұзады, сындырады, жоқ қылады. Сол себепті осы салаға да реформа қажет.

– Өзіңіз айттыңыз, біздегі орган басшылары реформа жасауға барғылары келмейді деп. Бұған не себеп? Әлде бізде реформа жасауға тісі бататын білікті мамандар жоқ па?

– Менің ойымша, білікті мамандар жетерлік. Тек өздері шегіншектеп, реформа жасағылары келмей отыр. Ол үшін мықты тоқпақ керек. «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық та жерге кіреді».

– Жақында сіз Атырау мемлекеттік университетіндегі жемқорлыққа қатысты сауал тастадыңыз. Алайда Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев бұл жағдайды жоққа шығарып отыр. Ақиқаты қайсы? Кімге сенейік?

– Маған осыған қатысты жастар ұйымынан біраз жігіттер келіп, арыз тастап кетті. Мен сол арызға қатысты сауал жасадым. Менің мақсатым да осының ақиқатын ашу еді. Министрге де хабарласып айттым, «комиссия құрып, осыны тексерсеңіз, шындық қайсы, соны анықтасаңыз» дедім. Осындай мәселелерге қатысты маған келетін арыздардың саны 600-ден асып кетті. Министрдің айтуынша, алдын ала тексерген комиссияның қорытындысы бойынша, ақпарат шындыққа жанаспайды, жала екен. Солай болатын болса, әрине қуанамыз ғой.

– Сәт аға, сіз өміріңіздің біраз бөлігін әскери салаға арнаған адамсыз. Қорғаныс министрі де болдыңыз. Кеше ғана сенатор М.Алтынбаев Қазақстанның әскери саласының бюджеті тым аз екендігі туралы мәселе көтерді. Сіздің бұған алып-қосарыңыз.

– Қазір, Құдайға шүкір, біз бейбітшілікті қолдаған елміз. Алайда бейбітшілік деп қол қусырып отыруға болмайды ғой. Біздің Қарулы күштеріміз жоғары деңгейде болу керек. Мен қорғаныс саласына ақша жоқ уақытта, қиыншылық заманда келдім. Ол кезде әскери гарнизондарда жылу жоқ, оқ-дәрі жетіспейді. Соның өзінде де Елбасы жалпы ішкі өнімнің бір пайызын қорғаныс саласына берді. Себебі сарбаздардың тамағы, киімі, әскери-құрал жабдықтары дұрыс болуы керек. Қару-жарағы жоғары деңгейде болуы қажет, бір елден сатып алынбауы керек. Өйткені сол елге тәуелді болып қаласың. Ол үшін қаражат мол болуы қажет. Қорғаныс саласына қаражат қанша бөлінсе де, аздық етеді. Наполеон Бонапарт айтпаушы ма еді, «өз әскеріңді тамақтандырмасаң, өзгенің әскерін тамақтандыруға мәжбүр боласың» деп. Қарулы күштеріміз мықты болса, тәуелсіздігіміздің кепілі. Ал Мұхтар Алтынбаев бұл саладан күні кеше ғана Парламентке ауысып келді, ол жақтағы жағдайды жақсы білуі керек. Сондықтан да әріптесімді қолдаймын.

– Сіз еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері мемлекеттік қызметтегі адамсыз. Ол заман Тәуелсіздігін жаңа алған Қазақстанның өміршеңдігін қамтамасыз етуі тиіс барлық салалар енді-енді қалыптасып жатқан еді. Сол уақыттарда қандай қиындықтар мен қызықтар болды?

– Талай қызық пен қиындық болды ғой. Мынадай бір қызықты жағдайды айтып берейін. Мен әуелі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет атқардым. Маған Елбасы органның қызметін сеніп тапсырған соң, ол орган дұрыс деңгейде және штаттағы адамдар да елін сүйетін нағыз патриоттардан болу керек. Ал сол кезде мемлекеттік органдарда Тәуелсіздікті қолдайтын да, қолдамайтын да адамдар болды. Бұл – шындық. Сондай адамдарды көрдік. Өз басым ондай адамдарды жұмысқа қабылдамадым. Іштегі адамдар жұмыстан өздері шығып кетті. Отанды сүймейтін адам маған неге керек.

– Сіз кезінде Астананы Нұрсұлтан қала деп атауды ұсындыңыз. Бұл идея қайдан келді?

– Бүгінде Астананың қалай құлпырып келе жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл – Елбасымыздың арқасы. Менің ойымша, әрбір адамның еңбегі көзі тірі кезінде бағалану керек. Менің бұл ұсынысым қабылданбады. Бұл – Елбасының өз еркіндегі мәселе?

– Сіз үшін Елбасының туған күні маңызды ма, әлде Астана күні мерекесі маңызды ма?

– Меніңше, бұл мәселені бөлудің қажеті жоқ. Тәуелсіздігімізді құрып, мемлекетіміз Қазақстанды, ұлтымыз қазақты осындай деңгейге жеткізген тұлға – ол Нұрсұлтан Назарбаев. Анау күні ядролық қаруға қарсы күрес жөнінде болған жиында 50 алдыңғы қатарлы мемлекеттер Америкада жиналды. Сонда Елбасы Америка Президенті Барак Обаманың алдында Қазақстанды да, қазақты да мойындатты. Алпауыт елдің өзі біздің Елбасынан ядролық қаруға қарсы күрес жайында пікірін тыңдап, ой бөлісуін сұрады. Бұл – біз үшін, біздің еліміз үшін үлкен мәртебе, ұлы іс. Осындай дәрежеге жеткізіп отырған адамның туған күнін халық болып мерекелеп өту керек еді. Бұл – менің ойым. Бірақ ол кісі мұны қаламады. Ал Астана күні – өз алдына мереке. Мұндай астананың он шақты жылда салынуы – тарихта болмаған дүние. Біз бұл қаланы қиын кезеңде, тұрмыс жағдайымыздың төмен уақытында салдық. Елбасы қаланы тұрғызбастан бұрын, 50-60 рет сараптама жүргізді, ауа райынан бастап, жеріне дейін зерттеді. Бұл қала Елбасының мәпелеген «баласындай» болды. Сондықтан да мен бұл екі мерекені бөле жармаймын.

Алашқа айтар датым...
Қазіргі күні бізге ауызбіршілік ауадай қажет болып тұр. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп бабамыз баяғыдан айтып келеді. Алты алаш «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарса», бізді жау алмайды. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген сөзді жадымызға түйетін уақыт жетті.

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста