Қазір қалтаңда ақ­шаң бар ма, дауысыңның керегі жоқ

Оқан АБДУЛЛАЕВ, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының директоры:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Оқан аға, өнер мектептеріне қа­рап, бағыт-бағдар беріп, бақы­лайтын әдіскер­лердің жоқтығы Тәуел­сіз елдің музыкасын, өне­рін дамытуда кедергісін келтіріп отыр­ған жоқ па?
– Әрине, қиындық тудырады. Екі-үш жыл болды музыкалық мектептердің саны көбейіп келеді. 270-ке жетіп қалды, оған да тәубе. Мен шетелдің барлық жерінде болдым. Мә­се­лен, оларда ең қымбат, эли­талық оқу орын­дары өнер мектебі болып есептеледі. Баласын ол жерлерде оқыту әрбір ата-ананың қолынан келе бермейді. Ал біздің мемлекетімізде — тегін. Кеңес дәуірінде де солай болған.. Өнерсіз, тәр­биесіз алысқа бара алмайтынымызды, қа­зір міне, Үкіметіміз ұғып келеді. Міндетті түр­де сен өнер адамы бол деген әңгі­ме­ден аулақ­пын. Егер таланты асып бара жатса, әри­не, ол өнер адамы болады. Бі­лім­ді, мәде­ниет­ті адам әйгілі музыкант­тар­дың шығармаларын білуі тиіс. Мынау – орыс­тікі, қазақтікі, француз, не­міс­тікі деп бөл­меу керек. Музыка тілі – адам­затқа ортақ. Мысалы, Пушкинсіз, Толстойсыз, Абайсыз, Әуе­зов­сіз, Мұқановсыз біз өзі­міз­ді қа­лай мәде­ниет­тімін деп есептейміз. Менің ойымша, қазақ халқы басқа­лармен салыс­тыр­ғанда он шақты бас жоғары тұрған сияқтымыз. Өйткені әр қазақтың екіншісі «әу» деп ән айтады, екінің бірі домбыра шертеді. Қай қазақ­тың үйіне барсаңыз, домбыра ілулі тұрады. Біз сондай халық­пыз. Енді неге оны әрі қарай дамыт­пасқа... Мысалы, біздің уақытта, күйсан­дықты үйге ұстау қиын еді, оны таба алмайсың, қым­бат тұратын. Ал қазір әрбір екінші үйде күйсандық бар. Мәселен, біздің жас күнімізде оқуды бітіргеннен кейін, жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады ғой. Сол кездерде: «Бәлен­шенің баласы оқуға тапсыр­ған екен, құлап қа­лыпты» десе ұят болатын. Бұл – жетістік. Оқу­ға, білімге ұмтылу. КСРО-ға кірген респуб­ли­калардың ішін­де қазақтан көптеген білімді азаматтар шықты. Санға шағып, сапамен есеп­тейтін болсақ, бізде көзі ашық азаматтар көп. Құдайға шүкір, бүгінгі күнде «Болашақ» бағ­дарламасы бар. Әрбір қазақ баласын шетелде оқытқысы келеді. Мәселен, өзім басқа­рып отырған мектептен жылына жеті-сегіз бала шетелге оқуға түседі. Бұрын бізге: «Ав­стра­лияның консерваториясында Бетховен, Мо­царт оқы­ған» деп үлгі ететін. Ал қазір қазақ­тың Мыр­қымбайы, Қаракөзі сол оқу ор­нында оқиды. Тіпті олардан он есе артық оқиды. Бұл – Тәуел­сіздіктің жемі­сі. Сол жерде қалып, қызмет істеп жат­қандары қашама?! Өйткені жағдай басқа, көбірек төлейді деген сияқты. Әрине, елге келіп қызмет еткені жақ­сы, бірақ жаппай қайту керек дегенге мен қо­сылмаймын. Өзге елдің өнерін меңгерсін, мәдениетін, тілін үйренсін, біз одан зиян шек­пейміз, түбі келеді олар, Отанына.
90 -жылдары қиын заман келді ғой. Кейде «өліара» деп айтып жүрміз, не анда емес, не мын­да емес кездер. Сол уақытта жазғы дема­лыс­қа ұжымдағы мұғалімдерім кеткеннен ке­йін уайымдайтынмын: «Ұстаз­дардың төлем­ақысын дұрыс бере алмадым, кезекті демалысына ақша төлей алмадым, қыркүйек­те қайтып келер ме екен, базарға шығып кетер ме, өнерді тастап кетер ме екен?!» деп. Бірақ біреуі де кеткен жоқ. Солармен әлі күн­ге дейін жұ­мыс істеп келе жатырмын. Қиын кез­дерде бір­ге болдық. Қандай да жетістіктер де ұжымның арқасы. Мың да бір рақмет айтамын. Жанымда болды, менің айтқаныма сенді.
2000 жылы министрлер кабинетінің арнайы қаулысымен дарынды балаларға ар­нал­ған мектеп болып, қайта құрылдық. Пре­зи­денттің сол жылы үлкен жарлығы шықты: «Да­рынды балалардың мектебін көбейту және дарынды балаларға Үкімет тарапынан көмек беру» деген сияқты. Қайта құрылуымыз соған байланысты. 40% ақшамызды көбейт­ті. Ал­лаға шүкір, қазір орта есеппен мұғалім­де­ріміз 130-140 мың айлық алады, одан артық не керек?! Біз орыстың орыс болғалы бергі әндерін жаттап оқы­дық. Мен, мәселен, орыс шығар­мала­рын қай орысыңнан кем білмеймін. Ал қазақ­тың тарихы, қазақтың өнеріне келгенде бір ауыз әңгіме айтылмайтын. Сондай замандар болды. Студент кезімде екі-ақ адам домбыра сыныбында оқитын. Дүңгенбай Ботбаев ағамыз сабақ берді. Бір-екі-ақ домбырашы. Ал орыстың халық аспаптар оркестрі болды. Біз сырнайда ойнағаннан кейін, орыс халық аспаптары бөлімінің студенті болып есептелдік. Орыс халқы жаман неме­се басқа деуден аулақ­пын, көп нәр­сені үй­рен­геніміз рас. Біз өз өнерімізді, әдеби­еті­мізді білуіміз керек. Осы негізде музыка әде­биеті деген пәнді кестеге кіргізіп, мемлекеттік емтихан тапсыратын қы­лып, телеарнаның, ра­дио­ның «Алтын қо­рында» жа­зыл­ған шығар­маларды тауып, ұйымдас­тырып, сол пән­нен сабақ беретін автор­лардың басын қосып, екі томдық «Қазақ музыка әде­бие­тін» шығардық. Бұл 12 томға жоспарланып отыр. Кі­тапты құ­рас­тырушы Диқанбаева Майра Әл­кей­қызы осы пәннен сабақ береді. Бұл кітап қазақ — қазақ болғалы бері бірінші рет шығып отыр. Бүкіл Қазақстанға тараттық. Мемлекеттік емтихан тапсырту­дағы мақсат – қазақ халқының тарихынан оқушыларды хабардар ету, қазақ музыка әдебиетін таныту. Құрманғазының, Дина­ның, Сүгірдің, Ықыластың, Қорқыттың кім екенін білмесе, не болмақ?!
Осыдан он шақты жыл бұрын Түркия­ның Анкара қаласында түркі тілдес ха­лықтардың дүниежүзілік симпозиумы болды. Білім министрлігі мені жіберді. Мектебімізде Ербол атты қылқобызда ойнайтын оқушымыз болды. Телевизордан көріп тұрасыздар. Мектеп­тің каме­ра­лық және халық аспаптар оркестрімен қосып, Қор­қыттың екі-үш күйін ойнатып, көре­тін таспаға түсіріп алғанмын. Симпозиумда әрқай­сымызға сөйлеу үшін 40 минуттан уақыт берді. Бірақ адам көп болса керек, «20 минуттан ғана сөйлеңіздер» деді. Мен әлгі таспаны қойып, қазақтың музыка өнерін үшке бөліп, орысқа дейінгі, орыстың кезіндегі және қазіргі дәуір деп, түркі тілдес халықтың ішіндегі қазақ халқы туралы айтып, Қорқыт бабаның күйін көрсетіп едім түріктер, әзірбайжандар, гагауздар, тіпті барлық түр­кі­нің ұрпағы орындарынан тұрып кетті. Сұ­рақтан сұрақ. 20 минут тұрмақ 50 минут сөй­леуге тура келді. Міне, қобыздың құді­реті. Көрдіңіз бе?! Өзіміздің дүниені өзіміз білуі­міз керек. Қазіргі оқып жүрген, шетелден білім алып келгендердің көбісі білмейді. Мысалы, мен орыстілді балалардан сұраймын: – Сен қай тілде ойлайсың? – деймін. – Орыс тілінде – деп жауап береді. – Әй, сен қайтіп, қазақ бола­сың? – деймін. Қазақша ойлау керекпіз. Енді мектепті басқарып отырғаннан кейін, осын­дайларды реттеп, жөнге салып, дұрыстап ұйымдастыруға тура келеді. Мысалы тағы бір әңгіме айтып кетейін. Бұл жөнінде теледидардан, газет беттерінде сөз еткенмін. Кейбір әріптестерімді сендіре алмай жүрмін. Айталық, қоңырау – кеңес дәуіріндегі әдет. Қоңы­рау шір­кеудің басында тұрады ғой. Тек тоққа қосып, шы­рыл­датқаның болмаса, еш айырма жоқ. Бір-екі азаматтардан естіп жүремін: «Қа­зақтың күйін білу керек!» деген сияқты әңгімені. Оны білудің ең оңай және тиімді жолы бар. СД таспаға қазақтың күйле­рін жаз-дағы, бүкіл мектептердің оқушыларын үзілістен Құр­манғазының «Балбырауынымен» кіргізіп, шы­ғар немесе «Сарыарқа», «Көңіла­шар», т. с.с. Құдай­ға тәубе, қазір барлық мектептерде компьютер бар, тіпті өзі есептеп отырады. Қанша жерден құлағы кетсе де, қазақтың бүкіл күйін бір жылдың ішінде біліп шығады. Күніне алты сабақ болса, түске дейін 12 рет, түстен кейін 12 рет күйді күмбірлетесің. Күні­не 24 рет қоясың, тіпті бір күйді аптасына ауыстырып отырсаң да болады. Керек десеңіз, кіреберістегі қабырға­ларға жазып қой: «Балалар, бұл аптаның қоңы­рауы «Сарыарқа» күйі немесе т.б.». Міне, осыны жасағаныма алты-жеті жыл болды. Еліміздің алғашқы Еңбек Ері Аягүл Төреқызы осы тәжі­рибені өзі басқарып отырған гимназияда қол­данып жүр. Меніңше, осы қолданысты Қа­зақ­станның түкпір-түкпі­рінде пайдалану керек. Қазағы да орысы да қазақтың күйін біле берер еді. Ал бұл – түкке тұрмайтын нәрсе. Қомақты қар­жы­ны да талап етпейді. 11 жылдың ішінде тек күй емес, қа­зақтың класси­калық музыкасын қойып шығуға болады. Күй – баланың рухын көтереді. Рух бар жерде сенім бар. Сеніммен жиған білім сапалы болады. Менің балаларым алғашқыда көздері алақтап, түсінің­кіремей жүрді. Аз уа­қытта-ақ үйре­ніп алды. Кейде орыс сыныптарының балаларын тоқ­тата қойып: «Мынау кім­нің күйі?» деп төте­ден сұраймын. Олар ма­ған: «Оқан Абдул­лаұлы, мынадай-мынадай» деп жауап береді. Міне, нәтиже. Осындай нәрселерді көбей­ту керек. Қазақ музыкасын үйретудің бір жолы осы және бұл тек өнер мектептерінде ғана емес, жалпы білім беретін оқу орындарында іске асуы тиіс.
– К.Байсейітова мектебінен білім алған музыканттардың танымалдары клас­си­калық аспаптарды меңгерген. Ал қазақ­тың халық аспаптарын осындай дәрежеге жеткізуде үлгі ететін қандай шәкірттеріңізді атар едіңіз?
– Бұл мектепті 1984 жылы қабылдап алдым. Ол кезде «Қазақ халық аспаптар» бөлімі болған жоқ. Үрмелі, ұрмалы және қазақ халық аспаптары бөлімі бірге екен. Екі-үш бала домбырада, төрт-бес бала қобызда ойнайды және габой, кларнет деген үрмелі аспапта үш-төрт бала бар, бітті. Скрипкадағылар бастан асады, роялда оқитындар толып жүр, велончель, контрабас пәндері мүлде жоқ. Барлығы 360-тай бала оқиды. Осындай жағдайда қабылдап ал­дым. Өзім патриотпын: «Неге қазақ халық аспаптарын кәсіби дең­гейге жеткізбеске» деген ой келді. Ол кезде өкіметтің біз сияқты өнер мектептеріне қойып отыратын мақсаты болатын. Мысалы: «15 жыл өткеннен кейін скрипкада ойнайтын осыншама, роялда осыншама маман дайындау керек» деген сияқты заң болды. Айталық, 1964 жылы А. Жұбанов атындағы музыка мектебі ашылды. Бұл мектепке халық аспаптары мен үрмелі аспаптарда ойнайтын маман дайындай­сыңдар, ал К. Байсейітова мектебі класси­калық аспаптарда ойнайтын мамандар дайындауға тапсырыспен мақсаттар қойы­латын. Қазақстанда үш-ақ мек­теп болды. Ең соңғысы, Қарағандыда ашыл­ды. Бір шетінен тапсырыстағы мақсат дұ­рыс. Қазір мұндай сұрау жоқ. Мәселен, қазір үрмелі аспапта ойнайтын азамат үш-төрт жерде жұмыс істейді. Егер бір-ақ жерде жұмыс істеп, төлем­ақы алса, оның берген өнері де басқаша болар еді. Ол үш-төрт жерде жұмыс істейді, өйт­кені аспап жетіспейді, көрсеткен өнері де сон­дай болады. Агрономды, мұғалім­ді, заң­герді, т.б. мамандарды дайындау үшін төрт жыл жетеді. Ал оркестрде отыратын жай ма­ман­ды да­йындауға 17-18 жыл керек. Алты-жеті жа­сынан аспапты игермесе, төрт жыл­дың іш­ін­де музыкант дайындап шығару мүм­кін емес. Кеңес дәуірінде білім министр­лі­гін­де есеп беріп, жоспармен жұмыс істеу менің әдетіме айналған. Ол кезде ең көбі скрип­ка­шылар болса, қазір — үрмелі, ұрмалы ас­пап­тар. Енді жеті-сегіз жылдан кейін үш-төрт жерде жұмыс істейтін жағдай болмайды.
– Скрипка әлемде мойындалған клас­си­калық аспап болып есептелді және де скрипкашылардың жоғары бағалана­тыны белгілі. Белгілі музыкатанушылар «скрип­каның арғы атасы — қобыз» дегенді айтып жүр. Сіз не дейсіз?
– Оны бірінші неміс халқының өнер зерттеу­шісі, бір оқымысты ғалымы айт­қан. Мен толық қосыламын. Мысалы, «лютния» деген – гита­раның бір түрі. Оны француздар мен испан­дықтар ойнайды. Бірақ ол – арабтардың аспабы. Осы аспап Испаниядан ары қарай Еуропаға тарады. Мәселен, бабамыз Еділ-Аттила Римді құлдықтан құтқарды ғой немесе Шыңғыс­ханның заманында баруы әбден мүмкін. Орыстың балалайкасы домбыраға ұқ­сас. Қиыр шығыстағы мемлекеттердің, Корей, Вьетнам елдерінің де аспаптарына қара­саң біздің домбыраға ұқ­сайды. Бұрауы бір. Қазақ күйлерін тарта бере­сің. Бұл – ойлан­ды­ра­тын жағдай. Қылқо­быз бізден шық­қан. Қор­қыт бабамыз тартқан. Дәлеліміз бар. Скрип­ка, контрабасты француздан шы­ғып, не­міс ойлап тапса, дәлелдесін. Ал бізде Қор­қыт баба­мыз және оның өлмейтін мұрасы – күйлері бар.
– Скрипканы бүкіл әлем біледі. Ал біз­дің домбырамыз бен қобызы­мыз­дың танылмай жатқаны кешегі неше түрлі тари­хи нәубеттер мен зобалаң­дарға бай­ла­ныс­ты екені белгілі. Кешегі Кеңес за­ма­нын­да қазақ музыкасын дәріптей­тін­дей жағдай­лар болмағанын айтып отыр­сыз. Аллаға шүкір, Тәуел­сіздік ал­дық. Енді қо­быз бен домбы­раны скрип­каның деңге­йіне жеткізу мүм­кіндіктері туралы не айтасыз?
– Домбыра мен қобызды оқыту проб­лемасы қазір Қазақстанда жоқ. Бұрындары бол­ған. Мысалы, Қазақстанда симфония­лық ор­кес­тр­дің саны көбейіп келеді. Әрбір орта­лықта, мәселен, Көкшетау қаласында оркестр бар. Қазақстанда оркестр құра­мында арфа жоқ. Өйткені оны оқытпады. Мен соны ойландым да арфа класын аштым. Оны Франция­дан, Мәскеуден сатып алдым. Министрдің кө­зін жеткізіп, қа­ра­жат алып, төрт-бесеуін алып келдім. Биыл міне, ал­ғаш­қы түлектері оқу бітіріп жатыр. Олардың көбі Франция да, Мәс­кеуде оқуларын жалғас­тырып жатыр. Ол­ар­ды жиырмалап, көптеп оқы­тудың қажеті жоқ. Мәселен, Қазақстанда 10 сим­фония­лық ор­кестр болса, 12 маман дайын­дасақ жетеді. Ер­тең зейнет жасына жетіңкіре­генде қайтадан жас маман дайындау керек. Ал домбыраға келер болсақ, бүгінгі таңда екінің бірі домбырашы болып кетті. Оның бәрі қайда қызмет жасайды? Ата-аналар келеді, олар түсін­бейді. Мен баламды рояльда, скрипкада оқыт­қым келеді дейді. Әй, ертең ол 12 жыл мектепті оқып, одан кейін бес жыл консерваторияда оқып, одан кейін біреуді сүйемелдеп отырса, сол ма жеткен деңгейі? Флейта деген – керемет аспап. Осыны оқыса, ертең нанын тауып жейді. Үлкен музыкант боп шығады. Соған көзін жеткізу керек. Мен мысалы тек домбыра мен қо­быз­ды ғана көтеру керек дегенге қар­сы­мын. Біз де жер шарында тұрып жатқан ха­лық­пыз ба, егеменді мемлекетпіз бе, керегеміз кең, тереземіз неміс, французбен тең. Біз неге жалғыз сол аспаптарда ғана ойнауымыз керек, біз барлық аспапта ойнауымыз қажет. Қазір байқа­саңыз, теледидарда екі-үш орыс­тың қыздары бар домбыраны үйреніп, тартып жүрген. Тағы да басқа балалар бар. Өзімізге байланысты. Сен домбырада таза классиканы, күй­леріңді ойнап бе­руіңе болады. Кәсіби дең­гейде ойнап бе­рсең, қай халық болса да ұйып тыңдайды. Дом­быраға қызығып жүр­ген халық көп. Музыка барлық халыққа ортақ. Ол бәріне әсер етеді, егер қышыған тетігін таба білсең.
– Оқан аға, енді К.Байсейітова атын­дағы дарынды балаларға арнал­ған мек­теп-интернатының жалпы жағдайына келсек...
— Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Әрбір ұжым, өзін патриот санайтын әр азамат өзіне есеп беру керек: «Мен Тәуелсіз еліме не бердім» деп. Егемендікке оңай жете қалған жоқ­пыз. Ғайыптан келген жоқ. 36-37 жылдары атылып кеткен үлкен ақсақал­да­рымыз, Алаш арыс­тары Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Тұрар Рысқұловтан бастап, Халел, Қошке, Тел­жандар, Мұстафа Шоқай секілді азаматтар болмаса, бұл күнге жету-жетпеуіміз екіталай. Олар – Санкт-Петербургте білім алған азаматтар. Солар Сталинменен, КСРО Үкіметі­мен арпалысып жүріп, КСРО құрамына кіретін 15 мемлекеттің Конституциясына «Каждая нация имеет право на самоопределение» яғ­ни, «Әр­бір халық Конституция бойынша өзі жеке дербес мемлекет болып шығуға қақы­лы» деп енгізіп кетпегенде қандай жағдай боларын бір Алла біледі. Шешенің неге алмайды? Татарың неге алмайды? Башқұртың неге алмайды, дербестігін?! Демек, бабала­ры­мыздың еңбегін бағала­уы­мыз керек. Соны тү­сін­ген азамат «Әй, осы мен не істедім 20 жыл­дың ішінде» деуі керек. Мысалы, «Тіл! Тіл!» деп әр бұрыш­тан айқайлай беруге болмайды. Әри­не, қазақ тілін білмей, мемлекет бола алмаймыз. Тілді білу керек. Бірақ «мы­на балаң жаман, жаман» дей берсең, кез кел­ген ата-анада қарсылық туады. Қазақта: «Жаманды жаман дей берсең, бөркі қазандай болады» дейді. Сон­дықтан «Тіл! Тіл!» деп айқайлай беруге болмайды. Мә­се­лен, орыс тілінде жеті «падеж» бар, ал қа­зақ тілінде жеті септік бар деп. Септік көп бол­са, тіл бай емес пе? Содан бастамайсың ба? Абай­дың сөзін дұрыстап жеткізбейсің бе? Атам қазақ тілдің арқасында мына соғысты тоқ­татқан, Екі жақтан мыңдаған әскер тұрған­да, қай халқың бар тілмен соғысты тоқтатқан? «Таяқ еттен, сөз сүйек­тен өтеді» деген тағы бар.
Қазақ сыныптарын ашу өте қиынға соқты, бірақ тәубе, бес жылдан асып кетті: 12 комплект қазақ сыныбы, 12 комплект орыс сыныбын жасадым. Одан кейін мен байқай бастадым. Мына қазақтың сыныбында оқып жүрген балалардың тәрбиесі де, білімі де анау орыс сыныптарымен салыстырғанда ар­тық­тау болып кетті. Енді орыс мектебі жаман оқытады, солай деп айта алмаймын. Мына үй тәрбие­сінде қа­зақша тәрбие болса, балалар басқаша болады екен.
– Бүгінгі күнде кейінгі бітірген маман­дарға көңіл толмаушылық айтылып қа­лып жатады. Қай сала болмасын... Ондай пікір бар. Мұғалімде­ріңіздің сапасы туралы айтсаңыз...
– Мен бір-ақ жағдай айтайын. 1984 жы­лы қабылдап алдым дедім ғой. Осы 20 жыл­ды-ақ айтайықшы. Мәселен, ауылдың немесе қала­ның бір мектебінен дүние­жүзілік олим­пиа­да­дан делік, бір-екі бала орын алып келсе, бүкіл телеарна, газет-журнал шулайды. «Керемет, сұмдық болды» деп. Мен таң­ғаламын. Жылына біздің мектептен 7-8-10 балаға дейін дүние­жүзінен орын алып келе­міз. Бір теледидар, бір газет үндемейді. Ше­телдің Гран-приін алып келіп жатамыз. Мысалы, жалпы білім бе­ре­тін мектепте 2000-ға жуық бала оқиды ғой. 11 сыныпты тауыс­қан­дарының жартысы ЖОО-ға түседі, жартысы түсе алмайды. Кейінгі 20-25 жылдың ішінде
К.Байсейітова мекте­бін бітірген түлектің ЖОО-ға түсе алмаған оқи­ға болған емес. Ше­телдің 14 мемлекетінде оқып жатыр ба­лаларымыз. Бітіріп қызмет істеп жатыр. Ағыл­шын тілін үйреткеніміздің арқа­сында. Жоғар­ғы деңгейде білім бергені­міздің арқасында.
Өнер – ол басқа. Бұл жердегі баланың мінез-құлқы, сана-сезімі де бөлек болады. Үй­ренуі, қабылдауы өзгеше. Бұл жерде дарынды туылған бала оқиды. Жалпы білім беретін мек­тептердің бағдарламасы бар. Біз­дің мек­теп­тердің стандарты жоқ. Кеңес дәуі­рінде қа­лай оқытты, сол бойынша келе жатырмыз.
– Өнер мектептеріне, дарынды бала­лар­ға жеке бағдарлама керек дейсіз ғой.
– Иә!
– Болашақта бола жатар. «Көш жү­ре түзеледі» дегенді өзіңіз айтты­ңыз, әң­гіме барысында. Қандай арман бар?
– 20 жылда не істедім дегенді көп ойланам. Өзіңнің білгеніңді артыңа қал­дырмасаң, бекер сандалып жүрсің бе дейді ертең. Құ­дайға тәубе, «Қазақ музыка әдебиетін» шы­ғар­дық, «Эстрада-джаз» бөлімін аштым. Та­ғы бір арманым – Күләш апамыздың ескерткішін ашу еді. Тіпті егемендік алмай тұрған кезде де ойымда бол­ған. Менің ұялатыным Қазақстанда ол кісіге арналған бірде-бір ескерткіш жоқ. Бостандық ауданының әкімі Жұ­ма­налиева Зәуреш бағы­мызға қарай ауданды бас­қарып келді сол кісінің тікелей көмегі­менен демеуші тауып, Күләш апа­мыздың ес­керткішін мектеп­тің алдына жар­қыратып тұрып қойдық. Міне, бұл арман орындалды. 1953 жылдан бастап, қа­зір­ге дейін бүкіл дүниежү­зілік конкурстардан жүлделі орын алып келген 700-ге жуық түлек­теріміз бар. Барлығы 480 бала оқиды. Музыкада айтады: «Сен 60 - 70 жыл өмір сүріп, 40 жыл жұмыс істеп, артыңнан дүниежүзілік дең­гейде бір-ақ музыкант қал­дырып кетсең, сен бекер өмір сүрген жоқсың» деп. Біздің мектеп 700-ге жуық дүниежүзілік конкурстардың лауреаттарын шығарды. Айта берсең, толып жатыр. Марат Бейсенғалиев, Аида Аюпова, Айман Мұсаход­жаева, Жания Әубәкірова т.т.
— Дұрыс екен, аға. Соңғы сұрақ болсын, бүгінгі Қазақ эстрадасына пікіріңіз...
— Мәселен, мына Ресейді алайық, сен ата­ғыңды шығарып, жұлдыз болғың келсе, ақшаң болуы керек. Не, сені демеушілік ететін өте бай адам болу керек. Бір әнді жасайды да, фанера дейді, бір жақсылап жазып алғаннан кейін жарты жыл телеарнадан айналдырса, сен жұлдыз болып шыға келесің. Оның ар жа­ғында білім жоқ, кеудесі бос, ішкі дүниесі төмен. Бізде де солай, Түкке тұрмайтын екі-үш ән айтады, жұлдызбын деп ойлайды. Қазір қалтаңда ақ­шаң бар ма, дауысыңның керегі жоқ. Қарның ашады, тіпті мен ұяламын. Қазір екі-үш әнді жасап алып, жұлдыз боп жүрген әншілер мектеп ашып, телеарнаға шығып, міне, осындай үй­ретіп жатырмын деп газеттерге сұхбат береді. Мен таңға­ламын. Әй, се­нің өзіңнің білімің жоқ, тағы ананы бұзып, оқытып жатырсың. Дүние­жүзінде адамзаттың, адамның физиология­сы бойынша бала 18-19, 20-ға келгенде оқытады кәсіби ән айтуды. Оған дейін мутация дейді. Жас бала жігіт болғанда даусы өзгереді. Қыз баланың да даусы өзгереді. Сол кезде Алла та­ғала даусыңды қалдырса, ішкі дүниең сай келіп тұрса, сонда оқыт, телеарнаға шығар. Келмейтін болса, нең бар онда. Қосып қалсаң, тек сондай. Әри­не, бәрі де сондай деп айта алмаймын. Қазақ эстрадасында өнерпаздар бар, бірақ сау­сақпен санарлық қана. Джаз бен эстраданы өнерлінің өнерлісі ғана ойнай алады. Жүзден бір туып, Бетховенді ойнаса, мың­нан бірі туып, джаз ойнай алады. Ол – өте күрделі. Оны бала кезден, сана-сезімін жеткізіп үйрету керек. Ондай бізде азаматтар бар, бірақ бір, екі деп санай аламыз.
– Тілегіңізбен сұхбаты­мызды түйін­десек...
– Алла тағала, әке-шешеңді, өзіңді қалай сүй­сең, еліңді, жеріңді, Отаныңды, мемлеке­тіңді солай сүйетін дәрежеге жеткізсе. Хал­қы­мыз соған жетсе. Ана халық­тың, мына халықтың өнері асып кетті, ол­ардың деңгейі, білімі асып кетті, бізден жоғары, біз сол сияқты боламыз демесін. Біз еш халықтан кем емеспіз, артық бол­масақ. Соны біле білсе екен деп ойлаймын. Қай халықты ал, біз артық болмасақ, кем емеспіз. Ең бастысы, осыны түсінсек екен.
– Әңгімеңізге рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста