Қазір қалтаңда ақшаң бар ма, дауысыңның керегі жоқ
Оқан АБДУЛЛАЕВ, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатының директоры:
«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы
«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00
– Оқан аға, өнер мектептеріне қарап, бағыт-бағдар беріп, бақылайтын әдіскерлердің жоқтығы Тәуелсіз елдің музыкасын, өнерін дамытуда кедергісін келтіріп отырған жоқ па?
– Әрине, қиындық тудырады. Екі-үш жыл болды музыкалық мектептердің саны көбейіп келеді. 270-ке жетіп қалды, оған да тәубе. Мен шетелдің барлық жерінде болдым. Мәселен, оларда ең қымбат, элиталық оқу орындары өнер мектебі болып есептеледі. Баласын ол жерлерде оқыту әрбір ата-ананың қолынан келе бермейді. Ал біздің мемлекетімізде — тегін. Кеңес дәуірінде де солай болған.. Өнерсіз, тәрбиесіз алысқа бара алмайтынымызды, қазір міне, Үкіметіміз ұғып келеді. Міндетті түрде сен өнер адамы бол деген әңгімеден аулақпын. Егер таланты асып бара жатса, әрине, ол өнер адамы болады. Білімді, мәдениетті адам әйгілі музыканттардың шығармаларын білуі тиіс. Мынау – орыстікі, қазақтікі, француз, немістікі деп бөлмеу керек. Музыка тілі – адамзатқа ортақ. Мысалы, Пушкинсіз, Толстойсыз, Абайсыз, Әуезовсіз, Мұқановсыз біз өзімізді қалай мәдениеттімін деп есептейміз. Менің ойымша, қазақ халқы басқалармен салыстырғанда он шақты бас жоғары тұрған сияқтымыз. Өйткені әр қазақтың екіншісі «әу» деп ән айтады, екінің бірі домбыра шертеді. Қай қазақтың үйіне барсаңыз, домбыра ілулі тұрады. Біз сондай халықпыз. Енді неге оны әрі қарай дамытпасқа... Мысалы, біздің уақытта, күйсандықты үйге ұстау қиын еді, оны таба алмайсың, қымбат тұратын. Ал қазір әрбір екінші үйде күйсандық бар. Мәселен, біздің жас күнімізде оқуды бітіргеннен кейін, жоғары оқу орнына түсуге ұмтылады ғой. Сол кездерде: «Бәленшенің баласы оқуға тапсырған екен, құлап қалыпты» десе ұят болатын. Бұл – жетістік. Оқуға, білімге ұмтылу. КСРО-ға кірген республикалардың ішінде қазақтан көптеген білімді азаматтар шықты. Санға шағып, сапамен есептейтін болсақ, бізде көзі ашық азаматтар көп. Құдайға шүкір, бүгінгі күнде «Болашақ» бағдарламасы бар. Әрбір қазақ баласын шетелде оқытқысы келеді. Мәселен, өзім басқарып отырған мектептен жылына жеті-сегіз бала шетелге оқуға түседі. Бұрын бізге: «Австралияның консерваториясында Бетховен, Моцарт оқыған» деп үлгі ететін. Ал қазір қазақтың Мырқымбайы, Қаракөзі сол оқу орнында оқиды. Тіпті олардан он есе артық оқиды. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Сол жерде қалып, қызмет істеп жатқандары қашама?! Өйткені жағдай басқа, көбірек төлейді деген сияқты. Әрине, елге келіп қызмет еткені жақсы, бірақ жаппай қайту керек дегенге мен қосылмаймын. Өзге елдің өнерін меңгерсін, мәдениетін, тілін үйренсін, біз одан зиян шекпейміз, түбі келеді олар, Отанына.
90 -жылдары қиын заман келді ғой. Кейде «өліара» деп айтып жүрміз, не анда емес, не мында емес кездер. Сол уақытта жазғы демалысқа ұжымдағы мұғалімдерім кеткеннен кейін уайымдайтынмын: «Ұстаздардың төлемақысын дұрыс бере алмадым, кезекті демалысына ақша төлей алмадым, қыркүйекте қайтып келер ме екен, базарға шығып кетер ме, өнерді тастап кетер ме екен?!» деп. Бірақ біреуі де кеткен жоқ. Солармен әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатырмын. Қиын кездерде бірге болдық. Қандай да жетістіктер де ұжымның арқасы. Мың да бір рақмет айтамын. Жанымда болды, менің айтқаныма сенді.
2000 жылы министрлер кабинетінің арнайы қаулысымен дарынды балаларға арналған мектеп болып, қайта құрылдық. Президенттің сол жылы үлкен жарлығы шықты: «Дарынды балалардың мектебін көбейту және дарынды балаларға Үкімет тарапынан көмек беру» деген сияқты. Қайта құрылуымыз соған байланысты. 40% ақшамызды көбейтті. Аллаға шүкір, қазір орта есеппен мұғалімдеріміз 130-140 мың айлық алады, одан артық не керек?! Біз орыстың орыс болғалы бергі әндерін жаттап оқыдық. Мен, мәселен, орыс шығармаларын қай орысыңнан кем білмеймін. Ал қазақтың тарихы, қазақтың өнеріне келгенде бір ауыз әңгіме айтылмайтын. Сондай замандар болды. Студент кезімде екі-ақ адам домбыра сыныбында оқитын. Дүңгенбай Ботбаев ағамыз сабақ берді. Бір-екі-ақ домбырашы. Ал орыстың халық аспаптар оркестрі болды. Біз сырнайда ойнағаннан кейін, орыс халық аспаптары бөлімінің студенті болып есептелдік. Орыс халқы жаман немесе басқа деуден аулақпын, көп нәрсені үйренгеніміз рас. Біз өз өнерімізді, әдебиетімізді білуіміз керек. Осы негізде музыка әдебиеті деген пәнді кестеге кіргізіп, мемлекеттік емтихан тапсыратын қылып, телеарнаның, радионың «Алтын қорында» жазылған шығармаларды тауып, ұйымдастырып, сол пәннен сабақ беретін авторлардың басын қосып, екі томдық «Қазақ музыка әдебиетін» шығардық. Бұл 12 томға жоспарланып отыр. Кітапты құрастырушы Диқанбаева Майра Әлкейқызы осы пәннен сабақ береді. Бұл кітап қазақ — қазақ болғалы бері бірінші рет шығып отыр. Бүкіл Қазақстанға тараттық. Мемлекеттік емтихан тапсыртудағы мақсат – қазақ халқының тарихынан оқушыларды хабардар ету, қазақ музыка әдебиетін таныту. Құрманғазының, Динаның, Сүгірдің, Ықыластың, Қорқыттың кім екенін білмесе, не болмақ?!
Осыдан он шақты жыл бұрын Түркияның Анкара қаласында түркі тілдес халықтардың дүниежүзілік симпозиумы болды. Білім министрлігі мені жіберді. Мектебімізде Ербол атты қылқобызда ойнайтын оқушымыз болды. Телевизордан көріп тұрасыздар. Мектептің камералық және халық аспаптар оркестрімен қосып, Қорқыттың екі-үш күйін ойнатып, көретін таспаға түсіріп алғанмын. Симпозиумда әрқайсымызға сөйлеу үшін 40 минуттан уақыт берді. Бірақ адам көп болса керек, «20 минуттан ғана сөйлеңіздер» деді. Мен әлгі таспаны қойып, қазақтың музыка өнерін үшке бөліп, орысқа дейінгі, орыстың кезіндегі және қазіргі дәуір деп, түркі тілдес халықтың ішіндегі қазақ халқы туралы айтып, Қорқыт бабаның күйін көрсетіп едім түріктер, әзірбайжандар, гагауздар, тіпті барлық түркінің ұрпағы орындарынан тұрып кетті. Сұрақтан сұрақ. 20 минут тұрмақ 50 минут сөйлеуге тура келді. Міне, қобыздың құдіреті. Көрдіңіз бе?! Өзіміздің дүниені өзіміз білуіміз керек. Қазіргі оқып жүрген, шетелден білім алып келгендердің көбісі білмейді. Мысалы, мен орыстілді балалардан сұраймын: – Сен қай тілде ойлайсың? – деймін. – Орыс тілінде – деп жауап береді. – Әй, сен қайтіп, қазақ боласың? – деймін. Қазақша ойлау керекпіз. Енді мектепті басқарып отырғаннан кейін, осындайларды реттеп, жөнге салып, дұрыстап ұйымдастыруға тура келеді. Мысалы тағы бір әңгіме айтып кетейін. Бұл жөнінде теледидардан, газет беттерінде сөз еткенмін. Кейбір әріптестерімді сендіре алмай жүрмін. Айталық, қоңырау – кеңес дәуіріндегі әдет. Қоңырау шіркеудің басында тұрады ғой. Тек тоққа қосып, шырылдатқаның болмаса, еш айырма жоқ. Бір-екі азаматтардан естіп жүремін: «Қазақтың күйін білу керек!» деген сияқты әңгімені. Оны білудің ең оңай және тиімді жолы бар. СД таспаға қазақтың күйлерін жаз-дағы, бүкіл мектептердің оқушыларын үзілістен Құрманғазының «Балбырауынымен» кіргізіп, шығар немесе «Сарыарқа», «Көңілашар», т. с.с. Құдайға тәубе, қазір барлық мектептерде компьютер бар, тіпті өзі есептеп отырады. Қанша жерден құлағы кетсе де, қазақтың бүкіл күйін бір жылдың ішінде біліп шығады. Күніне алты сабақ болса, түске дейін 12 рет, түстен кейін 12 рет күйді күмбірлетесің. Күніне 24 рет қоясың, тіпті бір күйді аптасына ауыстырып отырсаң да болады. Керек десеңіз, кіреберістегі қабырғаларға жазып қой: «Балалар, бұл аптаның қоңырауы «Сарыарқа» күйі немесе т.б.». Міне, осыны жасағаныма алты-жеті жыл болды. Еліміздің алғашқы Еңбек Ері Аягүл Төреқызы осы тәжірибені өзі басқарып отырған гимназияда қолданып жүр. Меніңше, осы қолданысты Қазақстанның түкпір-түкпірінде пайдалану керек. Қазағы да орысы да қазақтың күйін біле берер еді. Ал бұл – түкке тұрмайтын нәрсе. Қомақты қаржыны да талап етпейді. 11 жылдың ішінде тек күй емес, қазақтың классикалық музыкасын қойып шығуға болады. Күй – баланың рухын көтереді. Рух бар жерде сенім бар. Сеніммен жиған білім сапалы болады. Менің балаларым алғашқыда көздері алақтап, түсініңкіремей жүрді. Аз уақытта-ақ үйреніп алды. Кейде орыс сыныптарының балаларын тоқтата қойып: «Мынау кімнің күйі?» деп төтеден сұраймын. Олар маған: «Оқан Абдуллаұлы, мынадай-мынадай» деп жауап береді. Міне, нәтиже. Осындай нәрселерді көбейту керек. Қазақ музыкасын үйретудің бір жолы осы және бұл тек өнер мектептерінде ғана емес, жалпы білім беретін оқу орындарында іске асуы тиіс.
– К.Байсейітова мектебінен білім алған музыканттардың танымалдары классикалық аспаптарды меңгерген. Ал қазақтың халық аспаптарын осындай дәрежеге жеткізуде үлгі ететін қандай шәкірттеріңізді атар едіңіз?
– Бұл мектепті 1984 жылы қабылдап алдым. Ол кезде «Қазақ халық аспаптар» бөлімі болған жоқ. Үрмелі, ұрмалы және қазақ халық аспаптары бөлімі бірге екен. Екі-үш бала домбырада, төрт-бес бала қобызда ойнайды және габой, кларнет деген үрмелі аспапта үш-төрт бала бар, бітті. Скрипкадағылар бастан асады, роялда оқитындар толып жүр, велончель, контрабас пәндері мүлде жоқ. Барлығы 360-тай бала оқиды. Осындай жағдайда қабылдап алдым. Өзім патриотпын: «Неге қазақ халық аспаптарын кәсіби деңгейге жеткізбеске» деген ой келді. Ол кезде өкіметтің біз сияқты өнер мектептеріне қойып отыратын мақсаты болатын. Мысалы: «15 жыл өткеннен кейін скрипкада ойнайтын осыншама, роялда осыншама маман дайындау керек» деген сияқты заң болды. Айталық, 1964 жылы А. Жұбанов атындағы музыка мектебі ашылды. Бұл мектепке халық аспаптары мен үрмелі аспаптарда ойнайтын маман дайындайсыңдар, ал К. Байсейітова мектебі классикалық аспаптарда ойнайтын мамандар дайындауға тапсырыспен мақсаттар қойылатын. Қазақстанда үш-ақ мектеп болды. Ең соңғысы, Қарағандыда ашылды. Бір шетінен тапсырыстағы мақсат дұрыс. Қазір мұндай сұрау жоқ. Мәселен, қазір үрмелі аспапта ойнайтын азамат үш-төрт жерде жұмыс істейді. Егер бір-ақ жерде жұмыс істеп, төлемақы алса, оның берген өнері де басқаша болар еді. Ол үш-төрт жерде жұмыс істейді, өйткені аспап жетіспейді, көрсеткен өнері де сондай болады. Агрономды, мұғалімді, заңгерді, т.б. мамандарды дайындау үшін төрт жыл жетеді. Ал оркестрде отыратын жай маманды дайындауға 17-18 жыл керек. Алты-жеті жасынан аспапты игермесе, төрт жылдың ішінде музыкант дайындап шығару мүмкін емес. Кеңес дәуірінде білім министрлігінде есеп беріп, жоспармен жұмыс істеу менің әдетіме айналған. Ол кезде ең көбі скрипкашылар болса, қазір — үрмелі, ұрмалы аспаптар. Енді жеті-сегіз жылдан кейін үш-төрт жерде жұмыс істейтін жағдай болмайды.
– Скрипка әлемде мойындалған классикалық аспап болып есептелді және де скрипкашылардың жоғары бағаланатыны белгілі. Белгілі музыкатанушылар «скрипканың арғы атасы — қобыз» дегенді айтып жүр. Сіз не дейсіз?
– Оны бірінші неміс халқының өнер зерттеушісі, бір оқымысты ғалымы айтқан. Мен толық қосыламын. Мысалы, «лютния» деген – гитараның бір түрі. Оны француздар мен испандықтар ойнайды. Бірақ ол – арабтардың аспабы. Осы аспап Испаниядан ары қарай Еуропаға тарады. Мәселен, бабамыз Еділ-Аттила Римді құлдықтан құтқарды ғой немесе Шыңғысханның заманында баруы әбден мүмкін. Орыстың балалайкасы домбыраға ұқсас. Қиыр шығыстағы мемлекеттердің, Корей, Вьетнам елдерінің де аспаптарына қарасаң біздің домбыраға ұқсайды. Бұрауы бір. Қазақ күйлерін тарта бересің. Бұл – ойландыратын жағдай. Қылқобыз бізден шыққан. Қорқыт бабамыз тартқан. Дәлеліміз бар. Скрипка, контрабасты француздан шығып, неміс ойлап тапса, дәлелдесін. Ал бізде Қорқыт бабамыз және оның өлмейтін мұрасы – күйлері бар.
– Скрипканы бүкіл әлем біледі. Ал біздің домбырамыз бен қобызымыздың танылмай жатқаны кешегі неше түрлі тарихи нәубеттер мен зобалаңдарға байланысты екені белгілі. Кешегі Кеңес заманында қазақ музыкасын дәріптейтіндей жағдайлар болмағанын айтып отырсыз. Аллаға шүкір, Тәуелсіздік алдық. Енді қобыз бен домбыраны скрипканың деңгейіне жеткізу мүмкіндіктері туралы не айтасыз?
– Домбыра мен қобызды оқыту проблемасы қазір Қазақстанда жоқ. Бұрындары болған. Мысалы, Қазақстанда симфониялық оркестрдің саны көбейіп келеді. Әрбір орталықта, мәселен, Көкшетау қаласында оркестр бар. Қазақстанда оркестр құрамында арфа жоқ. Өйткені оны оқытпады. Мен соны ойландым да арфа класын аштым. Оны Франциядан, Мәскеуден сатып алдым. Министрдің көзін жеткізіп, қаражат алып, төрт-бесеуін алып келдім. Биыл міне, алғашқы түлектері оқу бітіріп жатыр. Олардың көбі Франция да, Мәскеуде оқуларын жалғастырып жатыр. Оларды жиырмалап, көптеп оқытудың қажеті жоқ. Мәселен, Қазақстанда 10 симфониялық оркестр болса, 12 маман дайындасақ жетеді. Ертең зейнет жасына жетіңкірегенде қайтадан жас маман дайындау керек. Ал домбыраға келер болсақ, бүгінгі таңда екінің бірі домбырашы болып кетті. Оның бәрі қайда қызмет жасайды? Ата-аналар келеді, олар түсінбейді. Мен баламды рояльда, скрипкада оқытқым келеді дейді. Әй, ертең ол 12 жыл мектепті оқып, одан кейін бес жыл консерваторияда оқып, одан кейін біреуді сүйемелдеп отырса, сол ма жеткен деңгейі? Флейта деген – керемет аспап. Осыны оқыса, ертең нанын тауып жейді. Үлкен музыкант боп шығады. Соған көзін жеткізу керек. Мен мысалы тек домбыра мен қобызды ғана көтеру керек дегенге қарсымын. Біз де жер шарында тұрып жатқан халықпыз ба, егеменді мемлекетпіз бе, керегеміз кең, тереземіз неміс, французбен тең. Біз неге жалғыз сол аспаптарда ғана ойнауымыз керек, біз барлық аспапта ойнауымыз қажет. Қазір байқасаңыз, теледидарда екі-үш орыстың қыздары бар домбыраны үйреніп, тартып жүрген. Тағы да басқа балалар бар. Өзімізге байланысты. Сен домбырада таза классиканы, күйлеріңді ойнап беруіңе болады. Кәсіби деңгейде ойнап берсең, қай халық болса да ұйып тыңдайды. Домбыраға қызығып жүрген халық көп. Музыка барлық халыққа ортақ. Ол бәріне әсер етеді, егер қышыған тетігін таба білсең.
– Оқан аға, енді К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының жалпы жағдайына келсек...
— Тәуелсіздігімізге 20 жыл толды. Әрбір ұжым, өзін патриот санайтын әр азамат өзіне есеп беру керек: «Мен Тәуелсіз еліме не бердім» деп. Егемендікке оңай жете қалған жоқпыз. Ғайыптан келген жоқ. 36-37 жылдары атылып кеткен үлкен ақсақалдарымыз, Алаш арыстары Ахмет, Әлихан, Мағжан, Міржақып, Тұрар Рысқұловтан бастап, Халел, Қошке, Телжандар, Мұстафа Шоқай секілді азаматтар болмаса, бұл күнге жету-жетпеуіміз екіталай. Олар – Санкт-Петербургте білім алған азаматтар. Солар Сталинменен, КСРО Үкіметімен арпалысып жүріп, КСРО құрамына кіретін 15 мемлекеттің Конституциясына «Каждая нация имеет право на самоопределение» яғни, «Әрбір халық Конституция бойынша өзі жеке дербес мемлекет болып шығуға қақылы» деп енгізіп кетпегенде қандай жағдай боларын бір Алла біледі. Шешенің неге алмайды? Татарың неге алмайды? Башқұртың неге алмайды, дербестігін?! Демек, бабаларымыздың еңбегін бағалауымыз керек. Соны түсінген азамат «Әй, осы мен не істедім 20 жылдың ішінде» деуі керек. Мысалы, «Тіл! Тіл!» деп әр бұрыштан айқайлай беруге болмайды. Әрине, қазақ тілін білмей, мемлекет бола алмаймыз. Тілді білу керек. Бірақ «мына балаң жаман, жаман» дей берсең, кез келген ата-анада қарсылық туады. Қазақта: «Жаманды жаман дей берсең, бөркі қазандай болады» дейді. Сондықтан «Тіл! Тіл!» деп айқайлай беруге болмайды. Мәселен, орыс тілінде жеті «падеж» бар, ал қазақ тілінде жеті септік бар деп. Септік көп болса, тіл бай емес пе? Содан бастамайсың ба? Абайдың сөзін дұрыстап жеткізбейсің бе? Атам қазақ тілдің арқасында мына соғысты тоқтатқан, Екі жақтан мыңдаған әскер тұрғанда, қай халқың бар тілмен соғысты тоқтатқан? «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деген тағы бар.
Қазақ сыныптарын ашу өте қиынға соқты, бірақ тәубе, бес жылдан асып кетті: 12 комплект қазақ сыныбы, 12 комплект орыс сыныбын жасадым. Одан кейін мен байқай бастадым. Мына қазақтың сыныбында оқып жүрген балалардың тәрбиесі де, білімі де анау орыс сыныптарымен салыстырғанда артықтау болып кетті. Енді орыс мектебі жаман оқытады, солай деп айта алмаймын. Мына үй тәрбиесінде қазақша тәрбие болса, балалар басқаша болады екен.
– Бүгінгі күнде кейінгі бітірген мамандарға көңіл толмаушылық айтылып қалып жатады. Қай сала болмасын... Ондай пікір бар. Мұғалімдеріңіздің сапасы туралы айтсаңыз...
– Мен бір-ақ жағдай айтайын. 1984 жылы қабылдап алдым дедім ғой. Осы 20 жылды-ақ айтайықшы. Мәселен, ауылдың немесе қаланың бір мектебінен дүниежүзілік олимпиададан делік, бір-екі бала орын алып келсе, бүкіл телеарна, газет-журнал шулайды. «Керемет, сұмдық болды» деп. Мен таңғаламын. Жылына біздің мектептен 7-8-10 балаға дейін дүниежүзінен орын алып келеміз. Бір теледидар, бір газет үндемейді. Шетелдің Гран-приін алып келіп жатамыз. Мысалы, жалпы білім беретін мектепте 2000-ға жуық бала оқиды ғой. 11 сыныпты тауысқандарының жартысы ЖОО-ға түседі, жартысы түсе алмайды. Кейінгі 20-25 жылдың ішінде
К.Байсейітова мектебін бітірген түлектің ЖОО-ға түсе алмаған оқиға болған емес. Шетелдің 14 мемлекетінде оқып жатыр балаларымыз. Бітіріп қызмет істеп жатыр. Ағылшын тілін үйреткеніміздің арқасында. Жоғарғы деңгейде білім бергеніміздің арқасында.
Өнер – ол басқа. Бұл жердегі баланың мінез-құлқы, сана-сезімі де бөлек болады. Үйренуі, қабылдауы өзгеше. Бұл жерде дарынды туылған бала оқиды. Жалпы білім беретін мектептердің бағдарламасы бар. Біздің мектептердің стандарты жоқ. Кеңес дәуірінде қалай оқытты, сол бойынша келе жатырмыз.
– Өнер мектептеріне, дарынды балаларға жеке бағдарлама керек дейсіз ғой.
– Иә!
– Болашақта бола жатар. «Көш жүре түзеледі» дегенді өзіңіз айттыңыз, әңгіме барысында. Қандай арман бар?
– 20 жылда не істедім дегенді көп ойланам. Өзіңнің білгеніңді артыңа қалдырмасаң, бекер сандалып жүрсің бе дейді ертең. Құдайға тәубе, «Қазақ музыка әдебиетін» шығардық, «Эстрада-джаз» бөлімін аштым. Тағы бір арманым – Күләш апамыздың ескерткішін ашу еді. Тіпті егемендік алмай тұрған кезде де ойымда болған. Менің ұялатыным Қазақстанда ол кісіге арналған бірде-бір ескерткіш жоқ. Бостандық ауданының әкімі Жұманалиева Зәуреш бағымызға қарай ауданды басқарып келді сол кісінің тікелей көмегіменен демеуші тауып, Күләш апамыздың ескерткішін мектептің алдына жарқыратып тұрып қойдық. Міне, бұл арман орындалды. 1953 жылдан бастап, қазірге дейін бүкіл дүниежүзілік конкурстардан жүлделі орын алып келген 700-ге жуық түлектеріміз бар. Барлығы 480 бала оқиды. Музыкада айтады: «Сен 60 - 70 жыл өмір сүріп, 40 жыл жұмыс істеп, артыңнан дүниежүзілік деңгейде бір-ақ музыкант қалдырып кетсең, сен бекер өмір сүрген жоқсың» деп. Біздің мектеп 700-ге жуық дүниежүзілік конкурстардың лауреаттарын шығарды. Айта берсең, толып жатыр. Марат Бейсенғалиев, Аида Аюпова, Айман Мұсаходжаева, Жания Әубәкірова т.т.
— Дұрыс екен, аға. Соңғы сұрақ болсын, бүгінгі Қазақ эстрадасына пікіріңіз...
— Мәселен, мына Ресейді алайық, сен атағыңды шығарып, жұлдыз болғың келсе, ақшаң болуы керек. Не, сені демеушілік ететін өте бай адам болу керек. Бір әнді жасайды да, фанера дейді, бір жақсылап жазып алғаннан кейін жарты жыл телеарнадан айналдырса, сен жұлдыз болып шыға келесің. Оның ар жағында білім жоқ, кеудесі бос, ішкі дүниесі төмен. Бізде де солай, Түкке тұрмайтын екі-үш ән айтады, жұлдызбын деп ойлайды. Қазір қалтаңда ақшаң бар ма, дауысыңның керегі жоқ. Қарның ашады, тіпті мен ұяламын. Қазір екі-үш әнді жасап алып, жұлдыз боп жүрген әншілер мектеп ашып, телеарнаға шығып, міне, осындай үйретіп жатырмын деп газеттерге сұхбат береді. Мен таңғаламын. Әй, сенің өзіңнің білімің жоқ, тағы ананы бұзып, оқытып жатырсың. Дүниежүзінде адамзаттың, адамның физиологиясы бойынша бала 18-19, 20-ға келгенде оқытады кәсіби ән айтуды. Оған дейін мутация дейді. Жас бала жігіт болғанда даусы өзгереді. Қыз баланың да даусы өзгереді. Сол кезде Алла тағала даусыңды қалдырса, ішкі дүниең сай келіп тұрса, сонда оқыт, телеарнаға шығар. Келмейтін болса, нең бар онда. Қосып қалсаң, тек сондай. Әрине, бәрі де сондай деп айта алмаймын. Қазақ эстрадасында өнерпаздар бар, бірақ саусақпен санарлық қана. Джаз бен эстраданы өнерлінің өнерлісі ғана ойнай алады. Жүзден бір туып, Бетховенді ойнаса, мыңнан бірі туып, джаз ойнай алады. Ол – өте күрделі. Оны бала кезден, сана-сезімін жеткізіп үйрету керек. Ондай бізде азаматтар бар, бірақ бір, екі деп санай аламыз.
– Тілегіңізбен сұхбатымызды түйіндесек...
– Алла тағала, әке-шешеңді, өзіңді қалай сүйсең, еліңді, жеріңді, Отаныңды, мемлекетіңді солай сүйетін дәрежеге жеткізсе. Халқымыз соған жетсе. Ана халықтың, мына халықтың өнері асып кетті, олардың деңгейі, білімі асып кетті, бізден жоғары, біз сол сияқты боламыз демесін. Біз еш халықтан кем емеспіз, артық болмасақ. Соны біле білсе екен деп ойлаймын. Қай халықты ал, біз артық болмасақ, кем емеспіз. Ең бастысы, осыны түсінсек екен.
– Әңгімеңізге рақмет!