Қазір өндіріспен фанаттар мен ақымақтар ғана айналысуда

Қазір өндіріспен фанаттар мен ақымақтар ғана айналысуда

Сайдулла ҚОЖАБАЕВ, Alageum group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы:

– Сәке, экономиканың дамуы қуат көзіне деген тәуелділікті арттырып отырғанын жақсы білесіз. Сонау кеңес заманында іргесі қаланған электр қуатын өндіретін кәсіпорындар ескірді. Саналы ғұмырын энергетика саласына арнаған кәсіби маман ретінде айтыңызшы, еліміздегі энергетика кешенінің жай-күйі қалай?

– Кеңес заманында салынған ЖЭС, ГЭС басқа да электр қуатын өндіретін кәсіпорындардың құрал-жабдықтары әбден тозып, өзінің ресурсын тауысқаны жасырын емес. Энергетика саласы елімізде қызық қалыптасқан. Кеңес заманында ЖЭС мен ГЭС-ке қажетті құрал-жабдықтар шығаратын зауыттар Ресей, Украина және Белоруссияда орналасты. Десек те, бірлі-жарым шағын зауыттар елімізде де болды. Энергетика кешенінің жабдықтарын шығаратын зауыттар машина жасау саласына жатқызылады. Дәл осы сала елімізде тиісті деңгейде дамыған жоқ. Кеңес өкіметі кезінде Қазақстанда энергетика кешеніне қатысты үш-ақ зауыт болды. Олар Кентауда, Шымкентте және Өскеменде орналасқан. Бүгінде Шымкенттегі зауыт жұмыс істемейді. Ал Өскемендегі конденсатор шығаратын зауыттың да жағдайы мәз емес. Нарықта олардың өндірген тауарына сұраныстың аз болуы зауыттың жұмысына кері әсер етті. Ал Кентаудағы өзіміздің трансформатор зауытының жұмысын тоқтатпау үшін көп еңбектендік. Өз басым еліміздегі өндіріс ошақтарының күйреуіне мына бір фактор да әсер етті деп ойлаймын. Мәселен, аталған үш зауытта кезінде жұмыс істеген адамдардың 95 пайызы орыстар болды. Одақ күйрегеннен кейін олардың басым бөлігі өз елдеріне қайтты. 1997 жылы банкрот болғалы тұрған жерінен Кентаудағы зауыттың акциясын сатып алып, қазақтың баласына энергетика саласының жат емес екенін дәлелдеуге тырыстық. Қиыншылықтармен бетпе-бет келсек те, зауытты сақтап қалдық.

– Төрткүл дүниенің мазасын қашырған қаржы дағдарысы сіздерге қаншалықты салқынын тигізуде?

– Үлкен кәсіпорындарды сан соқтырып жатқан дағдарыс бізді де айналып өткен жоқ. Құрылыс саласының күрт тоқтауы бізге қиын тиіп отыр. Егер біздің өнімімізге тапсырыс болмаса, мамандарды уақытша жұмыстан босатуға мәжбүрміз. Қазір мамандарды жұмыстан босатпаудың қамын қарастырып жатқан жайымыз бар. Үкімет пен облыс әкімдеріне хат жазып, тапсырыс тауып беріңіздер деп өтініш айтудамыз. Зауыттағы әрбір маманды даярлау үшін қаншама қаржы мен уақыт жұмсадық. Олар жұмыстан босап, артынша басқа жұмыс тауып алса, зауыт зардап шегеді. Мамандарды алты айдан бір жыл аралығында дайындап, баулимыз. Бұл дегеніңіз – үлкен еңбек. Оның үстіне, бізде ауыр машина жасау саласына мамандарды даярлайтын арнайы институт жоқ. Кеңес заманында энергетика саласының ғылыми институты тек Украинадағы Запорожец қаласында ғана болды. Ал қазір олармен байланыс үзілген. Сондықтан зауыт жұмысшыларды босатпаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыруда.

– Сонда еліміздің энергетика кешені ғылыми институтсыз күн кешуде ме? Жаңа инновацияларды қайдан алып, мамандарды қалай дайындайсыздар?

– Қазіргі таңда трансформатордың түрі көп. Оның үстіне күннен-күнге жетілуде. Ғылыми институттар әрбір трансформаторды жасап, өндіріске енгізеді. Бір трансформатор жасап шығару үшін қыруар қаржы, көптеген конструкторлар мен бірталай уақыт қажет. Елімізде электр қуатын өндіретін кәсіпорындарға қажетті құрал-жабдық шығаратын зауыттар аз. Өйткені аталған саланың қосымша ғылыми институты жоқ. Біз кеңес заманынан қалған дүниелерді сақтап қалдық. Зауытты басқаруға алған 11 жылдың ішінде тапқан табысымыздың басым бөлігін өндіріске салып, қондырғыларымызды жаңартумен болдық. Қазір кез келген зауытқа барсаңыз баяғыдағы ескі станоктар көзіңізге шалынады. Станоктар өзінің пайдалану мерзімін баяғыда тауысқан. Олармен сапалы өнім өндіру мүмкін емес. Ал қазір зауытты заман талабына сай, сапалы өнім шығаратын компьютермен басқаратын қондырғылармен жабдықтадық.
Ал энергетика кешенінің ғылыми институтын қалыптастыру үлкен жұмыс. Бұған бір зауыттың шамасы жетпейді. Бұл үкіметтік деңгейде шешілетін шаруа. Дегенмен әрекетсіз отырған жоқпыз. Қазір зауытта 50 конструкторды ұстап отырмыз. Олар таңертеңнен қара кешке дейін трансформаторларды жетілдірумен айналысады. Мәселен, трансформатордың сапасын арттыру, оны ықшамдау секілді мәселелермен шұғылданады. Өндірген өнім неғұрлым ықшам болса, шикізат аз кетіп, оның бағасы да төмендейді. Бұл бірінші кезекте халыққа тиімді.

– Қазір зауыт қанша трансформатордың түрін жасайды?

– Зауытта трансформатордың көптеген түрі шығады. Оның әрқайсысын айтып жату мүмкін емес. Бізде арнайы техникалық бөлім бар. Бөлім 11 жылда трансформатордың жүзге тарта бөлшектерін ойлап тапты. Сондықтан бізде шығып жатқан трансформаторларды таза қазақстандық өнім деп айтуға болады. Бұдан бөлек, зауыт 2007 жылы ТМД аумағында тұңғыш рет майсыз жұмыс істейтін трансформатор шығарудың технологиясын меңгерді. Мұндай трансформаторлар Ресей мен Украинада шығарылмайды. Майсыз жұмыс істейтін трансформаторлар қауіпсіз. Жоғары кернеу мен жарылыс болған жағдайда маймен істейтін трансформаторлар өртеніп кетеді. Трансформаторға құятын майдың жаман қасиеті — бір жанса, қайтып өшпейді. Бүкіл ғимаратқа кесірін тигізеді. Қазіргі таңда дамыған елдер майсыз трансформаторға көшіп жатыр.

– Сәке, қазір бәсеке қатты екенін өзіңіз білесіз. Өндірген өнімдеріңіз тұтынушыларын тауып жатыр ма? Трансформаторларыңызды еліміздегі өндіріс ошақтары мен қарапайым халықтың пайдалану деңгейі қандай? Сырт елдерге де экспорттап жатқандарыңызды естідік қой.

– Қазір қалалар мен өндіріс ошақтарында біздің 10 кВт-тық трансформаторлар тұр. Түсінікті тілмен айтсақ, еліміздегі жарық жаққан кез келген адам біздің өнімімізді қолданады деп айтуға болады. Жаңа қондырғылардың арқасында өндірген өніміміздің сапасын арттырып, құнын төмендеттік. Осының арқасында өндірген өніміміздің 40 пайызын экспорттадық. Ресей бастаған көршілес елдердің бәріне өніміміз шығуда. Соның ішінде Қытайға шығару мүмкін болмай отыр. Олардың ішкі нарығын қорғау жоғары деңгейде дамыған екен. Басты бәсекелесіміз де — Қытай. Оларда трансформатор шығаратын зауыттар өте көп. Керек десеңіз, олар трансформаторды өзіндік құнымен сатуда. Мәселен, бізде шығатын трансформатордың өзіндік құны мың теңге болса, оның үстіне келешекте зауытты өркендету үшін біраз ақша қосамыз. Ал қытайлық әріптестеріміз дәл сондай трансформатор жасап шығаруға әлдеқайда аз шығын шығарады. Өйткені оларда қосымша құн салығы жоқ және жұмыс күші арзан. Осыдан олар пайда табады.

Қазіргі таңда біздің басты тұтынушыларымыз – құрылыс және мұнай компаниялары. Құрылыста Қытайдың компаниялары жоқ. Ал мұнай-газ саласында бар. Біздің сараптама бойынша, еліміздегі мұнай-газ кеніштерінің 50 пайызы Қытайдың қолында. Олар өздеріне қажетті трансформаторларды бері қарап кеденнен өтем дегенше, бізден екі есе қымбатқа түссе де, Қытайдан алдырады. Осылайша Қытайдың өндірісшілерін қолдауда.

– Үкімет шетелдік инвесторлардан жергілікті жұмыс күші мен жергілікті өнімді тұтынуды талап етіп жатыр емес пе?..

– Өкінішке орай, жоғары жақтан бастау алған игі істер жергілікті жерлерге жеткенде қағаз бетінде қалып кететіні жігеріңді жасытады. Тендерге барғанда көптеген адамдар пара сұрайды. «Ей, бәріміз осы елдің азаматымыз ғой. Президенттің отандық өндірісті қолдаңдар деген сөзі қайда? Елде болса ерніңе тиеді ғой» деп айтсаң, міз бақпайды ғой шіркіндер. Көптеген мекемелердің басшылары отандық өндірісті қолдауға енжар. Тек қалтасын ғана ойлайды.
Біздің мекеме Индустрия және сауда министрлігіне қарайды. Бүгінде ес жиып, кәсібін жолға қойған жігіттер жоқ емес, бар. Соларды министрлік өкілдері Астанаға жинап, «қандай мәселелерің бар» деп жөн сұраса болады ғой. Алайда ондай министрді әлі көрмедім. Индустрия және сауда министрлігі жоғары жаққа өндірісті дамыту саласына қандай есеп беріп, қызметкерлері немен айналысатынын түсінбеймін. Қазір ешқандай министрлік бюджетке кіріс кіргізбейді.

– Сонда Индустрия және сауда министрлігімен арадағы байланыстарыңыз мәлімет берумен ғана шектеле ме?

– Ай сайын статистикалық есебімізді береміз. Одан басқа байланысымыз жоқ.

– Өз тараптарыңыздан ұсыныс айтып, мәселе көтерген кездеріңіз болды ма?

– Ой, министрлікке ойымызды айтып, хат жазудан кенде қалап отырған жоқпыз. Жаза-жаза түк шықпайтынын ұқтық. Не жаздыңыз деп сұрауың мүмкін ғой. Айтайын. Мәселен, елімізде мұнай көп. Қара алтынға бай бола тұрып, трансформаторға қажетті майды Ресейден әкелетінімізге ішім удай ашиды. Сол майды дайындаудың технологиясын алып, мұнай өңдейтін зауыттарымыз шығарса болады ғой. Трансформатордың майы үшін сонау Ресейге барып, кезекке тұрып әрең дегенде қол жеткіземіз.

– Мүмкін майды шығарудың шығыны өзіндік құнын ақтамайтын шығар?

– Жоқ. Ондай май шығару соншалықты қымбатқа түспейді. Жұрт трансформатордың майын белгілі мерзім аралығында ауыстырып тұрады. Майды ауыстырған сайын трансформатор жақсы жұмыс істейді. Бүгінде майдың бір тоннасын 130 доллардан сатып аламыз. Сондықтан алушы әр уақытта табылады. Артылып жатса, сыртқа шығаруға болады.

– Трансформаторға қажетті шикізатты қайдан аласыздар?

– Трансформаторға мыңдаған зат керек. Темірдің неше атасын пайдаланамыз. Нақты айтсақ, қазіргі кезде трансформаторға қажетті шикізаттың 97 пайызын шеттен тасымалдаймыз. Қалған 3 пайызы ғана өз жерімізде шығады. Мына «Қармет» комбинаты қаңылтыр темірлерден басқа ештеңе шығармайды. Басында олардың темірін алып көрдік. Сөйтсек, сапасы төмен. Жыртылып кете берген соң, амал жоқ, Ресейден алдыруға тура келді. «Қармет» комбинаты жаңа технологияны енгізіп, сапалы темірді шығарса болады ғой.

Сырттан әкелетін материалдардың жол шығыны мен түрлі кедендік салықтарына көп қаржы жұмсаймыз. Кейде ойланып отырып, осыншама азапты жұмысқа өзімді салғаныма таңғаламын. Бұл жалпы өнім өндірушілердің басындағы жағдай. Қазіргі еліміздегі өндіріспен өжет, өлермен қазақ жігіттері ғана айналысуда. Біздер өндірісте жүріп, осыған әбден сіңіп кеттік. Жұмыс болмаса, көңіл-қошымыз болмайды. Көзімізді тырнап ашқалы бері, көрген-баққанымыз осы өндіріс болғандықтан, бұл салаға жіпсіз байланғанбыз. Әйтпесе, сол өндіріске салған қаражатымызға үлкен сауда орталығын ашып, оны жалға беріп, жан тыныштығымызды ойлауға да болар еді. Бірақ еліміздің келешегі өндіріспен байланысты екенін білетіндіктен тыныш жата алмаймыз. Қазір өндіріспен фанаттар мен ақымақтар ғана айналысуда.

Егер бір зат өндіретін зауыт сала бастаңызшы, ол кезде ешкім тиіспейді. Зауытты салып бітіп, енді іске қосайын дегеніңде әрқайсысы әр тараптан жетеді. Бірі – өрт сөндірушімін десе, екіншісі – экологпын, үшіншісі – полициямын деп екі өкпесін қолына алып жетіп келетіндер көп. Қайта Елбасы мораторий жариялап, жанымыз тыншығандай болды.

– Жақында Елбасының сайтына кіріп, сіздердің Президентке жазған хаттарыңызды оқыдық. Онда қасиетті Түркістаннан трансформатор зауытын ашып, оның алғашқы кірпішін қалау рәсіміне Елбасын арнайы шақырған екенсіздер. Жалпы, ол зауыт қашан толық іске қосылады?

– Елбасымыз 2005 жылы «Кентау трансформатор» зауытына арнайы келіп, зауыт өнімін әлемдік деңгейдегі бәсекелестікке көтеруге деген ұмтылысымызға қолдау білдірген еді. Бұл зауыт еңбеккерлері үшін ұмытылмас кездесу болды. Нұрсұлтан Әбішұлы зауыттан кетерінде «Рахмет, бауырым!» деп қолымды қысқанда төбем көкке жетті. Мұны талай жылғы бар күш-жігерімді, зердемді салып, арпалыста аяғына тұрғызған өзімнің және зауыт қауымының қажырлы еңбегінің ескерілгені, өлшеусіз биік табысы деп білдім. Тіпті 2008 жылы «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымы бойынша республикалық «Алтын сапа» көрме-конкурсының жүлдегері атандық. Қазір енді кернеуі 35-500 киловаттық трансформаторды немістің озық технологиясы бойынша шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаны Түркістан қалалық жергілікті атқару органдарымен бірлесіп, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының» қаржылай көмегімен жүзеге асырмақпыз. Жоба іске асса, 2500 адам жұмыспен қамтылады. Бұл енді үш жылға арналған бағдарлама. Жаңа кәсіпорынның шаңырақ көтеруін түркістандықтар қуанышпен қарсы алып отыр. Өнімдер Yassy Transformer деген атаумен шығарылатын болады. Бұл бүгінгі талапқа сай күрделі құрылымды мегамашина. Сонымен қатар үстіміздегі жылғы қазан айында «Кентау трансформатор» зауытының жанынан 300 адамдық жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін жаңа зауыт іске қосылатын болады. Әрине, Елбасымыз Кентау қаласына келіп, қазіргідей әлемдік қаржы дағдарысы кезеңінде қол жеткізген жетістігімізді көріп, биылғы қазан айында ашылуы жоспарланған жаңа зауыттың тұсауын кесіп, Түркістан қаласында құрылысы басталғалы отырған зауыттың алғашқы кірпішін қалау рәсіміне қатысса, нұр үстіне нұр болар еді...

Алашқа айтар датым...

– Қазақ қоғамын рушылдық, жүзшілдік жайлап алды ма деп уайымдаймын. Қазақ қоғамы – кешегі кеңестік кезеңде есесі әбден кеткен, бодандықтан бостандыққа өлдім-талдым деп әлсіреп жеткен ұлт. Сол себепті оған керегі – рушылдық, жүзшілдік емес, ұлттық тұтастық. Ұлттық тұтастықты, сөздің жақсы мағынасындағы ұлтшылдық қалыптастырады. Қазаққа керегі алдымен – ұлтшылдық. Ал қазақ ұлтшылдығын алдымен теориялық тұрғыдан негіздеу керек. Қазақстан Республикасына идеологияның керегі жоқ деген сылтаумен қазақ ұлтшылдығын теориялық тұрғыдан негіздей алмай отырмыз. Бұдан қазақ халқы тек ұтылуда. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт бола алмай отырған себебі де сондықтан.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста