Қазақтың тарихы дегеніміз – шын мәнінде қазақтың шежіресі

Қазақтың тарихы дегеніміз – шын мәнінде қазақтың шежіресі

Талас ОМАРБЕКОВ, тарих ғылымының докторы, профессор:

– Талас аға, бүгінгі таңда тарихқа үл­кен бетбұрыс жасалып отырғаны бел­гілі. Сіз бұл құбылысты қалай баға­лар едіңіз? Жалпы, осы ынта-ықылас­тың мән-маңызы, мақсаты қандай?
– Қазақ халқы – негізінен, тарихшы ха­лық. Белгілі бір кезеңде бізде жазу мәде­ниеті үзіліп қалды да, тарихымызды жаттап өстік. Соның нәтижесінде шежіре деген ауызша тарихтың үлгісі өмірге келді. Арғы ата­ларының кім болғанын әрбір қазақ жатқа білуі керек болды. Мысалы, үш ата – бір ға­сыр. Яғни жеті атаны білу деген – 2,5 мың ғасырлық тарихты білу деген сөз. Бұл туралы Б.Момышұлының «Ұшқан ұя» деген кітабында: «Үйге бір адам келсе бол­ды, әкем: «Жеті атаңды сана» дейтін», – деп жазғаны бар. Бұл – кеңестік жүйеде ком­­мунистік идеология үстемдік алғанға дейін қазақты тарихшы ретінде тәрбиелеп келген әдет-ғұрып. Бұдан жаман болған жоқпыз. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихшылардың жүгенін сыпырып жіберген кезде ауызша тарихтан хабары бар адамдардың бәрі өзде­рінің ата-бабаларының тарихын қоз­ғап, шежіре құрастырып, белгілі бір тарихи тұлғаға, батырға, биге байланысты тарихи очерктер жазып, публицистикаға ден қо­йып, ресми емес тарихшы болып кетті. Бұ­ған таңғалатын ештеңе жоқ. Қазақ деген ха­­лықтың қанында тарих әрқашан қа­лыптасып келген. Халқымыздың осы ерек­шелігін Елбасы дұрыс түсінді. Ол 1997 жылды «Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жы­лы» деп жариялады. 1998 жылы соның ағы­нымен «Тарих толқынында» де­ген кіта­бын шығарды. Бұл, шын мәнінде, қа­зақтың ежелгі және орта ғасырдағы тарихын қозғайтын бірден-бір қызықты тарихи очерк болатын. Сонда тамаша идеялар көтерілді. Біріншіден, қазақ ел болам, жұрт болам, тәуелсіз мемлекет болам десе, өзінің тарихын жақсы білуі керек екендігі айтылды. Бірақ, өкінішке қарай, біздің қоғам осы кі­тапқа мән бере қойған жоқ. Тәуелсіздік жағ­дайында демократияға орныққан­дықтан, елдің бәрі өзінің пікірін айтқысы, өзін көр­сеткісі, өзінің ата-бабасын ақтап алғысы немесе дәріптегісі келді. Осындай жағдайда Елбасының «Тарих толқынында» атты кіта­бы мемлекеттік идеологияны жасауға негіз қалайтын кітап бола тұрса да, шын мәнінде, нақты өмірімізде жүзеге аспай, онда айтыл­ған идеялар кеңінен насихатталмай қалды. Рухани мәселелерден гөрі, эконо­микалық мәселелер бірінші орынға шығып кетті. Ақырында Қазақстан тарихы деген пән университеттерде екінші пән ретінде ысырылып, Қазақстан тарихы кафедралары жабыла бастады. Саясаттану, мәдениеттану, халықаралық қатынастар, дінтану сияқты басқа қоғамдық пәндер көбейіп, ақырында Қазақстан тарихы қатардағы көптеген гу­манитарлық пәндердің біріне айналып қалды. Осындай жағдайда Мемлекеттік хатшының 5 маусымдағы тарихшылармен өткізген үлкен жиыны қоғамдағы ауыр ах­уалдың, тарихқа байланысты көзқарастың қайшылықты жағдайына байланысты бірден-бір дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын.
– Осы шарадан кейін тарихқа бай­ланысты қоғамдағы көзқарас қанша­лықты өзгерді? Тарих ғылымын жан­дан­дыруға ол қаншалықты серпін, мүмкіндік бере алады?
– Мемлекеттік хатшы Елбасының «Тарих толқынында» атты кітабындағы идеяларды ары қарай өрістетіп, ары қарай дамытып, өткен тарихымызға байланысты мәселе­лерді тереңдетіп, елдің осы бағытта жұмыс істеуіне нақты ұсыныстар жаса­ғанымен, Білім және ғылым министрлігі сол жиында айтылған қағидаларды жүзеге асыруға байланысты нақты шараларды әлі жүзеге асырған жоқ. Мен еліміздегі жетекші уни­верситеттің Қазақстан тарихы кафе­дра­сының меңгерушісімін. Елдің бәрі қазір «Халық – тарих толқынында» деген бағдар­лама жасалады» деп, сол бағдар­ламаға қарап отыр. Ол теориялық бағдар­лама бо­ла­ды, онда тағы да тарихтың өзекті мәсе­лелері көтеріледі. Ал бірақ жергілікті оқу орын­дарында, мектептерде, универ­си­теттерде сол идеяларды жүзеге асырудың жүйелі механизмі әлі жасалмады. Жина­лысқа қатардағы тарихшыларды шақырып, «тарих­ты жөндеп жазыңдар» деп тапсырма беру оны жүзеге асырудың механизмін жасаумен қоса жүруі керек еді, тапсырманы бізге емес, «Тарихты оқытудың көлемін арттырыңыздар, тарихқа байланысты арнайы пәндерді оқу бағдарламасына енгі­зіңіздер, тарихшыларға жағдай жаса­ңыз­дар, тарихшылардың педагогтік жүк­темесін азайтыңыздар, олардың бос уақытын көбейтіп, сол уақытта ғылыммен айналы­суы­ның механизмін жасаңыздар» деп ректорларға беру керек еді. Уни­верситеттегі қатардағы тарих профес­сорының қандай мүмкіншілігі бар? Ол былтыр 27 кредит сабақ берді, биыл сол педагогикалық жүк­теме бар болғаны 2-ақ кредитке азайды. Осындай жағдайда, қолы бос емес профессор оқытушы бола ма, әлде зерттеуші бола ма? Ал бізге «әрі оқытушы, әрі зерт­теуші болыңыз» дейді. Тіптен жақсы. Біздің тарихшылар ондай бола алады. Әсіресе жас тарихшылар өсіп келе жатыр. Бірақ мынан­дай үлкен педа­гогикалық жүктеме жағ­дайында жас тарихшыларымыз зерттеуші болып қалып­таса алмайды-ау деп қор­қамын. Біздің тарихшылардың бәрі осы 20 жылда тарих­шы-ғалым емес, тарихшы-оқытушы ретін­де қалыптасты. Тіпті Тарих инс­титутына, Шығыстану институтына бар­саң, ондағы тарихшылардың күнкөріс қамы­мен басқа бір университет, инс­титуттарға тіркеліп, лекция оқып жүргенін көресің. Яғни бізде кәсіби тарихшыларды қалыптастыруға жеткілікті мән берілмей отыр. Сондықтан да ҚазҰУ-дің тарих фа­культетін бітірген мамандарымыздың 20%-ы ғана ғылымға барады да, 80 %-ы мек­тептерге тарих пәнінің оқытушысы болып барады. Осындай жағдайда бітіріп жатқан тарих­шылардың ең болмаса жарым-жартысы тарихшы, зерттеуші болып қалыптасуы үшін жағдай жасауымыз керек қой. Ол жағдайды жасау үшін жо­ғары­дан ғылыми бағдарламалар жасау, орталықтар ашу жеткіліксіз, сол ғылыми бағдар­лама­ларды жүзеге асыратын адамдарға жағдай жасау керек. Мінеки, орталықтар ашылып жатыр. Ал бірақ сол орталық­тардың жұмысы, механизмі, ақы төлеу жағы қалай болады? Оны ешкім білмейді.
– Ол қандай орталық?
– Мысалы, біздің ҚазҰУ-де Тәжиннің нұсқауымен үш орталық ашылды. Біріншісі – археологиялық деректердің, арте­фак­тілердің өмір сүрген кезеңін анықтайтын зертхана. Біздің факультеттің деканы Жәкен Таймағамбетовтің бастауымен ол халық­аралық зертхана болып құрылып жатыр. Бірақ бұл зертханаға өте қымбат, миллион­даған теңге тұратын аппаратуралар керек және бәрі шетелдерде. Оны кім сатып әпереді? Сосын менің басқаруыммен Орта­лық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығы құрылды. Біз көптеген ғылыми жобалар жасап үлгердік. Соған қарамастан, оның штаты қандай болады, онда кімдер жұмыс істейді, оларға жалақы төлеу механизмі қалай жүзеге асады, ғылыми жобалар қалай қаржылан­дыры­лады деген мәселе – әлі жұмбақ. Үшіншісі – дүниежүзі тарихынан оқулықтар дайын­дайтын орталық. Ол біздегі Қ.Жұмағұлов басқаратын дүниежүзі тарихы кафед­ра­сының жанынан құрылып жатыр. Бұл – бір жағынан, кезіндегі саяси оқиғаларды, әлеу­меттік жағдайларды зерттейтін орта­лық. Оның да мәртебесі, қаржы­лан­дырылуы қалай болатынын білмейміз. Егер олар республикалық бюджеттен қаржы­ланды­рылатын болса, университетке қа­рым-қатынасы қандай болады, бұлар ғылыми-зерттеу институты сияқты жұмыс істей ме, әлде кафедралардың жанындағы қоғамдық негізде құрылған орталық болып қала ма? Оны әлі ешкім білмейді. Менің ойымша, М.Тәжин осындай нұсқау берген кезде Білім және ғылым министрлігі бірден осы орталықтардың мәртебесін, жұмыс істеу механизмін, штатын, оларды қаржыландыру мәселесін, бәрін анықтап беруі керек еді.
– Негізі, сондай орталықтарды ашу қажет пе еді?
– Әрине, қажет. Біз мұғалімдердің бі­разын оқу процесінен босатып, сол орталық­тан жарты, ең болмаса 0,25 ставкаға қар­жыландырып, оларды ғылыми еңбектер жазуға отырғызар едік. Яғни оның оқу процесінде алып жүрген жала­қы­сының біраз бөлігін орталықтан қаржы­ландырар едік те, оның оқу жүктемесі азаяр еді. Ол – жартылай оқытушы, жар­тылай ғылыми орталықтың қызметкері болар еді. Бірақ ол механизмді біз емес, Білім министрлігі жасауы керек қой. Мысалы, 5 маусымнан бері неше ай өтті?
– Бәлкім, ондай ұсыныстар жер­гілікті жерлерден, мысалы, сіздердің өз тараптарыңыздан нақты­ланып, тұжы­рымдалып, ұсынылуы керек шығар?
– Біз министрлікке ұсынысымызды бердік,18 ғылыми жоба ұсындық. Бірақ олардың тағдыры не болатынын ешкім білмейді. Орталықтарды ғылыми жоба арқылы қаржыландыру, сосын ғылыми-зерттеу институттары тәрізді штаттар не­гізінде, адамдарға жалақы төлеу арқылы қаржыландыру деген бар. Егер штаттарды белгілемейтін болса, ол – қандай орталық? Тек ғылыми жобалармен ғана жұмыс істей­тін болса, онда «орталық» деп айқайламай, кафедралар-ақ сол ғылыми жобалармен жұмыс істей береді. Орталықты құрғаннан кейін онда аға ғылыми қызметкер, кіші ғылыми қызметкер, лаборант деген сияқты тұрақты жалақы алатын штаттар болуы керек. Ал егер тұрақты қызметкерлері бол­май, тек орталықтың өзі ұсынған ғылыми жобалар арқылы қаржылан­дыратын бо­лса, ондай орталықтың керегі не? Ондай жобаларды кафедралар да жасай алады. Кафедралардың жобаларын ғана қаржы­ландыруға болады. Жоғарыдан жақсы идеялар айтылып жүр, бірақ оны жүзеге асыру жағы әлсіз. Бізде қазір бір адамның айтқаны орындалатын қоғам. Мысалы, білім министрінің айтқаны – универ­ситет­терге заң. Сол сияқты, ректордың айтуын­сыз, ректордың тапсырмасынсыз, бірде-бір тарихшы университетте ештеңе жасай ал­майды. Ал батыстағы оқу орындары – министрлікке тәуелсіз, яғни автономиялы жеке зерттеу институты. Әрбір университет министрліктен оқу-әдістемелік тұрғыда ғана нұсқау алады, әкімшілік тұрғыдан бағын­байды.
– Автономиялық оқу орнына айналу үшін біз не істеуіміз керек немесе қандай жағдайда тәуелсіз оқу орнына айнала аламыз?
– ҚазҰУ-дің немесе кез келген басқа да жоғары оқу орнының ректорына барлық билікті беру керек, оны сол ұжым сайлауы керек. ЖОО автономиялы ғана емес, зерттеу университеті ретінде құрылуы тиіс және оның ректоры ұжымның мүддесімен санаса отырып жұмыс істеуі қажет. Яғни ректор университеттің қаржы-қаражатын да, ғы­лы­ми потенциалын да басқаратын тұлға болуы керек. Ал қазір бізді басқарып отыр­ған – шын мәнінде, ректор емес, білім және ғылым министрі. Ал біздің уни­верситеттегі жағдай мен Гумилев универ­ситетіндегі жағ­дай да, ахуал да екі түрлі. Мысалы, аста­налық университет болса да оларда тарих факультеті жоқ, бізде бар. Сондықтан да министр Қазақ­стандағы барлық оқу орын­дарына басшы­лық жасай алмайды. Тарихты дамыту үшін республикалық жиын­дар өт­кізген кезде тапсырма тарихшыларға емес, ректорларға берілуі керек. Мысалы, университеттің 13 факультетіне сабақ беріп жүрген 30 тарихшы не істей алады? Көп болса, монография жазады және оны тегін жазады. Тәуелсіздік алғалы бергі 22 жылда тарихшылар жалақы алғанына, алмаға­нына қарамастан, негізгі міндеттері шын мәнінде сабақ беру бола тұрса да, өздері патриоттық танытып, ұлтқа, елге, халыққа қызмет етейік деп және тарихшы ретінде кәсібіне адал­дығын дәлелдеу үшін көптеген еңбектер жазды. Тарих ғылымындағы табыс­тарымыз сол жекелеген тарих­шылардың ғана арқа­сында жасалды. Оларға ешкім материалдық, рухани жағынан жағдай жасаған жоқ. Ал енді жағдайды өзгерту керек пе? Керек. Қалай? Тарихшыларға «ананы зерттеңдер, мынаны зерттеңдер» деп нұсқау бере салу, қай тақырыптың өзекті екенін айту – оп-оңай. Дегенмен оны тарихшылардың өздері де біледі. Әңгіме – жоғарыдан идея беруде емес, өздерінің күнделікті қызметінде сол идеяларды жүзеге асыру үшін тарихшыларға ең бірінші материалдық жағдай жасауда.
– Мемлекеттік хатшының тапсы­руымен тарих оқулығын жаңаша жазу қолға алынып жатыр. Осы тұрғыдан алғанда қандай мәселелер ескерілуі керек?
– ЖОО-да балама оқулықтар болуы заңды және олар теориялық-проблемалық болуы керек. Бірақ Қазақстан тарихының бір қиыншылығы – біз қазақ халқының тари­хын әлі зерттеген жоқпыз. Тиіп-қашып, ептеп зерттеген сияқты боламыз. Мысалы, түргештану, қарлұқтану, оғызтану деген ғылым бағыты бізде бар ма? Оғыздар біздің елімізден кеткен. Наймандар сегіз­ауыз деп аталған. Тоғызауыздың құра­мынан қоңы­рат­тар, керейіттер, уақтар шыққан. Яғни оғыз бірлестігі қазақ халқының бір бөлігін құраған. Сол сияқты, қазақтың бір бөлігін қыпшақтар құрады. Қыпшақтанудан бізде біраз жұмыс істеп жүрген адамдар бар. Бірақ оғызтану жоқ. Ал қазіргі Түркиядағы түрік­тер, әзірбай­жандар, түрікмендер, қа­ра­қалпақтар шежіреде бәрі өздерін оғыздардан тара­тады. Ал оғызтануды кім зерттеп жатыр? Сондай-ақ ежелгі тарихы­мызда дулаттану, тіпті дулаттың арғы атасы саналатын үйсінтану да жоқ. Бүкіл кіші жүзді алшыннан таратамыз. Ал қазақ тарихында алшынтану деген сала бар ма? Жоқ. Міне, солардың бәрі бізде болуы керек. Жоға­рыда, министрлікте отырған, ғылыммен, білім­мен байланысты азамат­тар оғызтану, үйсінтану, алшынтану, най­мантану деген салаларды дамыту түгіл, «Оны айтсам, мені рушыл деп айыптайды» деп, осы тайпалық бірлестіктердің атын атауға қорқады. Мұны мен қазақ тарихын зерттеудегі бір сор­лы­лығымыз, бейшара­лығымыз деп айтар едім. Қазақ халқының 45 ру-тайпадан құ­рылғанын бәріміз білеміз. Бірақ «қазақ тарихын жазыңдар» дегенде жаңағы ру, тайпаларды айналып кетіп, бізде бұрын болған, бірақ көшіп кеткен әулеттерді – түргешті, қарлұқты, оғызды, қараханды, қара қытайларды, тіпті болмаса, орда-ордаға бөліп, моңғол ұлыстарын «Ақ орда», «Көк орда» деп қуалап зерттейміз. Ал оның ішіндегі халық қандай рулардан болды, оған баруға «рушыл атанамыз, ол кітапты ешкім баспайды» деп қорқамыз. Жоға­рыдан сөйлегендер шет жағалатып айта бастады. Мысалы, М.Тәжин: «Қазіргі Қа­зақ­станның аумағы осы жерді мекен­деген бұрынғы тайпалардың аймағымен сәйкес келеді», – деді. Бұл – не деген сөз? «Қазақ­стан аумағының тарихын зерттесең, жаңа­ғы ру-тайпалардың мекендеген, өмір сүрген ахуалын зертте» деп отыр. Ал қазақ халқы деген мемлекет құрушы халықтың тарихы осы уақытқа дейін неге зерттелмей отыр деген әңгімеге келсек, оның себебі – сол ру-тайпаларды айтудан қорыққан­дықтан. Бірақ тарихшы ретінде айтарым, кез келген қазақтың азаматы мынаны түсінуі керек: ру-тайпаның тарихын ежелгі дәуірлерден бастап терең білген адам өзінің руының бас­қа қазақ руларымен қандас екенін, аралас екенін, бар болғаны үлкен ағаштың бір ғана бұтағы екенін түсінеді-дағы ешқашан рушыл болмайды, қазақты руға бөлмейді. Яғни азамат­тары­мыздың ру-тайпа туралы білім деңгейін көтеруіміз керек, ру-тайпа туралы айтудан қашпауымыз қажет. Тарих оқулықтарын жаңаша жазамыз десек, мұны ескеру – шарт.
– Тарих туралы әңгіме болған кезде тарихшылардың жазғанынан гөрі, жа­зушылардың шығармалары елге кө­бірек танымал, өтімді болып, тез қа­был­данып жатады. Жазушылар «Та­­­рих­­шылар бара алмаған тақы­рыптарға біз барып жүрміз» дейді. Ал тарихшылардың көпшілігі тарихты тек мамандардың жазғанын құптайды. Сіз қалай ойлайсыз?
– Тарихи тақырыпқа жазып жүрген жазушыларды мен әрқашан қолдаймын. Олардың жазғандары керек. Мысалы, біздің азаматтарымыз І.Есенберлиннің «Көшпенділерін» оқымай, қалай қалыптаса алады? Сол сияқты, Ә.Кекілбаев, М.Маға­уин шығармалары қандай керемет. Мен тарихшы болғаннан кейін тарихи роман­дарды көп оқимын. Соңғы кезде Т.Зәкеннің «Мәңгітас» деген кітабын оқыдым. Мұның алдында «Көкбөрілердің көз жасы» деген романын оқығам. Тарихи шығармалар бізге ауадай қажет. Өйткені жастар ресми тарих­тан гөрі, көркем тарихты оқуға құмар. Көр­кем тарихтың артықшылығы – тарихи са­на­ны қалыптастыруға күшті әсер ете­тін­­дігінде. Екіншіден, ол тек тарихшыларға арнал­маған, әлеуметтанушыларға да, журна­листерге де, әртүрлі мамандық иелеріне де, елдің бәріне де қажет. Бірақ тарихи сананы көтеруде, тарихпен тәр­биелеуде үлкен рөл атқарғанымен, ол кітап­тар дегенмен де ресми тарих бола алмайды.
– Осы арада жазушылар мен та­рихшылардың арасындағы қатынас қан­дай болуы керек? Ресми тарихшы мен жазушының айырмашылығы не­де?
– Жазушы өзінің жазғанына жауап бер­мейді. Ол мысалы, бір жылдарды, тарихи тұлғаның атын қате айтуы, тіпті оның өмір сүрген кезеңін де шатастыруы мүмкін. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ, тарихи үдерісті дұрыс айтса болды. Соны шынайы сезім­мен, эмоциямен көркемдеп, қызық­тырып айтса, жас ұрпақты тәрбиелеуге соның өзі пайдалы. Ал тарихшының ондай қателік жіберуге қақысы жоқ. Сондықтан тарихшы әрбір датаны, әрбір адамның атын жазған кезде қолы қалтырап отырып жазады. Жазушыдан айырмашылығы, тарихшы өзінің жазғанына жауап береді. Міне, ресми емес тарих пен ресми тарих­тың ара-жігінде осындай қиыншылықтар, ерек­шеліктер бар. Бізге соны ескеруге тура келеді.
– «Жаужүрек мың бала» фильмі шыққан кезде елдің бәрі Сартайды айтып, біреулер «ол – менің арғы атам» десе, біреулер «тарихта ондай батыр болмаған, ол – жиынтық бейне» деп біраз дауласты. Әңгіме онда емес. Жалпы, біз тарих туралы әңгімені белгілі бір оқиға, жағдай туралы емес, неге белгілі бір тұлғалар төңірегінде құруға құмармыз? Көбінесе елдің назары неге нақты бір тұлғаға ауады?
– Біздің тарих – тұлғаға негізделген та­рих. Яғни қазақтың тарихы дегеніміз – шын мәнінде, қазақтың шежіресі. Шежіре тек қана жеке адамдарға құрылады. Жеті атаңыз да, он атаңыз да, отыз атаңыз да – жеке адамдар. Жеке тұлға қазақ үшін өте маңызды. Алғаш Қазақ хандығын құрған Жәнібек пен Керей де, одан бұрынғы Қапаған, Білге, Күлтегін қағандарымыз да, қазақ дастандарындағы жырлар да жеке адамдардың атымен аталады. Өйткені қазақ жеке тұлғаларға бағыну, солардың төңі­регіне ұйысу және өзінің жеке тұлғадан тұратын тарихын білу арқылы ғана халық болған. Егер де қазақ өзінің аталарын білмеген болса, қаны таза халыққа айналмаған болар еді. Біздің кейбір түрік халықтары үйленген кезде жеті атаны сақтамайды. Нағашы, жиен болып үйлене береді, содан олардың қаны бұзылған. Ал қазақ жеке тұлғаның рөлін бағалап, жеті атаның атын санап беріп отырып, өзін таза сақтап қалды. Жеке тарихи тұлға бізде биологиялық-антропологиялық тұрғыдан да маңызды рөл атқарды. Біздің мемлекет болып құрылуымыз үшін қаптаған батыр­лардың ішінен мықты батырлар шықты. Алғашында рулық батыр, одан мықты болса, жүздік батыр айқындалды. Жүздік батырлар көп жағдайда рулық ұранға айналды. Байқайсыз ба, қазақ руларының бәрінің рулық ұраны бар және олар жеке адамдардың атына орайлас­тырылған. Баяғы Алаштан бастап, бәрі – жеке адам­дардың аты. VIII ғасырда Түргеш қағана­тында Алаш-Шор деген, ал Қазақ хандығы құрылардан бұрын XIV ғасырда, Ақ ордада Алаш Баһадүр деген тұлға болған. Міне, осы тұлғалар қазаққа ұран болды. Кейіннен мықты-мықты жүздік батырлар ұранға айналды. Сол жүздік батырлардың ішінен ұлттық батырлар іріктеліп шықты. Олар көп емес. Мысалы, Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөген­бай. Бұлар – ұлттық негізде мойындалған тұлғалар. Солардың төңірегіне топтасып, елімізді, жерімізді қорғап қалдық. Біздің мем­лекетті де жеке тұлғалар құрды. Неге біз Нұрсұлтан Әбішұлын Елбасы деп құр­меттейміз? Өйткені біз жеке тұлғаның төңірегіне топтасуға бейімделген халық­пыз. Психологиялық тұрғыдан алғанда, біздің бүкіл тарихымыз – жеке тұлғаларға бағыну тарихы.
– Әңгімеңізге рақмет!

Алашқа айтар датым...
...Қазақ халқы деген мемлекет құрушы халықтың тарихы осы уақытқа дейін неге зерттелмей отыр деген әңгімеге келсек, оның себебі – сол ру-тайпаларды айтудан қорыққан­дықтан. Бірақ тарихшы ретінде айтарым, кез келген қазақтың азаматы мынаны түсінуі керек: ру-тайпаның тарихын ежелгі дәуірлерден бастап терең білген адам өзінің руының бас­қа қазақ руларымен қандас екенін, аралас екенін, бар болғаны үлкен ағаштың бір ғана бұтағы екенін түсінеді-дағы ешқашан рушыл болмайды, қазақты руға бөлмейді. Яғни азамат­тары­мыздың ру-тайпа туралы білім деңгейін көтеруіміз керек, ру-тайпа туралы айтудан қашпауымыз қажет. Тарих оқулықтарын жаңаша жазамыз десек, мұны ескеру – шарт.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста