Қазақтар – өз Отанын ғана емес, одақтас елдерді ғана емес, Еуропаны да фашизмнен азат етуге атсалысқан халық

Қазақтар – өз Отанын ғана емес, одақтас елдерді ғана емес, Еуропаны да фашизмнен азат етуге атсалысқан халық

Қалмұқан ИСАБАЙ, жазушы, майдангер:

– Кеңес әскерінің қатарында жүріп соғысқан қазақстандықтар жөнінде ай­тып жүрміз. Сіз Еуропа елдерінде жү­ріп фашизмге қарсы тұрушы қазақ­тарды зерттедіңіз. Сол жөнінде айт­саңыз...
– Соғыс аяқталғаннан кейін-ақ мен сол соғыстың тарихын жазуға үлес қосу жағын ойластыра бастадым. «Ертеңгі күні осы соғыстың да тарихы жазыла бастайды. Сол кезде қазақты аз халық деп, саз халық деп тарихтан шеттетуі мүмкін, жеңіске қосқан үлесін әлсіретуге тырысуы мүмкін» деп ойладым. Расында да, солай болып шықты ғой. Бірақ шынды­ғына келгенде, Екінші дүниежүзілік со­ғыс­та қазақтың фашизмнің көзін құртуға қосқан үлесі орасан зор еді. Қазақтар – өз Отанын ғана емес, одақтас елдерді ғана емес, Еуропаны да фашизмнен азат етуге атсалысқан халық.
1941 жылы соғыс оты тұтанып, жау тұт­қиыл­дан баса-көктеп кіріп келген кезде қару-жарақсыз отырған Қызыл Армия шебі үлкен соққыға душар болды. Әу дегенде фашистік армияның екпіні тым қатты еді. Жаудың сол екпінін қайтару үшін қа­зақ­тардың да алғы шепте жүргенін біле­міз. Алғашқы кезде ескі қару-жарақпен қуатты жауға қарсы шыққан Қызыл әскер қата­рынан 4,5 миллиондай жауынгердің тұт­қын­ға түсіп қалғаны белгілі. Соның ішінде қаншасы қазақ болғаны нақты белгісіз, дегенмен өте көп еді. Дегенмен жаудың жоспары толық жүзеге аспады. Сталинград түбіндегі шайқаста Қызыл әскердің жеңіске жетуі зор бетбұрыс еді. Осы майданнан кейін-ақ фашистер біртіндеп жеңіле бастады. Ал Қызыл әскер, керісінше, күш ала берді. Сол кезде Кеңес әскерімен Англия, Франция, Америка сынды елдер бірігіп, Фашизмге қарсы бағытталған одақтас армия атанды. Осы одақтағы елдердің арасында Кеңес әскері ерекше күшейіп кетті. Ол, негізінен, жауынгерлердің адам сенгісіз ерліктерінің арқасында болды деп сенемін. Кеңестің әскері күшейе бастаған кезде тұтқында жүрген Кеңес әскерінің жігері көтерілді. Енді солар түрлі бүліктер, баскөтерулер ұйымдастырып, тұтқыннан қаша бастады. Соның ішінде де қазақтар көп болатын. Осы уақытта фашистердің табанының астында қалып қойған елдер де көтеріле бастады. Партизан отрядтарын құрып, түрлі жасақтар құрып, өз беттерінше соғыс амалдарын жүргізе бастады. Мысалы, Югославияда фашистерге қарсы армия құрылып, оның басына хорват баласы Иосиф Броз Тито тағайындалды. Бұл армия өзінің қатарына тұтқыннан қашып шыққандар мен фашизмге қарсы бас көтергісі келетін ерікті азаматтарды жинап отырды. Тұтқыннан қашып шыққан қызыл­армиялықтар сол Титоның қол астына барып қосылып отырды. Олардың арасында қазақтар аз емес.
Мен ойладым, соғыс аяқталған соң, осы Еуропа соғысының тарихы міндетті түрде айтылады. Ал соның ішінде аз халықтар ретінде қазақтарды ескермей кетуі мүмкін. Ал қазақтар дегеніміз Еуропаны азат ету үшін болған соғыстарда оттың ортасында жүріп, ерлік көрсеткен халық емес пе?! Яғни Еуропада соғысқан қазақтардың жағдайын айту үшін деректер жинау керек, зерттеу жүргізу керек. Бұл тақырыпты зерттей беретін болса, әлі де талай ерлік оқиғаларға жолығамыз. Қазір­дің өзінде ерлікке мысал көп.
Фашистік шекарадан қашып шыққан тұт­қындар Югославиядағы Тито бастаған әс­керге барып қосылып отырғанын айттым. Солардың арасында қазақтардың са­ны біршама. Тито тұтқыннан қашып шық­қан­дарға арнап бір батальон құрып бе­реді. Сол батальонды қазақ ұланы бас­қарған еді.
– Батальонды басқарған қазақтың есімі кім?
– Бейсен Раисов. Оның да өз тарихы бар. Жаңағы айтқандай тұтқыннан қашып шыққандардың қатарынан Титоның қол астында жаңадан әскери батальон құры­лады. Енді оған басшы керек болады. Сол кезде әскерилер Титоға төрт адамның есі­мін ұсынады. Олардың төртеуі де капитан, майор, подполковник шеніндегі адамдар болатын. Сол кезде Тито әлгі тізімге назар да салмапты. «Араларында қазақ баласы бар ма екен?» деп сұрапты. Әрине, бар деп жа­уап береді оған. Сол кезде сарбаздардың арасынан бар болғаны сержант шеніндегі бір қазақ баласын сол батальонның басына қойған екен. Ал әлгі подполковник, майорлар ше­ніндегі әскерилер қатар­дағы жауынгер ре­тінде сол сержант қазақтың бұйрығын ор­ындайтын болып шығады. Сол қазақ – Бей­сен Раисов болатын. Бейсен Раисов тұтқыннан ерте қашып шық­қандардың бірі екен. Оның тұтқыннан қа­лай қашып шық­қанының өзі – ерлік оқиға. Сонымен, әске­ри­лердің кейбірі Титодан «батальонның басына неліктен қазақты қойғыңыз келді?» деп сұраған екен. Сол кезде Тито: «Мен қа­зақтың қандай халық екенін білемін. Қазақ – нағыз ержүрек, нағыз батыл халық. Кол­чактың заманында қуғындауда жүрген кезімде мен үш жыл бойы қазақ арасында жасырынып жүрдім. Сол кезде бұл халық­тың әрбір ер-азаматы­ның ер болатынын, өр болатынын өз көзім­мен көрдім», – дейді. Осылайша фашис­тердің тұтқынынан қашып шыққан Қызыл Армия сарбаздары, оның ішінде офицерлер, подполковник, майорлар, капитандар Бейсен Раисовтің басқаруымен соғысқа аттанады. Мыңға жуық адамнан тұратын бүтіндей бір ба­тальонға командир болып кеткен Бейсен Раисов өзінің бұл қыз­метке бекер таң­далмағанын талай дәлел­деп, Титоның үмітін ақтап шықты.
– Қазақ ұландарының ерліктерін еуропалықтардың өздері мойындай ма?
– Әрине, мойындайды. Мұндай ерліктер ұмыт қалуға тиіс емес. Қазақ ұлдары­ның ерлігін қалайда халыққа жеткізуіміз керек. Сондықтан мен осыған қатысты деректер жинап, жарыққа шығаруды мойныма алдым. Ол туралы кітаптарым, мақала­ларым аз емес. Мысалы, Бейсен Раисовтің қарамағында қазақтар көп болған. Соның ішінде он қазақтан тұратын бір бөлімше болған екен. Сол бөлімшеге баз бір өзен­дегі көпірді барлауға тапсырма беріледі. Бірақ тапсырма орындауға кеткен әлгі қа­зақ­тар оралмайды, кешігеді. Батальон адам­дары ары күтеді, бері күтеді, ақыры із­дерінен түсіп, арттарынан барады. Со­лардың арасында Бейсен Раисовтің өзі де бар екен. Сөйтіп, көпірге келсе, айналаның бәрі қан-жоса, толған өлік дейді. Сөйтсе, әлгі он қазақ көпірге жақындай бергенде ар жақта немістің бір ротасы кетіп бара жатқанын көрген екен. Қазақтардың саны он адам, фашистер толыққанды бір рота. Бір ротада – 150 адам. Бұл рота Берлинді қорғауға келе жатқан фашистер екен. 1945 жылдың қаңтар айында Гитлердің тапсырмасы бойынша фашистік әскердің көптеген күші Берлинді қорғауға жұмыл­дырылған болатын. Бұл соның бір легі болатын. Сонда әлгі қазақтар фашистерді Берлинге жібергісі келмей, соғысқа қойып кеткен. Ақыр-аяғы 150 фашистен тұратын ротаны қырып салып, өздерінен де ешкім сау қалмапты. Міне, осы оқиға біздің Италиядан ескерткіш ашуымызға негізгі себеп болды.
– Еуропаны азат етуге қатысқан қазақ жауынгерлеріне Италиядан ескерткіш ашу сіздің ерік-жігеріңіздің, табандылық көрсетуіңіздің арқасында болғаны айтылып жүр. Қандай қар­сылықтар болды?
– Азаттық алған жылдары Италияда Еуропаны азат етуге еңбек сіңірген жауынгерлерге арналған ескерткіш ашылған екен. Алғаш рет қазақтарға арнап ескерткіш ашуды ұсынғанымда, олар қолдамай: «Сол ескерткіштегі тастың артына қазақ жауынгерлерінің есімдерін тізіп жаза беріңдер», – деді.
Бірақ мен оларға «қазақтарға арнап ескерткіш қоюымыз керек» деп талап қой­дым. «Қазақтар Еуропаның азаттығы үшін күресіп, қан төкті. Неліктен біздің есімдер сендердің астыңғы жағынан тіркелу керек?! Қазір біз өз алдына бөлек тәуелсіз мемлекетпіз. Енді бізді Ресеймен шатас­тыр­маңдар. Қазақтар Еуропа үшін де қан төккен, демек, оларға лайықты құрмет көрсетілуі керек», – дедім. Жеті жылдай уақыт бойы осы мәселеге байланысты еуропалық­тар­мен келісе алмай, хат тасып жүрдік. Ақыр соңында келісімдерін беріп, құрметті жерден жер бөліп берді. Ал ескерткішті Ел­ба­сының тапсыруы бойынша Қарулы Күш­тердің адамдары жасады. Ескерткішке Еуро­паны азат етуге қатысқан қазақтардың есімдері ойып тұрып жазылды. Бірақ бұл тек – сол соғыста ерлікпен көз жұмғандардың ғана есімдері. Соғыс­тан аман-есен елге оралғандар да бар ғой. Сол Еуропада қа­лып қойған қазақтар тағы бар. Мен сол со­ғыс­тан аман оралған қа­зақ­тардың тала­йымен тілдестім, болған оқиғаларды жазып алдым. Қырық шақты кітабым бар, со­ның біразы соғыс тақы­рыбына арналады.
– Осы тақырыпты кеңірек зерттейін деген тарихшылар бар ма, сізге келіп жолыққандар болды ма?
– Біз өзі томаға-тұйық халықпыз ғой. Әзірге қолымдағы деректерді сұрап келген ешкім болған жоқ. Дегенмен енді бұл тақырыпқа ғылыми тұрғыдан зерттеу жа­са­ғысы келетіндер қатты қиналмайды деген ойдамын. Бастысы – жол салынды.
Қысқасы, Жеңістің 65 жылдығы қар­са­ңында, 2010 жылы сол ескерткіш ашылар кезде маған сол шараға қатысуға шақыру хат келді. Бірақ мен ол кезде науқастанып бара алмадым. Оның үстіне, сол жыл­дары Еуропада жанартау атқылап, соның салдарынан ұшақ қатынасы қиын­даған болатын. Дегенмен бара алмағаным үшін қатты қиналған жоқпын. Бастысы – ар­маным орын­далды. Ал ескерткіштің ашы­луына барып қайтқан адамдар сол ша­раның бейнебаянын әкеліп берді.
– Өзіңіз соғыстан ауыр жарақат алдыңыз ба?
– Мен өзім 12 жыл бойы Қызыл Армия қатарында болдым. Соғыстың арасында болып, ауыртпашылықты майдандастармен бірге көрдік. Жеңіске үлес қосқан болуымыз керек. Оқ тимеген жерім жоқ. Дегенмен Құдайдың өзі сақтаған шығар, ешбір сүйегім сынған жоқ. Қолдан да, аяқтан да, денеден де оқ өтті. Бірақ соның ешбірі сүйекті жарақаттамапты.
– Германияда Абай атындағы көше­ні ашқаныңызды білеміз. Оның тарихы қалай?
– Соғыстан кейін мен он жылдай уақыт комендант ретінде Германияда қалдым. Сол кезде-ақ Германияда қазақтың таңба­сы қалғанын қалап жүрдім. Ол кезде Абайды тастамай оқитын кезім. Абай атындағы көше ашу жөніндегі ой келген еді. Бірақ Құдай оның сәтін сол кезде емес, көп жылдардан кейін түсірді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Германияға осындай ұсыныс жасадым. Ұсынысымды қабылдай салған жоқ. Қойырпақтатып, жауап бермей біраз уақыт созып жүрді. Ақыр соңында германиялық шенеуніктер «Қазақстанда Гете атындағы көше бар ма?», деп сұрады. Қазақстанның төрт қаласында, Гете атындағы көше бар – Қарағандыда, Астанада, Алматыда және Семейде. Соны дәлелдеу үшін мен сол төрт қаланы аралап, Гете көшелерін суретке түсіріп, Германияға апардым. Нәтижесінде Абайға көше берілді. Арманым орындалды. Көшенің басына «Гете. Лермонтов. Абай» деген жазуы бар тақтайшаның сызбасын да өзім жасаған едім. Сосын оны еш өзгеріске ұшыратпай, тура ойымдағыдай етіп ілгіздім. Бұл бастаманы жүзеге асыру үшін бірнеше рет Германияға шапқылауға тура келді. Бұл оқиғаның қалай болғанын баяндап «Берлин, Абайстрассе» деп аталатын кітап жазған едім. Сол кітапты біреу­лер Абай атындағы мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Бірақ тағы біреулер қарсы шыққан соң, берілмеді.
– Италияда қазақ батырларына ескерткіш орнаттыңыз, Германиядан Абай­ға көше алып бердіңіз. Елдегі ең­бек­теріңізді де атап өтсеңіз...
– Оның бәріне тоқталып, тізіп жатудың керегі жоқ шығар.
– Дегенмен 500 шақырым жерді жаяу жүріп өткеніңізді айтып жатады...
– Соғыстан кейін бейбіт заман болатын. Бір күні Қаныш Сәтбаев шақырып алды. Шақырып алды да, Қарағандыдан өте маңызды канал салынып жатқанын айтты. Бұл істің арты сұйылып кетпеу үшін басы-қасында жүруімді өтінді. «Өтінді» дегеннен гөрі «қатаң тапсырды» дегенім дұрыс болар. Сонымен, қолыма сызба дәптер алып, сол каналдың басынан аяғына дейін жүріп өттім. Әрбір маңызды аймақтарды суретке түсіріп, ескертпелер жазып отырдым. Елге қызмет етейін деген жастықтың жігері ғой. Әйтпесе қазір ондай бес қадам аттауымның өзі мұң. Артынан сол каналды «Беламор канал деп атаймыз» немесе «Лениннің атын береміз» деп даурықты. Сол кезде мен оған Қаныш Сәтбаевтың аты берілуін өтіндім, талап еттім. Ақыры солай болды.
– Мына үйіңіз тым тар екен. Осы үйде тоғыз адам тұрып жатқандарыңыз мені таңғалдырып отыр. Қанша дегенмен ел танитын жазушы майдангерсіз. Мемлекет тарапынан, әкімшілік тарапынан үй берілген жоқ па?
– Өз үйімді тартып алғаны болмаса, берген жоқ. Бұрындары Фурманов көше­сінің бойында өз үйімізде тұрып жатқан едік. Храпунов әкім болып тұрған кезде «мынау «Алматыжердің» жері, боса­тың­дар, үйлер бұзылады» деп тартып ал­ды. Берген ақшаларына үй тұрмақ, жер сатып ала алмас едік. Әйтеуір, балалар ақша жиыстырып, осы шағын үйді сол кезде сатып алған еді. Бәріміз әлі күнге дейін осы үйде тұрып жатырмыз. Кешкісін балалар төсекті жерге жайып жіберіп, қатар-қатар жата қалады. Ал күндіз әркім өз шаруасымен кетіп, үйіміз кішкене кеңіп қалады.
Естуімізше, Иманғали Тасмағамбетов Алматының әкімі болып отырған кезде маған үй берілу мәселесі қарастырылған екен. Бірақ ол кеткеннен кейін маған бері­летін үйді басқа біреулерге үлестіріпті. «Үйім қайда?» деп біреудің алдына бар­ған емеспін.
Немерелерімнен қысылатын кездерім болады. «Ата, жылда осы мерекеде өзге майдангерлерге жаппай үй, көлік сыйлап жатады. Ал сізді неге ескермейді?» дейді. Неге ескермейтінін мен қайдан білейін. Өздері келіп құрмет көрсетпеген соң, мен мына үйде бала-шағаммен қысылып отыр едім деп бармаймын ғой.
Өткен жылы Жеңіс күні қарсаңында бір топ адам үйге келіп, «сізді қаһармандыққа ұсынайық, марапат алып берейік» деп кеткен еді. Оларды соңғы рет көруім сол болды. Ешқандай атақ берілген жоқ. Бірақ оларға ренішім жоқ. Атақ сұраған емеспін. Ескерткіш қойғызсам – халық үшін қой­дырдым. Кітап жазсам – ұрпақ үшін жаздым, өзім үшін жаздым.

Қазаққа айтарым:
Қазір Еуропаға сапар шегетін қазақ көп. Олардың арасында шенеуніктер, кәсіпкерлер бар. Италияға жолы түсіп жатқандар болса, міндетті түрде қазақ батырларына қойылған тасты тауып алып, құран бағыштай жүрсін. Сыртында қазақша, орысша, ағылшынша – үш тілде «Мәңгілік даңқ» деген жазуы бар. Қазақстанның Туы таңбаланған ескерткіш қазір Италияда тұр. Сол ескерткіш, ең алдымен, қазақтар үшін қойылды. Оны өзге халықтар емес, ең алдымен өзіміз, құрметтеуіміз керек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста