Қазақ халқы – орыстану дертіне көп ұшыраған халық

Қазақ халқы – орыстану дертіне көп ұшыраған халық

Амангелді АЙТАЛЫ, қоғам қайраткері:

– Қоңыр күз келіп қалды. Жұрт осы мезгілден өзгеше жаңалық, саясаттағы оқиғалар, биліктегі ауыс-түйіс деген секілді қоғамға ықпал ететін бір өзгерістерді күтетіні белгілі. Сіздің осы күзге деген болжамыңыз қандай?

– Бүгінде дағдарыстан шығудың жолдары қарастырылып жатыр. Дегенмен осы реформалар қандай бағытта дамып жатыр? Әйтеуір аман қалудың қамын жасаудамыз ба, әлде дағдарыстан мықты ел болып шығуға ұмтылудамыз ба? Барлық ел «дағдарыстан – жаңаша дамуға» деген бағытты ұстанып отыр. Әр елдің экономикалық саясаты әртүрлі. Біздің халық бұл бағытта екі нәрсені күтеді деп айтуға болады. Біріншіден, дағдарыстан әлеуметтік жағынан мықты болып шығу. Ол – тек қана зейнетақы мен жәрдемақыны қанағат тұту емес, халықтың денсаулық саласы нығайып, білімге құштарлығы артып, ғылыми-техникалық деңгейі жоғары болу деген сөз. Яғни инновациялық даму. Бұл тұрғыда көп мәселені айтып та келе жатырмыз. Бір кезде импортты алмастыру дедік, елу елдің қатарына қосылу деп жүрміз. Жобалар ұсындық. Бірақ соның негізінде біздің экономикамыз жаңа, инновациялық экономикаға ауысып келе ме? Жоқ. Екіншіден, халық демократиялық тұрғыдан да жаңару күтеді. Қазір әркім өзінің жеке басымен әуре. Тіпті көп адам Парламент бірпартиялы ма, көппартиялы ма, Президент бес жылға сайлана ма, жеті жылға сайлана ма, саяси партиялар не істеп жатыр – осылардан хабарсыз. Әйтеуір, «жағдайымыз төмендемесе болды» деген ниетте. Елдің, ұлттың басын біріктіретін идеялар болмай тұр.

– Халықтың осыншалық шашыраңқылық танытып, «сен тимесең, мен тимен» дегендей, жеке басын ғана күйттеуіне не себеп? Саяси өмірге, қоғамдық белсенділікке неге селқостық танытады?

– Бұл – біріншіден, орта таптың қалыптаспауынан. Орта тап дегеніміз – өмір сүру деңгейі, тұрмысы билікке байланысты емес, өзінің жеке кәсібі бар, жеке мамандығымен нан табатын тәуелсіз топ. Және бұл топ еліміз халқының жартысынан көбін иеленсе, тіпті жақсы. Осындай топ қалыптаспағандықтан, көпшілік адам жалтақ.

– Көбіне билікке тәуелді дейсіз ғой?

– Тіпті ауыл әкіміне де тәуелді. Тәуелділік одан жоғарылаған сайын күшейе береді. Адамдар «жалақыны өсіре ме екен, зейнетақы қалай болады екен» деген оймен болады. Сондықтан халық өз мүддесін мемлекет мүддесімен байланыстырғаннан гөрі, өз қамын өзі жасайды. Қанша сынасақ та, кеңес өкіметі кезінде халық индустриализациялауға жұмылды, соғыстан кейінгі шаруашылықты қалпына келтіруді қолдап әкетті. Өйткені билік оларды ортақ іске жұмылдыра білді. Халық бүгін де сондай идеяларды аңсайды. Дағдарыстан кейін социализмнің кейбір жақтарына терең үңілетін боламыз. Қазір көп тараған әдебиеттің бірі Карл Маркстың «Капиталы» болды. Әлі де болса билік халықпен есептесіп жатқан жоқ. «Біз осы идеяны қолдаймыз» деген сөзді сұрап алғандай қылып қолдау бір басқа да, халықтың ойынан, жүрегінен шыққан қолдау бір бөлек. Халықтың тағы бір күтетіні, осы күзде сайлау өтсе екен дейді. Жеке өз басым сайлау болған жағдайда да, содан бір үлкен өзгерістер болады деп ойламаймын.

– Сол сайлау болады деп ойлайсыз ба?

– Болуы мүмкін.

– Сайлау тақырыбынан ауытқуға тура келіп тұр. «Бізде Ресейге тәуелділік бар» деген әңгіме айтылып жүр. Ақпараттық экспансияны былай қойғанда, саяси-экономикалық ықпалы да басым болып көрінеді. Дәл бүгінде бұл сөздің ақиқаты қандай? Тәуелділік бар болса, оның сипаты соншалықты күрделі ме?

– Бұл – үлкен мәселе. Тәуелсіздік алған елдердің дамуында мынадай бір диалектика бар: біз әуелі тәуелді болдық, содан кейін тәуелсіздік алдық. Келесі қадам – өзара тәуелділік. Себебі тәуелсіздік алған соң, томаға-тұйық өмір сүруге болмайды. Қалай да басқа мемлекеттермен қарым-қатынаста болу – заңдылық. Мысалы, біз Парламентте заң қабылдағанмен де, ол халықаралық заңдарға тәуелді. Халықаралық заңның күш-қуаты жоғары болғандықтан, ұлттық заңдарымызды соған бейімдейміз. Сондықтан қанша тәуелсізбіз десек те, тәуелдіміз. Бұл – жалпы заңдылық. Ресей де халықаралық заңдарға бағынады, Америка да бағынуға тиісті. Әйтсе де, қазір бұл тәртіпті әрқайсысы әртүрлі түсініп, әртүрлі әрекеттерге барып жатыр ғой. Қазақстан мен Ресей қатынасы да – күрделі қарым-қатынас. Біздің Ресеймен шекарамыз – 7,5 мың шақырым. Құрлықта мұндай ұзын шекара жоқ. Mұндай мемлекетпен біз жақсы қатынаста болуымыз керек. Бұл – біздің тағдырымыз. Бір кездері Америкамен көрші ел Мексиканың Президенті Теодор Диас: «О, құдай, сен неге менен осыншалықты қашықсың, керісінше неге мені Америкаға жақын етіп қойдың?!» – деп мұңын шағыпты дейді. Себебі Америка Мексикаға ықпалын жүргізіп отыр. Мексика қаншалықты тәуелсіз болайын десе де, сауда байланысы, әскери қатынастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі оларға үлкен әсер етуде. Америка Канадаға да осыны жасап отыр. Дегенмен осы елдер бірте-бірте Америкаға «барлық байланыстар мен алыс-берістердің бәрі дұрыс, бірақ рухани жақтан біздің ішкі ісімізге араласпа» дегенді ескертуде. Әсіресе Канада БАҚ-тың ықпалын азайтуды көп айтты. Бізде де, біріншіден, жаңағыдай табиғи көршілік қатынас бар, екіншіден, орыс көп.

– Сонда бізде бағыныштылық басым ба?

– Ақпараттық жақтан бағыныштылықтан гөрі, тіпті Ресейдің үстемдігі күшті.

– Ал саяси-экономикалық жақтан ше?

– Ол тұрғыда көбіне-көп екіжақты әріптестік қатынас бар. Себебі бұл салаларда екі ел де бір-біріне мұқтаж. Бүгінде, шынын айту керек, Ресейді Қазақстаннан басқа ешкім сыйлап та отырған жоқ. Айталық, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Украина, Молдовалар НАТО-ға кіргісі келіп отыр. Бір кезде Ресей Балтық жағалауындағы үш елдің НАТО-ға кіруіне қарсы болды. Польшаның, Чехия мен Словакияның кіруін де қоштамады. Бірақ Ресей жайына қалды. Ол елдер кірді. Неге олар Ресейге қарай ыңғайланбайды? Тіпті Белоруссияда да билік өзгерсе, НАТО-ға ұмтылатын шығар. Бізге екі аралықтағы тепе-теңдікті сақтау керек. НАТО-мен де қарым-қатынасты үзбеген жөн. Биыл елімізде тұңғыш рет НАТО-ның кеңесі өтті. Бұл – ТМД елдерінде бұрын-соңды болмаған жағдай. Біздің НАТО-мен де, Ресеймен де қарым-қатынасымыз жақсы. Сондықтан изолязацияда болған Ресей Қазақстанмен тепе-теңдікті сақтауға тырысып отыр. Мысалы, біз Обхазия мен Оңтүстік Осетияны да мойындаған жоқпыз, мойындамауымыз да керек. Ол бізге тиімді. Біз тек Ресейге ақпараттық кеңістікте ұтылып отырмыз. Ресеймен арадағы 7,5 мың шақырым шекараны жеті жыл комиссия қарап, 2005 жылы бекітті. Сонда Путин не деді? «Казахстан тепер получил независимость», – деді. Көрмейсіз бе! Ол мүмкін қиналып айтқан шығар, өкініп айтқан шығар, бірақ мойындады. Орысқа мойындаттық. Өз дегенімізді істеттік. Дегенмен ақпараттық жағынан істете алмай отырмыз.

– Басқаша алаңдаудың қажеті шамалы дейсіз ғой?

– Сосын тағы бір қауіп бар. Біздің мектеп бітірген қабілетті жастарымызды Ресей тегін оқытып жатыр. Бүгін Ресейде оқып, тәлім алған студенттің ертең Қазақстанның президенті болмасына кім кепіл?! Ресейдің кейбір ғалымдары «Қазақстан ешқайда кетпейді, олардың бәрі – орысша сөйлейтін қара орыстар, жастарын бізде оқытуы керек, ертең бізде дайындалған кадрлар ел басқарады» деген саясат жасап отыр. Бұл жаңадан ойлап табылған саясат емес. Америка қазір де өздері дайындаған мамандар арқылы Африка, Латын Америкасы елдеріне солай ықпалын жүргізіп отыр. Міне, Қазақстанға байланысты Ресей де сондай тәсіл қолданып отыр. Сондықтан ойланатын мәселе көп.

– Орыс ұлтының рухы өте күшті. Олардың қарасынан ханына дейін отанына деген патриоттық сезімі болаттай берік деуге болады. Қазақ халқы сондай деңгейге неге жете алмайды? Әсіресе элиталық топ. Тәуелсіздік алғалы жиырма жылға жуықтады. Біздің халықтың бойындағы отанға сүйіспеншілік, құрмет сезімі қаншалық өсті? Өспесе, оған әлі де не себеп?

– Мен кейде «Олжас Сүлейменов неге орыс тілінде жазды екен» деп ойлаймын. Осыншалықты дарынды адам неге қазақ тілінде жазбайды? Оның басты себебі – қазақ халқының басым көпшілігінің орыстануында. Біздің ғылым-техника саласындағы көптеген ғалымдарымыз, ақын-жазушыларымыз, кино режиссерлер мен сценаристеріміз, қысқасы, бірқатар зиялы қауым өкілдері орысша тәлім-тәрбие алды. Олардан, міне, бүгін үшінші ұрпақ жалғасты. Демек, ассимиляцияға ұшыраған қазақ халқы әлі де болса орыстанудың деңгейінде келе жатыр. Кейбір ата-аналар баласын қазақша оқытайын десе, өздері ана тілінде ештеңе білмейді. Сосын баласын амалсыз орыс мектебіне сүйрелейді. Біз, қазақ халқы – Орта Азия халықтарының ішіндегі орыстану дертіне ең көп ұшыраған халықпыз. Біз орыстанудан өзбектерді де, қырғыздар мен түрікмендерді де сақтап қалдық. Енді бір елу жылда орыстану оларға да жетер еді. Орыстану Мәскеуден бері келе жатты. Алдымен оған Еділ бойындағы халықтар ұшырады. Одан бізге жетті. Кеңес өкіметі құлаған соң, бұл процесс тоқтады. Бірақ адам санасында әлі жүріп жатыр. Қазақтың патриоттық сезімбінің аздығы – орыстану дертінің бойымыз бен санамызға терең сіңгендігі.

– Бұған нарықтың да әсері бар деп ойлайсыз ба?

– Әлбетте. Капитализм – космополитизм. «Мен ана тілімде сөйлейін, елімнің патриоты болайын» дегеннен гөрі, «мен ақша табайын» деген ой ғана бар. Менің бизнесім Ресейде жүре ме, Америкада жүре ме – бәрібір. Қай жерде табысым мол болады, сол жердің азаматымын, сол жердің тілінде сөйлеймін. Космополитизм – ұлттық құндылықтарды бірден-бір әлсірететін күш. Капитализм үлкен санаға, идеологияға айналды. Себебі ақша бәрінің алдына шықты. Ұлттық құндылықтар кейінге қалды. Келесі бір үлкен мәселе, біз өзіміздің ішкі саясатымызда, халыққа идеологиялық жақтан тәрбие беруде осы жағын ескермедік. Күні бүгінге дейін «бұл өзінен-өзі шешіледі ғой, қалпына түседі ғой» деп құр үмітпен, салғырттықпен келеміз. Әлі күнге дейін таза ұлттық бедерге ие ұлттық телеарнамыз жоқ. Қазақтың астанасындағы «Астана» телеарнасы қандай? Осының барлығы – саясаттың реттейтін жұмысы. Оған назар аударып жатқан жан жоқ. Бәрінен қатерлісі, біздің осы әлсіздігімізді пайдаланған сыртқы күштер, әсіресе Ресей бізді өзінің идеологиялық, тілдік, мәдени-ақпараттық құрсауында ұстап отыр. Біз мұны достық дейміз, бірақ бұл жерде достық жоқ. Бұл – үлкен геосаясат.

– Ұлттың ұлттығын ұлықтайтын, рухын оятатын ішкі саясатқа қатысты үлкен сыни да жауапкершілікті жұмысты реттей алмай отырған себебіміз ұлттық кадрлардң жоқтығынан емес пе?

– Билікте ұлты қазақтар бар, бірақ болмысы қазақтар жоқ. Қазақша ойлайтын кадрлар жоқ.

– Бұл қашанға дейін жалғасады?

– Бүгінде жоғарыдағы ұлттық мәселелерді шешетін, ұлттың тағдырына жауап беретін жерде ұлтсызданған қазақтар отыр. Олардың тілі тәтті, халыққа жақсы көріну үшін жиналыстары анда-санда бір қазақ тілінде жүрер, ал шын мәнінде бұлар Балтық жағалауы елдерінің интеллигенциясындай, Украина еліндегі интеллигенциядай, Өзбекстандағы ел басқаратын интеллигенциядай интеллигенция емес. Енді «үмітсіз – шайтан» дейді ғой. Ұрпақ алмаспай тұрмайды. Тәуелсіздіктің құрдастары, одан кейін де қазақ мектептерінде оқып, қазақша тәлім алған жастар қаулап өсіп келеді. Соларға жол ашуымыз керек. Енді ол жастарға біз жол ашпасақ, бұл мемлекетіміздің қауіпсіздігіне дейін әсерін тигізеді.

– Сіздіңше, алдымен халықты ұлттық санаға тәрбиелеген дұрыс па, әлде соған ықпал ететін ұлттық санадағы кадрды тәрбиелеуге көңіл бөлген жөн бе?

– Меніңше, билік халықты тәрбиелей алмайды. Қайта оларды халық тәрбиелеуі керек. Халық өзімен санасатын билікті талап етуі керек. Неге бұлай? Неге бұл билік қазақша сөйлемейді? Неге қазақы, ұлттық құндылықтар үшінші, төртінші деңгейге ысырылады? Еш уақытта билік халықты тәрбиелеген емес. Демократиялық мемлекетте халық тәрбиелейді, халық сайлайды, халық талап етеді. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген – бекер айтылмаған сөз.

– Билік халыққа жол көрсетіп, тәрбиелеу үшін, бастысы, бәріне тәуелсіз орта тап қалыптасуы керек пе?

– Сонымен бірге ұлттық тілде білім алу, ұлттық құндылықтарды сыйлау да басты орынға шығуы тиіс. Мысалы, қазақ тілін өркендетудің бір жолы бар: қазақтілді мамандардың еңбекақысын, мәртебесін, яғни барлық әлеуметтік деңгейін бәрінен де жоғары қою керек. Көптеген елдерде солай. Сонда біз ешкімді «қазақ тілін біл» деп таяқпен үйреткендей болмаймыз. Жаңағыдай істесек, басқа жол жоқ болған соң, тілді өздері үйренеді. «Мені қазақ тілін біл деп зорлап жатыр» деп Қазақстанның орысы Ресейге мұңын шақпайды. «Мен осы жерде тұратын болған соң, өзім үшін үйреніп жатырмын, ешкім зорлаған жоқ» дейді. Себебі қазақ тілін білсе, оның мәртебесі биіктеп, жағдайы жақсарады. Осылай жасамай, біз тіл мәселесін оңдай алмаймыз. Заң да қабылданды, қазақ тілін білмейтін көптеген адамдарды аппаратқа да тарттық. Одан не пайда? Халық оған ренжімесе, қуанып жатқан жоқ.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста