Қазақ үшін құдайдан кейінгі «бісміллә» әл-Фараби болуы керек

Қазақ үшін құдайдан кейінгі «бісміллә» әл-Фараби болуы керек

Шәмшаддин ӘБДІРАМАН, Ақжан Машани орталығының директоры, педагогика ғылымының докторы, профессор:

– Тәуелсіздік алғалы 20 жылға жуықтаса да, Әбу Нәсір әл-Фарабидің жоқтаушысы басқа саланың ғалымдары болып келеді. Ал Отырар ғұламасын тұтас мұсылман әлемі ислам философиясының негізін қалаған бірден-бір дана, данышпан ретінде мойындап отыр. Қазақ ішінен алғаш болып әл-Фараби әлемін ашқан Ақжан Машанидың өзі де жер ғылымының өкілі болатын. Бұрынғыны идеологияның салқыны делік, бүгінгімізге не жорық? Неге әл-Фараби мұраларын еңсеріп игере алмай отырмыз?
– Иә, идеология кезінде жіліктің майлы басын философтар ұстады. Өйткені марксизм, материализм туын осылар ұстады. Аристотельден бастап, басқа ғұламалардың бәрін идеализм аясына қамап, метафизикаға апарып тастады. Әл-Фарабиді олар діни философ деп қана білетін. Материалистер діннің философиядан бұрын шыққанын білмейді. Ал әл-Фараби: «Ғылымдардың ғылымы – философия», – деп кеткен еді. Біздің философтардың бәз-баяғы бойкүйездігі салдарынан әл-Фарабиді зерттеу тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Бұл да құлдық психологияның әсері болар деп шамалаймын. Осының кесірінен әл-Фарабиді әлі күнге жеріне жеткізіп дәріптей алмай отырмыз. Біле-білгенге біздің одан артқан қандай асылымыз болуы мүмкін?! Түйсінген жанға Алаштың ең бір беткеұстары осы әл-Фараби бабамыз болуы керек еді. Ғалымдар ұмтылыс танытқанымен, былайғы көпшілік, қалың бұқараның әл-Фарабидей энциклопедист-ғұлама туралы білетіні энциклопедиялық анықтамалық деңгейінде ғана. Оны да білетін адам ғана біледі, білмейтіннің жайы белгілі. Бажайлап қарағанға әл-Фараби тұтас ұлттың межесі болуы керек еді. Өкінішке қарай, мұндай деңгейден жұрдаймыз...
– Әйтпесе, әл-Фарабимен қалай мақтануға болар еді дейсіз ғой?.. Шынында, бүгінгі жағдайға қарасақ, әл-Фараби екінші қатардағы көп қайраткердің бірі сияқты ғана аталады.
– Иә, біздің «бісмілләміз» әл-Фарабиден басталу керек. Алайда бабамыздың әлі күнге есіктен сығалап жүргені кім-кімнің болса да шымбайына батпай қоймайды. Ең ақыры, әл-Фараби атын иеленген Ұлттық университет алдындағы ескерткіштің өзін ескерткіш деп айтудың өзі қиын. Тек Отырардағы ескерткішіне ғана көңілім толады. Біздің әр қаламызда сондай ауыз толтырып айтатындай әл-Фарабидің көрнекі ескерткіштері тұруы керек. Ғұламаның бюсті әрбір елді мекен мен мектептердің алдында тұруы керек, бір кездегі Лениннің ескерткішін ұлықтағандай етіп. Тағы да қайталап айтайын, қазақ үшін құдайдан кейінгі «бісміллә» әл-Фараби болуы керек. Дүние жүзінде 200-дей тәуелсіз ел болса, әл-Фарабидей ғұлама бұлардың ешқайсысында да жоқ қой. Әл-Фарабидің әлем үшін пайғамбардан кейінгі «екінші ұстаз» аталғанында үлкен мән бар. Тек соған өзгелердің назарын жеткілікті аударта алмай жатқанымыз өз алдына, өзіміз де мән бермей келеміз ғой.
– Әл-Фарабиді терең тану үшін, оны тұтас ұлттың мақтанышы ету үшін шығармаларын шығарып, зерттегеннен басқа нақты не істеу керек деп ойлайсыз?
– Ол үшін, ең алдымен, «әл-Фараби және Абай» деп аталатын орталық салу керек. Өйткені фарабитанушы ғалым Ақжан Машани айтқандай, әл-Фараби мен Абай мыңжылдық туыстар болып келеді. Қос ғұламаның атын атап, арнайы орталық құрсақ, бұл ел тарихын тереңдете түседі және бүгінгінің кешегіге деген тағзым-ілтипатын да арттыратыны анық. Бұл үшін, ең алдымен, арнайы конференция ұйымдастырып, Астана декларациясына қол қою керек. Осы арқылы бір жағы әл-Фараби мен Абай туып-өскен елдің бүгінгі астанасын да асқақтата түсеміз. Сайып келгенде, дінсіздер мен діншілдердің жиынына қарағанда да осы маңызды болар еді. Сонымен қатар әл-Фарабиді танытуды балабақшадан бастау керек деп есептеймін. Жеткіншектер «әл-Фараби – атамыз» деп өсуі керек. Қазақтың әл-Фарабиден асқан идеологі және оның ілімінен асқан идеологиясы да жоқ.
– Әл-Фараби туралы көп «бопсалайтын» Иранның өзіндегі жырдың жайы белгілі. Олар дүниедегі бар жақсыны өздерінен шығарып, өзгені төмен санағысы келеді. Сырттағыны сыртта делік, ал біздегі басқаға бұра тартатындарға не жосық?
– Иә, бір кезде әл-Фараби бабамыз ирандық та, араб та болып кете жаздады ғой. Олар Әмудария өзенінің бойындағы Фәриабтан шыққан ғұламаларды Сырдария жағасындағы Фараб ғалымдарымен шатастырып жатады. Осында ирандықтармен істес Сапар Абдолла есімді тәжік азаматы бар. Мен әл-Фараби жайында онымен талай айтыстым да. Оған әл-Фараби жайында өтетін жиындарға Ираннан ғалымдарды шақыруы керектігін де айттым. Алайда оның айтқаны да, ісі де тиянақсыз болып шықты. Ол анық болмаса да, әл-Фараби ирандық дегенді айтқысы келеді. Бірақ ешқандай дәлелі жоқ. Бұдан кейін оның айтқаны әншейін далбаса дегеннен басқа амал жоқ. Сапар жұмыс істеген Иранның мәдени орталығында Иран ғұламасы ретінде әл-Фарабидің суреті ілініп тұрғанын көрдім. Ал, сайып келгенде, сонау БҰҰ, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ  төрінен бастап, Қазақстанға қатысты тұстың бәрінде әл-Фараби мен Абай ескерткіштері мен суреттері самсап тұруы керек еді ғой...
– Абай әл-Фараби қайнарынан қаншалықты сусындады деп айта аламыз?
– Бұл турасында Ақжан Машанидың арнайы зерттеп, «әл-Фараби және Абай» деп аталатын арнайы еңбек жазып шыққанын да тамаша білесің. Бір қызығы, Шәкерім өзінің алдында қандай ғұламалардың шығармаларын оқығанын айтып отырса, Абай ондай егжей-тегжейлі баяндамайды. Міне, Ақаң «әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде осыған түсінік береді. Әсіресе Абайдың қара сөздерінде әл-Фараби ойының қисыны аңқып тұрған жоқ па. Ал татардың Абаймен тұрғылас данышпаны Шахобаддин Маржани еңбектерінде әл-Фараби жайында арнайы айтылады да. Ал бертіндегі Мағжан ақын да: «Түріктің кім білмейді музыкасын, әл-Фараби тоғыз шекті домбырасын», – деп жырлап кеткен жоқ па.

ҰСЫНЫС:
...Иранның мәдени орталығында Иран ғұламасы ретінде әл-Фарабидің суреті ілініп тұрғанын көрдім. Ал, сайып келгенде, сонау БҰҰ, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ  төрінен бастап, Қазақстанға қатысты тұстың бәрінде әл-Фараби мен Абай ескерткіштері мен суреттері самсап тұруы керек еді ғой...
Суретте: Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының орталығы Шәуілдір кентіндегі әл - Фараби мұражайының алдындағы ұлы ғұламаға тұрғызылған ескерткіш.

– Онда неге домбыраның авторы әл-Фараби демеске?
– Тура солай. Сол үшін де әл-Фараби 12 дәптерлік «Музыканың ұлы кітабы» еңбегін жазды. Соны оқысақ, осыған анық көз жеткіземіз.
– Ал әл-Фарабидің түркі әлемінде танылуы қалай деп ойлайсыз?
– Түркияға сан мәрте барып жүріп, конференцияларда баяндама жасай жүріп байқағаным – әл-Фарабиді танудың түбіне түрік бауырларымыз да жетпеген сияқты. Сондықтан да тұтас түркі әлемінде бұл тұрғыда фарабитанудың абызы өзіміздің Ақжан Машани ағамыздай жанкешті жұмыс істеген ешкім жоқ. Негізі, түріктерді түртсек, көп ауқымды шаралар атқарған болар едік. Олардың Ахмад Аташ деген ғалымы әл-Фараби трактаттарының саны 160 деп жүр. Бұл түрік ағайындардың аз да болса, тімтініп ізденіп жатқандығын байқатады.
– Ақжан Машанидың арқасында «Екінші ұстаз» екінші рет тірілді. Ақжан аға әл-Фарабидің кесенесін тауып, қабірінің топырағын туған жеріне жеткізді. Жалпы, Ақжан ағамыз да аяғы салбырап көктен түсе салмаған шығар, өзі мамандығы да бөлек, бірақ ол әл-Фарабиді зерттеуге қалай келді?
– 1943 жылы бізге батыстан көптеген ғалымдар келді. Солардың арасында чех ғалымы Арношт Кольман деген кісі болды. Ол математика тарихын тамаша білген. Ол сондағы баяндамасында Гитлерді айыптай келіп, Тұраннан шыққан әл-Фараби, Хорезми және Ұлықбек тәрізді ғалым-ғұламалардың атын атайды. Сонда Ақжан Машани әл-Фарабиге тәнті болып, іздене бастайды. Өзі 1943 жылы жер ғылымы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 1946 жылы докторлығын қорғап, жаңадан құрылған Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланады. Ол кезде мәселенің бәрі Мәскеу арқылы шешілетін. Сонда А.Машани ағамыз Мәскеу, Ленинград кітапханаларынан әл-Фараби жайындағы деректерді іздестіреді. Сөйтіп жүргенде, 60-жылдары Ибн Хаукалдың «Географиясын» қолға түсіреді. Сонда автордың сызған картасы да келтіріледі. Картада Түркістан жері көрсетіліп, сонда Әбу Нәсір әл-Фарабидің туғаны жайында айтылады. Ақжан аға араб жағына барайын десе, ол кезде бұл – қиын шаруа. Соған қарамастан, ізденген ғалым сол кездегі Ғылым академиясының «Хабаршысында» әл-Фараби жайындағы алғашқы мақаласын жарыққа шығарады. Екіншісінде 1962 жылы «Білім және еңбек» журналында тағы бір мақаласы жарық көреді. Онда әл-Фарабидің біреу салған суреті де жарық көрді. Онда ғұлама қыпшақ шапанымен түрегеп тұрған күйде бейнеленген. Мақала «Орта Азияның ұлы ғалымдары» деп аталатын еді. Мен сонда осы журналға қызметке енді келген кезім. 24 жастамын. Ақаңның мақаласы жарық көргенде, біз бірімізбен-біріміз сыбырласып сөйлестік. «Қазақта да осындай бар екен» деген қуаныш көкіректі кернейді. Бірақ уақыт басқа еді ғой. Сонда «фәлсафа» деп жаздық. Осы сөзді енгізген Ақаң болатын. Сол кезде Мәскеуде шығатын «Юный техник» журналы мен біздің редакция бір-бірімен жақын араласып тұрды. 1963 жылы «Юный техник» «Білім және еңбек» – бізде қонақта» айдарымен Ақаңның «Аристотель Востока» деген қысқа мақаласын жариялады. Осыдан кейін сіздерге өтірік, маған шын, жұрттар «уһ» деді ғой! Сол уақытта арыстар мен саңлақтар туралы бірдеңе айтсаң, «халық жауы» болып шыға келетін кезең еді ғой! «Юный техник» оқушылар басылымы болса да, одақтық деңгейде тарайтын журнал еді. Ақаңның әл-Фараби жайындағы мақаласының онда жарияланғаны жолдың ашылғандығын білдіретін. Оған дейін әл-Фараби мұралары Қазақ КСР Ғылым академиясы қарауына кіргізілмеді. Ақаңның айтқандарын тексерген Орталық Комитет әл-Фарабиді «өзбек» деп, «молда» деп айдарлап жүрді. Академияда осы мәселе сөз бола қалғанда, көпшілік оған алғашында үрке қарады. 1967 жылы ғана академияда әл-Фарабиді зерттеу мәселесі қозғала бастады. Мәскеудегі Шығыстану институтының директоры Бабажан Ғафуров Алматыға екі рет келіп, әл-Фарабиді кеңінен зерттеуге сеп болды. Содан кейін барып, әл-Фарабиді  өзбек дейтіндер тыйыла бастады. Өйткені өзбектердің өзі әл-Фараби жайында дым білмейтін болып шықты. Алайда біз дауласып жатқанда, олар да «оянып», ғұламаның 5-6 еңбегін тауып, жарыққа шығарып үлгерді. Осы арқылы да олар әл-Фарабиді өзбек қып шығаруға бар күшін салады. Содан не керек, сөздің аяғы мынаған жетелейді ғой. 1970 жылы Мәскеуде ЮНЕСКО-ның әл-Фараби мұраларына арналған форумы өтеді. Жиын аясында 32 материал жарық көреді. Содан кейін арнайы симпозиум өткізіліп, 1971 жылы ЮНЕСКО қаулы қабылдап, Қазақстан ғалымдарына алғыс білдіреді. Тиісінше, Мәскеу де тырп ете алмай қалады.
Осы жиын кезінде партияшыл өзбек ғалымдарының бірі «әл-Фарабиді тек біз ғана материалистік тұрғыда зерттей аламыз» деп соғады. Сонда жиынды басқарып отырған Мысыр ғалымы атып тұрып, үстелді бір қойып қалады да, «Біз әл-Фарабиді коммунистердің жемтігіне айналдыра алмаймыз!» дейді ғой! Сонда Ақаң арабшалап, ұлы ғұламаның Фараб-Отырар жерінде туғанын айтып, Отаны Қазақстан екенін жеткізіп, мысырлық ғалымды сабырға шақырады. Анау да сабасына түседі. Аруақ дегеніміз – осы болар. Мұның өзі қазақ жеріндегі рухани аураның қуатты екендігін көрсетсе керек.
– Ақжан Машанидың сонау Димашықтағы әл-Фараби мазарын табуы нағыз ерлік болатын. Талас толастамай тұрғанда, қаптаған қысымға қарамай, Ақаңды басқа еңбегін былай қойып, тек осы ерлігі үшін ғана қалай ардасақ та келісетіндей. Ғұлама қабірінің табылуы оңай болмаған шығар?
– ЮНЕСКО әл-Фарабидің 1100 жылдығын тойлау жөнінде қаулы қабылдағанда, Мәскеуден Ғафуров бастатқан, Қазақстаннан Ақаң бастатқан ғалымдар сол кездегі республика басшысы Д.Қонаевқа кіріп, Ғылым академиясынан фарабитану бөлімін ашу жөнінде мәселе көтереді. Сол негізде 1968 жылы Салық Зиманов басқаратын Философия және право институтынан фарабитану бөлімі ашылады. Ақаң осы жылы турист ретінде Сирияға барады. Барар алдын сондағы КСРО елшісі Нұриддин Мұхитдиновқа арнап Бабажан Ғафуровтан тағы да бірқатар ғалымдардан хат жаздыртып алады. Сөйтіп, Димашықтағы «Баб ас-сағир» қорымында болып, жұпыны жатқан әл-Фарабидің мазарын тауып алады. Кейін кетіп бара жатып, арабтардың қабылдауында болған Ақаң ғұламаның басына белгі қою жөнінде мәселе қозғайды. Сөйтіп, әл-Фараби мазары басындағы алғашқы белгітас Ақаңның айтуы бойынша тұрғызылған еді. Сонда Ақаң әл-Фараби мазары басынан бір уыс топырақ алып келіп, Отырардың орнына шашқан екен. Міне, қазақ үшін әл-Фарабиді екінші рет ашқан Ақаң осындай ерлік жасаған еді. Ал мазары табылған соң, әл-Фарабидің ғылыми өмірбаянын жазу керек болады. Сөйтіп, 1973 жылы Ақаң орыс тілінде «әл-Фараби және бүгінгі ғылым» деген кітабын жазып шығады. Алайда бұл еңбек жарыққа шықпай қалды. Өйткені онда әл-Фарабидің «бар дүниені құдай жаратты» деп айтатыны келтіріледі және соған талдау жасалады. Идеологтер осыған жармасып, кітапты шығартпай тастаған. Басқасы басқа, бірақ Тәуелсіздік алған кездің өзінде осы мәселе назардан тыс қалып келді ғой.
– Ал әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару неге кешеуілдеп жатыр деп ойлайсыз?
– Ғұламаның 1100 жылдығы кезінде оның еңбектері орысша аударыла бастаған болатын. Қазір академик Әбдімәлік Нысанбаев басқаратын Философия институты ғұламаның еңбектерін аударуды қолға алды. Құдай қаласа, осы істің нәтижесін де көріп қалармыз. Ал Ақаңның өзі бір кезде Сәдуақас Ғылманиға және Ғаббас деген молдаға барып жүріп, арабша үйренеді. «Сөйтіп, елу жасымда мен шәкірт болдым» дейтіні бар. Бұл өз кезегінде Ақаңның Фараби трактаттарын түпнұсқадан оқуына септігін тигізді.
– Ақаңның әл-Фарабиді зерттеудегі еңбектерінің жайы нешік?
– Ақаңның әл-Фараби мұраларын зерттеген он екі томдық еңбегінің он томы жарық көрді. Осы он екі томдықтың екі томынан басқасының бәрін мен фарабитану еңбектері деймін. Ақаңның артықшылығы – әл-Фарабиді математика деп, логика деп тар шеңберді қалдырмайды, кеңінен зерттеп, энциклопедистік қырынан келіп отырады. Ақаң айтатын, «Рас, әл-Фараби – екінші ұстаз. Бірақ Мұхаммед пайғамбардан кейінгі», – дейді. «Әл-Фарабиді философ дейді, бірақ ол – музыкант. Абайды ақын дейді, бірақ ол – философ» дегені тағы бар. Әлемде әл-Фарабидей жараты-лыстанудағы төрт ғылымды: философияны, математиканы, арифметика мен музыканы бірдей игерген ешкім жоқ. Аристотель мен Птолемей де осы дәрежеге жете алмаған. Ақаң әл-Фарабидің осынау ұлылығына бас иіп, тағзым етіп, соңындағыларды да соған баулып өтті. Ақаң мына бір өлеңді әл-Фарабидікі деп айтып отыратын еді:
Сан берген, сана берген, санат берген,
Инсан деп саналыға ол ат берген.
Жаратып бар әлемді жалғыз нұрдан,
Жауһардың нұр сәулесін тарат деген.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста