Қазақ эстрадасын көтеру үшін барлық продюсерлер бірігіп, бір одақ құруы қажет

Қазақ эстрадасын көтеру үшін барлық продюсерлер бірігіп, бір одақ құруы қажет

Жеңіс СЕЙДОЛЛАҰЛЫ, «Гүлдер» ансамблінің директоры, әнші, композитор:

– Жеңіс, сіздің өнерге етене араласып жүргеніңізге ширек ғасырға жуықтады, әнші, композитор ретінде де көп жұрттан ерте танылдыңыз. Былайша айтқанда, өз салаңыздың кәсіпқой маманысыз. Сіз қалай ойлайсыз, қазақстандық шоу-бизнес қазір қай деңгейде, қандай бағытта дамып жатыр?

– Бұл  мәселе  жөнінде  ағымнан жарылып айтсам, менің пікірім шоу-бизнесте жүрген әншілерге де, композиторларға да қаттырақ тиюі мүмкін. Бірақ шындығы солай, яғни бұл орайда менің көңіліме қонбайтын жайттар көп. Сіз енді мынаған қараңыз: 90-жылдары, өзінің шоу-бизнесін енді-енді жолға қойып жатқан кезде Ресей мамандары: «Шоу-бизнесті дамыту үшін Андрей Разин сияқтылардың әрекетін тоқтату керек» деген пәтуаға келген. Өйткені сол «Ласковый майдың» әсерінен көп уақыт бойы, тіпті 1995 жылға дейін Ресейдің шоу-бизнесі көтерілмей қойған. Нақтырақ айтқанда, тыңдарманның сезімінде ойнаған «Ласковый май» халықтың талғамын мейлінше төмендетіп, ынта-ықыласын, қызығушылығын басқа бағытқа бұрып жіберген. Ол кезде елге көп нәрсе керек емес те болатын. Кеңес Одағы құлап жатты, халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайы аса төмен болды. Бүкіл ел болып тарыққан, торыққан сондай бір сәттерде «Ласковый майдың» жыламсыраған мұңды ән-әуендері құлағына майдай жаққан жұрт басқа әндерді тыңдамауға, қабылдамауға айналды.

Шындығында, Ресей – жер бетінде 500 млн-дай тыңдарманы бар алып империя. Орыс тілінің тұтынушылары Америкада да, Еуропада да бар. Мысалы, бір ғана Берлиннің өзінде 300 мыңнан астам орыстілді халық тұрады. Солтүстік Қытайдың тең жартысы орысша сөйлейді. Және бұл – саяси-экономикалық, әлеуметтік қажеттіліктерден туындап отырған нәрсе. Мұны айтып отырған себебім – тыңдаушысы неғұрлым көп болса, шоу-бизнесті соғұрлым мықты көтеруге болады. Яғни орысша бір ән шықса, жаңағы 500 млн орыстілдінің, ең болмағанда, 200 млн-ы соны тыңдайды, айтады. Енді біздің жағдайға келейік. Біз өзімізді «10 млн қазақпыз» дейміз. Оның 2 млн-ы сыртта тұрады, 3 млн-ы орысша білім алған, орысша әндерді тыңдайды. Ал қазақ әнінің таза тыңдарманы болып отырған 5 млн-ның 2,5 млн-ы – бала-шаға мен кәрі-құртаң адамдар. Үлкен кісілер, әрине, ретро әндерді, халық әндерін көбірек ұнатады. Демек, біздің қазіргі шоу-бизнеске қалатыны – небәрі 2 млн-ның айналасындағы жұртшылық...

– Сондықтан «бізде шоу-бизнесті кеңінен дамытуға мүмкіндік те шектеулі» демексіз бе?

– Жоқ. Мен бұл жерде «тыңдаушым аз» деп шағынып отырған жоқпын. Ең өкініштісі, бізде сол 2 млн халықтың өзінің талғамын өсіретіндей композиторлар, әншілер аз. Рас, кезінде мен де көшенің әнін айтқам. Бірақ тура қалыптасу кезеңімде Байқоңыр қаласындағы орыс балалармен бірге жүруім, қатар өсуім шығармашылығыма көп әсерін тигізді. Әндерімнің әуені дүниежүзінің, сондай-ақ орыстың әндерінің ықшамына, ыңғайына келіп тұратыны содан. Енді, шынымды айтсам, халыққа ұнау үшін ғана домбыра, қобыз қосып, ән шығарғым келмейді. Өйткені ондай әндер қазір өте көп. Мұндай эксперименттер 85-90-жылдары орыстарда болған. Олар да өздерінің балалайкасын, баянын қосып, музыкалар шығарған. Бірақ солай жалғаса беретін болса, орыстың әнін әлемдік деңгейге шығара алмайтынын олар тез түсінді. Мысалы, эстрада өнерін немесе шоу-бизнесті заңды тұрғыда негіздеп отырған кім? Әрине, Америка, Англия, Еуропа. Өнерімізді дүниежүзілік деңгейге көтереміз десек, бізге олармен санаспауға болмайды. Яғни олар қандай аспапта ойнайды, қалай аранжировка жасайды, оны ескеру шарт. Сіз қазір орыс әндерінің 99 пайызынан балалайканы немесе баянды кездестірмейсіз. Біз, керісінше, яғни әндеріміздің 99 пайызына домбыраны да, қобызды да – бәрін-бәрін тықпыштап тастағанбыз. Мүмкін, біздің халқымыз кейінгі 70 жыл ішінде домбырасы мен қобызын сағынып қалған да шығар. Рас, «МузАрт» пен кейінірек трио, квартет болып шыққан жігіттеріміздің біразы ұлттық аспаптарды ән-әуендеріне жақсы қолданды да. Бірақ әр нәрсенің өз уақыты, шегі бар. Әлемдік деңгейге шығу үшін енді көп нәрселерді басқаша ойластыру керек. Мысалы, біз қазір Юрмала сияқты халықаралық конкурстарға адам жібере алмай отырмыз. Жіберген күнде де ол адамымыз орысша немесе ағылшынша айтып өтіп жатыр. Қазақша ән айтып өтіп жатқан ешкім жоқ. Міне, ең үлкен олқылығымыз!

– Рас, қазіргі уақытта қазақ әнінің, жалпы, қазақ өнерінің бірден-бір тыңдарманы, тұтынушысы қазақ халқы ғана болып отыр. Мұны өзгерту мүмкін бе? Басқаша айтқанда, қайткенде ұлттық өнеріміздің өрісін кеңейте аламыз?

– Бұл арадағы мәселе – кәсібилік пен шеберлікке байланысты. Мысалы, халықаралық деңгейдегі аранжировкамен әрлесек, өңдей алсақ, кез келген қазақша әнді, тіпті халық әнін де бүкіл дүниежүзі тыңдар еді, жаңағындай үлкен конкурстарға да қысылмай қатыстырар едік. Ол үшін эстрада колледжінде де, біздің «Гүлдерде» де сондай адамдарды дайындауымыз керек. Маған ол адам оқып, біліп, әнші ретінде 50 пайыз дайын болып келуі тиіс. Бір адамды бір жылдың ішінде жақсы деңгейге көтеру үшін маған ең кем дегенде 50 мың доллардай қаражат керек және ол үкіметтің қаржысы болуы тиіс.

– Үкіметке қарамай-ақ өз қаржысын салып, болмаса демеуші тауып, продюсерлік етіп жүргендер де бар ғой. Олардың бұл тірлігі қаншалықты баянды?

– Рас, шоу-бизнесті көтеруге тырысып жүрген жеке продюсерлер баршылық. Бірақ қанша тырысқанымен, бәрібір олардың шоу-бизнесі той-бизнеске айналады. Өйткені олардың сүйрелеп жүрген Линдасы, «Ордасы», Мақпал Исабековасы – бәрі-бәрі Қазақстанның деңгейіндегі әншілер. Былай қарасаң, халықаралық конкурстарға солар барып жүр. Ең қызығы, ауылдағы және жалпы қазақы тыңдарман оларды тыңдамайды да, тіпті кім екенін білмейді де. Есесіне «МузАртты», «Жігіттер» мен «Каспий» топтарын жақсы біледі. Мен бұл жерде бұлардың деңгейі төмен дегелі отырған жоқпын. Әркімнің өз деңгейі бар. Бұлардікі – Қазақстанның аумағында. Егер стильді өзгертпесе, айтып жүрген әндеріне халықаралық деңгейде аранжировка жасатпаса, одан шыға да алмайды.

– Сонда халықаралық деңгейдің өлшемі не? Критерийлері қандай?

– Халықаралық деңгейдің өлшемін Бейонс, Bad Street Boys, Элтон Джондардан көруге болады. Негізі, былай ғой: эстрада мен шоу-бизнестің түпнұсқасы – Англия, Америка, көне Еуропа жерінде. Біз – көшірмеміз. Демек, соларға қарай тартылуға тиіспіз. Абайдың өзі «Болмасаң да, ұқсап бақ» деген. Бұдан «түсінбейтін бір нәрсе айту керек екен» деген түсінік тумауы керек. Әрине, композиторлық – біріншіден, Алланың берген сыйы, талант. Бірақ қалай дегенмен, ізденіс те керек. Өзін «композитормын» деп есептейтін әрбір адам шетелдің, ең болмаса іргемізде отырған орыстың жақсы-жақсы деген әндерін тыңдаса екен. Ауылдан гитара тартып келіп, «менің мынадай ойым бар» деп, ыңылдап бірдеңені шығара салған болмайды. Тыңдай білу де – өнер. Ал оның ішінен жақсысын алу деген – тіпті үлкен шеберлік. Ол – ұрлық емес. Мысалы, біреудің тілін білу – оның мәдениетін білу деген сөз. Бұл да сол сияқты. Жаһандану келді ме, келді. Ендеше неге онымен тілдесіп, өзара үйлесім таппасқа! Жақсы ән-әуенімізді олардың керемет аранжировкасымен байытып деген сияқты... Кезінде, мәселен, 1992 жылы бір дыбыс режиссерін Англияда оқытудың 6 айы 3 мың доллар тұрды. Марқұм Сейдолла Бәйтереков: «Ондай ақшам жоқ. Әйтпесе студияға маман дайындап алар едім», – деп жүрді. Біз қазір соған өте тапшымыз. Біресе Мәскеуден шақыртамыз, біресе Ташкентке барамыз. Бұл тірлік болмайды. Осындай қажетті, зәру мамандықтар бойынша балаларды шетелге жіберіп, оқытуымыз қажет. Үкімет оған қаржы бөлуі тиіс. Мысалы, «Болашақ» бағдарламасы бойынша заңгерлерді, математик, физик, химиктерді, жалпы, қаншама адамды жіберіп жатырмыз! Соның ішінде музыкант та, пианист те, скрипкашы да кетуі тиіс. Сол кезде ғана біздің музыка көтеріледі, сол кезде ғана біздің музыканы шетел біле бастайды. Сөйтіп, қызығушылықтары оянып, бізге келе бастайды. Соның нәтижесінде өзара шығармашылық байланыс орнайды, қарым-қатынас, араласу басталады. Сөйтіп, мәдениетіміз де, шоу-бизнесіміз де көтеріледі. Ал бүгінгі таңда бізде импорт бар да, экспорт жоқ.

– Өйткені өзге әлеммен санаспай, өз қазанымызда ғана қайнап жатырмыз... Солай ма?

– Ащы да болса, ақиқаты – сол. Біздікінің бәрі – төрт бұрышты қазақи қалыптың ішінде... Біз, ары кетсе, Қытайдағы қазақтарға керекпіз. Өйткені олардың қазақы шоу-бизнесі біздікінен де төмен. Сол сияқты Германия, Швеция, Түркиядағы қандастарымызды қызықтыруымыз мүмкін. Себебі олар қазақтың тілін, әнін естігісі келеді. Сол үшін ғана іздейді. Біз оларға жұлдыз ретінде керек емеспіз. Осындай жағдайда өз ішімізде «жұлдыз» атанып, кеуде керіп жүргеніміздің қажеті қанша?! Шынымен жұлдыз болатын болса, ол Қытайды, көне Еуропаны, ең болмағанда, Ресейді таңғалдырсын.

– Жоғарыда айтып өткеніңіздей, ол үшін, әрине, шоу-бизнестің халықаралық өлшемдеріне сай болу керек. Сонда дәстүрлі өнерді былай қойып, қазақ эстрадасының өзі тап бүгінгі күйінде елімізден сырт аймақта ешкімді мойындата алмайтын болғаны ғой? Бірақ кезінде осы Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Сембек Жұмағалиевтар Кеңес Одағы көлеміндегі ғана емес, көптеген шетелдік конкурстардан да жүлдегер болып келіп жатты. Сондай көрнекті өкілдері, қалыптасқан мектебі бар қазақ эстрадасы енді неге соншама қауқарсыз күйге түсті?

– Тағы да қайталап айтамын, егер бұл өнердің таза түпнұсқасы Англия мен Америкада, көне Еуропада жатқан болса, сол елдердің деңгейіне көтерілмейінше, қазақ эстрадасының ешқашан жұлдызы жанбайды. Тек қазақтілді тыңдармандарға ғана өтеді. Тіпті мына тұрған Мәскеудің өзіне барып, дүркіретіп концерт бере алмаймыз. Рас, кезінде талай аға-әпкелеріміз барған шығар, жүлде алған шығар. Бірақ қазіргі жағдайда, мысалы, сол Розаның өзі Мәскеуге барып, кеш өткізетін болса, концертіне 20-30 пайыз ғана орыс келуі мүмкін. Оның өзі де – Қазақстанда өскен, Розаны білетін орыстар.

– Мана өзіңіз өзекті бір мәселенің шетін шығардыңыз. Бір ел болғанымызбен, бізде біртұтас мәдениет жоқ. Шынымен де, ауылдағы қалың қазақтың Мақпал Исабековамен жұмысы шамалы, ал орыстілді қауым «МузАрттың» кім екенінен хабарсыз. Осы қалыпты нәрсе ме? Немесе осындай қайшылықтарды үйлестіру қаншалықты мүмкін?

– Жалпы, қазақ эстрадасын көтеру үшін барлық продюсерлер бірігіп, бір одақ құруы қажет. Мейлі, оның орталығы біздің «Гүлдерде-ақ» болсын. Сөйтіп, мысалы, әлдебір халықаралық конкурсқа бір адам жіберуіміз керек болса, әркім өзіне тартпай, әділ кеңес құруымыз қажет. Тіпті сарапшыларды шетелдерден шақыртып, бағалатайық. «Сырт көз – сыншы» ғой. Кімнің мүмкіндігі қаншалықты, артықшылығы қандай, кемшілігі неде, оны олар бірден көреді. Әлдебір әншіні еуропалық деңгейге көтеру үшін қанша көлемде қаражат қажет екенін де сарапшылар есептеп шығарады. Сол ақшаны біз министрліктен сұрауымыз керек. Себебі эстраданың дамуына олар да мүдделі ғой. Ал «неге?» дегенге келсек, сырттан мәртебелі меймандар шақырылған кез келген ауқымды шараға Мәдениет министрлігінің өзі пәленбай ақша бөліп, шетелдің әншілерін алдырып жатады. Солардың орнына неге өз жастарымызды, өз таланттарымызды көрсетпеске?! Мысалы, Американың президентіне Хьюстонды немесе Бейонсты көрсетудің не қажеті бар? Әлде ол оны көрмей жүр ме?! Осы тұрғыдан алғанда, продюсерлер одағы әлемдік деңгейдегі әншілерді өсіріп, тәрбиелеп қана қоймай, елдің имиджін көтеруге де қызмет етер еді.

– Мәселе қабылдауға да байланысты ғой. Мысалы, бүгінде Мақпал Исабекова сияқты әншілер өз ұлтының, өз мәдениетінің өгей баласы сияқты. Менің айтайын дегенім – жаңағындай одақ ұлтымыздың мәдениетіне, өнеріне түскен жікті жымдастырып, үйлесімге, келісімге келтіре алар ма еді?

– Келтіре алар еді. Мысалы, Мақпалдың продюсері Ерік Тастамбеков мына бір нәрсені ескермей жүр. Әншіге кілең орысша ән айтқызып, клиптерін тек қана Мәскеуге, Ленинградқа, Киевке барып түсіргенше, керісінше, қазақша әндерді де орындатып, Алматы мен Қапшағайда, Балқаштың жағасында керемет клиптер түсірсе, орындаушының өзі де, өнері де ұлтқа бір табан болса да, жақындай түсер еді. Бұл тұрғыдан алғанда, «МузАрттың» әндері де, клиптері де жақсы. Бірақ олар қазақи тыңдарман үшін ғана бағалы. Ал шоу-бизнес деген бір елдің, бір үйдің ішінде ғана болмауы керек, жан-жақпен қарым-қатынаста, байланыста болуы шарт.

– Бұл жағынан алғанда, негізінен, эстрада жанрының мүмкіндіктері көбірек. Ал дәстүрлі өнердің шоу-бизнестегі тағдыры қалай болмақ?

– Мысалға алатын болсақ, опера – Италияның дәстүрлі өнері. Олар оны бүкіл дүниежүзіне таратып жіберді. Орыс та, француз да, ағылшын да, тіпті африкалықтар да опера айтады, Ла-Скалаға барып үйрену, ән шырқау – екінің біріне арман. Бізде, керісінше, қызық бір ұғым бар. Дәстүрлі әншілерді «народниктер», яғни «халықтық әншілер» деп қарайды да, ал опера айтатындарды «мынау – классика» дейді. Тіпті опера айтатындар мен скрипкада, пианинода ойнайтындар дәстүрлі өнер өкілдерін менсіне бермейді, бөлектеніп жүргенді жақсы көреді. Шындығында, «классика» дегеннің өзі «түп-тамыр» дегенді білдіреді. Ал біздің түп-тамырымыз, ол – біздің дәстүріміз, шыққан тегіміз, сол негізде пайда болған халықтық өнеріміз. Демек, жаңағындай ойдағылар өздерін-өзі төмендетіп тұрғанын білмейді. Былай қарасаң, итальяндар да, француздар да бөлінбейді ғой, «біз итальянбыз», «біз французбыз», «мынау – біздің әніміз», «мынау – біздің театрымыз» дейді. Өкінішке қарай, бізде осындай ұғым орнықпай келе жатыр. Шетелден келген қонаққа «Травиатаны», «Дон Кихотты» көрсетеміз. Сонда өзіміздің «Қыз Жібегіміз», «Еңлік-Кебегіміз» бен «Абайымыз» қайда қалады?!

– Демек, дәстүрлі өнерге мықты продюсер керек қой?

– Ең бастысы, біздің министрлік дәстүрлі өнерге дұрыс көзқараста болуы тиіс. Ал продюсер болу деген – әлдебір жобаға өз ақшаңды салу деген сөз. Былайша айтқанда, ол – меценат. Әлдебір әншіге қаржы сала отырып, оның жарнамасын жасайды, клиптерін, әндерін өткізу үшін радио, телеарналармен жұмыс істейді. Біздегі бір қиындық осы ғой. Ақпараттық негізгі тетікте жартылай орыс, жартылай кәріс, кім болса да, әйтеуір, ұлттық өнерді түсінбейтін, жаны ашымайтын біреу отыруы мүмкін. Сондықтан бүкіл тетік өкіметтің қолында болуы тиіс. Телеарналар мен радио басшыларына министрлік тарапынан: «Мына дәстүрлі әншінің клипі немесе әні күніне мұнша рет берілетін болсын» дегендей арнайы нұсқау берілуі шарт. Онсыз ештеңе шықпайды. Дәстүрлі өнерді көтеру – бір адамның қолынан келетін шаруа емес, бұл жерде бәрі байланысты болуы керек, сол кезде жеңіл болады.

– Жалпы, шоу-бизнес тұрғысынан алғанда, дәстүрлі өнердің болашағы бар ма?

– Экономикасы көтерілген жағдайда елдің өнері де бірден көтеріледі. Тек одан ақша аямау керек. Көп ақша салмай, үлкен табыс таппайтынымызды министрлік те, үкімет те түсінуі тиіс.

– Негізі, сіз өнерге ерте араластыңыз. Әнші, композитор ретінде қалыптасып қана қоймай, шоу-бизнестің қыр-сырын да ерте меңгердіңіз. «Гүлдерге» келуіңіздің өзі де оны көтеру, заман талабына орай имиджін қалыптастыру мақсатымен байланысты болар?

– Менің бүгінгі таңдағы барлық арманым «Гүлдермен» байланысты. Құдайға шүкір, қазір беті бері қарады деуге болады. Бұл – «менің алдымдағы адамдар ешқандай жұмыс істемеді» деген сөз емес. Әр нәрсенің өз уақыты бар. Біреу жақсы жұмыс істеуі мүмкін, біреу сәл ақсатып алуы ықтимал. Бірақ мұнда келіп-кеткендердің бәрі, әйтеуір, «Гүлдердің» гүлденуі үшін еңбек етті деп айта аламын.

– Ал «Гүлдердің» директоры ретінде сізді не толғандырады?

– «Гүлдер» – мемлекеттің қанатының астында болған жалғыз жастар ұжымы. Мұнда өмірін өнерге арнаған жастар келеді. Бірақ біз қазір мемлекеттік мәртебеден ажырап, «Қазақ әуендері» акционерлік қоғамына қарадық. Мұнда жастарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылмаған. Яғни біз қазір жастардың бүкіл жалын-жігерін, өнерін пайдаланып алып, ертең «жасың келді, басқаларға жол бер» деп, жай ғана шығарып саламыз. Осы мені қатты қиналтады. Өйткені қаншама жыл гастрольде болып, ел үшін еңбек етіп жүреді де, күндердің күнінде керексіз болып қалады. Бұл – әділдік емес. Маған осындағы әрбір талантты жастың: «Біз «Гүлдерден» өсіп-өндік, пәтер алдық, өркен жайдық» дегені өте қажет. Сол кезде ғана біз оларға: «олай айт», «былай айт» деп талап қоя аламыз. Жағдай жасай алмайтын болғаннан кейін қазір, керісінше, жақсы әншілерге жалыныштымыз, «Гүлдердің» құрамында болсаңшы», «мынадай-мынадай гастрольдеріміз болады» деген сияқты әңгімелер айтамыз. Ал гастрольден олар соншалықты ақша таппайды да. Шәкизада, Жұбаныш Жексенұлы, «Азия» тобы, Жанболат пен Жазира, Бейбіт Қорған, Жанна Орынбасарова сияқты талантты әншілер мұнда айлық үшін жүрген жоқ, «Гүлдердің» имиджі үшін еңбек етіп жатыр. Бұлармен қатар Дәулет Болатбаев, Гүлхан Сіргебаева, Арайлым Жүкенова, Нұржан Баймаханов деген жастарды сахнаға шығарып, тәрбиелеп жатырмыз. Алдағы уақытта да талай өнерлі жас «Гүлдерден» қанаттанып, түлеп ұшар да. Ең өкініштісі, солардың бүкіл жігерін, талантын пайдаланып алып, өтеуіне ештеңе бере алмайтынымыз қиын. Алдағы уақытта Мәдениет министрлігімен, «Қазақ әуендерімен» бірлесе отырып болса да, мұның бәрін қалайда реттеуге тиіспіз.

Алашқа айтар датым!..
«Болашақ» бағдарламасы бойынша заңгерлерді, математик, физик, химиктерді, жалпы, қаншама адамды жіберіп жатырмыз! Соның ішінде музыкант та, пианист те, скрипкашы да кетуі тиіс. Сол кезде ғана біздің музыка көтеріледі, сол кезде ғана біздің музыканы шетел біле бастайды. Сөйтіп, қызығушылықтары оянып, бізге келе бастайды. Соның нәтижесінде өзара шығармашылық байланыс орнайды, қарым-қатынас, араласу басталады. Сөйтіп, мәдениетіміз де, шоу-бизнесіміз де көтеріледі. Ал бүгінгі таңда бізде импорт бар да, экспорт жоқ...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста