Педагогикалық инновациялар банкін құру қажет

Педагогикалық инновациялар банкін құру қажет

Қанипа БІТІБАЕВА, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР еңбек сіңірген мұғалімі:

– Сіз жиырмадан астам кітап, жетпіске жуық ғылыми мақалалардың авторысыз. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған тұңғыш қазақ мұғалімісіз. Әрі бүкіл саналы ғұмырын қазақтың әдебиеті мен тіліне арнаған ұстазсыз. Осы ретте айтыңызшы, сізді ең алдымен не толғандырады?

– Толғандыратын, ойландыратын, қуантатын дүниелерім өте көп. Ең алдымен Қазақстанның қарышты қадамдарына қуанамын. Елімізді бүкіл дүниежүзі танып, ЕҚЫҰ-ға жетекшілік етіп отырмыз. Бұл – үлкен қуаныш, мақтаныш. Алайда мұнымен бірге толғанатын да дүниелер бар. Конституциямызда «Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп жазылған. Алайда ол өз дәрежесінде орындалып отырған жоқ.

Сондай-ақ таяуда Мұғалімдердің білімін жетілдіру институтында халықаралық конференция өтті. Оған жан-жақтан білікті мамандар қатысты. Қаншама мұғалімдер баяндама жасады. Бір байқағаным, мұғалімдер ізденіс үстінде екен. Мемлекеттік тілді өз дәрежесінде көтеруде олар аянып отырған жоқ. Бес-он тиын алып жүріп, үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеп отырғанына қуандым. Ал көңілімнің толмайтыны, таяуда ақпарат құралдары Қазақстан коррупция жөнінен, қылмыс жөнінен басқа мемлекеттердің алдына шығып кеткені жөнінде хабар таратты.

Бұған қалай жүрегің ауырмайды? Шенеуніктер Елбасы сеніп тапсырған қызметтерін адал орындамай, елдің несібесін, ырзығын жеп жатыр. Қазір жоғарғы эшалонда отырған шенеуніктерге, облыс, аудандарды басқарып отырған әкімқараларға сенімсіздікпен қарайтын болдым. Кейде жылап жүрген халықты көргенде барлығына солар кінәлі болып көрінеді. Ішкі істер органдары, судьялар, прокурорлар туралы да халықтың көңілі алабөтен.

Елбасымыз бізде сот мөлдір әрі әділ болуы керек дейді, ал халықтың арасында оларға деген жағымсыз қауесеттер өте көп. Онымен қоса елімізде ұрлық-қарлық көбейді. Жастардың арасында аты жаман дерттер – нашақорлық пен СПИД секілді аурулар белең алды. Осылардың барлығы адамның жүрегін ауыртады. Мен әже ретінде, ана ретінде, ұстаз ретінде айтар едім, егер Елбасымыз жемқорлыққа қарсы қатаң бақылау жүргізбегенде, мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі халықты қанай беруді қоймас еді.

– Еліміздегі ана тілінің қолданылу аясына көңіліңіз тола ма? Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін не істеуіміз керек? Әрі мектеп оқушыларына ана тілін жетік меңгерту үшін қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

– Қазақ тілінің мәртебесі өсіп, өзге тілдермен тең болуы үшін ең алдымен мектептердегі қазақ тілі пәнінің сағат санын көбейту керек. Себебі аптасына бір сағат қана қазақ тілін оқып, қалған уақытының бәрін орыс тілі мен ағылшын тіліне жұмсайтын оқушы тілді үйрене алмайды. Бұл әсіресе өзге ұлт мектептеріне қатысты. Тілдік орта қалыптаспайынша, қазақ тілі «өгей» қалпында қала береді. Ал бір жағынан тілді жақсы үйрету мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Егер оқытушы сабақты алдын ала жоспарлап, қатып қалған догмалар мен қағидалардан сәл ауытқып, оқушыларын қызықтыра білсе, жалықтырып алмаса, міне, сонда ғана ана тілі мен әдебиетін сүйетін ұрпақ тәрбиелеп шығара алады. Біздің бүгін алдымызға қоятын негізгі мақсатымыз – тілді қадірлеп, мәдениетті дамыта білетін, біздің жолымызды ары қарай жалғастырып, жетілдіріп әкететін азаматтар дайындау. Ол үшін біз тілімізді – ұлттық қазына, ал әдебиетімізді өнер деп оқытуымыз қажет.

– Сіз «Қазақ әдебиетін оқытудың әдістемесі мен технологиясы» атты оқулықтың авторысыз. Бұл еңбек – әдебиетті мектепте оқытудағы негізгі оқулықтардың бірі.  Енді осы оқулықтың өзектілігі мен маңыздылығына тоқтала кетсеңіз...

– Мен 100-ден аса мақала мен 32 кітаптың және оқулықтардың авторымын. «Қазақ әдебиетін оқытудың әдістемесі мен технологиясы» атты оқулығым негізінен жоғары оқу орнына арналған. Белгілі ғалымдар Ә.Қоңыратбаев пен Қ.Көшімбаевтың «Әдебиетті оқыту әдістемесі» атты оқулықтарынан кейін араға 30 жылдан астам уақыт салып барып жарық көрген бұл оқулықты бүгінде республиканың барлық оқу орындары, ұстаздары пайдаланып келеді.

Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен екінші рет қайта басылуындағы басты себебі де оның ұстаздардың сұраныстарына жауап беруінде, маңыздылығында деп ойлаймын. Біріншіден, бұрынғы оқулықтарда әдебиет жанрларын оқыту жалпылама қарастырылса, бұл оқулықта лириканы оқыту, эпикалық шығармаларды оқыту, драмалық шығармаларды оқыту деп жеке-дара бөле отырып, оқытудың инновациялық технологиясы ұсынылады.

Сонымен қатар мұғалімдерге ерекше қиындық туғызатын «Абай жолы» эпопеясын оқыту технологиясы мен әдістемесі де жан-жақты сөз болады. Батырлар жырын оқыту, публицистикалық шығармаларды, эпистолярлық жанрдағы дүниелерді, соның ішінде әр алуан хаттарды қалай оқыту керектігі тиімді әдістемелік үлгілермен берілген. Сондай-ақ оқулықта тіл дамыту жан-жақты қарастырылған.

Бұл оқулықтың ұстаздар қауымынан, студенттер мен оқытушылар тарапынан кең қолдау табуының басты себебі де оқулықтың практикалық мәні мен сұранысында дер едім. Мектеп оқулығының құндылығы оқушыға нанымды мысалдармен өріліп, әрі қонымды, әрі түсінікті жазылуында болса керек. Осы ретте менен еліміздің түкпір-түкпірінен «апай, кітабыңыз бар ма» деп сұрап жатады. Егер ол оқулықтар керексіз болса, осылайша іздемес еді. Демек, менің кітабым көпшілікке керек.

Өйткені мен орындықта отырып қиялданып, орыс журналдарынан көшіріп басып алып отырған жоқпын. Немесе ғылыми атақ алу үшін диссертация ретінде жазған емеспін. Мен қайнаған «цехтің» ортасында отырып жазамын. Бала алдында сабақ беріп отырып, олардың психологиясына байланысты не керек екендігін білгенімнен болашақта керек қой деп жазамын.

– Сіз Абай мен Мұхтар Әуезов шығармаларын мектеп оқушыларына дәріптеп келе жатқан ұстазсыз. Жалпы «Абай жолы» эпопеясын мектеп оқушылары тұрмақ, ересек адамдардың өзі қайта-қайта оқып, кейде түсінбей жатады. Осы ретте екі бірдей жазушының туындыларын мектеп оқушыларына жан-жақты талдап түсіндіру қиын емес пе?

– Ешқандай да қиын болған жоқ. Балалардың бағын ашқан, балаларды дұрыс жолға салған – «Абай жолы». Авторлық сыныбымның бірінші шәкірттері қазір филология ғылымының докторы атанып отыр. Менің 17 жастан бастап Абай мен Мұхтарды зерттеп жүрген шәкірттерім көп. Бұл жерде тек оқыта білу керек дер едім. Мен 41 жыл мұғалім болдым. 41 жыл ішінде «Абай жолын» оқымаған бала есігімнен шыққан жоқ.

Өйткені әдептілік, имандылық, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық секілді құндылықтардың барлығы «Абай жолы» романында тұнып тұр. Оны неге балаларға ұғындырмасқа?! Абай айтады «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп. Демек, қазақтың бойында жүректің жылуы, махаббат, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдері бар. Халқымыздың осы асыл қасиеттерін бүгінгі ұрпақ бойына сіңіру мұғалімдердің басты талабы болуы тиіс.

– Сіз осыдан біраз бұрын педагогикалық инновациялар банкін құру жөнінде бастама көтердіңіз. Осы жайлы толығырақ айтсаңыз. Оның қажеттігі неде?

– Педагогикалық инновациялар банкін құру қажет. Егер бұл жүзеге асса, ұлттық педагогикамыз тағы бір қырынан танылар еді. Тек бұған қолдаушы керек, іліп әкетіп жүзеге асыратын жанашыр жан қажет. Тағы бір айтарым ұстаздар арасындағы үзілмей келе жатқан сабақтастық жайлы. Біз өзіміздің ғана емес, өзіміздің алдымызда кім бар, бізден кейін өсіп келе жатқан жас мұғалімдер қандай, оларға көмек жасап жүрміз бе, болмаса өзімізді мақтап-марапаттаумен шектелеміз бе деген ойды ешқашан естен шығармауға тиістіміз.

Мәселен, авторлық бағдарламалар жасап, соны таныта алмай жүрген ізденімпаз әріптестеріміз де арамызда аз емес. Қазақ педагогикасы, қазақстандық ұстаздар кешегі КСРО заманында да ешкімнен сорлы болған жоқ. Тәуелсіз ел болған кезде де сол биігінен көрініп келеді. Біз ендігі жерде сол қазақ педагогикасын әлемдік деңгейге көтеруіміз, өз қолтаңбамызды танытуымыз керек. Мен көбіне ойлаған идеямды қайтсем жүзеге асырамын деп жүремін.

Бүгінгі техника мен технология заманы мұғалімнің жұмысын жеңілдетіп жүр. Оқулық ретінде ұсынылған 33 кітабымды да қолыммен жазып, машинкаға басып, баспаға тапсырдым. Егер бүгінгі заманның жас мұғалімі болсам, ондай 100 оқулық жазар едім. Біздің кейбір азаматтар мұғалімдер туралы теріс пікірлер білдіріп жатады. Шынында солай ма? Жоқ. Әрине, іштерінде салғырт, салақтары бар шығар.

Менімен бірге істейтін бір тәрбиеші сіңілім «Тәрбие өнері» деген кітап жазып, авторлық бағдарламалар байқауында екінші орын алды. Сонымен шаруа бітті, оны қайтадан қолға алып, қозғаған адам болған жоқ. Сол тәрбиешінің айлық жалақысы қанша дейсіз ғой? Он жеті мың теңге. Менің жоғарыда педагогикалық инновациялар банкін құру керек деуімнің бір себебі осында жатыр.

– Мәскеуге барған кезіңізде КСРО оқу министрлігіне кіріп, Абай мен Мұхтарды неге мектептеріңізде оқытпайсыздар депсіз. Осы жөнінде толығырақ айтып беріңізші. Бұлай деп айтуыңызға не себеп болды?

– Мен тек ол кезде ғана емес, өмір бойы қазақ тілі үшін күресіп келе жатқан адаммын. 1990 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, Мәскеуге бардым. Әдебиетті тереңдетіп оқытатын ең үздік деген он шақты гимназияны аралап көрдім. Сонда осы мектептердің оқушылары тұрмақ, мұғалімдерінің өзі Абай мен Мұхтарды білмейтіндігіне әрі таңғалдым, әрі намыстандым.

Министрлікке кездесуге барған кезде, сол ашудың екпінімен: «Менің білімі ең нашар деген оқушым Пушкин мен Лермонтовты жатқа білгенде, сіздердің мұғалімдеріңіздің өзі Абайдың кім екенін білмейтіні қалай? Қазақ қана емес, өзге «бауырлас» елдердің әдебиетінен де түк білмейсіздер, балаларға білімді қалай бермексіздер?» – деп айтып салдым.

– 12 жылдық білім беру жүйесі жайлы не дейсіз?

– Біз қазір нарық заманында өмір сүріп отырмыз. Ал нарық заңы – қатал заң. Біз жаңа заманның, өркениеттің талаптарына сай болуымыз керек. Қиындықтарға төтеп беріп, әлемдегі дамыған елу елдің қатарына кіру жолында 12 жылдық білім беру – біз үшін аса қажетті дүние. Бұл ретте біз балаға көп күш түсірмей, жақсы білім бере аламыз. Ал қазіргі қалыптасқан білім жүйесі ең алдымен оқушылардың жүйкесіне де, ағзасына да көптеген зиян келтіреді.
Ойлап қараңыз, тәулігіне алты сағат мектеп партасында отырып, түстен кейін тағы сонша уақытын үй тапсырмасын орындауға жұмсап, миына көп салмақ түсіретін балалардан күні ертең дені сау, толыққанды азамат шыға ма? Бір жағынан, көзінің де көру қабілеті төмендейді, омыртқасына зақым түседі. Ал 12 жылдық білім жүйесіне көшкеннен кейін бала аптасына бес күн оқиды және сабақ ұзақтығы қазіргідей 45 минут емес, 30-35 минут қана болады.

Сонымен қатар 12 жылдық білім жүйесі мұғалімдерге деген сұранысты арттырады. Оқу жүктемесі 18 сағат емес, 14 сағаттық апталық жүктемеге ауысады. Күні бойғы жазу-сызудан сәл де болса арқа-басы жеңілдеген мұғалімдер ендігіде отбасына да көбірек көңіл бөле алады. Сондықтан жаңа нәрседен үрікпей, жақсы жақтарын байқап, тиімді пайдалана білсек, өзімізге көп пайда келтіреріміз анық.

– Оқушылардың білім деңгейін тест арқылы тексеру әдісіне әркім әрқалай жауап беріп жатады. Біреулер мақтаса, енді біреулер даттап жатады. Сіздің пікіріңіз?..

– Тест әдісіне мен өзімнің қарсы екенімді жасырған емеспін, жасырмаймын да. Тест дегеніміз – күнделікті сабақтарда белгілі бір тақырып аяқталған кезде қорытынды бақылау жұмыстарының құрамына кіруі тиіс әдіс. Ал жүздеген сұраққа бас-аяғы төрт-бес сағаттың ішінде жауап беріп үлгеру мүмкін еместігі өз алдына, соңғы кезде осы бір әдісті мектеп бітірушілердің білімін бағалау үшін қолданамыз деп біз білім деңгейін мүлдем төмендетіп алдық.

Бәлкім, менің бұл сөзіме қарсылық білдіретіндер табылып қалар. Әсіресе осыдан біраз жыл бұрынғы тест қорытындысы бойынша көрсеткіштердің жоғары болғандығын дәлелге келтіріп, тестің дұрыстығын, тиімділігін жақтайтындар көптеп кездесетінін білемін. Бірақ менің ойымша, оқушылардың білім деңгейі еш жоғарылаған жоқ. Керісінше мектеп мұғалімдерінің «қулық» деңгейі жоғарылады.

Соңғы уақыттарда басқа пәндердің барлығын жинап қойып, тек қана тест алынатын төрт пәнді оқытуға барынша күш салып жатқан мектептердің саны көбейіп кетті. Мектеп орта білім беру орнынан институтқа дайындық курсына айналып жатыр. Сонда болашағымыз қандай болмақ? Көпшілік мұғалімдер үшін баланың білімінен гөрі, «Алтын белгіге» ұсынған оқушыларының қайтсе де осы атақты ақтап шығуы қажет сияқты.

Неғұрлым «Алтын белгі» көп болса, соғұрлым мектептің де, мұғалімнің де беделі көтеріле түседі. Ал бұл бедел су бетіндегі жеңіл көбік сияқты, «уф» десең, ұшып кетеді. Сондықтан да бірыңғай тестілеу дегенді тоқтатып, баланың білім деңгейін тексерудің жаңа жолдарын іздестіру қажет.

– Қазіргі кезде мектеп оқушыларының арасында қылмыс өршіп кетті. Мұның барлығына көк жәшік пен компьютер кінәлі екендігі белгілі. Әйтсе де, балаларымыздың терең білім алып, кітап оқуын, өздігімен ізденуін, бір сөзбен айтқанда, сабаққа деген қызығушылығын арттыратындай әдіс-тәсілдер жоқ па?

– Бізде бір жаман әдет бар. Бала қылмыс жасаса да, Қазақстанда мемлекеттік тіл өз дәрежесіне жетпей тұрса да, оның барлығына мұғалімдерді кінәлап жатамыз. Әрине, мұғалімнің тарихи миссиясын ешкім жоғалтып отырған жоқ. Алайда жаһандану келді.

Компьютер мен теледидарға телміріп өскен жас ұрпақ сондағы түрлі «трюктарды» өмірде қолдануға үйреніп жатыр. Қазір ақпарат құралдарын ашып қарасаңыз, жастардың қолымен жасалған қылмыстарды көргенде жаныңыз түршігеді. Бұл жерде ең алдымен ата-ана кінәлі.

Мұғалімдер онсыз да тиын-тебен алса да, оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға тырысып-ақ жатыр. Дегенмен оқушылардың барлығын өздігінен ізденуге түсіру деген оңай шаруа емес. Ол үшін үлкен жұмыстар қажет. Енді оны қозғамай-ақ қояйық. Бұл ретте мен ата-аналарға риза емеспін. Егер ерлі-зайыпты дүниеге нәресте әкелді ме, оның адам болып өсуіне ең бірінші өздері мүдделі болуы тиіс.

Шетелдерде солай. Мәселен, біз бір отбасында он бала болдық. Әкем мүгедек, шешем ауру болса да, ешқайсымыз бұзық болмадық. Өйткені әкеміз адам болуға тәрбиеледі, үнемі «ұрлық жасама», «өтірік айтпа» деген сөздерді құлағымызға құйып отыратын. Демек, мұның барлығы жанұядағы тәрбиеге байланысты.

Датым!
Нағыз мұғалімдерді дайындайтын жоғары оқу орындарының жоқтығы да оқушылардың білім алуына кері әсерін тигізіп отыр. Бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан институт, университеттердің басым бөлігі ақша жинау үшін ғана жанталасады. Оларды бітіргендердің мұғалім болып жатқандары шамалы. Көпшілігінің айтар сылтауы:  жалақы аз. Мен бұған былай деп жауап қайтарар едім. Жалақының аздығы түк те етпейді, ең бастысы балаға деген жүрек жылуы жетерлік болуы тиіс. Ал жалған бедел алысқа апармайды. Есік көзінде тұрып та бедел жинауға болады, төрде қасқайып отырып та құрметтен жұрдай болуың мүмкін.

Ең алдымен осыны ойлауымыз керек. Өйткені мұғалімі азған елдің ертеңі жоқ екені айтпаса да түсінікті. Ол заманның мұғалімдері елдің бетке ұстар сауаттылары еді ғой, қазіргі кездегі мектепте жас мұғалімдердің 70 пайызы – кешегі амалсыздан жүргендер, жалақысы аз, ал Үкімет талабы көп. Қазір идеяға ешкім сенбейді, себебі менталитет прагматикаға бағытталған. Кім көп айлық алса, сол мамандық –«престиж».

Бұрынғы кезде «пәленшенің папасы – дәрігер» немесе «мұғалім» десе, «о-о-о, интеллигенттер жанұясынан шыққан екен» дейтін және «коммерсант», «спекулянт» десе, намыс көретін. Қазір «мамам – дәрігер» немесе «мұғалім» дегеннен гөрі, «папам – кәсіпкер, Қытайдан екі камаз зат әкеледі» дегенді мақтана айтады. Сондықтан мұғалімдердің беделін көтеру керек. Мысалы, мұғалімнің айлығын тым болмаса 80-90 мың қылса, көп жағдай өзгерер еді.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста