Өз мамандарымыздан шетелдіктердің қандай артықшылығы бар екенін түсінбеймін

Өз мамандарымыздан шетелдіктердің қандай артықшылығы бар екенін түсінбеймін

Марат ӘЙНЕКОВ, суретші-монументші, мүсінші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Марат аға, біз өзіңізді Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбер­диев, Жамбыл Жабаев, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов секілді көптеген қазақтың маңдайалды тұлғала­рының бейнесін жасаған мүсінші ретінде танимыз. Сіз мектеп бітірген сонау 1960-70 жылдары қазақтан шыққан мүсінші деген тіпті жоқтың қасы еді. Осы өнерге деген құштарлық өзіңізде қалай пайда болды?
– Кішкентай күнінде баланың бәрі шимайлауға құмар ғой. Мен де сол бала кезімнен жарларды, жерді сызғылап ой­науға, қолыма түскен қағазға сурет салуға ерекше аңсарым ауатын да тұратын. Мектеп бітірер алдында үлкен бір көрмеге барып, тамаша әсер алғаным соншалық – мүсін өнерін өміріме серік етуге бел байладым. Өзімнің туып-өскен жерім, Қарағанды облы­сының Балқаш қаласындағы орта мек­­тепті бітіргеннен кейін кәсіби түрде су­рет­ші, мүсінші мамандығын игеру мақса­тын­да Алматыға келіп, Н.Гоголь атындағы көркем­сурет училищесіне оқуға түстім. Оқып жүріп, арасында әскери борышымды да өтедім. Осы оқу орнын үздік бітіріп шыққан­нан кейін мені жолдамамен қазіргі Санкт-Петербург қаласына оқуға жіберді. Онда Көркемөнер академиясын суретші-мүсінші мамандығы бойынша алты жыл оқып, үздік бітіріп шықтым. Мұнда белгілі акаде­мик­тер В.Б.Пинчук, М.К.Аникушин секілді есімдері бүкіл Одаққа белгілі мүсін­шілерден дәріс алдым. Оқуды тамамдаған­нан кейін сол жерде қалуыма ұсыныстар жасалды, алайда мен елге қайтқым келді. Сөйтіп, көп ұзамай Алматыға оралдым.
– Білуімізше, сіздің алғашқы үлкен жұмысыңыз қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың ескерткіші екен...
– Иә, мен Ленинградтан оқу бітіріп Алма­тыға келгенімде, мұнда қазақтың қос шынары – Әлия мен Мәншүктің ескерткішін жасауға байқау жарияланған екен. Осы байқауда бағымды сынап, жеңіске жеттім. Сонымен, Әлияның ескерткішін жасау маған бұйырды. Әлия туралы бұрыннан естіп жүрсек те, жұмысқа кіріскен кезде естіген дерек аз болады екен. Сондықтан Әлия туралы мақалалар жазылған газеттер­ді, қолыма түскен барлық мәліметтерді жинастырып, әдебиеттерді оқи бастадым. Ескерткіш орнатылатын, Әлияның қаза тапқан жері Ресейдің Псков облысындағы Новосокольники қаласына барып, жергілік­ті тұрғындармен жолығып, әңгімелестім. Олардың Әлия туралы әңгімелерін тыңдап, көз алдыма батыр қыздың бейнесі келді. Өзі қаршадай он жеті жасар қыз қолына мылтық ұстап, Отан үшін жанын қиған еді. Бет-бейнесін көз алдыма келтіріп, бар болмысын сезінгенде барып Әлияның ескерткішін жасауға кірістім. Міне, осыдан кейін жоғарыда өзіңіз атаған тұлғалардың ескерткіштері біртіндеп жасала берді. Әр тұлғаның өз ерекшелігі болды. Олардың әрқайсысының мүсінін соғарда мен кейіп­кер­лерімнің өмірін зерттеп, шығармаларын зерделеп, жүрегімнен өткіземін. Сонда ғана балшықтан, ағаштан, қоладан жасала­тын бейнелерден адамның ішкі дүниесін, ойын оқуға болады.
– Бүгінде тарихи деректері сақталса да, нақты суреттері сақталмаған көптеген хандар мен батырлардың ескерткіштері жобалап жасалынады. Бұларды әр мүсінші өз ата-бабасына ұқсатып жасайды деген пікірлер жиі айты­лады. Осы мәселеге сіз не айтар едіңіз?
– Нақты адамның бейнесін жасап шы­ға­ру үшін, әрине, оған дерек керек. Көбіне деректер аз болғандықтан, ерте заманда өмір сүрген хандар мен батырлардың ескерткіштері олардың жақындарына қа­рап, сол заманның адамдарына келтіріліп, жобамен жасалады. Сондықтан әр суретші, мүсінші белгілі біреудің бейнесін жасарда жан-жақты ізденіп, зерттеуі тиіс. Осы тұста баса айтарым, негізінде, әңгіме ескерткіші жасалған тұлғаның бет-бейнесінің ұқсауын­да емес, әңгіме оның көркем образын аша алуында. Ақын-жазушыларымыздың шығар­маларында адамның бет-бейнесі ғана емес, мінез-құлқы, ой-өрісі суреттелуі арқылы образы ашылады ғой, мүсін өнері де дәл сол сияқты. Мәселен, халық арасын­дағы Абылай ханның көзі ұқсамайды, Қабанбайдың мұрны ұқсамайды деген әңгімелер ұсақ-түйек нәрселер. Өйткені бұл фотоаппараттан түсірілген сурет емес. Тас­тан немесе қоладан, мейлі ағаштан жа­сал­­ған бейне болсын, ең бастысы – оған рух беру. Ескерткішті көрген адам сол адам­ның рухын сезінуі керек.
– Сіз Еуропаның бірнеше мемле­кеттерінде болдыңыз, Түркияда біраз жыл жұмыс істедіңіз. Өзге мемлекеттермен салыстырғанда біздің елдегі мүсін өнерінің деңгейін қалай бағалар едіңіз?
– Мүсіншілік – бізге кейін келген кенже өнер. Қазақ мұсылман болғалы бұл өнерге көңіл бөлінбеді, күнә деп саналды. Біздің шалдар тіпті суретке де түспейтін. Сол се­беп­тен біз өнердің бұл саласында басқалар­мен салыстырғанда кейін қалдық. Қазақтан шыққан алғашқы кәсіби мүсінші Наурызбай Хакімжанов Украинадан білім алып келген соң, 1950-60 жылдары біртіндеп мүсін өнері дами бастады. Одан кейін 70-жыл­дары біз келдік. Жалпы, Өнер академиясы ашылғанға дейін мүсіншілердің саны сау­сақпен санарлықтай ғана болды. Кейіннен саны да, сапасы да өсті. Бүгінде мен белгілі мүсінші деп Төлеген Досмағамбетов, Ескен Серкебаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, белгілі мүсінші Бақыт Әбішев, Еркен Мерге­нов деген азаматтарды ерекше атар едім. Қазір осы өнерге қызығушылық танытатын жастар көбейіп келеді. Бүгінде бұрынғыдай мемлекеттік тапсырыстар көп емес, қаржы­сыз көрме өткізу тіпті мүмкін емес. Алайда соған қарамастан, жастар талпынып, өз маңдай терлерімен жасаған жұмыстарын күнкөріс үшін сатып, пұл қылып жүр. Шама­ла­ры жеткендер көрме де ұйымдастырады. Жалпы, қазіргі заманда өнермен пайда табу оңай емес. Жүйе өзгеріп, нарық келгелі өнермен шұғылданып жүрген адамдарға өте қиын болды. Мен Польшада, Германия­да, Сингапурда басқа да мемлекеттерде қызмет істегенімде ол жақтағылар кеңестік білім­нің тереңдігіне, сапалылығына таңға­латын. Студент кезімізде аптасына 18 сағат сурет салуға бөлінетін. Кейін соның жемісін көрдік.
– Жаңа бір сөзіңізде ислам дінінің мүсін өнеріне қарсылығын айтып қалдыңыз. Дін демекші, өзіңіз мұсылман елдерінде талай қызметтік сапарлармен болдыңыз, тіпті дәріс те оқыдыңыз. Демек, исламға берік мемлекеттерде бұл өнер өркен жайған ғой?
– Бұл өнер де адамның бойына Алла­дан беріледі ғой. 2006 жылы Елбасы­ның қолдауымен Мәскеуде ұлым Саид Әйнеков екеуміз Абайдың ескерткішін аштық. Одан кейін 2007 жылы Ирандағы елшілік шақы­рып, Тегеранда да Абайдың ескерткішін қойдық. Сол кезде Тегеранда 12 жыл бойы салынған кітапханасында болдық, онда Қасым ханның қолжазбасы бар екен. Иран – дінге өте берілген нағыз мұсылман мем­ле­­кеті. Соған қарамастан, мұнда аятолла Хаменеидің үлкен ескерткіші бар. Бір таңға­ларлығы, Тегеран, Исфахан секілді басқа да қалаларындағы ескі мешіттерде адам бейнеленген суреттер ілінген. Тегеранға 150 шақырым жерде біздің мына Талғар секілді шағын ғана бір қаласының тіпті әр көшесінің қиылысында қоладан құйылған, тастан жасалған мүсіндер қойылған. Бұл туралы жергілікті тұрғындардан сұрастыр­сақ, парсылар екі қауымға бөлінеді екен. Бірі дінге қатты берілсе, екіншілері өздерінің ата-бабасынан қалған ескерткіштерді ерек­ше әспеттеп, көне замандағы ақында­ры­ның, жазушыларының, ұлы тұлғаларының ескерткіштерін жасайды екен. Меніңше, тек Иранда ғана емес, басқа да мұсылман мемлекеттерінде мүсін өнері өркендеген.
Мен 11 жыл бойы Түркияда тұрдым. 1990 жылдары Түркия мен Қазақстан ара­сын­да байланыс орнай бастаған кезде қызым сол жаққа оқуға түскен болатын. Ол жақта қыздарға қатал қарайды, сондай-ақ қыз баланың жырақта жүргені ата-ананы да алаңдатады екен. Қызым Түркиядағы оқуын қалай жалғастырар екен деп екі ой­лы болып жүрген кезімде америкалық бір азаматтан маған Түркияда анасына арнап салғызбақшы сарайына көмектесуіме ұсы­ныс түсті. Ол менің Ә.Қастеев мұражайында өткен көрмеме қатысып, менің ағаштан, тастан, қоладан да мүсіндер соғатынымды көріп ұсыныс жасаған екен. Сонымен, Түр­кия­ға үш айға барып, 11 жыл сол жақта тұрдық. Анкарада мүсін өнерінен дәріс бердім. Белгілі қоғам қайраткері Ататүріктің бірнеше ескерткішін жасадым. Көрмелер, жәрмеңкелер өткізіп, халықаралық түркі мәдени ұйымы  ТҮРКСОЙ ұйымдастырған көрмелерге қатысып тұрдық. Түріктер бас­қа мұсылман елдерімен салыстырғанда Еуропаға жақындау екен. Ол жақта Еуропа­дан оқып келген мамандар көп жұмыс іс­тей­ді. Ал жергілікті тұрғындардың арасында бұл өнерді қабылдайтындары да бар, қабылдамайтындары да бар. Діни оқу орын­дарында оқитындар бет-ауыздарын тұмшалап, мешіттің айналасында жүреді. Олар өнерден мүлде жырақ. Бірақ кейінгі он шақты жылдан бері Түркияның әр қала­сында өнер университеттері көптеп ашы­лып, жастар өнер-білімге талпынуда. Сон­дықтан бұл елде сәулет өнері жақсы дамып келеді.
– Өткен жылы сіз ойшыл ақын Шәкәрімнің қартайған шағындағы бейнесін жасаған екенсіз...
– Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Суретшілер одағы Шәкә­рім­нің мүсінін жасауға байқау жариялаған болатын. Осы байқауға қатысып, көрмеге Шәкәрімнің мүсінін қойдым. Нәтижесінде осы мүсін марапатталып, жақында Ә.Қас­теев мұражайына қойылды. Шәкәрімнің бұл мүсінінің бұған дейінгілерінен ерекше­лігі – оның ұлғайған шағындағы бейнесіне қарап жасалуы. Бұл кісінің үш суреті  сақтал­ған екен. Біріншісі – 1905 жылы қажы­лық­қа барарда құжатына сурет керек болып түскен суреті. Одан кейін бір орыс ғалымы түсірген бүркіт ұстап отырған суреті сақта­лыпты. Соңғысы, 73 жасында түскен суреті жақында Семейдің мұрағатынан табылды. Бұл суретке мұқият қарасаңыз, Шәкәрім орыстың белді жазушысы Лев Толстойға ұқсайды. Шәкәрім Толстоймен тығыз шы­ғар­машылық байланыста болып, хат алма­сып тұрған. Шәкәрімді зерттеген адам ол кісінің әр саладан хабары бар, жан-жақты болғанын жақсы біледі. Өзі мерген, музы­ка­лық аспаптарда ойнаған, нота білген, сағаттарды жөндей алған, математикадан хабары болған Шәкәрім қажының тағы бір қасиеті – барған жерінен кітап жинайтын болған. Шәкәрімнің шығармалары ғажап, оқи отырып терең философияға бойлай­сың. Ол кісінің мүсінін жасауға ерекше ынтамен кірістім.
– Соңғы жұмысыңыз, қазақтың біртуар ұлы Дінмұхамед  Ахметұлы­­ның ескерткіші қай өңірге қойылмақ?
– Биыл Дінмұхамед Қонаевтың 100 жыл­дық мерейтойына орай Алматы облы­сының бір топ іскер азаматтары бұл кісінің ескерткішін жасауға байқау ұйымдастырған болатын. Саид екеуміз осы жарысқа да бел­сене қатысып, жеңіп шықтық. Қазіргі таң­да Қонаев ақсақалдың қоладан құйыл­ған мүсіні дайын тұр. Ескерткіш Талдықорған өңіріне қойылады деп жоспарланған болатын. Белгілі бір себептермен қазірше ескерткіш әлі орнатылмады. Сәті түссе, осы жылдың соңына дейін Талдықорған топы­ра­ғында Қонаев ескерткіші ашылады.
– Қазіргі кезде жеке адамның ескерткішіне қарағанда, белгілі бір тақырыпқа арналған композиция­лық ескерткіштерге деген қажет­тілік бар секілді. Айталық, Алаш арыстарына арналған компози­ция­лық ескерткіштер керек-ақ.
– Біз Суретшілер одағына қарайтын бол­ған соң жыл сайын одақ суретшілердің, мүсіншілердің, қолөнер шеберлерінің, басқа да сала мамандарының симпозиум­дарын өткізіп тұрады. Мысалы, былтырғы жылы кескіндеме өнерінің мамандарының басын қосып, жиын өткіздік. Жиынға көр­ші­лес Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресей­ден мамандар келді. Сондай-ақ таяу­да мүсіншілердің үлкен көрмесін ұйымдас­тырдық. Мамандар жиналған осындай бас­қосуларда көптеген проблемалар қы­лаң береді, оларды бірлесіп талқы­лаймыз. Сіз айтып отырған композициялық ескерт­кіштердің халық үшін, болашақ ұрпақ үшін қажеттігі бар екені рас. Алайда бәрі де билік­тің өнерге деген көзқарасына, саяса­тына байланысты. Бұрындары құзырлы орындар осындай тұлғаларға ескерткіш орнатылуы керек деп арнайы бағдарламаға енгізіп, алдын ала жоспарлайтын. Сөйтіп, мүсіншілерге тапсырыс беретін. Бүгінде мемлекеттік тапсырыстар өте аз болғандық­тан, мүсіншілер өздігінен ойына келген ескерткішті жасай бермейді. Айталық, ауылдық, қалалық жерлердің басшылары біздің ауылға немесе осындай көшеге мынандай композициялық ескерткіш керек деп ұсыныс жасаса, мүсіншілер оларды жа­саудан аянып қалмайды. Қазіргі заманда бұған мүмкіндік те, материал да жетеді. Ағаштан оясың ба, тастан қашайсың ба, қола­дан құясың ба немесе материалды шетелден алып келесің бе, шектеу жоқ, қажетті құрал-сайманның да түр-түрі бар. Жалпы, композиция іздеу, жасау қиын емес. Шүкір, мамандар бар, тек тапсырыс керек.
– Бүгінгінің байлары ғаламат сарай салдырып, ауласына түрлі мүсіндер қоюды сәнге айналдыр­ды. Егер сізге бір қалталы азамат­тан үйінің жанына қоятын мүсін жасап беруге ұсыныс түссе қабыл алар ма едіңіз?
– Егер идеясы жақсы, ойға қонымды мүсін болса жасап беруге неге келіспеске? Келісер едім. Бірақ мен осы уақытқа дейін қазақтың қалталы азаматтарының арасын­да өнерге шын жаны ашитын, қазақ өнер иелерін құрмет тұтатын азаматтарды кез­дес­тіргенім жоқ. Түркияда тұрғанымда да ондай адамдар кездеспеді. Көбінесе ақша­сы бар байлар өздерінің зәулім сарай­ларын өз туған жерінде емес, шетелдерде салуға құмар.

Алашқа айтар датым...
Өкінішке қарай, Астана болсын, Алматы болсын, еліміздің көптеген қалаларында көшелерге, саябақтарға, аллеяларға түйенің, бұғының, қасқырдың, сондай-ақ неше түрлі жануарлардың мүсіндерін қою сәнге айналды. Мүмкін, мұндай мүсіндер қажет те шығар. Бірақ мені қынжыл­татыны, осы мүсіндердің бәрі Қытайдан әкелінеді. Бізде оқу бітіріп жатқан қаншама жас кәсіби мүсіншілер бар. Неге соларға жасатпасқа? Сонда біз болашақ мүсіншілерді не үшін оқытып жатырмыз? Жалпы, қай салада болсын әншілерді де, сәулетшілерді де шетелден шақырту мәртебе секілді. Ал біздің сәулетшілеріміз мешіт, шіркеу болсын, мәдени ғимараттар немесе тұрғын үй болсын ешкімнен кем салмайды. Мен өзіміздің мамандардан шетелдіктердің қандай артықшылығы бар екенін түсіне алмаймын. Әйтеуір, шетелдік мамандардың қалтасын қампайтып жіберуге құмармыз. Ал өзіміз мемлекеттен қандай да бір тапсырыс ала қалсақ, еңбекақымызды ала алмай сандалып жүргеніміз. Қолымызға берілуі тиіс қаржы анаған-мынаған ұсталып, соңында, әйтеуір, тиын-тебенге әрең жетеміз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста