Осы уақытқа дейін дәрігерден миллионер шығыпты дегенді естідіңіз бе?

Осы уақытқа дейін дәрігерден миллионер шығыпты дегенді естідіңіз бе?

Амантай Біртанов, №2 қалалық емхананың бас дәрігері, қалалық мәслихат депутаты:

– 2010 жылдан бастап еліміздің денсаулық сақтау саласында жаңа реформа жасалатыны белгілі болуда. Жалпы, «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің» артықшылығы неде?

– Менің медицина саласында еңбек етіп келе жатқаныма 40 жылға жуық уақыт болды. Оның 35 жылында Бас дәрігер болып істедім. Сондықтан осы саланың қазанында қайнап келе жатқан маман ретінде бұл жүйенің артықшылықтарын сараптап айтып бере аламын. Негізі, жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілер «Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін» іске асыру екі кезеңнен тұрады. Оның бірінші кезеңі 2010-2015 жылдары іске асырылса, екінші кезеңі 2016-2020 жылдарды қамтиды. Бұл жүйе күні кеше талқыға түсе сала қабылданып отырған жоқ. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту институтында ұзақ уақыт талқылап, сараптаудан өткізу нәтижесінде қолданысқа еніп отыр.

Осы институт осыдан үш жыл бұрын ауылда қандай ауру түрлері емделу керек, қалада қандай науқастарға көмек көрсетіледі, қандай ауру түрлерін шетелге жіберу керек деген мәселені зерттеп кітап қылып шығарды. Осының негізінде қазір жеңіл ауруларды ауыл мен аудан орталықтарында емдеу, орташа дәрежелі ауруларды облыс орталықтарында, ал емдеуге аудан мен облыстың қауқары жетпейтін науқастарды үлкен қалаларда емдеу әдісі қарастырылуда. Бірінші кезеңде Үкіметтің денсаулық сақтау саласына бөлген қаржысының 70 пайызы ауруханаларды жабдықтауға жұмсалмақ.

Себебі науқастардың ауруханада жатуы үлкен қаржыны қажет етеді. Дамыған елдердің өзінде аурулардың 80 пайызы емханаларда, 20 пайызы ғана ауруханаларда жатып емделеді. Алайда бөлінген ақшаның 80 пайызы ауруханаға, 20-ақ пайызы емханаларға аударылады. Онда да екі-үш күн ғана тегін ем жасалады да одан әрі үйінен ем қабылдауға жібереді. Өйткені науқасты емдеу қымбатқа түседі. Осы орайда біз де ауруханаларға баса назар аударып отырмыз. Бұл жүйенің басты артықшылығы жоғарыдан бөлінген қаржы тиісті жерге жеткенше қатаң қадағалауда болады.

– Сонда да болса осынша артықшылықтары бола тұра бұл жүйенің көпшілік арасында қызу қолдауға ие болып кете алмауы неден деп ойлайсыз?

– Бұрын денсаулық сақтау саласына бөлінген ақша ауыл, аудан, облыс әкімдерінің қолдарында болатын. Қазір осы қаржыдан айырылған соң әкімдер жаңа жүйені жамандап шулап жатқаны осыдан. Мәселен, бір облыстың әкімі ауысса онымен бірге облыстық денсаулық сақтау басқармасының Бас дәрігері де ауысады. Бұрын бас дәрігерлерді арнайы министрліктен құрылған комиссия тексеруден өткізетін. Бас дәрігер болғысы келіп жүргендердің өзі осы комиссияның елегінен өтуге қорқатын. Қазір де облыстық бас дәрігерлерді әкімнің сайлауына тыйым салу керек. Ал жаңа жүйе бойынша бөлінген барлық қаржыға иелік ететін комитет құрылады, аудан, облыстарда осы комитеттің бөлімшелері құрылады.

Мәселен, Қызылорда облысынан келген ауруды сапалық қадағалау және бақылау комитеті тексереді, егер ол науқастың жағдайы шынымен Алматыда емделуді қажет етсе, Қызылорда облысындағы қаржыны қадағалау комитетіндегі ақша Алматыға аударылады. Көбінесе ауылдағы ауруханалар науқастан құтылу үшін емдеу қолдарынан келсе де, жауапкершіліктен қашып қалаға жіберуге әуес. Ал бұдан былай ауыл және аудандардағы ауруханалар өздері емдей алатын науқас болған жағдайда өздері емдеуге тырысады. Өйткені науқас кетсе, ол мекемеден ақша да кетеді. Ақша кеткен соң аурухананың да жағдайы нашарлай береді. Осылайша бұл жүйе бөлінген ақшаның орнымен жұмсалуын қадағалай отырып, мекемелердің де жауапкершілігін арттыруға себеп болады деп күтілуде. Жыл аяғында барлық науқастардың қайда емделген көрсеткіші бойынша ауруханалардың да біліктілігін бақылауға да мүмкіндік туады. Аурухана басшылары да келген науқастарға сапалы қызмет көрсету үшін қызмет сапасын жақсартуға күш салады. Себебі науқасқа сапалы қызмет көрсетпесе, ол екінші емдеу орталығына бармауы мүмкін. Ал науқас келмесе Үкімет ол ауруханаға ақша бермейді.

Сондай-ақ бөлінген ақшаның 30 пайызы алдын ала жылдың басында ауыл мен қаланың ауруханасына бөлініп қояды. Қалған ақшаның бәрі бір жерден басқарылып отырады. Келген ауруларды осының негізінде емдей береді, ол науқасты емдеп айықтырса емдеген науқасының саны бойынша қосымша тағы қаражат бөлінеді. Осы уақытқа дейін талай науқас ауыл мен ауданда лайықты ем көрсетпегені үшін қалаға келіп, өз қаражатымен емделуге мәжбүр болды. Ал жергілікті жердегі ауруханалар тұрғындарына қызмет көрсетпесе де соларға бөлінген ақшаны алып келді. Тіпті олардың жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетпегенін де дәлелдеу мүмкін болмады. Ал енді бұдан былай мұның бәрі құжат жөнінде айқын көрінеді. Бұл ауруханалар мен дәрігерлер арасында бәсекелестік тудырып, қызмет сапасын жақсартады деп күтілуде. Сондай-ақ қазір бір дәрігердің жақсы қызметі үшін науқастар сол ауруханаға көп келсе, бас дәрігерге қарамағындағы дәрігердің айлығын көтеруге де рұқсат беріліп отыр. Яғни ауруханаға бөлінген ақшаның есебінен дәрігердің айлығы көтеріледі, ал ол өз кезегінде өз біліктілігін одан әрі дамытуға күш салады.

– Бұрын ауыл тұрғындары қалаға квота арқылы келіп, ем қабылдайтын. Жаңа жүйе бойынша да ауылдықтар үшін квота алу әлі қажет пе?

– Жоқ, бұл жүйенің тағы бір артықшылығы осында. Осы уақытқа дейін ауылдан қалаға келіп емделушілер оңайлықпен квота ала алмайтын. Тіпті ауылдық жердегі бас дәрігерлер квотаны өз қалтасынан шығып жатқан нәрседей «сатқысы» келіп тұратын. Квотаны құжат дайындап алудың өзіне бір айдай уақыт кетеді, бұл уақытта науқастың сырқаты тіпті дендеп кетеді. Кейде тіпті ауылдан келген науқасты қалада «квотаң жоқ» деп қайтарып жібереді. Осындай сарсаңнан қашқан жұртшылық, амал жоқ, қалаға келіп, ақылы негізде ем қабылдауға мәжбүр болатын. Ал жаңа жүйеде мұндай квота деген жоқ. Тек науқасты тексерген дәрігер өздері емдей алатын болса, емдеуге күш салады, ал егер ол науқасты емдей алмайтын болса диагнозы бойынша емдей алатын ауруханалардың қайда бар екенін түсіндіріп, мекенжайын жазып береді.

Ал науқас жағдайына қарай оларды таңдап алып, мейлі ол жекеменшік болса да емін қалаған ауруханасында жалғастыра алады. Бұл жүйе бойынша қазақстандық әрбір азаматтың денсаулығын жақсартуға бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл ақшаның бәрін арнайы құрылған комитет бақылап отырады.

Жалпы, денсаулық сақтау саласын үш бөлікке бөліп қарауға болады. Біріншісі, денсаулықты сақтауға Үкімет не істеп жатыр? – Дәл қазіргі таңда Үкімет жеткілікті қаржы бөліп отыр. Бұл – Үкімет өз міндетін атқарды деген сөз. Екіншіден, министрден бастап Бас дәрігерлер не істеп жатыр? Дәл қазіргі уақытта бар бәле осы жерден басталуда. Үшінші мәселе жекелеген азаматтардың өз денсаулығын күтуі қаншалықты? Бұл жағдай да ойдағыдай емес. Халқымыз өз денсаулығына жеткілікті назар аудармайды, кінәні басқадан іздеуге үйір. Ауырсаң денсаулық кінәлі, өлсең дәрігер кінәлі деуге машықтанып алған. Ең алдымен, өзі денсаулығын сақтауға не істеп жатқанын ешкім ойланбайды. Мәселен, шетелде емделу өте қымбатқа түседі. Дәрігерлік рецепті жазғаны үшін шетелде дәрігер 200-300 доллар алады. Сондықтан шетелдік тұрғындар барынша ауырмай, салауатты өмір салтын ұстануға тырысады.

– Осы орайда жаңа реформаға байланысты елдің аузындағы ең бірінші күдік ауылдағы ауруханалар жайы болуда. Ауылдағы ауруханалардың жағдайы онсыз да сын көтермейтіні белгілі. Ендеше олар одан әрі күйреп қалмай ма?

– Күйрейді деп қорқып отыра беруге болмайды. Жаңа жүйенің керектігі туралы әңгіменің өзі, бұрынғы жүйеге қоғамның көңілі толмаған соң қозғалуға мәжбүр болып отыр. Атап айта кетер жайт, бұл жүйедегі қаржы айналымының емханаларға қатысы жоқ. Өйткені емханаларға аударылатын ақша бұрынғысынша аударыла береді. Бұл жүйе тек ауруханаларға тікелей қатысты. Сондай-ақ ауруды толық емдемеген аурухана ақшаның бәрін ала алмайды. Тек оларға белгілі бір пайызы ғана аударылады. Қайта бәсекелестіктің негізінде ауылдағы ауруханалар жағдайын көтеруге күш салады деп отырмыз.

– Қазірдің өзінде Алматының ауруханасына ем қабылдауға барсаң кезек күтіп қаласың, ал қаладағы ауруханалардың республика бойынша науқастар қабылдауға жағдайы көтере ме?

– Орынды сұрақ. Бірақ атап өтер жайт, бізде жыл өткен сайын ауруханалар саны ұлғайып барады. Кезек күтіп емханада анализ өткізгісі келмейтіндердің бәрі ауруханаға жатып алады. Қазірдің өзінде ауруханада нағыз науқас адамдар жатыр деп айта алмаймыз. Дәл қазір кез келген ауруханада жатқан науқастардың 30 пайызын шығарып жіберуге болады. Ол ауруларды үйінен емдеуге де болады. Немесе емханалардың күндізгі стационарлық бөлімдерінде де емдеуге болады. Біз, ең алдымен, ауруханада шипажайда жатқандай айлап жатқысы келетін психологиядан арылуымыз керек. Сондықтан бұдан былай медицина саласының бақылау комитеті ауруханада жатқысы келетіндерді мұқият тексеруден өткізеді. Ауыл мен ауданда емін таба алатын науқастар қалаға сабылмайды.

– Жақында міндетті медициналық сақтандыру туралы әңгіме көтерілді. Маман ретінде міндетті медициналық сақтандыруға қалай қарайсыз?

– Бұл да алдағы уақытта қарастырылып жатқан жүйе. Ауырмайтын адам жоқ. Егер бұл заң қолданысқа енгізілер болса әрбір мекеме өзінің жұмысшыларын міндетті түрде сақтандырып қояды. Әркім денсаулығын сақтандырды деген сөз – ауырған уақытта оның емделуге де ақшасы болады деген сөз. Егер адам өз денсаулығын сақтандырса, ол адам ауырмауға тырысады. Өйткені ауырмаса оның сақтандырылған ақшасы одан әрі жинала береді. Түбі әрбір адамның медициналық емделу ақшасы өзінде сақталатын болады. Алдағы уақытта тағы мынандай жүйе қарастырылуда.

Мәселен, маған Үкімет денсаулығымды жақсартуға 10 мың доллар бөлсе, қазір ол қаржылық қадағалау комитетінде жатыр. Ал алдағы уақытта мен ауырмай, салауатты өмір салтын қалыптастырсам ол ақша зейнетақы қорындағы ақшадай менің өз бюджетімде жата береді. Денсаулығымды күтпесем ол ақшаны мен жарты жылда тауысуым мүмкін. Ал денсаулығым жақсы болса ол ақшаны жылдар бойына жинап, ауырған уақытта ғана өз денсаулығым үшін жарата аламын. Бұл жүйе арқылы адамдардың салауатты өмір салтын жақсартуға деген ықыласы да артуы мүмкін. Кейбір мемлекеттерде бұл жүйе бар. Қазір біз бұл жүйені қарастыру үстіндеміз. Алдағы уақытта қолданысқа енгізуіміз де мүмкін. Осы орайда бұл екі жүйе бір-бірімен сабақтасады деуге де болады.

– Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев мырза дәрігерлердің сыйақысын заң жүзінде бекіту туралы бастама көтерді. Бұл жүйеге көзқарасыңыз қалай? Сыйақыны заңдастыру – параны заңдастыру болып табылмай ма?

– Осы орайда бір үлкен кісінің айтқан сөзі есіме түсіп отыр. «Дәрігерлер жұмыста аппақ крахмалданған халатпен әдемі көрінеді. Ал жұмыстан шыққанда аяғындағы туфлиі мен шалбарына қарап жаның ашиды, БИЧ қой» – деген еді. Бұл – шындық әңгіме. Әрине мына заманда дәрігердің ақшасына өмір сүру мүлдем мүмкін емес. Жалақысы отбасы түгіл, қара басына әзер жетеді. Гиппократ антын қабылдаған дейді, ал үйіндегі бала-шағасы аш отырса, үйдегі тоңазытқышы бос болса, анттан жәрдем бар ма? Шетелде параны берсең де алмайды. Өйткені олардың жалақысы өз бастарына жетеді. Ендеше басқа біреуден ақша дәметіп қайтеді?

Осы уақытқа дейін дәрігерден миллионер шығыпты дегенді естідіңіз бе? Ал есесіне кәсіпкер жап-жас балалардың астында жекеменшік ұшағына дейін бар. Дәрігер мен мұғалімнің алған бір қорап кәмпитіне шейін әңгіме қылады, ал түйені түгімен жұтқандар шетелде қашып жүр. Олар пара алмасын десек, жағдайын жақсартайық. Әрдайым әріптестеріме «пара сұрамаңдар» деп айтып отырамын. Егер ауырып жатқан науқастың жағдайы сенен де төмен болса, одан пара сұрау Алла алдында да, адамгершілік алдында да дұрыс емес. Егер шын көңіліңмен емдесең, науқас өзі-ақ ризашылықпен беріп кетеді. Негізі, пара беру бұрыннан бар нәрсе. Х ғасырда да, Кеңес одағы кезінде де пара деген болған. Халық тәуіп, емшілерге емдегені үшін қой, ешкі, малдарын беріп, орыстар тауығы, жұмыртқасы, картошкасын беріп дәрігерді асыраған. Ұяты бар дәрігерлер өздері біледі, ал ұятсыз дәрігерлер сұрап алады. Қоғамның өзі осыған итермелеп отыр. Мен де бас дәрігер болып тұрған кезімде талай рет бір қорап кәмпит, бір бөтелке коняк алған дәрігерлерді жұмыстан қудым.

Ол дәрігердің тұрмыс жағдайының қаншалықты нашар екенін де білемін. Бірақ біле тұра қудым, өйткені талап солай болды. Осы әділеттілік пе? Параны тоқтату үшін, ең алдымен, түбірімен қоғам өзгеруі керек. Дәрігерлердің ақшасын көбейтсек, олар пара дәметпейді. Біздің мұнайымызда, алтынымыз да жетеді. Дәрігердің айлығын 1000 доллар қылып, парақорлық пен жемқорлықты тоқтатуға әл-ауқатымыз келеді. Тек ұрланбасын дейік. Бізді құртатын ұрлық. Ешкім ақшаны көрге алып кетпеген. Ендеше неге сонша ашкөзденетінін түсінбеймін. Арабияға қызығамын. Жергілікті тұрғындардың барлығы бай, тек шалқасынан түсіп жатады екен. Жұмысты тек шеттен келгендер істейді екен. Бізде де мұнай бар ғой, ендеше неге солай болмасқа? Міне, бар мәселе осында. Сыйақыны заңдастыру дәрігерлердің әлеуметтік жағдайының нашарлығын көрген соң туындап отыр. Осыны түсіну керек.

– Біреулер «денсаулық сақтау саласына ақша көп бөлініп жатыр, сосын пайдаланбайтын қымбат қондырғыға шейін сатып алып ақшаны жөнсіз шашып жатыр» десе, енді біреулер «денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімнің болмашы бөлігі ғана аударылуда» дейді. Осы әңгімелердің қайсысы шындыққа жанасымды?

– Бізде ақша бөлінеді, бірақ талан-таражға түсіп кетеді. Бөлінген ақшаны тендер деген пәле құртады. Жоғарыдағылар ақшаны бөлуге мұрындық болады да, оның үстінен ақша жегісі келіп тұрады. Осылайша қымбат қондырғыны аурухана  мен емханаларға тықпалайды. Өзі екі ортада үстінен ақша жейді. Қазір ауруханаларда бағасы қымбат, бірақ пайдаланылмай тұрғандардың бәрі осындай дүниелер. Өткенде мен рентген қондырғысын сұрасам, басқа бір қымбат қондырғы алып беріп жіберіпті. Мен алмай қайтарып жібердім. Негізі, денсаулық сақтау саласына ақша көп бөлініп жатыр. Мәселен, салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2004 жылы денсаулық сақтау саласына 90 миллиард теңге аударылса, биылғы жылы 273 миллиард теңге қаржы бөліп отыр. Оның ішінде тек қана Алматы қаласының өзіне 27 миллиард теңге бөлінген.

– Бағанадан дәрігер ретінде сөйлеп жатырсыз, ал Мәслихат депутаты ретінде сізді не толғандырады?

– Айтатын мәселе көп қой. Бірақ мені күйзелтетін де ойландыратын да бір мәселе бар. Ол тіл мәселесі. Кеше ғана Алматы қаласы бойынша аудан әкімдері 9 айдың қорытынды есебін берді. Өкініштісі, арасында бірде біреуі қазақша сөйлемеді. Орыс тілінде таза сауатты сөйлей алса екен... Тіпті ұяласың, одан жалпақ қазақ тілінде сөйлей бермей ме? Қоғамда басқа да толып жатқан мәселелерге қынжыламын. Мәселен, санағымыз өте сауатсыз өтті. Миллионнан аса қазақ санаққа кірмей қалды. Мен оны анық айта аламын. Сондай-ақ қазір атағы бар маман көп. Облыс, қала басшыларының барлығы ғылым кандидаты, ғылым докторы. Халық атағы дардай болған соң сеніп барады. Осыны бақылайтын арнайы қаулы керек. Мен министр болсам атағы барлардың барлығын ғылыммен айналысуға жіберер едім. Ғылым докторы болса, ғылымға пайдасы тисін, ғылымды дамытсын. Ауруханада не істеп жүр? Мен де Жедел жәрдем ауруханасында Бас дәрігер болып жүрген кезімде талай адам келді. «Мынау дайын кандидаттықты қорғап алсаңызшы» – деп. Мен көнбедім. Маған Бас дәрігер болудың өзі аз жауапкершілік емес. «Хирург қателессе бір адам өледі, Бас дәрігер қателессе 100 адам өледі» – деген сөз бар. Институтты кеше бітірген жастар ғылым кандидаты, ғылым докторы атанып жатыр. Олар Қырғызстан мен Ресейге барып қорғап келеді. Олар үшін ақшасын қағып алатын, ақымақ ғалымсымақтар көп болса болды. Бәрібір өздерін емдемейтін болған соң атақты үлестіріп бере береді.

Ұсыныс...
Ең алдымен, ауылға барғысы келетін дәрігерлердің жалақысын көтерсе екен. Өйткені ауылда маман жетіспейді. Ауылға баратын дәрігерлерге 1000 доллар айлық берсінші, бәрі барады. Бұған еліміздің экономикалық жағдайы жетеді. Екіншіден, ЖОО бітірген дәрігер жастарды бұрынғыдай міндетті түрде ауылға барып жұмыс істеуге міндеттесе екен. Екі жылдық тәжірибеден өтуге барған маман уақыт өте ауылда қалып та кетер еді. Үшіншіден, толып жатқан ғылыми зерттеу институттары мен олардың кафедралары жабылса екен. Тіпті қазіргі таңда осылардың әрқайсысы науқасқа әртүрлі диагноз қойып науқастардың миын қатырып жіберді. Олардың бітіріп жатқан ештеңесі жоқ. Бірақ бар ақшаны сорып жатқан солар. Осылардың бәрін жабу керек. Мәселен, ондай ғылыми зерттеу институттары мен кафедралар Астанада да бар. Ендеше олардың Алматыға керегі не?! Осы мәселелер Министрдің құлағына алтын сырға.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста