Оқырман ешқашан алданбайды, өйткені халық есті сөзді ғана қабылдайды

Оқырман ешқашан алданбайды, өйткені халық есті сөзді ғана қабылдайды

Батық МӘЖИТҰЛЫ, «Мұқағали» журналының бас редакторы, ақын:

– Сіз қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев есімімен аталатын журналға жетекшілік етіп келесіз. Сондықтан әңгі­мені басылымның хал-жағдайынан бас­тағанды жөн көрдік.
– Бұйыртса, «Мұқағали» журналы сегізін­ші жылын еңсерді. Уақыттың біршама талқы­сынан өтті. Буыны бекіді. Әдеби-мәдени басы­лымдар қатарынан лайықты орнын алды деп ойлаймыз.
Бұл пікірім – оқырмандар пікіріне сүйеніп айтылған сөз. Өйткені журналға жазылушылар легі азайған жоқ. Қайта аздап болса да жыл сайын санға сан қосылып келеді. Әр адамның өз ықыласымен, өз ниетімен ортақ іске үлес қосқаны ғанибет. Нарықтың заманында баспасөздер жарысы бәсекесіне төтеп берудің өзі үлкен олжа. Біз осындай үдерістердің тәжірибесін көріп, шыңдалып жатырмыз.
Баспасөз қызметінің табиғатын жалпы меңгеру – журналистің міндеті. Солай десек те, газет пен журналда айырмашылықтар аз емес. Газет жылдам жаңалық таратуды, хабар­лау мен таныстыруды мақсат етеді. Журнал талдау мен танымдық материалдарды жаза­ды. Сондықтан журналға жарияланған мақаланың мерзімдік әсері ұзақ. Бейнелеп айтсақ, журнал шығарудың кітап шығаруға ұқсайтын сипаттары көп. Кезінде бес-алты жыл республикалық «Ақиқат» журналында жұмыс істедім. Сол уақыттарда көп жайларға қанығып, біраз нәрселерді көңілге тоқыдық. Жанболат Аупбаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек секілді заман­дастарым мен ағаларымның мектебінен өттім. Нәтижесі ізсіз қалмапты. Қызметімнің қазіргі қолтаңбасында сол кісілерден ауысқан өрнек­тер болса, ол заңдылық.
Біз журналды «Мұқағали» деп атағанда, ұлы ақынның есімін жарнама ретінде пайда­ланайық деген жоқпыз. «Абай» журналын өзімізге үлгі тұттық. Ақын мұрасын сондай негізде зерттеп, түгендеуді көздедік. «Болмаса даұқсап бағуды» Абай атамыз бекерге айтпа­ған. Мұқағали ағамыздың «Білгің келсе, алды­мен зертте мені» дегені тағы бар. Ақын­ның өсиетін қалай ескерусіз қалдырамыз?! Соның сәті біздің мүмкіндігімізге дөп келді. Оған әрі қуанамыз, әрі шүкіршілік етеміз.
Журнал бір адамның атымен аталған соң, ондағы тақырыптар мен идеялар осындай аяның айналасын қаузауға тиісті. Мұқағали туралы әңгімелеуді ұнататын адамдар аз емес. Солар журнал оқырманын қалыптастырады. Егер аталған бұл қалыпты сақтай алмасақ, жұмысымыздың оңайлануы мүмкін, бірақ бізге тұрақты атсалысатын оқырмандар легін жасақтай алмайтын едік. Ойды ой қозғап, осы адамдардың ішінен қалам тербейтіндер шығып жатады. Кіші пікірлер үлкен пікірлерге ұласады. Мақсаттарымыз орындалса, ол ақынға да, ұлтқа да пайдалы емес пе? Өйткені Мұқағали шығармалары – зерттеуге лайықты қазына. «Алтын шығатын жерді белден қаз» сөзін атамыз қазақ бірдеңені біліп айтқан ғой.
Мұқағали мұрасына ден қойғысы келетін адамдардың арасында жастардың көп болғаны мені қуантады. Бұл не деген сөз? Бұл – мұқағалитанушы кадрлар өсіп келеді деген сөз. Журнал осындай шоғырдың сөйлеп үйренетін мінберіне айналды. Жарияланып жатқан материалдардың бәрі бірдей жоғары деңгейде емес шығар, алайда қарапайым пікірдің ішінде де жалтылдап жақсы ойлардың жүргенін көресің. Журнал барлық әңгімелер­дің басын біріктіру мақсатында қызметін жалғастырып жатыр.
– Мұқағали мұраларының бүгінгі ұр­паққа тигізетін ықпалы мен әсері туралы айтсаңыз. Жалпы, ақын атаулының өз оқыр­маны алдында зор ықылас пен ілтипатқа ие болу кілті неде деп ойлайсыз?
– Өмір – өзен. Оның қимылы тоқтаусыз. Алға қарай жылжып барады. Мұқағали өлең­дері де осы өмір – өзен сияқты. ХХ ғасырда басталған жыр сырғып отырып ХХІ ғасырға жетті. Өзен жағасына келген жаңа ұрпақ – жаңа адамдар кәусар сусынды ыдыстарына құйып алып, сіміріп жатыр. Өзен тоқтаусыз аққан соң, суы мөлдір де таза. Сарайыңды ашып, шөліңді қандырады. Ақын нәтижесіз өмір сүрмеген екен. Рухани зертханасында халқына қажетті сусын дайындап, бізге соны қалдырып кетіпті. Бұлай деу айтар ауызға оңай шығар. Соны жасау үшін ол не көрмеді?! «Ақын болу не деген қиын еді» деген бір ғана тіркесіне бәрі сыйып тұр.
Мұқағали өлең жолын қуған ұрпақтарына нағыз ақын болудың сөресін көрсетті. Дарын мен талант, еңбек пен ізденіс, ар мен адалдық қана сөреге жеткізетін себептер. Сөреге бару үшін айналып өтетін бұдан басқа жол жоқ. Бақай есеп пен қулықтың құны бес тиын. Ол қор­жынды ақшаға толтыруға жарайтын пы­сық­тық әдіс шығар. Бірақ ақын атанудың бәсі бөлек. Ақын соны айтып қана қойған жоқ, шығармашылық өмірімен дәлелдеп көрсетті.
Ақын қазақтың рухани байлығына таңғал­ды. Көшіп жүрсе де, өсіп жүрген жаратылысына сүйінді. Халық даналарының жүрегі табиғат­пен сөйлесетін биікке көтерілген екен. Олар өмірдің дауысын өлеңге түсіріпті. Он бір буын­нан тұратын қара өлеңнің астарына қарап осыны анық сезді. Сондықтан үлгіні, қалыпты басқа жақтан іздеген жоқ. Әлемдік ізденістер­ден алған нәрін қазақы қара өлеңнің тамыры­на құйып еді, ол ұлтқа ғана емес, күллі адам­зат­қа түсінікті классикалық өнерге айналды. Осылайша Алашты ұлықтаудың өнегесін ұсын­ды.
Өмірлік тәжірибеде байқағаным, мара­пат­тың молдығымен, насихаттың көптігімен халықтың жүрегін жаулай алмайсың. Бар дүние – бар, жоқ дүние – жоқ. Мұқағали сол туралы ойлап, алтын уақыт сарп етпеді. Есесіне, «Әрбір жыры ақынның соңғы жыры, Соңғы жырды жазуға жүрек керек» деп тол­ған­ды. Мен соңғы жырымды жазып отырмын деп жан дүниесі арпалысқа түскен қалам иесі нені ойламақ?! Әрине, халқын ойлайды. Сөзіне төрелік жасайтын уақытты, бет-беде­ліңе қара­майтын ақиқатшыл ұрпақты көзіне елестетеді. Ол осындай күймен өмір сүрудің үлгісін қалдырды.
Сөзден мүсін орнатамын дейтін бүгінгі толқын үшін Мұқағали мектебі – үлкен универ­ситет. Тек оның дұрыс шәкірті болып, ақын тағылымдарын түйсік, түсінігімен қаны мен жанына қабылдай алса болғаны.
– Бүгінде белгілі бір тұлғаның есімімен аталып жүрген басылымдар баршылық. Қай журналдың болсын оның жеке адам­ның атымен аталғаны көңілге қонымды емес дейтін пікірлер де бар. Бұл ретте «Мұқағали» журналы туралы айтылатын пікірлер Алаштың үлкен ақынын аймақ­тық іштартуларға қарай бұрып кетпей ме деген алаңдаудан туса керек. Бұл сұраққа қалай жауап берер едіңіз?
– Қандай тұлға болсын оны туған жері, туған елі ерекше мақтаныш ететіні заңдылық. Ақынның даңқы Мұқағалидың анасының, отбасының, туыстарының жүрегіне қуаныш ұялатты. Ұлы адамдар кез келген жанның аяғы мен қолы жете бермейтін алыста өсіп, өмір сүретін шығар деп ойлайтын. Дәл қастарында жүрген, тура өздері секілді қоңыр тіршілік кешкен адамнан мұндай ерекшелік шығады деп күтпесе керек. Қарасаздағы мұғалім Мұқағалиды ары кетсе үздік оқытушы деп бағалады. Тіпті кеткен кемшіліктерін түзетсін деген ағалары оған үлкендіктеріне сүйеніп ақыл айтатын. Әйелінің жанашыр ескертулерін талай естіген шығар деп ойлаймын. «Кітап жинағанша, үйіне дұрыс бұйым алмай ма? Пайдасы жоқ өлеңді күні-түні жазып несі бар?» деген сияқты ауылға тән қамқорлықтан кенде болған жоқ. «Мұқағали жазған өлеңді мен де жазамын. Оның шығармаларында алып бара жатқан пәлендей ештеңе жоқ. Ұйқасты құбылтып, сөздерді ойнатады. Бар болғаны сол!» деп ақынмен иығын теңестір­ген­дер де ауылдан табылатын. Кезінде Мұқа­ғалидағы ұлылықтың бір ұшқынын білсе, олар бұлай етпес еді. Білген жоқ. Ұлылар мекендей­тін аймақтың тым алыста екеніне өздерін толық сендірді.
Сөйтіп жүргенде Мұқағалидың даңқы дүркіреді де кетті. Алаштың жұрты өзіне адал қызмет еткен, зор талантын шөп-шаламмен былғамай өлеңге арнаған перзентінің ерен еңбегін таныды. Академик Мұхамеджан Қа­ра­таевтың өзі ұлы рухтың алдында басын иіп, бағалы сөзін айтты. Асқар Сүлейменов «Бақ­та­рыңа қарай Мұқағалидан айырылып қал­дыңдар. Айырылып қалды дегенде – барары бар, қайтары жоқ ауылға кетті демеймін. Мұқағали енді қазақтікі» дегенде, жерлестері әрі таңданды, әрі қуанды.
Олар Мұқағали жырларын қайталап оқы­ды. Оқыды да, өз көздеріне өздері сенбеді. Себебі ақын кейіннен бұрынғыдан бөлек ғажа­йып шығармалар жазған болар, мына бағалау соған арналған шығар деп топшыла­ған еді. Қараса, бәрі сол Қарасазда қағазға түскен жырлар екен. Оны өз дауысымен талай рет оқып та берген. Ұлы адам қандай болады, шіркін, соны бір көрсек деп жүргенде, сол ұлы адам тура қастарында болыпты. «Баяғыдай күлгенім, сөйлегенім, Баяғыдай шыт-шыбыр жейделерім, Баяғыдай ұрттап ап ыстық астан, Аузым күйіп қалады кейде менің» депті. Қара­саз бен Мұқағалидың қасиетін қайта сезінген жұрт дуылдата қол соқты. Ақын туралы есте­лік­тер мен оқиғаларды естеріне түсіре баста­ды. Мұқағалиға туыстық жақындықтары бар екенін ойлағанда, төбелері көкке жеткендей болды. Мұны аймақтық іштартуларға жатқы­зуға болмайды деп ойлаймын.
Журналды «Мұқағали» деп атағанда аталған ұғымның үлкен болатынын, үлкен болған соң жауапкершіліктің зор болатынын сездік. Республика оқырмандарына арналған басылым деп ұйғарғанымыз сондықтан. Айта­тын сөздерді де соған лайықтап қолдануды жоспарладық. Мұқағали сөз танитын Алаш зиялыларының арқасында ұлы ақын атанды. Міне, журналға сол кісілердің портреттерін беріп, пікірлерін жариялап келеміз. Белгілі тұлғалармен сұхбаттасу арқылы пікір білдіру аясын одан сайын кеңейте түстік. Мұқағали­дың Есілге барып еркелегені, Қызылқұмды қызыға аралағаны, Қарақалпақстанда болып, Төлеген інісіне топырақ салғаны, Аягөзде бабалар махаббатын зерттегені, Қызылордада Зейнолла Шүкіровпен құшақтасқаны, Мәскеу­де Жәлел Кеттебекпен сырласқаны – осы тектес әңгімелер басылымның әр нөміріне арқау болып келеді.
Біз «Журнал болашақ мұқағалитанушы­ларға шикізат дайындап береді» деп жаздық. Себебі ақын туралы зерттейтіндерге бәрі керек. «Ақынның атамекені», «Жыр арқауы – Мұқағали», «Жазылар естеліктер мен тура­лы», «Мақатаев атындағы мектептерде», «Мұқа­ғали» энциклопедиясының парақта­ры», «Мақатаевтар әулеті» сияқты деректер мен дәйектерге негізделген материалдарды да үзбей жариялап келеміз. Зерттеуші керегін алады, керек емесі қалады.
Қолымыздан келгенше Мұқағалидың қазаққа ортақ тұлға екенін көрсетудеміз. Ниет, пейілімізді оқырмандар жақсы түсініп отыр. Меніңше, егер атына заты сай келсе, журналға жеке тұлғаның есімін берудің ешқандай әбестігі жоқ.
– Жыл сайын Қарасазда Мұқағали оқулары өтеді. Сіз оның бірталайына қа­тыс­тыңыз. Содан туындаған ой-тол­ғам­дарыңызбен бөліссеңіз. Жалпы, белгілі бір тұлғаның атына телініп жүзеге асыры­латын осындай шараларға деген көзқа­расыңыз қандай?
– Бүгінгі таңда мұндай әдеби оқулардың өткені өте дұрыс. Бағдарламаның жас өркен­дер үшін пайдасы мол. Біріншіден, оқу сөз мәйегін түсінуге септігін тигізеді. Екіншіден, осындай шаралар болмаса, асыл мұралар назардан тыс қалуы мүмкін. Үшіншіден, таланты бар балалардың жүрегіндегі оттың тұтануына әсер етеді. Сондықтан әдеби оқулардың өтуін риясыз қолдаймын.
Бір қызығы, Мұқағали оқулары тек Қара­сазда ғана емес, барлық аймақтарда өтеді. Алматыда, Шымкентте, Таразда, Астана мен Атырауда да жалғасын тауып жатыр. Бәсеке, жарысқа қатыспаса да, өздігінен оқып жатқан­дар қаншама?! Ақын өлеңдері әркімнің өз үнімен, өз толғанысымен тез үйлеседі. Олар Мұқағали өлеңдерін өзінің өлеңдері секілді етіп меншіктенеді. Халық ақынының ерекше­лігі де – осында.
Еліміздің түкпір-түкпірінен дарынды балалар Қарасазға ат сабылтып келеді. Жа­рыс­та оза ма, озбай ма – ол басқа әңгіме. Олар ең алдымен ақынның елін, ақынның жерін көріп әсерленеді. Өйткені Мұқағали жыр­ларында бәрі айтылған. Шалкөде мен Елшенбүйректің арасы табиғи мұражайдың рөлін атқарып тұр. Қарасуға көз салудың өзі бір ғанибет! Бәрі дұрыс қой, бірақ тамылжыған табиғат көрінісіне жаздың күні қарағанға не жетсін?! Мәселен, ақынның мерейтойлары тек жазда өтеді. Осының өзінде үлкен мән бар. Сондықтан Мұқағали оқулары жазда ұйым­дас­тырылса қалай болар еді деп ойлаймын. Емтихандар бітіп, мектептің тыныс алатын бір кезеңдері бар. Оқуды соған дөп келтірсе әрі демалыс, әрі дүркіреген поэзия күндеріне айналмас па екен деп топшылаймын. Әрине, бұл менің жеке пікірім.
– Мұқағалидың бір жинағы «Жылап қайттым өмірдің базарынан» деп аталған. Көпшілік ақын шығармаларына осы тек­тес көзқараспен қарайтын сияқты. Ақын­ның жырлағаны мен жылағанын қалай шендестіріп айтуға болады?
– Абайды оқып көріңіз, «Өзгеге көңілім тоярсың, Өлеңді қайтып қоярсың?! Оны айт­қан­да толғанып, Іштегі дертті жоярсың» демей ме. Ақын тұрмақ, кез келген адамның табиға­ты осындай. Бәріне түгел көңілім толып жүр деген пендені кездестірдіңіз бе? Бір кем дүние! Жай адам сол толғаныстардың күйін жеткізіп бере алмауы мүмкін. Ақын оның суретін сөз­бен салып, қолыңызға ұстатады.
Қоғамдағы ақ пен қараны анық көрген Мұқағалидың ақын жаны қалайша арпалысқа түспейді?! Әкелердің құрбандығымен фа­шизм­нен қорғап қалған Кеңес өкіметі қазақты ұшпаққа шығарған жоқ. Уәдесінде тұрмады. Ұлттық салт пен сана жойылып, өшіп бара жат­ты. Кешегі Мағжандардың не үшін күрес­кенін жүрегімен ұққан Мұқағали қалай тыныш отыра алады?! Көмейіне өксік толып, көзінен жас парлады. «Біз бақытты өмір сүріп жатыр­мыз. Біздің адамдарда мұң болмауға тиісті» деп ұрандатқан Компартияға оны қалай түсін­дірмек?! Бірақ ақын асқан шеберлікпен ол сөздерді бәрібір айтты.
Мұқағали азаттықты аңсады, ол ұлттың жоғын жоқтады деп қалай дабырайтады? Сон­­дықтан Мұқағалидың көзінен аққан ақын­дық жасын тұрмыстық қарекетке бола ашын­ған сияқты етіп көрсетіп, зерттеушілер биліктің назарын басқа жаққа бұрып жіберді. Алайда «Қариялар азайып бара жатыр», «Өлсем – өлем, сірә, мен намысымнан» деп ірі сөйлеген ақын дауысы халықтың жүрегіне ұялады. Бұрынғы бір сұхбатымда айтқан бо­ла­тынмын. сол сөзімді тағы қайталағым келе­ді: Мұқаға­лидың мұңы – қайраткерлік мұң.
– Журналға естеліктер аз жарияланып жатқан жоқ. Естеліктер жазу мәдениетіне қатысты пікіріңіз қандай? Әдеби тілмен айтқанда, бізде қазіргі кездегі мемуар жанры қай деңгейде?
– Құдайға шүкір, естелік жазу қазақ әдебиетінде кәдімгідей қалыптасып қалған, өз алдына бір үлкен жанрға айналып келеді. Әйтсе де оны жазуда ала-құлалық көп. Өлген­ді ғайбаттамайтын атадан қалған дәстүріміз бар емес пе? Сондықтан қазақтың жазған естеліктері осы үдерістерді сақтауы керек. «Жаңа­­лықтар дейді де, теледидар ұрлық-қарлықты, өлім-жітімді хабарлап жатады. Сонда мұның несі жаңалық?» дегені бар еді бір танысымның. Сол сияқты пенденің пенде­лігін қазатын естеліктер жазудан біз не ұтамыз деп ойланамын. Естелік – еске алу. Жақсы қылықтарын түгендеп, соны ұрпақтарға үлгі ету. Солай етуден қазақ жаман болған жоқ. Егер жіпке тізетін болсақ, кемшілік кез келген тұлғадан табылады. Өйткені олардың бәрі де ет пен сүйектен жаралған кәдімгі пенде. Солай бола тұра, дараланып көрінетін ерекшеліктері бар. Осы ерекшеліктердің құпиясын түгендеп отырсақ та аздық етпейді.
Мұқағали өлеңдерінің әрқайсысында көзге көрінбейтін нәзік сырлар бар. Нәзік өлеңдердің дүниеге әсерсіз келмейтіні анық. Соның туу құбылыстарын байқады ма екен деп замандастарының лебізіне құлақ түреміз. Өкінішке қарай, көбі ақын әңгімелерін тұшы­нып тыңдай алмаған болып шығады.
60-жылдары Мұқағали ағамыз біздің Қошқар ауылына да талай рет қонаққа келді. Мектептің директоры ақынның құрдасы Әбді­ке Асанов ағамыз болатын. Еренсіздік қой, Мұқаңмен оқушыларды кездестіру ойларына келмеген. Солай етсе қазір «Мұқаң былай де­ген еді» деп әңгімелеп жүретін едік. Ақынмен ақтарыла сырласқан жазушы Жәлел Кеттебек екен. Сол кісінің естелігін оқудан жалықпай­мын.
Дұрыстап сырласпаған соң, көзін көрген­дер сыртқы әрекеттерін ғана сөз етуден аспай­ды. Соның өзі ақынның кейбір сипаттарын тануға септігін тигізіп жатыр.
– Бүгінгі жаһанданған дәуірдегі ақпараттық қоғамда кітап шығару оңай шаруаға айналып кеткендей. Содан да болар, «қоғамда жазушылар көбейіп кетті»  деген де пікірлер айтылып жүр. Осы «көбею» әдебиеттің сапалық мазмұнына кері әсерін тигізбей ме деген қауіп бар. Бұл туралы ой толғап көрдіңіз бе?
– Қаламгерлік іске қатысқысы келетіндер қашанда аз болмаған. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп Абай атамыз оны баяғыда-ақ көрсеткен. Егер бүгінгідей мүмкіндігі болса, әр қазақ сол кездің өзінде бір-бір кітап шығарып тастайтын еді. Бұған таңырқайтын да, алаңдайтын да себеп жоқ.
Халық есті сөзді ғана қабылдайды. Ессіз сөздің ешкімге керегі жоқ. Жақсы шығарманы жасайтын – таланттар. Таланттар өте сирек. Дүниеде тас көп те, алтын аз ғой. Бұл да сол сияқ­ты. Сөз қадірін білмейтіндер кітап шығарамын деп өзін әуреге салады. Обал! Ал ұлттың әдебиетіне одан зиян келеді деп айта алмаймын. Әдебиет болған, болды және бола береді. Ешкімнен қорықпайтын, ешкімнің қабағына қарамайтын, ешкімді алаламайтын, пара алмайтын УАҚЫТ дейтін редактор бар. Сол редактор қол қойған кітапта ешкімнің дауы жоқ. Сол уақыттың ұлы сынынан өткен туынды ғана халық игілігіне жарайды. Бұл туралы мен осылай ойлаймын.
– Сіз жетекшілік ететін басылымның талай жылғы тігіндісін парақтап отырып, мұқағалитану саласының жаңа дамып келе жатқанын аңғарғандай болдық. Осы орайда аңыз бен ақиқатты айыра білетін, өз ой-толғамдарын ғылыми тұрғыда зерделей алатын мұқағалитанушылар қатары қалай қалыптасып келеді деген сұрақ туындайды. Әңгімемізді де осы сауалмен түйіндесек...
– Бұл – бүгінгі оқырманды ойландырып жүрген үлкен сұрақ. Біраз ізденістер бар бол­ғанымен, мұқағалитанушылық толыққанды пісіп-жетілді деуге әлі ерте. Әрине, бұл бағыт­тағы қаламгерлік еңбектердің қатары өсіп келеді. Оған біздің журналымыз да себеп болған шығар деп ойлаймын.
Журнал зерттеушілер жұмысының тууына ықпал ету міндетін атқарады. Айдарларымыз арқылы мынандай идеяларды қаузап көрсе­ңіздер қалай болар екен деп қалың жұрттың есіне саламыз. Мұқағалитануға бет бұрған жастарды қолынан жетелеп, жол көрсетеміз. Түбі осы тақырыпты жоғары деңгейде игеріп кетсе деп тілейміз. Үміт күтеміз. Ақын атында­ғы басылым осы үшін де керек.
Ал Мұқағали шығармаларындағы жұм­бақтар мен құпиялар есігін оңайлықпен аш­пай­ды. Оны адамтану, әлемтану ғылымдары­мен шендестіре отырып әңгімелеу керек. Оқыған кезде ақын өлеңдері «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп», түсінуге оңай секілді бо­лып көрінеді. Ұлы шығармалардың қарапа­йым қалпымен терең болатынын онымен айналысқандар аңғарады.
Философ, ғалым Ғарифолла Есімнің «Ая­гөз – ару» өлеңінің әр жолын тарқата келе, мұндағы суреттер мен ой қазынасының мол­ды­ғына керемет таңғалғаны бар. Бір-ақ өлеңі­нен осынша сырды аңғарсақ, бүкіл шығарма­сын тану мұхитқа жүз рет сүңгумен бірдей. Ақын қазақ әдебиетінің, әлем әдебиетінің асылдарын теріп ала отырып өлең етіп қорыт­қан сияқты. Соған оның шамасы жетті. Мұқа­ға­лидың нағыз зерттеушісінде де осындай білік болуы керек. Мұқағалитанушы болудың қандай қиын екенін аңғарған шығарсыз. Шын зерттеушіні мұқағалитанушы деп халықтың өзі айтады.
Мен сонау 70-жылдары Мұқағалиды тыңғылықты зерттеген нөкістік ғалым Хами­дол­ла Күрленбаевтың еңбектеріне құрметпен қараймын. Шығармашылығы өсіп келе жат­қан қаламгер інім Амангелді Кеңшілікұлынан үлкен үміт күтемін. Олар – Мұқағалидың ең жақын ағайындары.
Мұқағали – Қарасазда туғанымен, қазақ­тың ортақ ақыны. «Барлығы да менікі» деп ақын айтқандай, «Мұқағали менікі» деп әр аймақ оны емірене құшақтаса несі бар?! Мұқа­ғалида ру жоқ. Ол – Абай, Махамбет, Мағжан, Ілияс, Сәкен, Қасым, Әбділдалардың елінен.
– Әңгімеңізге рақмет.  Шығармашылық еңбегіңізге табыстар тілейміз.

Жалқы сауал
– Баяғыда «қазақтың Пушкині», «қазақтың Шолоховы» деген сияқты ұғымдар бар еді. Мұқағалиды «Қазақтың Есенині» дейтіндер де бар. Осы теңеулердің дұрыс, бұрыстығы туралы не айтар едіңіз?
– Мықты ақындар, мықты жазушылар түрікте де, арабта да, жалпы, барлық елде бар. Бірақ олар «бұл арабтың Пушкині», «бұл түріктің Шолоховы» деп жатқан жоқ. Бәрі өздерінікі. Ешкіммен енші бөліспейді.
Неге біз солай сөйлеуге құмар болдық? Себебі ол құлдық психологиядан пайда болған әдет еді. Қанша мықты болсаң да, өзіңді кем ұстап, отарлаушы елден озбауың керек. Тұғырға шықпай-ақ, жақтауына сүйенсең, соның өзі жетіп жатыр. Бұл – жалтақтау мен шегіншектеудің білінбейтін мәдениетті сипаты. Әйтсе де орыс тілін білмеген қазақтың дарындары өмірдің сырын ешкімнен кем толғаған жоқ. Өзгенің тілін білу артықтық етпейді, білмеу кемшілік емес. Қазақтың рухани қазынасы жұпыны болған деп айтуға ешкімнің хақысы жоқ.
Қазір де кейбір сөз иірімдерін «орысша айтқанда былай» деп түсіндіріп жатамыз. Дәп қазақта ондай ұғым, ондай теңеу болмаған сияқты. Бәрі «ауру қалса да, әдет қалмайдының» кері. Адам жаратылысы бір-ақ рет қайталанады. Сенбесеңіз, саусақтың таңбаларын салыстырып көріңіз. Баласының саусағының ізі әкесіне ұқсамайды. Сондықтан ешкім де шын таланттарға «екінші» деген айдар таға алмайды.Жұрт сені таныса, өзің деп танысын!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста